ОН СЕГІЗІНШІ МИНИСТР ЕЛ СЕНІМІН АҚТАЙ АЛА МА?

ОН СЕГІЗІНШІ МИНИСТР ЕЛ СЕНІМІН АҚТАЙ АЛА МА?

Бұйрыққа қол қойған күні Мемлекет басшысы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы қабылдады. Бұл нені көрсетеді? Білім жүйесіндегі проблемалардың Президент назарында екенін аңғартады. Министрді қабылдауының өзі бұл саладағы былық-шылықтан қайтсек арыламыз деген мақсатты көрсетеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Оқу-ағарту министрімен  кездесуде мемлекеттік және салалық бағдарламалар мен ұлттық жобаларды тиімді іске асырудың маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ Президент білім беру сапасын арттыру, саладағы өзекті мәселелерді уақытылы шешу және азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату қажеттігіне назар аударып, нақты міндеттер жүктеді. Осыдан-ақ білім саласындағы олқылықтарды ретке келтіру оңай шаруа болмасын аңғарасың. Қалай десек те, тәжірибесі мол болса да Жұлдыз Сүлейменоваға қиын міндет жүктеліп отыр.  Сенімді ақтай алса жарады. Ақтай алмаса, орнынан кеткен күні табалаудың астында қалады. Хош сонымен...

 

Біздің елде білім саласына кім келіп, кім кетпеді? Тәуелсіздіктің 34 жылында 17 министр ауысыпты. Оқу-ағарту министрі болып жаңа тағайындалып жатқан Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова 18-министр. Тәуелсіздіктің 34 жылына 18-ді бөліп тастасақ, әр министр  1,8 ай отырған болып шығады екен. Әлем тарихында мұндай оқиға орын алмаған шығар. Дамуға бет алған қазақ еліне бұл да бір кедергі! Бұл да бір сынақ!

 

 Лауазымды жаңа қызметке келгендердің әрқайсысы өз реформасымен келіп, кейбіреуі білім саласын құлдыратып, тұралатып кетті. Оның зардабын әлі тартып келеміз. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп Қасым Аманжолов жырлағандай, әр саланың өз маманы, өз қотырын қаси жатар. Өз мұңын айта жатар.

 Әбден «міністі» болған, кім көрінген жайдақ мініп арқасын «жауыр қылып тастаған» Оқу-ағарту министрлігіне басшы болып келген жанның мойнына артылар жүк ауыр. Себебі оған Президент қана емес, ел сенім артып отыр. Бұдан кейін қай басшы қызметтен кетсе, істеген ісіне жауап беруге міндетті.  Былығына да, жетістігіне де! Әйтпесе білім саласы ғана емес, өзге де құзырлы мекемелердің қадірі қаша бастады.   Алдағы уақытта қызметі ауысқан әр шенеуніктің кемшілігі де, кеңшілігі де ел көзінен таса қалмауы тиіс! Кім болса да істеген ісін мойнымен көтеруге міндетті. Әйтпесе жұмыстан босап, жымысқы әдіске салып, келесі бір жауапты саланы бүлдіріп жүргендер қаншама! Ойланатын кез жетті.

Әзірге белгілі ұстаз, Qazbilim жобасының авторы Аятжан Ахметжанның  Қазақстан Республикасының 17 Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаев  туралы фейсбуктағы жазбасы мынадай:

«2 жыл 9 ай оқу-ағартудың тізгінін ұстады.

Қысқа уақыт емес, үлкен мүмкіндік. Оған дейін 8 ай вице-министр болғанын ескерсек, дайындық уақыты да жеткілікті болды.

Тамада министр сөйлеп келді, сөйлеп қоштасты. Сөзімен келіп, сөзімен кетті.

 

Алдыңғы министрдің тұсында қабылданған біраз оң шешімдердің күшін жойды. Қарапайым тұрғыда – «Алтын белгілерге» қатысты шешім, 1-сыныпқа оқушы қабылдау уақытын өзгерту шешімі, оқушы қозғалысының шешімі, ақылы олимпиада өткізбеу сияқты ұпай бермейтін, бірақ қажет шешімдерді. Бәрі тек оқу-ағартудағы тәртіпті әлсіретті.

Ең қызығы бұл кісінің уәделері еді. Уәдені үйіп-төгіп берді. Бірақ орындалмады. 

 

 

Санамалайық:

 

1. Сынып жетекшілігі төлеміне үш есе үстемеақы қосылады, сынып жетекшілікке жұрт таласады деді. Үш есе түгіл, 3% да қосылмады. Уәде қайда?

