Биыл ІІ дүниежүзілік соғыстың бітіп, Жеңіс күнін тойлағанымызға 80 жыл толды. Әлбетте, тәуелсіздік алғанымызға дейін 50 миллион адамның басын жұтқан бұл зұлмат соғыстың мән-маңызы жөніндегі ой-пікір өзгергенмен, оның қаһармандарының ерлігі мәңгі есте қалатыны сөзсіз. Елімізде «Ұлы Отан соғысы» деп аталған соғыстың батырлары, шынын айту керек, жоғары деңгейде әспеттеліп келді. Қалаларды қойғанда, ауылдардың өздерінде ең құрметті орынға кейінгі ұрпақ тағзым етер орындар бар. Сол орындарда мәрмәр тасқа ойып, соғысқа қатысқандардың тізімі жазылады. Ол да болса дәтке қуат.
Соңғы жылдары соғысқа қатысқандарға Жеңіс күніне орай жылма-жыл қомақты ақшалай сыйлық та берілетін болды. Иә, олардың қатары сиреді. Үшеу, төртеу, әрі барса жиырма. Күндердің күнінде арамызда бірде-бір соғыс ардагерлері қалмай, бұл зұлмат соғыс ұмытылуы мүмкін бе? Жоқ! Соғыс кезінде, одан кейін дүниеге келген ұрпақтарын қайда қоясыз? Ол жетімектер сол бір сызды күндерді, еңсені езген ауыр жылдарды ұмытар дейсіз бе? Қайдағы... мейлі ол патша, әкім немесе даңққа бөленген жан болсын, соғыс салған жара ешқашан ұмытылмай, үнемі көкірек сарайыңның бір түкпірінде жаңғырып мәңгілікке сақталып қалады. Бұл әңгімелерді неге айтып отырмын? Редакциямызға сексенді алқымдаған салиқалы бір азамат аға келді. Басты мәселесі соғысқа қатысқан әкесінің жай-жағдайы екен. Аты-жөні – Аманғали Нысанғалиев. Әп дегенде ол кісімен жүздескенде қарапайым, кішіпейіл, бірақ зиялы топтың өкілі ретінде бағаладық. Расында да солай екен. Ол Қазақстан Республикасы мұнай саласының инженер-жобалаушысы және осы саланың дамуына зор үлес қосқан ірі ғалым-мұнайшы болып шықты. Аманғали Нысанғалиев инженерлік ұлттық академияның академигі, техникалық ғылымдардың докторы, профессор. Мұнай саласындағы ірі-ірі компаниялардың басшылық қызметтерін атқарғанын және Құрмет орденінің иегері сынды жоғары атақтарын тізбелесек, көш құлаш ақпарат алдымызда жатар еді. Әрине, мұның бірін де Аманғали ағамыз тіс жарып айтқан жоқ. Бұл кейін ол кісінің «Өмірімнің белестері» деген кітабын оқығанда (Қазақстан Республикасы экономикасының кіндігі болып, оның бар саласына нәр берген мұнай өнеркәсібін өркендетуге ерен еңбек сіңірген, сол арқылы тәуелсіз Қазақстанның әлемдегі мұнайлы елдердің қатарына қосылуын қамтамасыз еткен мұнайшы ардагерлерінің өшпес есімдеріне арналған «Қазақ мұнайының ардақтылары» атты өмірбаян сериясының кітаптарының бірі) көзім жеткен шындық. Сонымен екеуара кездескендегі әңгімені шырғасын шығармай оқырман назарына ұсынғым келеді.
