Орал қаласында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай «Ядролық сынақ – адамзат қасіреті» атты облыстық жас суретшілер байқауы өтті.
Республика бойынша Орал қаласында бірінші болып өткізілген іс-шараны өңіріміздегі ҚР «Ерекше тәуекелді солдаттар» қоғамдық бірлестігі облыстық білім басқармасымен және қалалық білім беру бөлімімен бірлесе ұйымдастырды. Бейбітшілік, қауіпсіз әлем, ядролық қарусыздану идеяларын насихаттау және Семей, Капустин-яр, Азғыр ядролық сынақ полигондарының қазақ еліне тигізген зардабы мен қасіретін өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатындағы сурет байқауына мектеп оқушылары өздерінің жұмыстарын ұсынды.

Облыстық байқау жеңімпаздарын марапаттау кеші Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында өтіп, оған Семей сынақ полигонының ардагерлері мен білім саласының өкілдері қатысты. «Ерекше тәуекелді солдаттар» ҚБ төрағасы Есім Бектілеуовтың айтуынша, байқау республикалық және халықаралық деңгейде өз жалғасын табады. Шара барысында ардагерлер жас суретшілерге ризашылықтарын білдіріп, жұмыстарына жоғары баға берді. Сонымен қатар сынақ полигонында әскери борышын өтеген жерлестеріміз өздерінің естеліктерімен бөлісті.
Балалардың додаға ұсынған жұмыстары «Ана мен бала, үміт пен үрей», «Ядролық қаруға жол жоқ!», «Бейбіт әлем – балалар көзімен», «Болашақ ашық аспан астында» деген атаулармен менмұндалап тұр. Әр жеткіншек бейбітшілікті, бақытты балалық шақты, жарқын болашақты сырлы бояумен жеткізуге тырысқандары байқалады. Алты жасынан сурет өнеріне қызығушылығы басталған Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы №47 ЖОББ мектебінің оқушысы Аяла Амантай мұндай байқауға алғаш рет қатысып отыр екен.
– Әрине, мен Семей полигонын көзбен көрмедім. Сондықтан сурет салмас бұрын ғаламтор арқылы осы оқиға туралы мәліметтермен таныстым. Сол ақпараттарды ой елегінен өткізіп, өз идеямды қосып, қағаз бетіне түсірдім. Өз жұмысымда баласын жоғалтқан ана мен жарылыстың көрінісін бейнеледім. Біз мұндай зардабы көп жағдайға енді тап болмайықшы деп тіледім, – дейді Аяла. Байқауда үшінші орынды иеленген талантты оқушының жетекшісі – Айгерім Серікова.
Жалпы 30 жұмыс ұсынылған сурет байқауының бас жүлдесі Оралдағы №1 ЖОББ мектебінің оқушысы Ақгүлім Уфатқа (жетекшісі – К.К.Жұмағалиева) бұйырды. Жеңімпаздарға демеушілердің атынан ақшалай сыйлықтар табысталды.
– Батыс Қазақстанда Семей полигонынан зардап шеккен 1860 адам бар. Олардың ең үлкені 95 жаста болса, ең жасы 55-те. Ардагерлерге заң аясында барынша қолдау көрсетіледі. Денсаулықтарына қарайласу мақсатында госпитальдар мен оңалту орталықтарына тегін жіберіледі. Биылғы атаулы мереке – 35 жылдыққа байланысты жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Полигонның жабылған күні 29 тамызда ауқымды деңгейде салтанатты кеш өтеді. Ал осы байқауды ұйымдастыруға атсалысқан облыс және қала әкімдігіне, облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөліміне, Қадыр орталығына алғыс айтамын, – деді «Ерекше тәуекелді солдаттар» ҚБ төрағасы Есім Сахиұлы.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
БҚО, Орал қаласы















