Халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің жыл сайын ауылға сапарлайтын дәстүрлі экспедициясы басталды. Биылғы экспедицияның тақырыбы «Ауыл тағдыры – Ұлт болашағы» деп аталады. Сапардың мақсаты: ауыл-аймақты аралау, елмен жүздесу, жұмысшы-шаруалармен әңгімелесу. Президент Жолдауының жергілікті жерлерде қалай орындалып жатқанын баспасөз арқылы оқырманға насихаттау болмақ.
7 қазан күні «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы мен газеттің Астанадағы тілшісі Ерқазы Сейтқали «AMANAT» партиясының орталық аппаратына барып, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек және партияның хатшысы Ержан Жылқыбаев мырзалармен жолығып, сапар алдындағы дайындықтар мен аймақтарда өтетін кездесулер жайлы біраз мәселелерді пысықтап қайтты. «AMANAT» партиясы газетіміздің дәстүрлі экспедициясына көп жылдан бері әріптестік танытып келеді, әрі жыл бойы қолдауларын аяған емес. Сондықтан газет-журналдар мен бірнеше сайттың басын біріктіріп отырған «Qazaqstan dauiri» ЖШС атынан партияның төрағасы Ерлан Қошанов мырза мен іс басындағы азаматтардың барлығына үлкен ризашылығымызды білдіреміз!
Қазіргі таңда «Ауыл тағдыры – Ұлт болашағы» экспедициясы аясында «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы Солтүстік Қазақстан облысына, газеттің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы Ақмола облысына, Республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы Ұлытау облысына ат басын тіреді. Экспедиция барысындағы көргендеріміз бен көңілге түйгендерімізді газеттің әр нөмірінде жариялап отыратын боламыз.