Абылай ханды өлімнен құтқарған Ораз баба

Абылай ханды өлімнен құтқарған Ораз баба

«Ораз деген құлының арқасында аман қалған Абылай...» дейді ел. Құдай-ау,  дауасы жоқ сөзден арыла алмай,  қаншама ғасыр өтсе де, осының ақиқатына қол жеткізе алмай келе жатырмыз. Иә, Абылай хан Ораз бабасының арқасында аман қалды. Әйтпесе, бәлкім осы күнгі біздің кім болатынымыз бір құдайдың қолында еді. Шүршіттің я болмаса басқаның кіндігінен тарап, құбыламызды үйімізден тауып отырар ма едік.

Ораз аталық!.. Ораз бабаң. Құл емес, құдыққа қармақ салар. Тектілік, дегдарлық бар бойында.  Біреулер сарт дейді.  Сарт та емес... Тамыры тереңде жатқан тарихи ірі тұлғаны қатпар-қатпар тарих қойнауынан суырып алып шығып, өзінің зор бағасын беретін кезең келіп жетті. Заман ырғағымен жазылып кеткен кемсіту, қорлау, менсінбеушілік сияқты түпсаналық ойдан арылып, Ораз аталыққа қалай тарихи бағасын береміз, әлде осы күйінде қалдыра береміз бе? Гәп, әңгіме осында.

 

Бабаның риясыз махаббаты

Дүниенің дидары Мәскеуден басталып тұрғанның өзінде, Бурабайдың солтүстігіне қарай орналасқан Қарабауыр ауылының қасындағы бұлақты Ораз бұлағы дейтін. Үлкендер жағы «қайдан келесің?» десе, «Бабаң ауылынан келе жатырмын»  деуші еді. Бірақ, Бабасы кім, нақты әрі қарай күмілжіп айтпайтын көрінеді, себебі тарихи тұлғаларға деген ол кездегі Үкіметтің көзқарасы оң емес. 

Осы мақаланы жазбас бұрын Абылай хан туралы қисса, әңгімелерді, ел аузында жазылып жүрген басқа да дүниелерді екі күн тапжылмай отырып оқыдым, талдаған болдым. Қағазды жолдас, қаламды сырлас қылып, бұрындары жазған біраз дүниені қайта қопаруға тура келді (біразы ауылдағы үйімде жатыр). Сонымен, санамда «Ораз баба  кім болған?» деген сұраққа өзімше із қуалап соңына шам алып түскен болдық. Әрине, мен кәнігі тарихшы емеспін.  Абылайдың арғы атасы – Шыңғыс хан. Одан кейін Дәшті Қыпшақ даласына келіп, қазақтың тарихында есімі алтын ғаріппен жазылатын Жошы хан. 

Абылай ханның  әкесі жайлы бұл жерде кеңінен толғап айтпай-ақ қояйын. Тіпті, бұны қазіргі күні бәрі жақсы біледі деп ойлаймын. Өйткені, сан мәрте томдап кітаптар шықты, зерттеліп те жатыр. Бірақ, Абылай ханды жау қолына бермей арқалап алып шығып, қасиетті Көкшетау жеріне қарай алып жүрген, ұстазы, тәлімгері  Ораз баба жайында сөз айтылса да, бер жағымен ғана жұқартып жұқанасын жазып жүрміз. Себебі, арғы жағына тереңдеп баратын дүние там-тұм, аз, жоқтың қасы. 

Тарихты біледі-ау деген көнекөз, көкірегі даңғыл қариялар ертеде дүниеден өтті. Ал, ол кезде заманның сарыны басқа, ағымы басқа болып, тарихи тұлғаларға көбі онша мән бермеді. Қайдан білсін, дүние бір қалыпты тұрмайтындығын, өзгеретіндігін. Дүние өзгерді, айтылмаған ақиқат, жаңсақ пікірлер мен күмәнді ойлардың барлығы рет-ретімен орнына келді. Қазақ тәуелсіздігін алған күні, бұрындары есімдерін ақырын күбірлеп айтатын мәртебелі хандар мен билердің есімдері ел жадында жаңғырып шыға келді. Әлі де ол кісілер туралы деректер жоқтың қасы. 

Сонымен, Ораз аталық һәм Баба Абылайды қалай ажалдан алып қалды? Жанашыры ма, жоқ әлде төлеңгіт болса,  иесінің аруағының алдында жауап беруді басты парыз ғып, аруақ аттамай аманатын сақтап қалды ма? 