– Адам баласының жасы ұлғайып, егде тартқан сайын туған жеріне, ата-бабаларына, әке мен анасына, бауырларына, ауылына деген мейірімділігі арта беретіні белгілі, – деп, Аманғали аға әңгімесін қоңыр дауысымен бастады да сәл үнсіз қалды. Содан кейін ғана барып ойларын іштей екшеп алды-ау сірә, әңгімесін жалғастырды. – Туған жерім – Атырау облысының Қызылқоға ауданы Наурызалы ауылы. Райгородоктан 7 шақырым жерде. Бүгінде ауылдың жұрты ғана жатыр. Халқы жан-жаққа көшіп кеткен. Менің туған өңірім тарихи орындарға бай, талай марғасқалардың атақонысы. Қаракөл (Райгородок), Қарабау, Тайсойған құмы аймағындағы басты елді мекендер болып саналады. Мен жалпы әкемнің жағдайымен өзіңізге келіп отырмын. Жұмыс, тіршілік деп жүріп көп нәрселерді аңғармайды екенсің. Мұны жұмысбастылық, уақыттың жоқтығы деп өзіңді жұбатасың. Әрине, бұл жұбату сөзде де шындық бар. Ал ең басты ақиқат дәл дер кезінде кейін өте қажет болатын нәрсенің өтіп кетуі, қайта оралмауы. Қанша тырыссаң да ол қажетті нәрсеңнің орнын толтыра алмайсың. Мінеки, мен үшін ең қадірлі, абзал жан марқұм әкемнің есімін жарқыратып ел-жұртқа танытқым келген кезде қолымда жеткілікті дәрежеде деректердің болмауы менің жүрегімді ауыртты. Әкем Тілеубаев Нысанғали ІІ топтағы мүгедек болып соғыстан оралды. Қолымдағы ресми құжат осы. Ол кісі соғысқа бір қолын, екі қабырғасын берді. Қай жерде соғысты, қай майданда жаралы болды, одан бейхабармыз. Әкем 1957 жылы 59 жасында қайтыс болды. 1942 жылы қаңтар айында соғысқа аттанып, он айдан соң елге оралған.
− Іздеу салмадыңыздар ма? Орден, медальдары бар ма еді? – деп аға сәл тыныстаған кезде сауал қойдық.
− Іздеу салдық. Ол кісі майданға Орал облысы Калмыков деген жерден (қазіргі Ақжайық ауданы) кеткен ғой. Сол жерден соғысқа кеткені жайында ресми хат мынау.
Көк түсті ресми қағаз. Ақжайық ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен келіпті. 1942 жылы 23 қаңтарда әскерге шақырылған. Бары осы.
− Мынау 1942 жылы Нысанғали әкем өмірбаянын өз қолымен жазған. Маржандай етіп жазылған бір парақ өмірбаян. Әкесі кісі есігінде Октябрь революциясына дейін жалшы болыпты. 1920 жылы дүниеден өткен. 1913 жылдан 1928 жылға дейін Нысанғали әкеміздің өзі жалшылықта жүрген. Одан соң өзінше тіршілік еткен. 1930 жылдан соғысқа кеткенге дейін колхозшы болған. 1942 жылдың қыркүйек айына дейін соғыста болғанын жазады. 1940 жылдан партия мүшесі.
Шағын ғана мінездемесі де бар... Жамбыл ауыл советіне қарасты Молотов колхозында жұмыс істеген кезінде берілген мінездемеде Нысанғали атамыздың өз ісіне тиянақты, алдыңғы қатарда жұмыс істегені жөнінде колхоз төрағасының оны бригадирлікке ұсынып сенім көрсеткені айтылады. Иә, соғыста ерлікпен шайқасқан жауынгер Нысанғали Тілеубаев ауыр жарақаты жанына батқанына қарамастан еңбек майданында 15 жылдай колхозда үзбей жанқиярлықпен еңбек еткен. Оған осы ерлігі үшін қандай құрмет, марапат жасасақ та лайықты. Жалғыз қолымен, екі бірдей қабырғасын алдырса да шыжғырған ыстықта, қыстың ызғырығында күні-түні бір тынбай жұмыс істеп көр! Ол жай ғана көптің бірі болған жоқ. Қай жерде жұмыс істесе де тындырымдылығымен, іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен елге танылды. Жыл бойы бір тынбай шаруашылықтың бітпейтін маусымдық қарбалас жұмыстарына жегіліп, аянбай еңбек етті.
