Кәсіпкер ананы 9 жыл сандалтқан жер дауы

Кәсіпкер ананы 9 жыл сандалтқан жер дауы

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының назарына

«AMANAT» және «Әділет» партияларының назарына

 

Өткен нөмірімізде жоғарыдағы тақырыппен төмендегідей анонс бердік. Редакциямызға өтінішпен жеке кәсіпкер азаматша Тұрсынхан Капчитова келді. «Көмектесіңіздерші, тоғыз жылдан бері алақандай жерімнің (жер көлемі 0,656 га, Алматы облысы, Талғар ауданы, бұрынғы «Луч-Восток» колхозында орналасқан. Қазір Алматы қаласы Медеу ауданы аумағында) дауымен бармаған мекеме, аттамаған табалдырығым қалған жоқ. Бұл жерді біз отбасымызбен бірлесіп алмабаққа (алма ағаш саны 587 және 104 терек бар) айналдырдық. Осы жеріміздің дауымен сотқа бардық, оны жеңдік, бірақ даудың соңы көрінер емес. 

Қайта ушығып, жерімізден айырылып қалатын қауіп төніп тұр. Лауазымды мекемелер біздің мұңымызды тыңдайтын емес», – деп іштегі зарын төгіп салды. Оның жанында осы мәселе бойынша көмектесіп жүрген жары, екі баласы бар. Отағасы Нұрәділ Барманбеков көпті көрген, білікті жан екен. Осы тоғыз жылдан бергі дау-дамайдан жиналған құжаты бір бума. Бәрі де нақты құжаттар. Сұхбаттастық. Мінеки, осы анонста газетіміздің басшысы Сәуле Мешітбайқызы бастаған ұжыммен Нұрәділ Барманбековтің отбасының кездесуі бейнеленген сурет жарияланды. Бұл суретте кәсіпкер, Нұрәділдің жары Тұрсынхан Капчитова жоқ. Бүгінгі жарияланымда Тұрсынханның жеке суреті беріліп отыр.

 

 

«Бұл жерді маған анам мұрагерлікке берген»

Иә, редакциядағы осы кездесуде кәсіпкер және отбасының басынан кешкен және ол 9 жылға созылған жер дауы кеңінен сөз болды. Негізінен сөз болған әңгіме өзегі кәсіпкер Тұрсынханның бізге жазған өтініш-хатында толық жазылған. Сондықтан сол өтініш-хатты алдымен сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

«Qazaqstan dauiri»  ЖШС Бас директоры Сәуле Мешітбайқызына

Т. О. Капчитовадан, Мекенжайы: Алматы қ., Әуезов ауданы, 8-ы/а, 26-үй, 66-пәтер, тел.: 8 707 193 0468

 

Құрметті Сәуле Мешітбайқызы!

 

Сіз басқарып отырған, 1992 жылдан бері жарық көріп келе жатқан «Qazaqstan dauiri» ЖШС (бұрынғы «Қазақстан ZAMAN») газеті – еліміздің ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар, халықтың мұң-мұқтажын көтерген, өзекті мәселелерді батыл қозғайтын беделді басылым екені баршаға мәлім. 

Сізді көп жылдан бері білемін,  түрлі тақырыптағы өзекті мәселелерді қозғайтын мақалаларыңызды газет, журнал, кітап беттерінен, әлеуметтік желілерден  үнемі оқып жүремін.

Мен, Тұрсынхан Оразқызы Капчитова. Әкем – Ораз Капчитов Кеңес Одағы кезінде «Луч Востока» деп аталған колхозда 50 жылдан астам адал еңбек еткен, атақшы шопан болған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Төрағасының «Құрмет грамотасы», Кәсіподақ комитеті төрағасының, колхоз партия комитеті хатшысының, колхоз партия комитеті басқармасы және Кәсіподақ комитетінің  «Құрмет грамоталары», 09.10.1977 ж. «Шығыс шұғыласы», Лениндік «Құрмет грамотасы» (03.03.1980 ж. № 32 Қаулы) – марапаттарының иегері. Бұл марапаттар – менің әкемнің ерен еңбегінің куәсі.

Анам – Еркебала Әбенова жыл – он екі ай жырақта, мал соңында әкеммен бірге бейнеттене жүріп, бар өмірін еңбекке арнаған жан. Сол еңбектерінің өтемі ретінде, колхоз пай ретінде жер берген. Анам, Алматы облысы, Талғар ауданы, бұрынғы «Луч Востока» колхозында орналасқан, көлемі 0,656 га болатын сол жерді, қызы – маған мұрагерлікке қалдырған. 2013 жылғы 01 қарашада Алматы қаласы, Медеу ауданы, Құлжа тракті, 98 уч. Жеке кәсіпкер (ЖК) шаруа қожалығы ретінде сол жерге мемлекеттік акт алдым.

