22 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ЖИЫН НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?

22 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ЖИЫН НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінен не ұқтық?

 

Бүгіндері әлемнің тынышы кетіп тұр. Әлді  әлсізді басынуға, бай кедейді тұқыртуға дайын. Соғыс өрті бұрқ ете қалуы да бір-ақ сәтте. Аштыққа ұрынып, қасапқа түскен мемлекеттер аз емес. Қарап тұрсаңыз, сәл ғана нәрседен тұтанған оттың алапат өртке айналғанын көзіміз көруде. Бір-біріне алайып қарап, арасында шекісіп алып жатқан елдер де бар.  Алмағайып заман. Күштінің құйрығы диірмен тартатынын уақыт – әулиенің өзі көрсетуде. Қайтпек керек? Қайтсе ғаламда тыныштық орнайды? 

 

Қайтсе ғаламда тыныштық орнайды?

 

Бүгінгі соғыс бұрынғы соғыс емес. Бүгінгі соғыс – технология жетістігі. Кез келген аймаққа ұшқыссыз ұшақтар қалағанынша жарылғыш заттарды жеткізе алады. Бүгінгі таңда  пультпен немесе компьютер арқылы қашықтықтан басқарылатын ұшу аппараттары – дрондардың алдында жиырма тонналық танктерің қауқарсыз. Айта берсек, дамыған технологияны адамның өркендеуі мен өліміне де пайдалану түкке тұрмайды.

 Осындай сәтте адам баласын ізгілікке шақыратын діни сенім мәселесі алдыңғы орынға шығады. Себебі ешқандай дін қатігездікке, жауыздыққа, соғысқа үндемейді. Керісінше ізгілікке, адамгершілікке, татулыққа шақырады. Бұл тұрғыда әлем алдында Қазақ елінің мәртебесі биік. Өресі озық.

17 қыркүйек күні елордамызда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі болып өтті. Съезді ел  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ашты. Президент  биік мінберден  Қазақстан халқына  Жолдауындағы  Жасанды интеллект мәселесін жаңғырта отырып, Жасанды интеллектіні дамыту әдебі жөніндегі  дінаралық комиссияны құруды ұсынды. Мемлекет басшысының пайымынша, аталған комиссия нейрожелілер мен өзге де серпінді технологияларды жауапкершілікпен пайдаланудың әмбебап қағидаттары жинағын әзірлеумен айналысар еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана төрінде бас қосқан әлемнің ең беделді рухани көшбасшылары мен басқа да қатысушыларға ілтипат білдіріп, съезд жұмысына қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты.

– Қазір жер жүзінде сын-қатерлер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұр. Соның салдарынан түрлі қақтығыстар көбеюде. Алмағайып кезең ешкімге оңай болып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, соғыстың сипаты мен болмысы белең алуда. Дегенмен біз өткен заманнан дұрыс сабақ алып, сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек. Мәмілеге балама жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі съездің мән-маңызы айрықша. Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен Бейбітшілік елшілері деп айтуға болады. Сіздер ортақ мүдде үшін бірігіп, әлем жұртшылығын игі мақсат жолында жұмылдыруға ниет білдіріп отырсыздар. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, съезд алғаш қызметін бастаған сәттен бері қазіргі заман сын-қатерлерін ашық талқылайтын бірегей алаңға айналды. Конгреске қатысушылардың ұсынымдарына сәйкес, съездің 2033 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы әзірленіп, ол жүзеге асырылып жатыр.

– Аталған құжат біздің бейбітшілікті сақтау, тату-тәтті өмір сүру және баршаға ортақ адамгершілік құндылықтарын берік орнықтыру секілді ортақ мақсатымызды айқындайды. Геосаяси шиеленіс ушыққан заманда мұның бәрі айрықша маңызды. Съездің қорытынды декларациясы ресми құжат ретінде БҰҰ Бас Ассамблеяларында таралады. Бұл – съезд жұмысына берілген жоғары баға. Алдағы мерейтойлық 80-сессияда да аталған үрдіс жалғасады деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент Қазақстан территориясы ежелден түрлі мәдениеттер тоғысып, өркениеттер өзара біте-қайнасқан мекен екеніне назар аударды.

