Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбекқызымен сұхбаттасқан едік.
– Айман Нұрлыбекқызы, облыстағы жұмыссыздық деңгейі қандай? Соңғы жылдары өзгеріс бар ма?
– 2022 жылмен салыстырғанда 2025 жылдың II тоқсанында еңбек нарығының негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады. Жұмыс күші саны 302,2 мың адамнан 313,2 мың адамға дейін, жұмыспен қамтылған халық саны 287,1 мың адамнан 298,4 мың адамға дейін өсті.
Жалдамалы жұмыскерлердің саны 183,5 мың адамнан 194,6 мың адамға дейін артты, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 150 адамға өсті.
Жұмыссыздар саны 232 адамға азайды. Облыстағы жұмыссыздық деңгейі 5,0%-дан 4,7%-ға дейін, жастар жұмыссыздық деңгейі 2,9%-дан 2,4%-ға дейін төмендеді.
– Халықтың табысын арттыру ұлттық жобасы аясында Абай облысында қандай нақты іс-шаралар жүзеге асуда?
– Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына қарасты Абай облысының халқының 2030 жылға дейін арттырудың өңірлік бағдарламасы арқылы жұмыспен қамту 3 бағыт бойынша жүргізіледі.
Бағдарлама шеңберінде 15 787 жұмыс орнын құру жоспарланған, 2025 жылғы 1 қыркүйекке 10 886 жұмыс орны құрылып, жоспар 68,9%-ға орындалды.
Оның ішінде:
- инфрақұрылымдық жобаларға 1200 адам немесе жылдық жоспардың 70,8%-ы жұмысқа орналастырылды.
- әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру бастамасы аясында 5 998 жұмыс орны немесе жылдық жоспардың 77,1%-ы орындалды.
- облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында бос жұмыс орындарына 3 688 адам немесе жоспардың 58,4%-ы жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар, өңірлік картаның шеңберінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша шағын несие беру арқылы жұмыс орындарын құру көзделген.
Несиелендірудің үлесі мал шаруашылығы бағыты бойынша – 50%, егін шаруашылығы мен ауылшаруашылығына жатпайтын бизнес бойынша 50% болып бөлінеді.
Бағдарламаны іске асыру сенім білдірілген өкіл арқылы жүзеге асырылады. Сенім білдірілген өкілді жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес айқындайды.
Жұмыспен қамтудың келесі бағыты – еңбек нарығындағы жұмыс күшінің тапшылығын шешу үшін жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде кәсіптік оқыту жүргізу.
Кәсіптік оқыту оқу орталықтары мен білім беру ұйымдарының базасында өтеді.
Сонымен қатар, «Қаражыра» АҚ (Белаз автокөлігінің жүргізушісі), «Обувная фабрика» ЖШС (тігінші, аяқ киім жөндеуші) және басқа да кәсіпорындарда жұмыс орнында сұранысқа ие дағдылар бойынша оқыту жүргізіліп, кейіннен жұмысқа орналастыру жүзеге асырылады.
Жыл сайын білім беру ұйымдарының, оқу орталықтарының тізімі кеңейтіліп келеді.
Жұмыс орнында оқытуға қызығушылық танытатын жұмыс берушілердің саны артуда.
Биыл 340 жұмыссызды кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету үшін 193,6 млн теңге бөлінді.
– Қандай салаларда жаңа жұмыс орындары көбірек ашылып жатыр?
– Биылғы жылы көбінесе инфрақұрылымдық жобаларда білім және құрылыс саласында және «Жасыл ел» бағдарламасы аясында тұрақты және уақытша жұмыс орындары ашылған.
Инфрақұрылымдық жобалар шеңберінде 1 695 жұмыс орнын құру жоспарланып, оның ішінде 1 200 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін инфрақұрылымдық жобалар арқылы ауылдық аймақтарды дамыту тұжырымдасы арқылы, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, көлік-логистикалық әлеуетін дамыту салалары бойынша 495 жұмыс орындарын құру жоспарда бар.
– Жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру көрсеткіші қандай деңгейде?
– 2025 жылы халықты жұмыспен қамтудың Өңірлік картасы шеңберінде 22 885 мың жұмыс орнын, оның ішінде 15 077 тұрақты жұмыс орындарын құру жоспарланған.
2025 жылғы 1 қыркүйегіне 10 012 тұрақты жұмыс орны немесе жоспардың 66,4%-ы құрылды. Оның ішінде: инфрақұрылымдық жобаларда – 227 тұрақты жұмыс орны,10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру бастамасы аясында 5 998 тұрақты жұмыс орны, бос жұмыс орындарына 3 688 адам орналасты. Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 99 грант берілді.
– Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту үшін қандай жобалар іске асуда?
– Жастар арасында жұмыссыздықты азайту үшін жастар практикасы, «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары іске асырылуда.
Жастар практикасы жобасына 35 жастан аспаған техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын соңғы 5 жыл ішінде аяқтаған, меңгерген кәсібі бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ түлектер жұмыссыз ретінде тіркелген болса қатыса алады. Мерзімі 12 айдан аспайды.
«Алғашқы жұмыс орны» – бұл 35 жастан аспаған, алғаш жұмыс іздеп жүрген жұмыссыздарға жұмыс орнын және қажетті еңбек дағдыларын беруге бағытталған жоба. Жұмыс тәжірибесінің болмауы, жұмыссыз ретінде тіркелу міндетті. Мерзімі 18 айдан аспайды.
«Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 35 жастан аспаған техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын соңғы 3 жыл ішінде аяқтаған түлектер жұмыссыз ретінде тіркелген болса қатыса алады. Мерзімі 6 айдан аспайды.
2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Абай облысы бойынша жастар арасынан барлығы 702 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде жастар практикасына – 513, «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына – 184 және «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларына 5 адам алынды.
– Ауылдық жерлерде жұмыспен қамту бойынша жағдай қалай?
– Абай облысында ауылдық жерлерді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту – аймақтың басты басымдықтарының бірі. Осыған орай мемлекет тарапынан ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға бағытталған түрлі қолдау шаралары қолға алынып, халықты тұрақты табыспен қамтамасыз етуге жағдай жасалуда. Қазіргі таңда облыс бойынша ауылдық елді мекендерде тұратын 4 646 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты. Оның ішінде: 1 021 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, 116 адам кәсіптік оқуға жолданып, 3 063 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған, 399 адам «Бастау-Бизнес» оқуын өтіп, 47 адам мемлекеттік қайтарымсыз грант алды.
– Әлеуметтік осал топтарға (көпбалалы аналар, мүгедектігі бар жандар, аз қамтылған отбасылар) қандай қолдау көрсетіледі?
– Әлеуметтік осал топтарға, соның ішінде көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар жандарға және аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы тетігінің бірі атаулы күндер мен мереке күндерге біржолғы әлеуметтік төлемдер беру. Жергілікті атқарушы органдар мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуді, оның мөлшерлерін белгілеуді және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындауды «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Үлгілік қағидалары» негізінде жүзеге асырады.
Жыл сайын жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік көмек мөлшерін ұлғайту жұмыстарын атқарады, ағымдағы жылы 1,2 топтағы мүгедектер мен көпбалалы отбасыларға 15,0 мың теңгеден 5 АЕК – 19 660 теңгеге дейін ұлғайтылды.
Әлеуметтік осал топтардың ішінде ерекше назар аударуды қажет ететін санат – аз қамтылған отбасылар. ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес, аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Бұл көмек отбасының жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен болған жағдайда тағайындалады және отбасылардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған.
Әлеуметтік осал топтарды, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарды қолдау мақсатында бірқатар қолдау түрлері көрсетіледі.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын және әлеуметтік ықпалдасуын арттыру мақсатында мемлекет жүйелі шаралар қабылдауда.
