«АУЫЛ ТАҒДЫРЫ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ»

«АУЫЛ ТАҒДЫРЫ –  ҰЛТ БОЛАШАҒЫ»

атты «AMANAT»   партиясы, ҚР Ауыл  шаруашылығы   министрлігі,  ҚР  Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі»  РҚБ,  халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газеті, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен  бірлескен  экспедициясы Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі  цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында экспедицияға шығады.

 

Экспедицияның мақсаты: ауыл-аймақты аралау, елмен жүздесу, жұмысшылармен әңгімелесу. Президент Жолдауының жергілікті жерлерде қалай орындалып жатқанын баспасөз арқылы оқырманға насихаттау. Бұл біздің бірнеше жылдан бергі іссапарымыздың жалғасы іспетті дүние. Осы орайда Үкімет мүшелерімен бірлесе жұмыс істеу нәтижелі болары сөзсіз! Илегеніміз бір терінің пұшпағы. Әділетті Қазақстан құру жолындағы игілікті бастама ел мұраты үшін жалғасын таба береріне сеніміміз зор. Экспедиция алдында ауыл тұрғындарына Үндеу жариялап отырмыз.

 

Бірлескен экспедицияның бүкіл ауыл тұрғындарына

ҮНДЕУІ

 

Қадірлі ауылдастар!

Ауыл – қазақтың  түп-тамыры, рухы, тарихы, шежіресі, қара шаңырағы, ұлттық құндылығымыздың қайнар көзі  һәм алтын тұғыры. Ауыл – қазақтың тамырына ізгілікті сіңірген, небір нәубеттерден аман алып шыққан, жауһар салт-дәстүрлерімізді аялаған, ұлы тұлғаларды дүниеге келтірген, асыл дініміз бен тілімізді сүйгізген және халқымыздың ырысын ортайтпаған қасиетті қара қазынамыз. Ауыл – қаймағымыз сыпырылып, санымыз азайып, қанымыз сұйылып, рухымыз әлсіреп, санамыз жүдеп, жанымыз тарыққанда қазағын биікке көтерген құтқарушымыз. Ауыл – сан этностарды жатсынбай құшағына сыйғызған, ашыққанға нәр болған, әлемдегі ең қонақжай, ең жомарт қасиетті қарашаңырағымыз. 

Сол қасиетті де жомарт құтқарушы, қонақжай, алтын тұғыр ауылымыздың бүгінгі жайы қалай? Тәуелсіздіктен бері қарайғы 33 жылда ауылымыз қаншалықты өзгерді, қандай өзгеріс, жаңашылдық бар. Болашағы қандай? ХХІ  ғасыр ауылын жасай алдық па? Инфрақұрылымдары қандай дәрежеде? Міне, біздің бірлескен экспедициямыз республикамыздың түкпір-түкпіріне сапар шегіп, осы көкейтесті мәселелерді зерттеп көрмекші. 

Ауылдың қазіргі ахуалына нақты көз жүгіртіп өтейік. Статистикаға сүйенсек, 2015 жылы елімізде 7093 ауыл болған. Ал 2025 жылы 6298 ауыл қалыпты. Оның 90-ы қала, 29-ы қала типіндегі поселка. Соңғы он жылда 1481 ауыл жойылып біткен. Бұған себеп мектептің жабылуы, жастардың жұмыссыздығы, жолдың нашарлығы, судың жетімсіздігі, әсіресе ғаламтордың жоқтығы. Цифрландыру көзбояушылықпен жүргізіледі. Ауылда қазір 7 миллионнан аса адам өмір сүріп жатыр. Ғаламторға ауылдың 33 пайызы ғана қосылған. Оның өзі ескі, сапасыз. Тіптен кейбір ауылдарда (операторлар тиімсіз деп есептеп, ауылға ғаламтор жүргізбейді) 2 G-мен ғана жұмыс істейді. Ауылдарда дәрігерлік қызмет өте нашар. 