– Қазақ даласында әлемдегі ең негізгі діндер мен конфессиялардың барлығы дерлік тараған және бір-бірімен жарасым тапқан. Біз қазіргі Қазақстанда да осы игі дәстүрді сақтап, одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді саламыз. Еліміздің этносаралық және дінаралық келісімді нығайтуда тәжірибесі мол. Қазақстанның этностық әрі діни толеранттық моделі «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына сүйенеді. Бұл ұстаным тіпті әлемдік өлшем тұрғысынан бірегей саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметінде де көрініс тапқан. Тарихтың өзі қалыптастырған халқымыздың төзімі, ынтымақ-бірлігі мен кең дүниетанымы бүгінде еліміздің бейбітсүйгіш, теңгерімді сыртқы саясатынан анық аңғарылады. Бұл саясат сенімге, диалогқа және ынтымақтастыққа негізделген. Жалпыға ортақ осы құндылықтар мен қағидаттар барша халықтар мен мемлекеттер үшін де маңызды екеніне сенімім кәміл, – деді Президент.

 Әлемнің түкпір-түпкірінен келген дінбасылар мен дін қайраткерлері әлемде орын алып жатқан діни, саяси мәселелерді көтеріп, бейбіт жолмен шешудің қажет екендігін жеткізуге бар күштерін салды. Осыдан-ақ съезде көтерілген мәселелердің маңызы мен құндылығын саралай беріңіз! 

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII Cъезінің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде дін басшыларын «бейбітшілік елшілері» деп атауыАстанаға арнайы ат шалдырған қонақтардың қызығушылығын арттырды. Мәртебелерін биіктетті. 

22 жылда съезд тәуелсіз Қазақстанның ерекше дипломатиясының символына айналды. Бұл форум еліміздің тек толеранттық дәстүрін сақтап қана қоймай, бейбіт өмірдің тетіктерін әлемге ұсына алатынын да көрсетеді. Елордамызды діндер, мәдениеттер мен ұлттар арасындағы көпірлерді жалғап тұрған диалогтың астанасы деп толық сеніммен айта аламыз.

 

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ  ДІНГЕ НЕ БЕРЕДІ?

 

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі – Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихында қалыптасқан ең ірі әрі бірегей бастамалардың бірі. Оның алғашқы қадамы 2003 жылы жасалды. Сол жылы Астанада өткен алғашқы жиынға 13 елден 17 делегация келген еді. Дегенмен бұл оқиға әлемдік тарихта ерекше орын алды. Себебі адамзат өркениетінде тұңғыш рет әртүрлі діни конфессиялардың өкілдері, рухани көшбасшылар мен қоғам қайраткерлері бір үстел басына жиналып, ашық диалог алаңын құрды.

Сол тарихи сәттен бастап Қазақстан әлемге жаңа үн қатты – ол үн бейбітшілікке, татулыққа және өзара түсіністікке шақырды. Уақыт өте келе бұл бастама тұрақты дәстүрге айналып, бүгінгі күні жиырма екі жылдық тарихы бар халықаралық форумға айналды. Егер алғашқы съезге қатысушылар саны санаулы болса, бүгінде ол көрсеткіш бірнеше есе артып, 60 мемлекеттен 100-ден астам делегатты қамтитын деңгейге жетті. Бұл – Қазақстанның діндер арасындағы диалогты дамыту ісінде сенімді серіктеске айналғанының айқын дәлелі.

VIII съездің басты тақырыбы қандай болды? Әңгімені содан бастайық.

VIII съездің басты пленарлық отырысы «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналды. Бұл – дәстүрлі құндылықтарды қазіргі заманның сын-тегеуріндерімен ұштастыруға деген ұмтылыстың айқын көрінісі екені даусыз. Жоспарланған бағдарлама аясында қатысушылар жаһандық бейбітшілікті нығайтудағы діннің рөлін, діни төзімділік пен экстремизмнің алдын алу мәселелерін, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дін саласына әсерін талқылады.

Цифрлық этика және онлайн кеңістікте діндарлардың сезімін қорғау мәселелерінің съезд күн тәртібіне енгізілуі діни ұйымдардың қазіргі цифрлық заманға белсенді түрде үн қатып отырғанын көрсетеді. Бұл тақырыптар бұған дейін негізінен зайырлы және технологиялық ортада ғана қарастырылып келген еді. Соңғы жылдары, әсіресе COVID-19 пандемиясы кезеңінде, рухани кеңістік цифрлық форматқа қарқынды түрде көшті. Онлайн ғибадаттар, виртуалды зияраттар, мобильді діни қосымшалар, сондай-ақ жасанды интеллект негізінде жүзеге асатын діни кеңес беру қызметтері, қазіргі заманның цифрлық болмысына бейімделген жаңа рухани тәжірибені қалыптастырды.

Биылғы съездің бұрынғылардан өзгешелігі көп.  Бұл жолы беделді діни лидерлер мен халықаралық ұйым өкілдері көбірек қатысты. Олардың қатарында Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы Шейх Мұхаммед Абдулкарим Әл-Исса, Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кирилл, БҰҰ Бас хатшысының Исламофобия және антисемитизммен күрес жөніндегі арнайы уәкілі, БҰҰ-ның Өркениеттер Альянсының Жоғарғы өкілі Мигель Анхель Моратинос бар.