2. Білім беру бағдарламалары жаңарады деді. Өзі Алтынсарин атындағы Білім академиясы президенті боп тұрғанда басталған тірліктің не болғанын да жұрт білмейді. Керісінше, химия, физика, биологияны қосып жаратылыстану ғылымы пәні қылу, дүниежүзі тарихы мен құқық негіздері бірігеді, алгебра мен геометрия бірігіп математика болады деп, от пен суды қосып бейкәсібилік көрсетті де, солай мемстандартты өзгертті. Жұрт шулап еді, оны да сиырқұйымшақтандырып жоқ қылды.

3. Ескі, 2016 жылғы бекітілген мемстандарт пен оқу жоспарларын жаңарту, әттеген-айларын шешу үшін жасалған мемлекеттік стандарт пен оқу жоспары жүйесі дайын еді ол келгенде. Енгізбеді, өкінішке орай, созбақтап жүріп қоштасты. Қорықты шешім қабылдаудан.  

4. Қағазбастылықты одан сайын азайтамын деді. Керісінше, оның кезінде мұғалімдердің құжаттары мен есептілігі кемі бес есеге артып, қағазға көмілді. Мұны бүкіл мұғалім растар.

5. Бұл кісінің сүйікті ісі форум өткізу мен жиналыс жасау еді. Өңірлерге барып, мұғалімдер мен басшылардың басын қосып, сағаттап ақыл айту сүйікті ісі болды.

6. Ал керісінше, мұғалімдерді тәрбиелік іс-шараларды әлеуметтік желілерге рилс түрінде түсіруге бұрды да, хэштегтер мен желідегі посттармен тәрбиенің сапасы өлшенді. Бірақ шынайы жағдайдың кері кеткені елде болған қаншама іс-шарадан белгілі.

7. Мұғалімдердің мезгілсіз сенбілігі, шырша отырғызуға баруы, су қоймаларының күзетіне тартылуы секілді оқиғалар ел есінде. Ал, сыни көзқарас білдірген, ойын ашық айтқан қаншама мұғалім қуғынға ұшырады. 

8. Айтпақшы, министр ретінде келе салған соң қарапайым мұғалімді сотқа бергені де ел есінен шықпаған шығар.

9. Министрлік маңындағы түсініксіз бизнес. Білім саласында ақылы курстардың саны артты. Неше жыл тоқтаған ақылы олимпиадалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады.

10. Президент бастамасымен басталған «Жайлы мектеп» жобасын шатқаяқтатты. Оның авторы өзі болғысы келіп, бұл жобаны «Келешек мектептері» деп қайта атады. Бірақ, комфортты мектептер саны 367-ден 217-ге азайды. Оның өзі әлі түсініксіз.

11. Президент «Жайлы мектептерді» бөлек жүйеде басқару туралы тапсырма берді. Бірақ, орындай алмады. Жүйесі де, мазмұны да өзгермеді. Алтынсарин атындағы ҰАО арқылы мектептер желісін құру әрекеті сәтсіз аяқталды.

12. Ең көп шу болған бір іс – нысаналы мектептер жобасы. Қаржы шашылды, қағаз бен есеп көбейді. Бірақ нәтиже жоқ.

13. Педагогтердің аттестациясын реттеуге уәде берді, бірақ керісінше бюрократияны көбейтті.

14. Марапат тарату, медаль таратумен аты шықты. Автоматты түрде берілетін марапаттау жүйесі туралы анекдоты ешкімнің есінен кетпеген шығар. Ол жүздеген мың Алғыс хаттар мен грамоталар беріп, абырой жинағысы келді дейді мамандар. Марапаттың одан тек қадірі қашты, құнсызданды.

15. Мұғалімдер мен директорлардың жалақысын күрт көтеруді уәде етті, бірақ көтерілгенін көрмедік һәм естімедік.

16. Колледждерде магистр дәрежесі үшін үстемеақы уәде етілген сияқты еді, бірақ ол бәрі уәде болып қалды.

17. Жасанды интеллект дәуірі келді. Бағдарлама қабылдау туралы ұсыныстар айтылды. Президент тапсырма берді. Ұстаздар мен оқушылар екі жыл бойы ЖИ қолданады. Бірақ министрлік тарапынан қажет нормативтік-құқықтық актілер әлі де шығарылмады.

18. Абай ұлттық мектебін бекітемін деп, ұлттық мектеп бағдарламасына уәде берді, бірақ ол да жоқ.

19. Керісінше, ұлттық мектеп жасаймыз деген біздің артымызға шам алып түсіп, заңсыз тапсырма беріп, QAZBILIM ұлттық лицейінің неше мектебін жаптырғанын жақсы білесіздер. Кәдімгідей тұралатты.