2017 жылы қараша айының соңында комиссия құрылып, жерлердің игерілген-игерілмегені туралы тексеру жүргізілген. Ол кезде қар жауып, жерді басып қалған. Біз оған дейін жерімізге еккен өнімдерімізді жинап алған болатынбыз. Комиссияның айтуынша, олар «жерді барып қараған», қардан басқа еш нәрсе  көрмеген. Содан кейін маған бір құжаттар ұсынып, қол қоюымды сұраған, мен мазмұнын жете түсінбей қол қойып бердім. Өзімнің алданып қалғанымды кеш түсіндім. Маған 22690 тг айыппұл салынды, оны төледім. Жерді пайдалануға 1 (бір)  жыл уақыт берді. Жерді 2018 жылдан бері де пайдаланып келемін. 2017 жылы жерді пайдалануға тыйым (арест) салыпты. Маған инспектор: «Жерді пайдалануға салынған тыйымды шешім беремін, ақша төлеңіз», – деп айтты, мен оны төледім. Жерге салынған «тыйымның» алынбаған туралы 2022 жылы көктем айында бір-ақ білдім. Арыз жазып, «тыйымнан» шығардық. 

2022 жылғы 4 ақпанда Алматы қаласының Медеу ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасынан «форма 700.00 бойынша есеп тапсырыңыз» деген хабарлама келді. Мен 920.00 форма (Крестьянское хозяйство) бойынша есеп тапсырғанмын. Олар жерімді «коммерцияға» қосып, жерді менен тартып алмақ ниетте болған сияқты.

Түрлі тиісті мекемелерге арыздар түсірдім, еш нәтиже шықпады. Амалым таусылып, Алматы қаласының Медеу ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасын сотқа бердім. Заң (сот шешімі) бойынша іс менің пайдама шешілді. Олар берген жауапта, менің зейнетақы шотымның бұғатталғанын, зейнетақы алуға 1 жыл 8 ай бойы қойылған «тыйымды» заңсыз деп үкім шығарылған (10.01.2024 ж. Сот шешімі, № 7594-23-00-4/5026 іс, Алматы қ.).

2022 жылы өз жеріме 12 мамырда «дәнді және сүйекті жемістер өсіру (01240) коды» бойынша жеміс ағаштарын отырғыздым. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Алматы  қаласы бойынша департаментінде есепте тұрдым.

26.09.2023 ж. менің жерімнің кодын басқасына ауыстырып жіберіпті. Жаңа код –  01199, ал менде код 01240 болған. Арыз жазып, 11.10.2024 ж. код негізін қайтадан 01240 деп ауыстырдым. Қазіргі кезге дейін менің жерімде алма бағы өсіп жатыр.

28.08.2025 ж. ҚР 2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы, «хабарлама 16682N респондент КХ «Капчитова Т. О.».

2-АШК/ШФК санақ парағы бойынша 2025 жылғы 28 тамызда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы онлайн режимде өтті. Алма ағаштар саны – 587 дана және қосымша 104 түп терек отырғыздым. Өйткені, терек алма ағаштарын шаңнан, желден қорғайды екен. Соны естіп, білген соң отырғызған болатынмын.

Біздің жерімізге қарай баратын үлкен жол бар болатын, 2026 жылғы қаңтар айының басында сол жолды белгісіз құрылыс компаниясы 2,5 м болатын темірмен қоршап қойды. 2026 жылғы 16 қаңтарда Алматы қаласының әкімі – Сатыбалды Дархан Амангелдіұлының атына «жолды ашып беруді» өтініп, арыз бердім, бірақ әкім өтінішімді қарамады. Арызды «Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті» РММ-ге жіберді. Арыз осы департаментке 12.03.2026 ж., 20.04.2026 ж., 14.04.2026 ж. жазылды. Бірақ еш нәтиже жоқ, бір-біріне сілтеумен келеді, жол әлі ашылмады. Ал құзырлы органдардың (мекемелердің) берген жауаптарында ешкімде ешқандай жауапкершілік жоқ. Менің жерім «қызыл сызықта» тұр дейді. 

16.01.2026 ж. Алматы қаласының әкімі Д.А. Сатыбалдының атына «Менің жерімде алма бағы өсіп тұр» деп тағы да арыздандым. Қараған ешкім болмады. 06.02.2026 ж. және 18.03.2026 ж.  өзгертуді сұрап тағы да арыз жаздым,  шешім шығарылған жоқ.