Бүгінгі күні облыста 24,0 мың мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде 2,9 мың мүмкіндігі шектеулі бала бар. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру бағыттарының бірі – оларды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету болып табылады. Бұл мүгедектер арбалары, есту аппараттары, жаяу жүргіншілердің таяқтары, протездік-ортопедиялық бұйымдар және жоғалтқан функцияларын қалпына келтіруге қажетті өзге де құралдарды қамтиды.
Аталған міндеттерді орындауға биыл 3,7 млрд теңге бөлінді. 2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша абилитация және оңалту жеке бағдарламасына сәйкес мұқтаждардың жалпы санынан 10 213 мүгедектігі бар адам қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, инватакси қызметі кеңейтілуде. Қазіргі таңда облыс бойынша мемлекеттік тапсырыс негізінде 19 автокөлік қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында жүріп-тұруы қиын азаматтарға тасымалдау қызметін көрсететін инватаксилер бар. 2025 жылдың 1 шілдесіне 114,2 млн теңгеге қосымша 4 инватакси сатып алынып, олардың жалпы саны 10 көлікке дейін арттырылды.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы 206 нысанды бейімдеу жоспарланған. Оның ішінде 143-і мемлекеттік, 63-і жекеменшік нысандар. 2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 139 нысан бейімделді.
Жалпы, 2027 жылға дейін «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының толық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 1 255 нысанды бейімдеу жоспарланған. Жол картасына сәйкес жыл сайын кемінде 198 нысаннан аз болмауы тиіс.
– Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға қандай қосымша әлеуметтік қолдау көрсетіледі?
– Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту негізгі басты мақсат. Лайықты бос жұмыс орны табылмаған жағдайда жұмыссыз азаматтарға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары ұсынылады, оған: субсидияланған жұмыс орындары, кәсіптік оқыту, гранттар беру арқылы кәсіпкерлікті дамытуға қолдау жатады.
Қосымша соңғы 3 жылда әлеуметтік аударымдары бар және ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға жұмысынан айырылу бойынша төлем беріледі. Ол міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы төленеді. Төлем мөлшері орташа айлық табыстың 45%-ын құрайды, төлеу мерзімі еңбек өтіліне қарай 1-6 ай аралығы.
– Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруда қандай шаралар бар және нақты нәтижелер қандай?
– Мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы жұмыс орны – мүгедектігі бар адамның жеке мүмкіндіктері ескеріле отырып жабдықталған жұмыс орындары.
Жұмыс берушілерге субсидия арнайы жұмыс орындарын жарақтандыруға арналған жабдықтарды сатып алуға, монтаждауға және орнатуға, мүгедектігі бар адамдарға кемінде 3 жыл мерзімге жасалған еңбек шарты негізінде жалақы төлеуге жұмсалған шығындарды өтеу мақсатында беріледі. Арнайы жұмыс орнын жабдықтауға берілетін субсидия мөлшері – 300 АЕК.
2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Абай облысы бойынша кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектігі бар адамдарға және есту қабілетінен толық айырылған мүгедектігі бар адамдарға арнайы 2 жұмыс орны құрылды.
Абай облысы әкімінің 2024 жылғы 26 желтоқсандағы қаулысымен «мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгілеу туралы» №247 қаулысы бекітілді. Қаулыға сәйкес, 2025 жылы мүгедектігі бар адамдар үшін квота бойынша 135 кәсіпорында 718 жұмыс орны бөлініп, бүгінгі күнге 10 мүгедектігі бар адамдар тұрақты жұмысқа орналастырылды.
– Қайта даярлау, қысқа мерзімді курстардан өтушілердің саны қанша және олардың қаншасы кейін тұрақты жұмыс тапты?