Президентіміз Қасым-Жомарт   Тоқаевтың биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі  цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында ауылшаруашылығына зор көңіл бөлді. Мемлекет ел экономикасын және жұртшылықтың әл-ауқатын өсіруде осы салаға иек артатынын Президентіміз қадап айтты.  

«Ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлінуде, биыл шаруаларды қолдауға бір трлн теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған.

Бірақ агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе – қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек», – деді Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында. 

Президентіміздің    ауылшаруашылығына, ауылға ден қоюында зор мән жатыр. Яғни ауылды түлету дегеніміз экономикамыз бен әл-ауқатымызды көтеру деген сөз. Әрине, Президентіміз айтқандай, ауылшаруашылығында көкейкесті мәселелер, кемшіліктер жоқ емес.   

Экспедициямыздың басты мақсаттарының бірі – ауылдық жерлерде сақталып отырған түрлі мәселелерді Үкіметке жеткізу.

Елімізде  ұлттық  құндылықтарымызды  енгізу  ең  басты мәселе деуге болады. Оның бастауы, әрине, ұлт болашағы – балаларымыздың тәрбиесі. Қазіргі кезде осы балаларымыз қатыгез болып барады. Өлтіру оқиғалары өршіп тұр. Бұл – зор қасірет. Газетіміздің ұраны: «Келешек үшін бәріміз жауаптымыз!» болса, экспедиция тақырыбы да осыған саяды. Биылғы экспедициямызда осы көкейтесті мәселені үнемі назарымызда ұстаймыз.

Көріп отырсыздар, экспедициямыздың құрамына кірушілер саны жыл сайын өсіп келеді. Мәселен биыл «Ауыл» партиясы қатарымызға тұрды, яғни экспедиция әлеуеті өсіп келеді деген сөз.

Үкімет тарапынан мұндай қолдау экспедициямыздың абырой-беделінің, ауқымының, пәрменділігінің өскендігі деп білеміз. Экспедиция барысы қалай жүргізіледі? Бүкіл облыстарды аралап біткен соң, келер жылы ақпан айында Астанада экспедиция мүшелері бірлесіп дөңгелек үстел өткіземіз. Осы дөңгелек үстелде жиған-терген көкейтесті мәселелер ортаға салынады.

Президентіміздің Әділетті Қазақстан құрамыз деген бастамасын халық қолдап отыр. Оны біз тізе қосып, бірлесіп, ауыл-ауылдарды аралай отырып іс жүзінде  қолдауымыз қажет. 

Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс. Бірлескен экспедиция құрамына кірген министрліктерге қарайтын өңірлердегі жауапты мекемелердің қызметкерлері де бізбен бірге жүрмек.  Арман біреу, мақсат ортақ. Біздің экспедиция еліміздің бар өңірін аралап қана қоймай, шаруа баққан халықтың жағдайын, кәсіпкерлердің қарым-қабілетін,  мектептердің тыныс-тіршілігін үнемі жазып келеді. Тек мақтау емес, кемшіліктерді де айтудан кенде емеспіз.

Мемлекетіміз ауылшаруашылық саласына, ауылға, кәсіпкерлерге кеңінен қолдау көрсетіп жатқанын жақсы білеміз. Қаншама бағдарламалар, жобалар жұмыс істеп жатыр. Бірақ соларды қарапайым кәсіпкерлер игере алды ма? Түпкі мәнін  біле ме? Біз әр жолғы экспедиция сапары барысында ауыл адамдарының жоғарыда аталған бағдарламалар мен жобалардың кейбіреуінен бейхабар екендігін байқадық. Президентіміз Жолдауында цифрландыру жөнінде кеңінен айтып:

«Ауылшаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажет. Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс!» – деді.

Біздің экспедициямыз осы мәселе жөнінде жергілікті мамандар арқылы халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. 