22.12.2025 ж. бастап қанша рет арыздансам да ешнәрсе өзгермеді. Енді шағыммен кімге, қайда жүгінерімді білмеймін. Жаңа Қазақстанда әділдік жоқ деген ойға келдім, себебі 4,5 айдан бері еш нәтиже жоқ.

Жуырда 2026 жылғы 4 мамыр күні Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасынан «құжатпен танысуға келіп кетіңіз» деген шақыру алған соң, барып көрдік, құжатпен таныстық. Менің жерімді «тексеріп, бағаладық (оценка)» деп көрсетті. Қарап көрсек, ол жер менің жерім емес. Басқа біреудің жері болып шықты. Яғни, менің жерім орналасқан «мекенжай» бойынша бөгде жерді тіркеп қойған. Ал менің жерімде алма ағаштары өсіп тұр. Олардың түсірген жерінде ешбір ағаш жоқ,  тек қоқыс жиналған жер. Сол, басқа біреудің жерін бағалағанда оның  бағасы менің жерімнен 10 есе төмен бағамен саналып тұр. Бұл жерде көпе-көрнеу заң бұзушылықтың орын алып тұрғаны айдан анық. 

Мемлекеттік қызметкерлер тарапынан осындай заңды бұрмалаушылықты, құжаттың жалған жасаушылығына жол берілгендігін көргендіктен, олардың жауапсыз іс-әрекеттеріне наразылығымды білдіре отырып, менің арыздарыма байланысты істі тиісті құзырлы органдардың, мекемелердің лауазымды адамдары өз қолдарына алып, оңынан қарап, менің құқығымды бұзған мемлекеттік қызметкерлерге шаралар қолданса екен деген ниетпен және болашақта мен сияқты басқа да Қазақстан азаматтарының құқықтарының бұзылмауына себепкер болу ретінде, Сізден осы әрекеттерді көпшілік алдында жария етуіңізді сұраймын. 

Құрметпен, Тұрсынхан Оразқызы Капчитова

11.05.2026 ж.

Енді біз бұл хатқа журналистік көзқарасымызды білдіріп, оқырманды немесе тексерушінің назарын тез аудару әрі түсінікті болу мақсатында төмендегідей екі түйінді мәселені ұсынамыз.

 

Әзер шешілген түйін

1) Алдап құжатқа қол қойдырып алған;

2) 2017 жылы жерді пайдалануға тыйым салған. Жер инспекторы «ол тыйымды алып тастаймын» деген. Бірақ алмаған. Ол 2022 жылға дейін жалғасқан. Әзер дегенде тыйым алып тасталды;

3) Тиісті мекеме 2022 жылы 4 ақпанда 700.00 формаға  ауыстырып жіберген. 8 ай бойы тағы да тыйым (арест) салынған. Содан мемлекеттік кірістер басқармасы сотқа беріп, оны жеңіп шыққан. Яғни бұрынғы 920.000 формаға ауыстырып берілді. Сотқа рақмет. Әсіресе осы 1 жыл 8 айға кәсіпкер ананың зейнетақысын неге бұғаттаған?

4) 2023 жылы жер кодын ауыстырып жібереді. Әрі-бері шапқылап, кодты бұрынғы қалпына әзер ауыстырады.

 

Әлі де шешілмей жатқан мәселелер

1. Алмабаққа апаратын жолды әлдекімдер жауып тастаған. Олар кімдер?

2. Алмабақ жерін аяқ астынан «қызыл сызықта» (красная линия) тұр деген сылтау пайда болды. Ол не үшін? Шынында да жер «қызыл сызықта» тұр ма?

3. Алмабақтағы зор еңбекпен егілген 587 алма ағашының тағдыры не болмақ? Егер осы ағаштардың өнімін базар нарқына жіберсе, қандай зор пайда түсер еді! Кәсіпкер бұл туралы да жазған. Оны ешкім елемей отыр.

4. Кәсіпкер Т.Капчитованың жерін бөтен учаскемен ауыстырып, оған төмен баға қойып әкелу деген не сұмдық! Бұл қорлау ма, зорлау ма? 

5. Болашақта алмабақтың ортасынан үлкен күре жол өтеді деген сызбаны көрсетіп тұр. Бүгінгі күні кәсіпкердің жеріне тақалып 3 м канал қазылып жатыр екен.  Кәсіпкер қайсысына сенерін білмей дал.