– 2025 жылы жұмыс берушілердің өтініштері бойынша кәсіптік оқыту және жұмыс берушілердің жұмыс орнында оқыту жоспарланған. Жалпы оқу жоспары 340 адамды құрайды, оның ішінде жұмыс орнында 30 адам, жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша 310 адам. Бүгінгі күнге 162 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданды.
2025 жылдың мамыр айынан бастап мансап орталықтары тігінші, шаштараз, ауылшаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі, 1-С білімі бар компьютер операторы, электр газбен дәнекерлеуші, кран машинисі, ветеринариялық санитар, слесарь-жөндеуші, есепші, кондитер мамандықтары бойынша қысқа мерзімді курстарға жіберді.
– Кәсіпкерлікті қолдау бойынша қандай бағдарламалар бар және олардың нәтижесі қандай?
– «Bastau Business» жобасы аясында облыс тұрғындары кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, бизнес-жобаларын қорғап, қаржыландыру мүмкіндігіне ие болады.
Жыл басынан бері 760 адам оқудан өтті, 489-ы оқуын аяқтады. Олардың ішінде 53-і өз кәсібін бастап кетті.
– Жаңа бизнес-идеяларға арналған қайтарымсыз гранттар бар ма?
– Жеке кәсібін ашқысы келетін жастарға, әлеуметтік осал топтарға және ауыл тұрғындарына 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз гранттар беріледі.
Гранттар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бекітілген кезеңдері (лектері) арқылы Business.ehbek.kz порталы арқылы беріледі.
- Бірінші кезеңде 102 адамға грант беру жоспарланған, соның ішінде 99 адамға грант берілді.
- 2025 жылғы 11 тамыздан бастап екінші кезеңге өтінімдер қабылдау басталды. Қыркүйек айында қалған 105 грант иелеріне табысталатын болады.
Сонымен қатар, кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдаудың бір түрі – субсидияланатын жұмыс орындары. Бұл тетік арқылы:
- мемлекет жұмыс берушінің шығынын (жалақының бір бөлігін) өтейді, нәтижесінде кәсіпкер үшін жаңа қызметкерді жұмысқа қабылдау жеңілдейді;
- «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Әлеуметтік жұмыс орындары» сияқты бағдарламалар аясында кәсіпкерлер дайын кадр тартып, бейімдеу шығындарынсыз мамандарды тұрақты жұмысқа орналастыра алады.
- Нәтижесінде өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, жастар мен әлеуметтік осал топтардың жұмыспен қамтылуы артып келеді.
Жыл басынан Абай облысында субсидияланатын жұмыс орындарына (қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», әлеуметтік жұмыс орындары) 7 109 адам жұмысқа орналастырылды.
– Жастар мен ауыл жастары үшін грант, несие беру жобалары қалай іске асуда?
– Жоғарыда көрсетілгендей, жастарға арналған 2,5%-дық шағын несиелер және «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында шағын несиелер ала алады. Ал 400 АЕК қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға тек әлеуметтік осал топтар қатарына жататын жастар ғана өтінім бере алады. Бүгінгі күнге әлеуметтік осал топтар қатарына жататын 27 жас азамат мемлекеттік қайтарымсыз грант алды. Оның ішінде ауылдық жерден 10 жас азамат.
– Алдағы уақытта жұмыспен қамту саласында қандай жаңа жобалар қолға алынады?
– 2025 жылы Абай облысында ұлттық жобалар шеңберіндегі іске асырылатын инфрақұрылымдық жобаларда (4 – жеке, 181 – мемлекеттік) 1 695 жұмыс орнын құру көзделген.
– Әлеуметтік қолдау бағытында қандай жаңашылдықтар күтіледі?
– 2026 жылы субсидияланатын жұмыс орындары жаңа ережелер бойынша ұйымдастырылады.
Процесс толықтай Электрондық еңбек биржасына көшіріліп, мансап орталықтарының қатысуынсыз талаптарға сәйкестігі автоматты түрде тексеріледі.