Аманғали аға әңгімесін жалғастырды.
− «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, әке мен ананың батасы қабыл болады екен. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» дейді. Соғыстан алған жарақатының кесірінен әкеміз өмірден ерте кетті. Әкем соңғы сапарға аттанған 1957 жылы біздің отбасымыз үшін өте ауыр жыл болды. Тауымыз құлағандай күй кештік. Анамыз Қанапия үлкені 8 сыныпта оқитын, кішісі 2 айлық баламен қалып, тек қиындық, ауыртпалық көріп, колхозда тынбай еңбек етіп, бәрімізді өсіріп, оқытып адам қатарына қосты. Әке-шешемізден екі ер бала, төрт қыз бала дүниеге келді. Үлкен апамыз Нысанғалиева Қаламша өмірден озып кетті. Одан кейін апамыз Бақыт, жары Тажиманов Нұржау екеуі де өмір бойы ұстаздық етті. Інім Қалам әскерден оралған соң АНПЗ-да өрт сөндіру бөлімшесінде еңбек етті, оның жоғары оқу орнын бітірді. Көп жылдар Теңізде Өрт сөндіру әскери бөлімшесінің бастығы болды. Осында жүргенде Ішкі істер министрлігінің көп медалдарымен, құрмет белгілерімен марапатталды. Жары Жұмажан екеуі қазір зейнеткер. Екі қарындасым Бақтылы мен Қымбат та зейнет демалысында. Қазіргі таңда әкемізден 2 ұл, 4 қыз, 21 немере, 43 шөбере тарап отыр. Мұның бәрін неге айтып отырмын? Біз әкеміздің батасымен көгеріп өсіп, өркендеп үлкен әулетке айналдық. Шүкір дейміз бір Аллаға. Әкелері соғыста шаһид болған жетімдерден айырмашылығымыз біз әкенің нұрлы бейнесін, ыстық құшағын, мейірімін көрдік. Осы мейірім мен шуақ біздің бүкіл өмірімізге жетті. Өмір жалғасып жатыр. Менің арманым әкеміздің атын шығарып, қарапайым жауынгер, еңбеккер әкешімнің атында көше ме, мектеп пе, ең болмаса бір таудың аты ма, әйтеуір аты қалса, шіркін!
Ағамыз тебірене сөйлеп арманын айтып, арасында, өздеріңіз көріп отырғандай, әкесінің кейінгі ұрпағымен алып бәйтерекке айналғанын жеткізді. Әкесі қайтқанда Аман аға бар болғаны он жаста екен. Осы жерде Қанапия анамыздың да теңдессіз ерлігін айтпай кетуге болмайды. Алты баласының болашағы үшін ана аянбай еңбек етті. Балаларым аш қалмасыншы, қатарынан қалмай өссінші деген игі тілектің жетегінде жүріп балапандары үшін бар күшін сарп етті. Соғыс кезінде, одан кейін де өздері ашқұрсақ жүрсе де, тапқан-таянғанын бала-шағасының аузына салып, сонымен бірге қалың елге түскен бар ауыртпалықты нәзік денелерімен көтеріп, азапты өмір кешсе де, ар мен ұят туын әрқашанда биікке көтерген қазақ аналарының сол қиын, ауыр шақтарда, тылда атқарған ғажайып миссиясын, таудай еңбегін мемлекет лайықты бағалаған жоқ деп білемін. Қанапия апамыз да сол ғажайып аналарымыздың бірі.
− «Ештен кеш жақсы» дегендей, Аманғали аға, әке даңқын, атын шығару үшін біраз іздендіңіз. Байқап отырмын, әлі де бұл істі орта жолға тастамайсыз. «Аруақ риза болмай, тірі байымайды» дегендей, бұл сіздің азаматтығыңыз, ар-ұжданыңыздың биіктігі, перзенттік парызыңызды ақтағаныңыз деп білемін. Әкейдің соғыстағы ерліктерін дәлелдейтін басқа да құжаттары бар ма? – деп біз сауал тастадық.
