Қазақ бейнелеу өнерінің тарихы – бұл халқымыздың рухани кеңістігінің көркем айнасы. Әр дәуірдің, әр ұрпақтың өз суретшісі бар. Солардың бірі әрі бірегейі – Болат Тұрғынбай. Оның шығармаларына қарағанда, бояу мен сезім, шеберлік пен философия тоғысып жатқандай. Еркін қиялдың, терең ойдың, ұлттық дүниетанымның барлығы оның кенептерінен орын алған. Қазақ бейнелеу өнерінің бүгінгі белесін айқындап жүрген тұлғалардың ішінде Болат Сырлашұлының орны ерекше. Ол – тек суретші емес, ұстаз, зерттеуші, өнердің тағдырына жауапкершілікпен қарайтын жан.
Бейнелеу өнерінің тамыры тым тереңде. Ежелгі Мысырдың қабырғаларында салынған суреттер, гректердің мәрмәр мүсіндері, сақтардың аң стиліндегі өрнектері, түркілердің тасқа қашалған бейнелері – барлығы адамзат рухының көркем куәсі. Уақыт өте келе бұл өнер дамып, өркениеттерді біріктірген тілге айналды. XV ғасырда Еуропадағы қайта өрлеу дәуірі адамзаттың эстетикалық танымын түбегейлі өзгертті.
Сол дәуірдің ұлы тұлғалары Леонардо да Винчи, Рафаэль Санти, Микеланджело Буонарроти өнерді ғылыммен, сұлулықты ақылмен ұштастыра білді. Олардың әрбір туындысы – адам рухының мәңгілік бейнесі. Ал Пикассоның, Дега мен Ван Гогтың еңбектері бейнелеудің ішкі энергиясын, суретшінің жан айқайын жеткізудің жаңа бағытын ашты.
Осы әлемдік дәстүрлердің бәрі қазақ бейнелеу өнеріне де әсер етті. ХХ ғасырдың ортасында Әбілхан Қастеев, Құлахмет Қожықов, Молдахмет Кенбаев, Салихитдин Айтбаев сынды тұлғалар ұлттық кескіндеменің жаңа мектебін қалыптастырды. Олар қазақ даласының бояуын, жарығын, тұрмысын өз бояу тілімен сөйлетті. Ал осы ұлы дәстүрдің жалғасы, бүгінгі күннің кәсіби деңгейге көтерілген тұлғаларының бірі – Болат Тұрғынбай.
Болат Тұрғынбайдың картиналарына зер салған сәтте-ақ көрермен уақыттың ағымынан тыс бір әлемге еніп кеткендей күй кешеді. Оның туындылары көрер көзге тыныш, ал жан дүниеге дауылды әсер сыйлайтын күрделі композициялар. Әр картинада тыныштық пен қозғалыс қатар өріліп жатады. Бұл парадокс – Болаттың басты ерекшелігі. Ол өмірдің бір сәттік көрінісін емес, оның терең астарын, көзге көрінбейтін энергиясын бейнелейді.
Суретші үшін бояу жай түс емес, тірі организм секілді. Ол тыныстайды, өзгереді, сөйлейді. Қызғылт пен көгілдірдің, жасыл мен ақтың нәзік үйлесімі оның шығармаларында адамның ішкі әлемін ашып береді. «Жаңғырық», «Баябан», «Сырлы шаһар», «Самұрық», «Пірім менің» атты еңбектерінде уақыт пен кеңістік бір-бірімен астасып, рух пен материя арасындағы нәзік шекара бейнеленеді. Әсіресе, «Самұрық» туындысындағы көгілдір кеңістік пен алтын түстес жарықтың өзара диалогы тіршіліктің мәңгі қозғалысын еске салады.
