Қазақы сюрреализмнің негізін қалаған суретші

Қазақы сюрреализмнің негізін қалаған суретші

Жақында Астанадағы Ұлттық музейде танымал суретші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ерболат Төлепбайдың «Өнерім – ізгілік мекені» атты көрмесі ашылды. 2-22 қазан аралығына жоспарланған бұл көрме, Ерболат Тоғысбайұлының 70 жылдық мерейтойына және шығармашылығының 50 жылдығына орайластырылып ашылып отыр. 

 

Ерболат Тоғысбайұлы Төлепбай 1955 жылы 2 қазанда Түркістан облысы, Леңгір ауданында туған. Әлемге танымал суретші-кескіндемеші. Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері (1990). Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері (2004). Қазақстан Суретшілер Ассоциациясы басқармасының төрағасы.

Мазмұны мен мағынасы бөлек көрменің ашылуына ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған депутаттар мен Мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер адамдары мен журналистер келіп қатынасты. Көрменің ашылу сөзін сөйлеген Мәулен Сағатханұлы әлемге аты жайылған суретшінің өнерін қазақ мәдениетіне қосылған үлес деп бағалады.

«Құрметті қауым, қазақ топырағында бейнелеу өнерінің биігіне көтерілген талай талант иелері туғаны белгілі. Бейнелеу өнеріндегі осындай бірегей тұлғалардың қатарында Ерболат Тоғысбайұлының алатын орны ерекше! Жалпы Ерекең туралы айтқан кезде алдымен көз алдымызға қазақтың ұлттық бояуы заманауи стилмен әдемі үйлесім тапқан картиналар келеді. Өйткені Ерболат Тоғысбайұлы қазақы каваритты Еуропа мен Азия мәдениетімен шебер ұштастыра білген дарын иесі. Тіпті елімізде қазақы сюрреализмнің негізін қалаған деп айтуға толық негіз бар. Сондықтан отандық көркемсурет саласына үлкен жаңалықтар әкелген суретшінің көрмесі бүкіл қазақ мәдениеті, қазақ руханияты үшін айтулы оқиға деп айтсақ артық емес. Шын мәнінде суретші болу қажыр-қайратты, табандылықты және төзімділікті қажет етеді. Кез келген әдемі шығарманың артында үлкен еңбек жататыны анық. Бұл ретте Ерболат Тоғысбайұлы өзінің таланты, білімі, ерік-жігері және мінезінің арқасында отандық қана емес, әлемдік бейнелеу өнерінің биігінен еркін орын алған суретші. Ерекеңнің қай картинасын алсаңыз да үлкен ой, терең философия жатыр. Әсіресе көшпелілер дәстүрі мен дала даналығы арқылы суретші ұлттық код, тарихи сана сабақтастық сияқты тарихи құндылықтардың маңызын айрықша дәріптейді. Ерекеңнің әлемге белгілі суретші екендігіне ешкімнің күмәні жоқ. Дүниежүзінің 40-тан астам елінде көрмесінің өтуі соның жарқын көрінісі. Тіпті Париждегі көрмесі әйгілі Сальвадор Далимен бір залда өткенін де бәріміз жақсы білеміз. Бұл – Ерекеңнің талантына жалпы қазақтың қылқалам өнеріне берілген жоғары баға! Ерекең салған картиналардың Венеция төрінде тұруы және ерекше атап өтілуі Ұлттық бейнелеу өнері үшін ауыз толтырып айтуға тұратын оқиға болды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан кейін сөз алған Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, Қырымбек Көшербаев қатарлы ел ағалары да Ерболат Төлепбайдың өнердің биік шыңын бағындырған ғажап таланты мен еңбекқорлығына, қазақтың атын әлемге танытып жүрген тұлғалық қасиетіне тоқтала отырып, өнер иесіне шын ризашылығын білдіріп жатты.

Сөз кезегі келгенде Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері Досқан Жолжақсынов ағамыз да ағынан жарылды. 

«Адамзат тарихындағы ұлттың биіктігін үш нәрсе көтереді екен. Ол – сөз, ой, өнеге. Ерекең арқалаған өнер – пәкизат өнер. Ол таңғы шықтай мөлдір, тап-таза, ойлы. Сонысымен қымбат. Мына 60-70 жылдары қазақтың бейнелеу өнерінің көкжиегінде бір шоғыр жас суретшілер қылаң берді. Бұлардың әрқайсысы ауыздықпен алысқан арғымақтар еді. Бүгін сол әруақтардың атын атау мен үшін парыз! Олар – жарықтық Мағауия Аманжолов, Бексейіт Түлкиев. Әрқайсысы бір-бір тарих! Бүгінгі Ерекең солардың аманатындай. Әрине, Ерекеңнің өнерін бүгін даралап көруге болады. Үш сатылап көруге болады. Біріншіден, суретшінің ғаламдық масштабтағы қарапайым, нәзік бастаманы философиялық тұрғыда зерттеуі, сол арқылы жаратылыс пен адамның арасындағы арақатынасты түсіндіруге тырысады. Екінші, суреткердің жан жүрегінің пернесін дөп басқан туындылары қазақ халқының ұлттық қуаты болып есептеледі. Сурет арқылы ұлттың қуатын беру, бұған қандай жүректің күші керек. Ал, үшінші сауатты композиция мен параллелдерді мейлінше орынды пайдалана отырып,   адамның  ішкі жанының сұлулығын беруі. Адам көңілінде көріне бермейтін, шешеннің тілі күрмеліп, мергеннің қолы қалтырайтындай ой мен ұшқыр қиялды бейнелеу өнерінің қауызына сыйғызуы  бұл суреткердің ең басты құндылығы деп білемін», – деді Досқан Қалиұлы.

Көрменің келесі бөлігі суретшінің әр жылдары салған танымал картиналарын тамашалауға ұласты. Аталмыш көрме 2 қазаннан басталып, 22 қазанға дейін жалғасатын болмақ.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
09.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

Иран МАГАТЭ-ні неге айыптады?
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 09.10.2025 48
ЖЕҢІМПАЗҒА КӨЛІК сыйға тартылды
Нұрсайын ШӘРІП, Солтүстік Қазақстан облысы - 09.10.2025 47

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18473
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18337
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33520
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 32070
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35838