− Әкем қайтыс болғанда мен 3 сыныпта оқып жүр едім. Есімде, бір азамат райкомнан келіп, әкеміздің соңғы сапары кезінде партбилетін, орден-медальдарын, марапаттарын орамалға түйіп, анамнан «бізде архивте сақталады» деп алып кетті. Біз іздеуге кезінде жас болдық. Одан жұмысбасты болдық дегендей. Енді іздесек, біз үшін өте қымбат дүниелер ұшты-күйлі жоқ болып шықты. Одан бері небір алмағайып замандар өтті ғой.
Абдығалиева Рысқаным деген апай 93 жаста, Көкшетауда тұрады. Оның жары Иманғалиев Малдыбай Атырау облысына белгілі азамат. Сексен төрттегі Ақтожиева Қалжан, 85 жастағы Сарғалиева Сая апайларымыздан әкем туралы сыр тартып сұрадым. Бұл кісілер әкем туралы жарытып көп әңгіме айта қоймады. Рысқаным апайымыздың мына әңгімесі есімде қалыпты.
«Сол кездері колхоз тары егетін. Нысанғали аға бригадир еді. Ол кісінің адамға деген жанашыр, қамқоршы екенін жиі еститінмін. Бізге жасаған бір қамқорлығын айтып берейін. Ол кезде жоқшылық қысып тұрған. Тоя тамақ ішпеймін. Жоғары кластарды тары жинауға апаратын. Нысанғали ағамыз бәрімізді жинап «қолғаптарыңның ішіне тары салып алыңдар. Бірақ ешкімге тіс жарып айтпаңдар» деп қатаң тапсыратын. Заң қатаң шақ. Соның өзінде қорықпай осындай жанашырлыққа барды, қайран ағамыз. Тағы бір есте қалғаны, Нысанғали аға қыста дүниеден өтті. Ағайдың сүйегін Гурьевтен елге обкомның, колхоз басшысының көмегімен самолетпен қара жалау тағып әкелді. Бұл, меніңше, ағайдың өте құрметті адам екенін көрсетеді». Иә, ол кісілер әкемнің жаназасына көп адам жиналғанын айтады. Менің бір өкінетінім – анамнан көзі тірісінде әкем туралы білгенін сұрап алмағаным. «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп Абай бабам айтпақшы, осы игі істі әкемнің қатарларының бәрі бұл фәниден өтіп кеткенде ғана барып қолға алғаным дұрыс болмады. Көңілімді жұбататын нәрсе – Жеңістің 80 жылдығына арналған медалымен әкем марапатталды. Осыған қатты қуандым. Тиісті жерлерге өтініш жазып, ҚР Үкіметінің «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпақтарға үлгі» атты «2025 жылы Ұлы Отан соғысының 80 жылдығын тойлауға дайындық туралы қаулысына сәйкес әкеміздің ғұмыр бойы Қаракөл өңірінде, колхозда еңбек етіп, сондай-ақ соғыстан ІІ дәрежелі мүгедегі болған әкеміз Тілеубаев Нысанғали есімін ауылдың немесе көшенің атауын берсе, ұрпаққа үлгі болар еді деген хатымызда жазылған өтінішіміз орындалмады. «Ұсыныс кеш келді» деген желеу айтылды. Негізінен орындалуға болатын нәрсе еді.
− Құдай қаласа, Аманғали аға, бұл біртіндеп жүзеге асатын мәселе деп білемін. Әкеңізді көргенде адамдарға деген оның қамқорлығын, жанашырлығын, жақсылықтарын жоғарыда айтты. Әкеңіз туралы осы тұрғыда тағы да қандай жақсы мінездерін, істерін айтар едіңіз? – деген сұрағымызға Аманғали аға күлімдеп, жүзіне нұр жүгіріп мына әңгімені тіліне тиек етті.