Не болмаса «төлеңгіт-төреңді күт» деген тұжырымнан аса алмады ма?

 Сонау  қасиетті Түркістан жерінен, табиғаты сұлу, жері бай, елі мейірімді тұтастығына дақ түспеген Көкшетау жеріне дейін қаншама қиындықты басынан кешіріп,  Абылайдың жанын аман сақтап қалған Ораз бабаның Абылай ханға деген риясыз махаббаты зор. Өйткені, бір туыстығы болуы мүмкін бе деген ойлар мені мазалайды.

«Аталық дегеніміз үлкен институт боп қалыптасқан» дейді кейбір деректерде. Ханның басын хан алып, қардың басын қар алып жатқан жаугершілік заман. Төреде бауыр жоқ, таста тамыр жоқ деген уақыт. Оның үстіне жоңғарлардың қазақ даласына дүркін-дүркін шабуыл жасап, бүкіл қазақ даласы қанға боялып, елім-айлап егіліп, дүниенің дидары бұзылып тұрған мезеті. Осы сәтте  ажал оғына  Абылайды бермей алып қалған Ораз бабаның ерлігі ерлік пе? Әрине, ерлік! Ал енді, ол кезде  бүгінгідей  жазу-сызуы жоқ заман. Негізі, тарихи жыр дастандардың  сараптан өткізіп қаншама күн көңіл дүрбісін салдым.

 

Есенберлиндікі қателік пе, әлде?..

1995 жылы шыққан тарихи жырлар атты дастанда ел аузынан күні бүгінге дейін ұрпақтан-ұрпаққа жеткен  ел аузындағы хұсни жырларды оқып отырсаңыз,  кейбір айқын, нақты деректерге жолыққандай боласыз. («Абылайдың тарихы» 144 бет Қазақ халық әдебиеті «Тарихи жырлар») 

Ол Ораз қарт кісі еді жасы жеткен,

Патшаға Әбілфайыз қызмет еткен.

Аллаға тағат қылып отыратын,

Қызметін сыпагерлік қойып көптен.

(154 бет. «Тарихи Жырлар»). Әрине, бұл – сол замандағы жырау, ақындардың баяндағаны. Ораз қарт дейді.  Демек, қанша жаста? Пайғамбар жасы – алпыс үш. Алпыстан асқан жанда қайрат болуы екіталай, бірақ өмірден жинаған тәжірибесі  бар, көпті көрген, адасса жол таба алатын,  қулықты да, сұмдықты да көрген, басынан кешірген. Ол кезде Ораз баба кәрілік жетіп,  қарға адым жерді басуы мұң болса, онда Абылайды алып шығып аман сақтап қалуы екіталай еді. Тарихи жырда фольклорлық сарын басым болуы мүмкін. Бірақ, жырда анасы Оразға сеніп, Әбілмансұрды тапсырады деп баяндалады.

Кеңес Үкіметі мәңгүрттендіру саясатының жемісі тарихи тұлғаларды кемсітіп, неғұрлым халыққа  сүйкімсіз қылу үшін түрлі айла-әдіспен солай тәпсірлеп жазғызды. І. Есенберлиннің кітабында «Оразды бауыздап өлтірді» деп жазады. Ақиқатында Ораз Абылайдың қолынан өлмеді. Бірақ, жазушы мүмкін бұны білді я білмеді, ол жағынан дөп басып айту қиын. Оның үстіне «сөз полициясының» әрбір сөзді теріп, түзеп, күзеп сүзгіден өткізіп отырған мезеті. Баспаға кетпей қалады деп, бәлкім ұстазын өлтірту арқылы Абылайдың тарихи тұлғасын кішірейтіп жіберді ме екен?

Ал Ш. Уәлихановтың «Абылай» туралы жазбасында «Азат төлеңгіт өз түлегін ертіп, қазақ даласына тартты» деп жазады. «Өз түлегін» дейді. Демек, ғылымның көкжиегіне көңіл дүрбісін салған Шоқан Уәлиханов қателеспейді. Себебі, ол кісі атасы Абылай туралы көп зерттеген адам. Өз түлегін деген сөзде қаншама мағына жатыр. Егер Әбілмансұр өзінің ұстазын өлтіріп кететін болса, аруақ оны кешіре ме, кешірмейді. Жоқ, Абылай ханның атақ-даңқы шығып, үш жүздің басын бір байрақтың астына жинап, қырық сегіз жыл хандық құрып, салтанат мәжіліс жарасып жатқан тұста, жау қолына тастамай, қандай қиындық болса да, тығырықтан алып шыққан Ораз бабасына арнап арнайы жер берген. Бұл жер Бурабаймен шектесіп жатқан  Қарабауыр ауылының күншығыс жағындағы орналасқан.