20. Дене шынықтыру пәнін бөлу туралы да уәде беріп еді. Ол да уақытша алдап тұру амалы екені анық еді. 2 жыл 9 ай біраз адамды алдап тұрды да қоштасты.

Жекеменшік мектептерді тентіретті. Бүгін біраз жекеменшік мектептер Астанада жүр. Өздерінің заңды қаржысын ала алмай, білімге қаржы салған қаншама жанашыр жұрт күйді.

Санамалай берсек, біраз нәрсе бар. Өкінішке қарай, Оқу-ағарту министрлігі шын мәнінде шашылып қалды.

Жаңа министрге шашылған саланы жинап алу деген ауыр жүк қалдырды. Бюджет тапшылығы мен орынсыз жоспарлаудың соңғы зардабын орта білім саласы әлі тартады деп қорқамын».

 

 

PS: Оқу-ағарту министрі болып тағайындалған Жұлдыз Сүлейменованы алда өте үлкен жұмыс күтіп тұр. Өте үлкен! Ол туралы жоғарыда айттық. Ел сенімін ақтаса, ел жүрегінде мәңгілікке қалады. Сенімді ақтамай, білім саласын сергелдеңге салса, 17 әріптесінің қатарынан табылады. Келер ұрпақ ақтай ма, даттай ма, өздері шешер...

Балаға білім бастауыш сыныптан бастап беріледі. Соның бірі – бастауыш сыныптардағы артық пәндерді алып тастау. Баланың миын ашытпау. Бұл туралы ата-аналардың арыз-шағымдары том-том. Тіпті күні кеше ғана Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев «Бастауыш сыныптардағы артық пәндерді қысқарту қажет. Бұл – оқушылар мен Қазақстан ата-аналарының сұранысы. Ұрпаққа алдымен ең негізгі ана тілі, қазақ тілі, математика пәндерінің негізін қалау керек деп есептейміз. Себебі соңғы жылдардағы оқу жүйесінің салдарынан мектеп оқушыларының білім деңгейі көңіл көншітпей келеді. Өйткені бастауыш сынып оқушыларының басын әртүрлі пәндерден қатырып жатырмыз», – деді Премьер-министрдің орынбасары Ермек  Көшербаевқа жолдаған депутаттық сауалында.

 

Жаңа министр бұған не дейді? 

 

Мәжіліс депутаты депутаттық сауалында білім беру жүйесіне қатысты бес ұсыныс айтты:

1. Бастауыш сыныптарда «Әліппе», «Ана тілі» мен «Математика» пәндерін негізгі пән ретінде қалдырып, дамыту. Баланың оқу сауаттылығы 1-сыныптан бастап «Әліппемен» әріп үйрену, буынға қосып оқу арқылы қалыптасуы тиіс.

2. Жоғары сыныптарда кәсіби бағдар негізінде Қазақ тілі, Қазақ әдебиеті, Математика, Жаратылыстану, Тарих, Құқық, шет тілдері сияқты пәндерді тереңдетіп оқыту. БЖБ мен ТЖБ сияқты формалды бағалау жүйелерін алып тастап, бағалауды құндылыққа және жеке даму прогресіне негіздеу.

3. Балабақшадан бастап мектепке дейінгі бағдарламада еңбекке баулу, шығармашылыққа үйрету және тұлғалық дамуға бағытталған бірыңғай әдістемені енгізу. Бірыңғай мектеп формасын бекіту арқылы ата-аналардың артық шығынға ұшырамауын қамтамасыз ету. «Әлеуметтік әмиян» жүйесін тиімді іске қосып, мұқтаж отбасыларға автоматты қолдау тетіктерін енгізу.

4. Мұғалімдерді артық есеп беруден босатып, тек оқыту мен тәрбиеге көңіл бөлуіне жағдай жасау.

5. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын тәжірибеге негізделген және нақты құралдармен жабдықталған жүйеге көшіру.

Депутат бұл шаралар білім беру сапасын арттыруға, ұстаздардың кәсіби әлеуетін күшейтуге, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге ықпал ететініне сенімді.

Халықтың да қалауы осы! Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова елдің аманатын арқалап отыр. Оны жеріне жеткізу оған сын!

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
02.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

БАЛА ӨЛІМІНЕ БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАУ – БОЛАШАҚҚА ОПАСЫЗДЫҚ ЖАСАУ
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 26.09.2025 348
Пәкістаннан пана таппаған қазақтар
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 25.09.2025 493
22 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ЖИЫН НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?
Нағашыбай Қабылбек - 25.09.2025 337
Бас жоспар   жарты млн тұрғынға арналған
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы (Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметі негізінде дайындалды) - 25.09.2025 197

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18251
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18111
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33301
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31852
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35568