1967 жылдың күзі басталған сәт. Қыркүйек айының бірінде азанда бөлім командиріне Североморск горнизонынан қоңырау шалынып, телефонға Мансурды сұрады. «Север» командасының жетекшісі, майор Владимир Васильевич Дудкевич екен. Ол бокстан он жылдан бері «Север» командасы флот бойынша бірінші орынға шыға алмай келе жатқанын айтты. Биыл команданың құрамы күшті, жарыс желтоқсан айында болады екен. Осыған орай жарыс өткізіп берсе, әскери борышын жақсы өткізгені үшін бірден демобилизацияға құжаттарын әзірлейтінін айтты. Команда құрамындағылар Мансур қалса, олар да бірге қалатын болды. Ал қалмайтын болса, қыркүйектің үшінде Қорғаныс министрінің бұйрығына қол қойылады, төрті күні демобилизацияға шығарады. «Әскери борыштарыңды жоғары деңгейде өтедіңдер, рақмет» деді. Мансур қалатынын айтып, бір шарт қойды. Бірінші ротадағы Қадыр Досаховты, үшінші ротадағы Мақсет Камаловты да демобилизацияға бірге дайындайтын болсын деді.
Содан, спорт ротада жаттығулар, дайындық жұмыстары жүрді. Сөйтіп, Мансур қысқы олимпиадада Архангелскіден келген бірінші қарсыласын ұпай басымдығымен жеңді. Жартылай финалға шығу үшін «Гроза» командасының боксшысымен кездесті. Екі раунд техникалық ойынмен өтті. Үзілісте Мансур секундантынан «мен ұтып жатырмын ба» деп сұрады.
– Жоқ, сен екі раунд бойы ұтылдың. Қарсыласың саған сездірмей, жеңіл соққылармен ұпай жинап алды. Бақылап отырған қазылар бар жеңісті қарсыласыңа берді, – деді ол. Осыдан кейін Мансур тактиканы өзгертіп, бірден шабуылға шықты да, үшінші раундты айтарлықтай басымдықпен өткізді. Сырттағы қазылар екеуіне тең ұпай жазып берді. Шешуші сәтте рингтің ішіндегі рефери жеңісті Мансурға беріп, ол жартылай финалға шықты.
Ертеңіне жарыстан бұрын команда капитаны Саня келіп: «Сенің кешегі жеңісіңді көрген болашақ қарсыластарың сенен жеңілеміз деп отыр. Флоттың аға жаттықтырушысы сені рингке шықпасын деп өтініш айтты. Ары қарай бүкіл әскери теңіз флоттар жарысына екінші, үшінші орын алғандарды алып бара алмаймын. Командаңыз бірінші орын алды. Мансур чемпион болса, демобилизацияға кетіп қалады деп отыр», – деді. Мансур оған келісім бермеді. «Алдағы жарысқа кім баратыны мені қызықтырмайды, осы жарыстың соңына дейін рингке шығамын», – деді.
Содан, жартылай финалда «Перископ» командасының Доронин деген боксшысымен рингке шықты. Секундант болып команда капитаны Саня келді. Бірінші раунд басталысымен-ақ рефери нокдаун санады. Жанкүйерлер болса, нокдаун болған жоқ деп айқайлап жатты. Бір кезде секундант Саня рингке орамал тастап жарысты тоқтатты. Аға жаттықтырушының айтқанымен Мансурды жарыстан шығару керек еді.
Бокстан қысқы спартакиада біткен соң, чемпион болған «Север» командасы толық рингке шықты. Адмирал сөз сөйледі. Команданың шешімімен адмиралдан кубокты алуды Мансурға тапсырды. Ол кубокты алған соң, оны команда жетекшісі Дудкевичке берді. Мұның бәрін бүкіл Солтүстік әскери теңіз флоты, Архангелск, Мурманск облыстарының телеарналары көрсетіп тұрды. Ресми түрдегі құттықтау мен суретке түсіп болған соң, арнайы автобуспен команданы мейрамханаға алып барды. Дастарқанда тағам мен ішімдіктердің небір түрлері тұрды. Тойлап болған соң команда мүшелерін өз әскери бөлімшелеріне алып баратын бір-бір автобус пен жүргізушілері дайын тұрды.
Североморск – әскери стратегиялық жағынан маңызды жабық қала. Ядролық қарулармен жабдықталған кемелер дайын тұрады. Сондықтан қалада әскери тәртіп қатал, қалаға келетіндер арнайы пропуск жаздырып алады.
Әскери бөлімшеде Мансурдың қойған шартымен достары Қадыр мен Мақсетті де демобилизацияға дайындады. Транзитті рейспен ұшақ Мурманскіден Ленинградқа, сосын Мәскеуге, одан кейін елге ұшатын болды. Ленинградқа келгенде, Мәскеудің рейсін ертеңге дейін күту керек екен. Үшеуі бірге қаланы көріп, қыдырды. Эрмитажға барды. Оның бір анықтамасында «Шығыс» жоғары қабатта деп жазылыпты. «Шығыс» қабатында Орта Азия ұлттарының тарихи жәдігерлері көрсетілген. Тұрмыста, еңбекте, үйде қолданатын заттар, ұлттық киімдер бар. «Қазақтар» деген бөлімде ортада Тайқазан тұр екен. Соның жанында үстелдің үстінде әйнектен жасалған көлемі жарты метрдей болатын үлкен жәшіктің ішіне адамның бас сүйегі қойылған. Мансур жақындап барып жазылған шағын анықтамасын оқыды. Онда «Хан-Кене, Самый свиреный из всех Казахских ханов» деп жазылған. Туған жылы мен қайтыс болған жылы көрсетілген. Күні мен туған айы жоқ.
Сол жерде шетелден келген туристердің бірі ұзақ қарап: «Какое кощунство... Голову лидера одного из великих нации поставили на всеобщее посмешище» деп, тағы біраз тұрды. Уақыттың өтуімен бастың терісі қарайып кеткен. Кішкентай әдемі сақалы бар, мұрты жоқ. Әдемі қыр мұрын, ақ түскен шашы сол жаққа қарай таралған. Иегін көтеріңкіреп тұр. Бастың жаны болмаса да, алдында тұрған адамды үрей билейді. Көзі өткір.
Сол жерде жүрген музей қызметкерлерінің бірінен Мансур: «Сіз осы музей қызметкерісіз бе?» – деп сұрады. «Иә, мен осы эрмитаждың ғылыми қызметкерімін», – деді ол. «Мына басты не үшін қойдыңдар?» – деген сұраққа Мансур әскери киімде болған соң Ресейдің азаматы деп ойлады ма, шындығын айта салды. «Испокон веков русские боялись казахов. Если в городе окажутся казахи, дети боялись выходить на улицу. Взрослые тоже, вплоть до стариков сидели дома.
Царь велел поставить голову в музей, чтобы каждый день туда водить детей и показывать. Объяснять им, чтобы не боялись казахов. Голова самого свиреного казахского хана отрублена и находится у нас», – деді.
...Бір үлкен ақсақал осы көргендеріңді жаз деген соң, қолыма қалам алдым. Эрмитажда Кенесарының басы болмаған дейтіндер бар екені рас. Сол үшін де жазып отырмын.
Марат ҚОБЛАНОВ
Суретте: бокстан қысқы спартакиаданың жеңімпаз командасы. Бірінші тұрған «Север» командасының жетекшісі В.В.Дудкевич, алтыншы тұрған Мансур, қызылордалықтар – тоғызыншы Николай Те және он бірінші тұрған Уәли Эсперов.