Айналасы сыңсыған орман, тал-қарағай, тобылғы-тораң, мақпал қыраттар. Күншығыстан ақырын баяу жел соққанда, қыс бойы жатқан қардың көбесі ақпан айының аяғында жіпсіп, кейбір тау  бөктерлері қарабауырланып жатады. Сондықтан болар, ел жер-суға ат қойғанда шебер ғой, Қарабауыр дейді. Ораз бабамыздың екі әйелі болған. Абылай хан: «Өзіңіз қалаған жерді алыңыз», – дегенде, Хан Ордасына жақын іргелес осы жерді таңдаса керек. Жоғары таудан ақырын сыбырлап ағып жатқан бұлақты көресіз. Бұрын қалай аққандығын кім білсін, әйтеуір қазір де суы тұщы, ішсең мейірімін қанып, әжептәуір сергіп қаласың. Осы жерде Ораз бабаның зираты бар. 

Былтырғы жылы ұрпақтары үлкен ескерткіш қойды.  Біреулер айтып жүргендей ала шапан киіп, есек мінген, сауда қуған сарт та емес, қазақ. Кейбір ел аузындағы аңыздарға қарағанда, Ораз Абылайдың нағашысы болуы мүмкін дейді. Себебі, ол кезде заман қиын аталықты хандар көбіне «жиеніне жаны ашиды» деп нағашысын аталық қылған деген  әңгіме бар.

«Нағашысы болған» деген сөздің бір жағынан жаны бар ма дейсің. Өйткені, жігіттің үш жұрты болса, жанашыры нағашы ғой. Бір туған, өзінің емшектес бауырының баласын жау қолына тастап кетпей, қайта оның дәуірлеп өскендігін мұрат қылып, сол жолда басын бәйгеге тігуі мүмкін бе Ораз аталықтың? Әбден мүмкін...

«Ораз аталықты өлтіріп кеткен» деп жазылған дүниенің шолақ пікір екендігін айдай ақиқат ғып, айтқанымыз дұрыс. Бұған жазушы ағамыздың аруағы ренжи қоймас! Себебі ол кісі де амалдың жоқтығынан осылай жазған болар. Бірақ, «Көшпенділер» кітабы қазақтың батырларын түгендеп, есімдері көмескілене бастаған хандар мен билердің рухын сол заманда қайта тірілтті десек, қателеспейміз, Ілияс атамыздың аруағы шат болсын! Құнды кітапты адасып бара жатқан ұрпаққа сыйлап кеткен.

Негізі, Ораз аталық туралы кино түсірсе де, көркем  тарихи кітап  жазса да артық болмас еді. Себебі, жарық дүниеде Абылайдай алыпты аман сақтап, қазақ халқыңның еншісіне беріп, қиын уақытта басына төнген қатер-қауіптен арылтып, бұлтын ыдыратуға сеп болған Ораз аталық тегін адам емес. Ол – тарихи тұлға!.. Бірақ зерттелеуі аз тұлға боп тұр. 

Ел ішінен там-тұмдап жинар едік. Ол кісі туралы білетіндер  дүниеде жоқ. Әттеген-ай, өзекті өрттейтін өкініштісі баяғы ескі түсінік, негізсіз кемсітуден Ораз бабаны қалай аршып, тазалап тарихи зор тұлғасын береміз!? Барды бар деп айтатын сәт туып тұрғанда, сабақты инені сабақтай алмай әлі жүрміз. Бұған кім кінәлі? Уақыт па, әлде біз бен сіз бе?.. Не болса да, орталарыңызға  ой тастап отырмын. Ораз аталық – Абылайдың тәлімгер ұстазы. Ол кісі өз ажалымен дүние салған.  Осыны ұмытпау керек.

 

Бурабайдың Жеңісі

11.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

ЖЕҢІМПАЗҒА КӨЛІК сыйға тартылды
Нұрсайын ШӘРІП, Солтүстік Қазақстан облысы - 09.10.2025 47
Иран МАГАТЭ-ні неге айыптады?
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 09.10.2025 48

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18473
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18337
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33520
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 32070
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35838