Болат Тұрғынбайдың көркемдік ойлау жүйесі Леонардо да Винчидің философиялық тереңдігіне, Рафаэльдің үйлесім мен нәзік пропорциясына, ал кей сәттерде Пабло Пикассоның ішкі еркіндігіне ұқсайды. Бірақ ол ешкімге еліктемейді, өз мектебі мен өз қолтаңбасын қалыптастырған суретші. Оның туындыларында қазақтың болмысы – табиғатпен тұтас, уақытпен үндес, ал адам бейнесі – шексіз ой мен сезімнің символы.
Мәселен, оның «Баябан» картинасын көрген адам кең даланың тынысын естиді. Онда үнсіздік бар, бірақ ол үнсіздік өмірге толы. Ал «Жаңғырық» суретшінің ішкі әлемінің көрінісі. Мұнда адам жанының тереңіндегі жаңғырық, өткен мен бүгіннің, арман мен ақиқаттың тоғысы бейнеленген. Кескіндемеші бұл сезімді нәзік түстермен, көлеңке мен жарықтың үндестігі арқылы жеткізеді.
Оның шығармашылығында Пикассоның сынған пішіндері мен Моне секілді импрессионистердің жарыққа деген сезімталдығы да байқалады, бірақ Болаттың бояуы өзгеше, онда қазақ даласының түсі бар. Көкжиектің жұмсақ қоюлығы, күннің қызғылт нұры, түнгі аспанның қою көгі бәрі де ұлттық табиғаттың өзінен алынған. Әрбір картинасы – қазақтың мінезі мен рухының бейнелік көрінісі.
Болат Тұрғынбай – өз өнерінде шынайылық пен қиялды тең ұстай алған суреткер. Ол шындықты көркемдікке айналдырып, өмірдің мәнін философиялық деңгейге көтереді. Оның шығармаларына тән бір қасиет – рухани тыныштық. Бұл тыныштықта терең ой мен сабыр, бейбіттік пен сағыныш бар. Сол сезімдер көрерменнің ішкі әлеміне еніп, бір сәтке болсын жанды жеңілдетеді.
Суретші өзінің әр туындысында уақыттың өлшемінен тыс ұғымдарды бейнелейді. Ол үшін өнер – мәңгі қозғалыс, ал қозғалыстың өзегі – рух. Сондықтан да оның картиналары заманауи болғанымен, дәстүрден ажырамаған. Болаттың бояуында көшпенді рухтың ізі, даланың тынысы, ұлттық дүниетанымның нәзік үні бар.
Суретші әр туындысын шексіз махаббатпен салады. Әр бояу тамшысы – оның жүрегінен төгілген сыр. Сол себепті оның суреттері көрерменге суық емес, жылы әсер сыйлайды. Ол кенеп арқылы өмірдің тылсым мағынасын, адамның ішкі үйлесімін, табиғат пен жанның бірлігін көрсетеді.
Болаттың шығармашылық қуаты – оның ең басты ерекшелігі. Ол бір сәт те тоқтамайды. Ізденісте жүру – оның өмір салты. Жаңа тақырып, жаңа бояу, жаңа композиция – бәрі оның шығармашылық лабораториясының бөлшегі. Суретші үшін ең маңыздысы – бейненің сыртқы түрі емес, оның артындағы рухани әлем. Сондықтан да Болаттың туындыларына қарап, әр көрермен өз жүрегінен бір жауап табады.
Қазақ бейнелеу өнерінің тарихында әр дәуірдің өз үні болған. Егер Қастеев дәуірі ұлттық бояудың жаңғыруы болса, Болат Тұрғынбай дәуірі сол бояудың жаңа мәнге ие болған кезеңі. Ол өнердің тамырын үзбей, оны жаңа биіктерге көтеріп келеді. Оның шығармашылығы – қазақ рухының заманауи айнасы, ұлттық болмыстың жаңа тынысы.
Ол салған әр сурет – уақыттың куәсі, өмірдің мәні, жүректің үні. Болат Тұрғынбай – бейнелеу өнерін қазақ рухының тіліне айналдырған суретші. Оның кенептері мәңгі тыныштық пен қозғалыстың, шындық пен қиялдың тоғысқан ғажайып әлемі болып қала береді.