Жиын болғасын, ол жерде әртүрлі пікірлер болуы заңдылық. «Ләббай тақсыр» деп ешкім ұшпаққа шықпасы белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құру туралы ұсынысына  Татарстанның мүфтиі Камил Самигуллин «Жасанды интеллект Құрандағы кейбір сөздерді бұрмалап жіберуі мүмкін» деген қаупін білдірді. Оның айтуынша, бұл – маңызды бастама, өйткені қазіргі уақытта жастар мен қоғамда жасанды интеллектіге қатысты түрлі түсінік қалыптастып жатыр.

– Жалпы, интернет мүмкіндігін кеңінен пайдаланамын, сондай-ақ жасанды интеллектімен де жұмыс істеу әрекеттері болды. Оны қосымша құрал ретінде пайдаланса, пайдалы болуы мүмкін. Бірақ, көбіне аяттарға қатысты сұрау салсақ, бұрмалайтын немесе қосып жіберетін тұстары болады. Құранды жатқа білетін адам ретінде оның кейбір сөздерді алмастырғанын бірден байқайсың және осы жағдай бізді ойландырады, – деді Камиль Самигуллин. Осы орайда ол діни мәселелер бойынша жасанды интеллектіден қандай да бір жауап алуға ұмтылмау керек екенін айтты. Бұл тұрғыда діни мәселеде жасанды интеллект жұмысын нақты реттеп, регламенттеген жөн.

– Мұсылмандық тұрғысынан моральдық нормалар бұрыннан қалыптасқан, яғни барлығын біріктіретін белгілі ережелер бар, – деп сөзін  тамамдады Татарстан мүфтиі.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин соғыстардың негізгі себебі діндер арасындағы қайшылықтардан бастау алып жатқанын айта келе: 

Құдайдың діні бір болуы керек. Бірнеше дін, бірнеше ереже болмауы тиіс. Мәжілістің өзінде де бір регламент қой. Адамзаттың бәрінде ортақ бір дін, ұстаным болса, қақтығыстар мен соғыстар, кикілжіңдер болмас еді. Әркім өз ережесін жасап алғаннан кейін қақтығыстар, дінаралық араздықтар жиі болып жатыр, – деді Е.Жаңбыршин. Депутаттың пайымынша, адамзатқа ортақ дінді дінбасылар таңдауы тиіс.

«Дінбасылар ізденіп, ең мықты дінді алуы керек. Олардың бәрі ғұлама ғалымдар ғой. Ал Құранда «Құдайдың қабыл болатын діні – ислам» делінген. Менің ойымша, ислам болуы керек сияқты», – деді ол.

 

ЕШБІР ДІН СОҒЫСТЫ  НАСИХАТТАМАЙДЫ. 

ОНДА НЕГЕ ӘЛЕМНІҢ  ТЫНЫШЫ КЕТІП ТҰР?

 

Дүниежүзілік ислам лигасының бас хатшысы Шейх Мұхаммед бен Абдулкарим Әл-Иса: 

– Дін көшбасшылары сөзіне құлақ асатын дін ұстанушы қауымның санасына әсер ету арқылы бейбітшілік пен толеранттылық мәдениетін орнықтыруға ықпал ете алады. Бұл миссия кикілжіңдерге шын ниетіңмен қарсы тұрудан басталады. Нағыз діни ағарту адами, рухани құндылықтарды басшылыққа алады. Әлемдегі миллиондаған адам дін көшбасшыларының сөзіне құлақ асады. Сол арқылы олар қоғамда көзқарастар қалыптастырады.

Дүниежүзілік ислам лигасы да әлемдегі түрлі діни қауымдардың өкілдерімен диалог орнатқан. Сол ынтымақ арқылы экстремистік идеологияларға қарсы тұрып келеміз. Нағыз діннің экстремизммен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Біз дін ұстанушы қауымға осыны жеткізуге күш саламыз. Дін нанымның алуан түрлі болғанына құрметпен қараймыз. Бірақ экстремизмнің кез келген формасына үзілді-кесілді қарсымыз. Өйткені мұндай идеология қақтығыс пен шетсіз-шексіз кикілжіңнен басқа ештеңеге әкелмейді. Нағыз наным диалог арқылы, ашық сұхбат арқылы туындайды. Дәл осындай ашық диалог арқылы діндер арасына көпір жалғап, өзара ынтымаққа, қол жеткізе аламыз. Сонда ғана қоғамда келісім орнап, бейбітшілік үстемдік құрады, – деді.

Бірде-бір дін соғысты насихаттамайды. Бұл пікірді елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII Cъезі аясында Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев білдірді. 