− Ондай жақсы әңгімелер көп. Соның бір-екеуін айта кетейін. Мен дүние есігін ашқанда әкем іссапарда жүр екен. Бір көрші әйел (Ауылдастар «қара бөрік» деп атайды, шын атын білмеймін. Әкеме рулас жеңге болып келеді) әкемнің келуін үнемі күтіп аңдып жүреді. Оның іссапардан оралғанын көре салып алдынан жүгіріп шығып сүйінші сұрайды. Қуанғаны соншама – сүйіншіге әкем үйдің алдында тұрған жалғыз сиырын бере салады. Сәлден соң анам сыртқа шығып сиырын сауайын десе, ол жоқ екен. Аңырып тұрғанда әкем оған келіп: «Сиырды сүйіншіге беріп жібердім», – депті жымия күліп. Иә, әкеміз өте әділ әрі жомарт кісі болған дейді. Бірде әкемізбен бірге бәріміз шай ішіп отырдық. Сол кезде үйге келген бір жігітті ол қамшымен тартып жіберді де: «Ана қыздың ішіндегі бала сенікі ме?» – деді қатқылдау сөйлеп. Ол күмілжіді де: «Иә, менікі...» – деді. «Ендеше ертең соған үйленесің!» – деді ол кесіп айтып. Қазір сол отбасы үлкен әулет болып кетті, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Әкеміздің қатарлары, көз көргендері кейін біз қиналғанда көп көмектесті. Әсіресе ол кісілер мектепте ашқұрсақ болып, тоя тамақ ішпей жүрген кезімізде үйлеріне шақырып ыстық тамақ немесе бір кесе айран мен бір тілім нан беретін. Ол кезде бұл саған бір қой сойып бергенмен парапар еді. Көп қиындық көрдік, Ереке. Оның бәрін айта берсең, сен бір роман жазар едің. Мәселен 7 жасар баламын. 7 шақырым жерге атпен сабаққа баратынмын. Қалың қамыстан, өзеннен өтемін. Кешқұрым алдымнан от жылтырап жанып тұрады. Қайран анам мен адаспасыншы деп от жағып қояды екен. Кейін қыста интернатқа жаттық. Күн боран, аяз. Бөлме іші азынап тұрады. Қамыс жағамыз. Ол қандай жылу берсін. Иә, олардың барлығы өтті, кетті, тарихқа айналды. Бүгінгі балалар үшін біздің бастан кешкеніміз аңыз, ертегі сияқты. Біз еңбекпен өстік, ширадық, адам болдық. Қазіргі балаларымызды да еңбекпен баулып өсіруіміз керек.
Түйін:
Бүгінгі мақаланың кейіпкерлерімен әңгіме-дүкен құрғанда кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық көп өнегелі, ғибратты әңгімелер айтылды. Ол әңгімелер Аманғали ағамыз көздеп келген тақырып аясын толтырды. Әкелер жайлы, олардың қадір-қасиеті жайлы әңгімелерді көбірек, жиірек ұрпақ алдында осылай айта беруіміз керек. Сексенді алқымдаған алып ағаның әкесін әспеттеуі, оның есімін биікке көтеріп жарқыратып көрсеткісі келген әрекетіне сүйсіндік. Сүйсіндік те, қолымыздан келгенше көмек беруге тырыстық. Алғашқы көмегіміз осы мақаладан бастау алып, арнасын кеңейтсе игі. Ерлік ұмытылмайды. Қай заманда болсын батырлардың есімі ардақталады. Сондықтан қарапайым қайсар жауынгер Нысанғали Тілеубаев сияқты батырларымыздың аты өшпейді, оның ұрпақтары атаның ұлағатты жолын жалғастырып жатыр. Біз – журналистер қауымының парызы – олардың ұлағатты істерін, ерен еңбектерін бар қадарымызша елге таныту, жеткізу. Осы жолда біз де аянбаймыз.
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