Иә, ауылдың дамуы облыстардың, өңірлердің дамуына ерекше серпін береді. Ал қуатты өңірлер елді дамытудың драйвері екендігін Президентіміз баса айтты. Мемлекет басшысының жаңа мерзімдегі алғашқы Жарлығына сәйкес «Ауыл аманаты» жобасы басталған болатын. Бұл жобадағы ауылдың әл-ауқатын жақсартуға деген нақты мемлекеттік тұрғыдағы көмектерге тұрғындар зор қызығушылық   танытып  отыр.  Облыстарда бұл жоба кеңінен қолдау тапты. 

 

«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЕЛГЕ НЕСІМЕН ТИІМДІ?

1. Отбасылық табысты арттырудың бірнеше жолы бар. Ауыл тұрғындары үйлерін кепілдікке қойып, 2,5 пайызбен несие ала алады. Сондай-ақ тауар несиесі ретінде мал алып, оны төлімен қайтаруға болады.

2. Қатысушылар кооператив құрамына кіріп, техниканы сатып алуға 50 пайызға дейін субсидия алуға мүмкіндіктері бар.

3. Халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етеді, ел экономикасын көтереді. 

4. Жұмыссыздық азаяды. Отбасылық орташа табыс 2 есеге өседі.

5. Жастардың, тұрғындардың ауылдан көшуін тоқтатады.

6. Кәсіпкерлер   бекітілген   тәлімгер   бойынша  бизнес-жобалар жасауға зор мүмкіндікке ие. 

7. Медициналық көмек сапасын арттырып, фельдшерлік-акушерлік пункттерді жаңғыртуға болады. Мобильді диагностикалық кешен көмегі ұлғаяды. 

8. Ауылдық мектептерде мамандардың тапшылығы азаяды және білім беру сапасын арттыруға баса назар аударылған. Ол «Bilim ALL» жобасымен шешіледі.

9. Дене шынықтыру мен спортты дамытуға да кең жол ашылады.

10. Жобада «Ауыл – ұлттық құндылықтарымыздың қайнар көзі» деген мәселеге зор көңіл бөліп отыр.

Ауылға тағы да басқа соны жаңалықтарымен, жаңашылдықтарымен келген, қазір аталмыш жоба мемлекетімізде тұтастай жүзеге асып жатыр. Елдің әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік проблемаларды шешуге бұрын-соңды болмаған бұл ауқымды жобаның және басқа да бағдарламаларға Үкіметтен миллиардтаған теңге бөлініп отыр. Шындығында, еліміз жемқорлықпен күресуде. Сыбайлас жемқорлықтың кең етек жаюы мемлекетті құрдымға жіберуі мүмкін. Осы қыруар қаржы тістегеннің аузында, асағанның жемсауында кетпесін деген тілек бар бәрімізде. Биылғы экспедицияның басты мақсатының бірі – «Ауыл аманаты» жобасының іске асып жатқан игіліктерін үлгі-өнеге ретінде республикада кеңінен тарату және оны мүмкіндігінше насихаттау. Біз бәріміз де осыған жұмылуымыз қажет. Осы негізде жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарымен де байланыс орнатуды көздеп отырмыз. Осы жерде газет ұжымы тарапынан мынадай ұсынысымыз бар: елімізде 7500 мектеп бар екен. Осы мектеп ошақтарында, кітапханаларда, қазақтілді газет-журналдарды бір-бір дана жаздыртып алуға не кедергі? Бұл мектеп ұстаздары мен оқушыларына, тұрғындарымызға, қазақтілді басылымдарға үлкен қолдау болар еді ғой. Бұдан басқа да республикамызда 10 мыңнан аса кітапханалар жұмыс істейді. 

 

ЭКСПЕДИЦИЯ КӨТЕРЕТІН КӨКЕЙТЕСТІ МӘСЕЛЕЛЕР:

1. Үндеуде айтылғандай, соңғы он жылда 1,5 мыңдай ауыл жойылған. Статистикаға қарасақ, ауыл азайып барады. Үкімет бес жүз ауылды «перспективасы жоқ елді мекендерге» қосып отыр. Жастар, амал жоқ, қалаға ағылуда. Бұл көші-қонды қалай тоқтатамыз? Президентіміз осы Жолдауында бұған ерекше назар аударып, «шұғыл шешімдер қабылдау керек» деп тапсырма берді. Экспедиция барысында осы көкейтесті мәселені де көтереміз.