– Мемлекет басшысының қазіргі әлемнің соңғы ондаған жылда бұрын-соңды болмаған ядролық апатқа жақын екені, Армагеддон шегінде тұрғанымыз туралы сөздері ерекше толғандырды әрі терең әсер қалдырды. Бұл мәселені біріге отырып, бүкіл әлемдік дін конфессиялары көшбасшыларымен бір үстелде бас қосу арқылы ғана шешуге болатыны анық. Себебі олар өз мемлекеттерінің басшыларына, өз халқына, дініне үн қатады. Бірде-бір дін соғысты насихаттамайды, ешбірі «бар, өлтір» деп айтпайды. Олардың барлығы да бейбітшілікті қолдайды, – деді депутат.

Мәжілісмен алқалы жиын өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оған дүниежүзінен жүздеген делегация келгенін айтты. 

– Патриарх Кириллдің қатысуы, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің, Рим Папасының құттықтау жолдауы, дін көшбасшыларының қатысуы бұл съездің маңыздылығын көрсетеді. Меніңше, мұндай бірегей іс-шара кезінде олар бір-бірімен жақындаса түседі. Астанада өтіп жатқан бұл жиын – теңдессіз оқиға, – деді Сергей Пономарев.

Тоқтар Жақаш, журналист:  

– Соңғы рет діндер съезі 2022 жылы өткізілді. Оған Рим папасы келіп қатысты. Міне, осы аптада елордамызда кезекті съезд жұмысын бастады. Діндер съезі жай кездесу ғана емес, әлемдік мәселелерді ашық талқылайтын бірегей алаңға айналды.

Айтпақшы, жиын кезінде Тоқаев қызық ойдың ұшын шығарды. Президент бүгінде әлем постсекулярлы дәуірге қадам басқанын жеткізді. Бұрын қоғам дамыған сайын діннен бас тартады деген түсінік бар-тұғын. Алайда жағдай керісінше болып тұр. Адамзат дамып, өркениет алға жылжыған сайын дінге сенетіндер қатары көбейіп келеді. 

Бұрыннан келе жатқан кейбір дәстүрлі наным-сенімнің тоқырауы да мүмкін. Бірақ олардың орнын жаңадан құрылған діни ағымдар басып жатыр. Демек, қоғам мен дін ажырамайды десек, қателеспейміз.

Мемлекет басшысы мұндай кезеңде дін қайтадан қоғамдық және саяси өмірдің маңызды факторына айналатынын алға тартады. Сондықтан Астанада өтетін съезд замана көшінен қалмауға тиіс. Президент осыған байланысты дін өкілдерінің диалогын ғалымдар мен сарапшылар қауымдастығымен күшейтуге ниетті. Егер осындай съезд жұмысының қорытындысы нәтиже беріп жатса, әлемдегі біраз жанжалды тоқтатуға мүмкіндік туады, – деді.

Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне қатысу үшін Астанаға келген Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кириллмен кездесті. Президент бүгінгі кездесу Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жолындағы тағы бір маңызды қадам екенін атап өтіпті.

– Ең алдымен, съезге арнайы келгеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздің бұл жиынға қатысуыңыз, шын мәнінде, форумның табысты өту тұрғысынан маңызды. Біз Сізді құрметтейміз. Өзіңізге мәлім, Қазақстан мен Ресей – стратегиялық серіктес, одақтас елдер, – деді Мемлекет басшысы. 

Кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы рухани байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін әрі айрықша құрмет белгісі ретінде Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кириллді «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

Сөз соңында айтарымыз, съездің ерекшелігі – тек пікір алмасу алаңы ғана емес, нақты шешімдер қабылданатын халықаралық мінбер болуында. Мұнда көтерілген мәселелердің ауқымы кең: конфессияаралық өзара түсіністікті нығайту, діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу, мәдениеттер арасындағы көпірлерді жалғау, жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылыққа үлес қосу. Съезд барысында қабылданған декларациялар мен үндеулер тек Қазақстан аясында шектелмей, БҰҰ Бас Ассамблеясының ресми құжаттары ретінде таратылып келеді. Бұл – форум шешімдерінің халықаралық деңгейде мойындалуының жарқын көрінісі.

Нағашыбай Қабылбек
25.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

БАЛА ӨЛІМІНЕ БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАУ – БОЛАШАҚҚА ОПАСЫЗДЫҚ ЖАСАУ
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 26.09.2025 192
Пәкістаннан пана таппаған қазақтар
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 25.09.2025 329
22 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ЖИЫН НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?
Нағашыбай Қабылбек - 25.09.2025 189

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18129
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17992
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33179
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31728
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35421