Суретшінің шеберлігі оның композиция құруынан-ақ көрінеді. Классикалық пропорция мен заманауи динамиканы қатар ұстауы оны танымал кескіндемешілермен иық теңестіретін деңгейге жеткізді.
Болат Тұрғынбайдың еңбектерінен Абайдың «сурет – сөзсіз поэзия» деген ойының шындығын көруге болады. Оның әрбір картинасы – поэтикалық шығарма. Әсіресе «Әзел», «Саһи дүние» сияқты жұмыстарында философиялық ойдың тереңдігі, уақыт пен кеңістіктің байланысы айқын. Оның полотнолары тек көзге емес, санаға да әсер етеді. Бір қараған адам тынышталып, терең ойға шомады.
Болат Тұрғынбай тек шығармашылықпен шектелмей, педагогикалық бағытта да үлкен еңбек сіңіріп келеді. Ол Әбілхан Қастеевтің ізімен кәсіби суретшілерді тәрбиелеп, болашақ буынды бейнелеу өнерінің рухымен сусындатуда. Темірбек Жүргенов атындағы өнер институтында көп жылдар бойы дәріс беріп, заманауи кескіндеменің қыр-сырын үйретуде. Витраж өнерін оқу бағдарламасына енгізіп, Қазақстанда бұл бағыттың дамуына жол ашқан алғашқы мамандардың бірі болды. Елімізде витраж өнерін кәсіби шығармашылық деңгейде дамыту мақсатында оның модульдік жүйеге жеке пән ретінде енгізілуіне атсалысқан азамат. Қазіргі кезде Академияда витраж саласы пән ретінде оқу процесіне еніп, арнайы витраждық лаборатория ашылды. Қазір оның шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп, ұстаз атын мақтанышпен атайды.
Болат Тұрғынбай 1977-1981 жылдары Әбілхан Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет училищесінде білім алды. 1989 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтын монументалды-сәндік өнер мамандығы бойынша бітіріп, 1990 жылдан оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор, «Кескіндеме және мүсін» факультеті деканының орынбасары қызметтерін атқарды. Қазіргі кезде «Көркемсурет» кафедрасының меңгерушісі. Академия қабырғасында шығармашылық шеберхана ашып, өзіндік оқыту әдістемесін қолдана отырып, студенттерге заманауи өнердің өзекті мәселелерін шешуге бағыт-бағдар беріп, кәсіби тұрғыда дәріс жүргізеді.
Болат Тұрғынбай шығармашылық жұмыстармен қатар жоғары оқу орындарына арналған оқу-әдістемелік құралдар құрастырып, академияда және шетелдерде өткен көптеген халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, баяндамалар жасап келеді. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қауымдастырылған профессор, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», ҚР Көркемсурет академиясының академигі, «Mondial Art Akademia»-ның (Франция өнер академиясы) құрметті академигі, ҚР Суретшілер одағының, ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі. Сондай-ақ Ғылым және білім министрлігі, Өнер академиясы, Суретшілер одағы және тағы басқа көптеген мекемелердің Алғыс хат, мадақтама, дипломдарымен марапатталған.
Ол өз білімі мен біліктілігін үнемі шыңдап, білім беру мен шығармашылық саласында заманауи озық техника мен технология жетістіктерін барынша пайдаланып, қазақ ұлттық өнерін дамытуға, әлемдік кеңістікте бәсекеге қабілетті болашақ ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қосып келе жатқаны зор мақтаныш. Білікті маман, шығармашылықта өз қолтаңбасы қалыптасқан кескіндемеші. Ол – кәсіподақ мүшесі, ұлағатты ұстаз, талантты тұлға. Биыл қазан айында Болат Сырлашұлы 65 жасқа толады. Осыған орай мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.
Исламбек ОМАРОВ,
Республикалық «Шабыт» салалық кәсіподағы қоғамдық
бірлестігінің төрағасы