2. Жыл сайын шешілмей келе жатқан мәселенің бірі – субсидия. Себебі субсидия беруде бюрократиялық кедергілер көп. Біз еліміздің ауылдарын аралаған сайын субсидия төңірегіндегі қарыздар мен қаржылық қиындықтар жөнінде шаруалар, фермерлер жиі шағымдар айтады. Яғни уәде беріледі, бірақ мемлекет төлей алмай отырған сыңайлы. «Аманат» жобасы да осы кепті киіп отыр. 

3. Оңтүстікте биыл қуаңшылық. Кетпен ұстап қалған диқандар жетеді. Аяқсу жетімсіз. Сиыр етінің экспорты тоқтады. Азық-түлік бағасы өсіп жатыр. Фермер кінәлі ме, жоқ! Алыпсатарлар мен делдалдар кінәлі. Фермерлердің табысы азайып, басты пайда алыпсатарлар мен делдалдарда қалып отыр. Мәселені қалай шешуге болады? 

4.  Ұлттық салт-дәстүрлеріміздің қайнар көзі – ауыл.  Қалаға көшіп келгендер осы салт-дәстүрлерімізді өзімен ала келеді. Қалай дегенмен еліміздің көптеген өңірлерінде, ауылдарында салт-дәстүрлерімізді қолданудағы ерекшеліктер, өзгешеліктер бар. Президентіміз жасанды интеллектіні енгізуді Жолдауында кеңінен сөз етті. Әлемде ұлттық дәстүрді сақтай отырып заманауи жаңашылдықты жасау арқылы зор жетістікке жеткен елдер көп. Осы мәселені экспедиция барысында насихаттаймыз. 

5. Көкейтесті мәселеде ірілі-ұсақ деген болмайды. Мәселен Жамбыл облысы Отар ауылында теміржолдан көлік өту зор проблемаға айналған. Кейде көліктер пойыздардың жиі өтуіне байланысты бір сағаттан астам уақыт күтіп тұрады.  Бұл жерден әскерилер де өтеді. Мұнда үш әскери бөлім орналасқан. Отардан үш шақырым жерде әскери оқ-дәрі қоймасы тұр. Егер мұнда төтенше жағдай, өрт болса не болады? Экспедиция мүшелері халықтың қауіпсіздігі үшін осы теміржол үстінен көпір салу жөнінде дабыл көтеріп, ұсыныс та айтқан. Бірақ әлі де бұл жүзеге асқан жоқ. 

 

Құрметті ауыл жанашырлары!

Біз бәріміз бірлесіп ауылға нақты, батыл қадам жасамасақ, немқұрайдылықтан арылмасақ, тек ауыл ғана емес, бүкіл ұлтымыздың, мемлекетіміздің болашағы бұлыңғыр болып, берекесіздік етек алатыны сөзсіз. Ауылды қалай жаңғыртамыз, оны бүгін бастамасақ, ертең кеш болады. Осы Үндеу аясында сіздерге ой тастау мақсатында бірнеше қағидаттарды назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

1. «Оян, қазақ!» демекші, алдымен өзіңіз, ауылдың әрбір азаматы оянып, дүр сілкініп: «Бұл – менің ауылым! Осы туған ауылыма не істей аламын?»  деген көзқарасты, жаңашылдықты,  сенімді, жауапкершілікті жүрегімізге ұялатайық. 

2. Ауыл ажары алдымен сіздің үйден басталуы тиіс. Үйіңіздің сыртқы келбетіне көз жүгіртіңіз. Ағаш, гүл егілген бе? Тазалық қалай? Қақпа, дуал, қоршаулары қалай? 