Жұмыс берушілерге қатаң талаптар қойылады: тіркелу, қарыздарының болмауы және салықтық сенімділік. Жобада бағдарламаға қатысушылардың кемінде 10 %-ын тұрақты жұмысқа орналастыру талабы белгіленген, бұл ұзақ мерзімді жұмыспен қамтуды қолдауды көздейді.
Бағдарламаға қайта қатысу жекелеген санаттарды қоспағанда екі жылда бір рет қана рұқсат етіледі. Жұмыс орындарының саны қызметкерлердің санына қарай автоматты түрде айқындалады. Өтінімдер 2025 жылғы 15-31 желтоқсан аралығында ғана қабылданады.
Есептілік пен төлемдер мемлекеттік органдардың тікелей өзара іс-қимылы арқылы жеңілдетіледі. Сондай-ақ жобада жұмыс берушілер арасында мемлекеттік қолдауды әділ бөлу үшін субсидияланатын жұмыс орындарының санын қызметкерлердің тізімдік санына сәйкес автоматты түрде есептеу тетігі қарастырылған.
Әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру бағытында бірқатар жаңашылдықтар енгізілуі күтілуде. Халықаралық ұйымдар санаттық бағдарламаларға қаржыландыруды арттыру мұқтаж адамдарға көмекті тиімді жеткізуге және елдегі кедейлік деңгейін төмендетуге кепіл бола алмайтынын атап өтуде. Сондықтан көптеген елдер мұқтаждыққа негізделген модельге көшіп жатыр. Бұл тәсіл отбасының нақты жағдайын ескеріп, көмекті ең көп қажет ететіндерге бағыттайды.
Әлеуметтік көмекті мұқтаж азаматтардың жағдайына қарай 6 негізгі категорияға бөлу болып табылады. Бұл тәсіл әрбір санаттағы азаматтарға нақты қажеттілігіне сәйкес қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік көмек 1-ден 5-деңгейге дейінгі отбасыларға көрсетіледі. Жоғары табысы, мүлкі және бизнесі бар (6-деңгей) отбасылар өңірлік көмекті алмайды.
Мемлекет кепілдендірілген төлемдерді сақтай отырып, жергілікті деңгейде қосымша қолдауды тек шын мәнінде мұқтаж отбасыларға көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл үшін үй шаруашылықтарының әлеуметтік-экономикалық осалдығын бағалайтын скорингтік үлгі енгізіледі, ол цифрлық платформалар арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады. Жаңа тәсіл арқылы әлеуметтік көмек көрсету процесін ашық, әділ және тиімді болады.
– Облыстағы жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін қандай басты қадамдар жасалмақ?
– 2025 жылдың 2 тоқсанының қорытындысы бойынша облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,7%, жастар жұмыссыздығы деңгейі – 2,4% (ҚР – 3,1%) құрады.
Өңірде жұмыссыздықты азайту үшін облыста халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары белсенді түрде іске асырылуда.
2025 жылы халықты жұмыспен қамтудың Өңірлік картасы шеңберінде 22 885 мың жұмыс орнын құру жоспарланған.
2025 жылғы 1 қыркүйекке 18 094 жұмыс орны құрылды. Алдағы уақытта да 2026-2028 жылдар аралығында облыс бойынша 40 879 адамдарды еңбекпен қамту жоспарлануда.
Сонымен қатар, 2026-2028 жылдар осал топтағы адамдардың әлеуетін арттыруға 612 қайтарымсыз гранттар беріледі.
Жоғарыдағы шараларды іске асыру арқылы 2025 жылға жұмыссыздық деңгейін 4,8% мөлшерінде сақтау міндеттелген және қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін облыстың барлық қалалары мен аудандарында Мансап орталықтары түріндегі филиалдары бар. Сондай-ақ Еңбек мобильділігі орталығы халыққа қызмет етуде.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Саруар ҚАБДОЛЛА,
Абай облысы