3. Көшеңіз қалай? Асфальттанған ба? Шашылып жатқан күл-қоқыстар жоқ па? Су құбыры, газ тартылған ба?

4. Өзін-өзі басқару жүйесін жүзеге асыру өзіңнің қолыңда, қадірлі ауылдас. Қашанда ауылда белсенді азаматтар мен азаматшалар болған, әлі де бар деп білеміз. Тек белсенді ғана емес, қолынан іс келетін, адал, тәртіпті, ойын ашық айта білетін азаматтар, әсіресе жастар  бас қосып, өзін-өзі басқару тобын құрған жөн. Бұл қоғамдық топ әкіммен біте қайнасып жұмыс істеуі тиіс. 

5. Салт-дәстүрлеріміздің айнасы –  ауыл. Бұл құнды мәселе ауылдан бастау алуы керек. Жастарымызды салт-дәстүрлерімізбен сусындатып, ұлттық рухын, патриоттық сезімін асқақтатып, ана тіліміздің абыройын көтеріп, арақ-шарапты жолатпай, салауатты өмірге үйренсек, ауылға береке келеді. 

6. Мектеп түлектері – қашанда ауылымыздың жарқын болашағы. Осы алтын бесігімізде тәрбиеленген ұрпағымыздың өз ауылына деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін ояту – басты парызымыз. 

7. Ауылдың әрбір тұрғыны, әр шаңырағы – ең үлкен байлығымыз. Жағдайы төмен отбасыларға болысып, қиыншылыққа ұшырағандарға жәрдемдесу – әрбіріміздің парызымыз. Өйткені береке-бірлік те, бақ пен рух та отбасынан, балабақша мен мектептен басталады. Туған ауылынан алыста жүрген азаматтармен де  байланысты үзбей, олардың демеушілігіне жүгіну қажет.

8. Биыл шекараға жақын ауылдарды назарға аламыз. Ел қорғаны тек әскерилер ғана емес, ауылдастар, сіздер де қырағылық танытуларыңыз қажет. Сондай-ақ әскерде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жандармен де тығыз байланыс орнатамыз.

Қадірлі ауылдастар! Біздің ауылымыз мемлекетіміздің іргетасы іспеттес. Әрбіріміз ауылымызды көтеруге, оның шаңырағының биік болуына үлес қосуға міндеттіміз. Сонда ғана ауыл өмірі көңілді, ондағы әрбір отбасы да байып, рухани жағынан нұрлана түспек. Кәнеки, осы айтылғандарды, көтерілген көкейтесті мәселелерді көңілден тыс қалдырмай, іліп әкетейік. Ауылымыздың шаңырағы биіктеп, мәртебесі ассын!

Ескерту: Экспедициямыздың кейбір мүшелерімен ауыс-түйіске байланысты әлі де өзара келіссөз жүріп жатыр.

 

«Qazaqstan dauiri» ЖШС Бас директоры: Сәуле Мешітбайқызы

«AMANAT» партиясының төрағасы:   Ерлан Қошанов

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: Айдарбек Сапаров

ҚР Оқу-ағарту министрі: Жұлдыз Сүлейменова

 ҚР Денсаулық сақтау министрі: Ақмарал Әлназарова

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:  Светлана Жақыпова

«Ауыл» партиясының төрағасы:  Серік Егізбаев

 

 

 

03.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

АГРАРЛЫҚ ӨҢІРДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Жамбыл облысы - 03.10.2025 56
БИЛІКТЕГІ АУЫС-ТҮЙІС ХАЛЫҚҚА НЕ БЕРЕДІ?
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 02.10.2025 65
БАЛА ӨЛІМІНЕ БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАУ – БОЛАШАҚҚА ОПАСЫЗДЫҚ ЖАСАУ
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 26.09.2025 368
22 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ЖИЫН НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?
Нағашыбай Қабылбек - 25.09.2025 356

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18268
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18126
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33316
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31870
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35605