Осы мәселелермен түбегейлі, егжей-тегжейлі заңды түрде айналысқан қорғаушының (адвокаттың) қолдауымен жазылған мына хатты да назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

Т. Капчитова:

 

«Шағым хаттарыма неге жауап бермейді?»

 2026 жылғы 16 қаңтарда мен Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға Алматы қаласы, Медеу ауданы, Құлжа тракт, 98 мекенжайында орналасқан жеке меншігімдегі жер учаскесіне кіреберіс жолды заңсыз жабу мәселесі бойынша өтініш жолдадым.

Менің жер учаскеме кіретін жолды белгісіз құрылыс компаниясы жауып тастады, осыған байланысты мен жер учаскесіне тұрақты және кедергісіз кіруді қамтамасыз ету туралы өтініш бердім.

2026 жылғы 27 қаңтарда мен сондай-ақ Медеу аудандық полиция басқармасына белгісіз құрылыс ұйымының кірме жолды жауып тастауының заңдылығын тексеру туралы өтініш жібердім. Алайда бұл өтініш қалыптасқан жағдайды шешуге ықпал еткен жоқ.

2026 жылғы 12 наурызда мен өтініштерді қайта жібердім:

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға; 

Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы А.М.Жанбыршыға; 

Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының басшысы Г. Ахметжанқызына. 

Көрсетілген өтініштерде мен өзімнің жер учаскеме кедергісіз жүріп-тұруды қалпына келтіруге көмектесуді, сондай-ақ бұл мәселені жеке бақылауға алуды өтіндім.

2026 жылғы 12 сәуірде мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне мемлекеттік органдардың әрекетсіздігі туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Алматы қаласы Жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан тексеріс жүргізілмегені туралы шағым жібердім.

Дәл осы күні, 2026 жылғы 12 сәуірде мен Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаментіне Алматы қаласы, Медеу ауданы, Құлжа тракт, 98 мекенжайында орналасқан жер учаскесіне тұрақты және тәуелсіз кіру жолын қамтамасыз етуді талап етіп арыз жібердім.

2026  жылғы 20 сәуірде мен өтініштер жібердім:

Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы А.М.Жанбыршыға; 

Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының басшысы Г.Кокобаеваға. 

Көрсетілген өтініштерде мен кадастрлық нөмірі 20-315-062-015 болатын жер учаскесіне кіретін жолды жауып тастаған мердігер ұйым туралы толық және дұрыс ақпарат беруді, сондай-ақ бұзушылықтарды жою және жер учаскесіне кедергісіз кіруді қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдауды сұрадым. 

2026 жылғы 06 мамырда мен Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының атына егжей-тегжейлі жоспарлау жоспары бойынша түсініктеме беру туралы өтініш жібердім. Ұсынылған ситуациялық сызбаға сәйкес менің жер учаскеме «қызыл сызық» салынғаны анықталды. Бұл ретте егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына сәйкес автомобиль жолының құрылысы көзделген. Алайда, бүгінгі күні «Алматы Венециясы» жобасы аясында қазірдің өзінде жер учаскесіне жақын жерде жұмыстар жүргізілуде.

2026 жылғы 07 мамырда мен Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы А.М.Жанбыршының және «Алматыбасжоспар» Ғылыми-зерттеу институтының атына кадастрлық нөмірі 20-315-062-015 болатын жер учаскесіне қатысты егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарын ұсыну туралы сауал жолдадым.

2026 жылғы 14 мамырда мен мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін сатып алу туралы хабарламаға жазбаша жауап бердім. Көрсетілген хабарламада қателердің айтарлықтай саны бар. Сонымен қатар, хабарламада жер учаскесін иеліктен шығару туралы шарттың жобасына сілтеме жасалады, оның мазмұнынан жер учаскесін бағалауды қай ұйым жүргізгені шығады.

Осыған байланысты мен бағалау туралы есеп беру туралы өтініш жібердім, өйткені ұсынылған материалдар бағалаудың басқа жер учаскесіне қатысты жүргізілгенін көрсетеді, бұл заңнама талаптарын өрескел бұзу болып табылады және менің заңды құқықтарым мен мүдделеріме әсер етеді. 

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, маған тиесілі жер учаскесіне қолжетімділікті қалпына келтіру мақсатында мемлекеттік органдарға жіберген көптеген өтініштерім тиісті деңгейде қаралмағанын хабарлаймын. Уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге бағытталған тиімді шаралар қабылданған жоқ.

Бүгінгі күні жер учаскесіне қолжетімділіктің жоқтығы мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр.

 

14.05.2026ж. 

Капчитова Т.О.  \қолы\

 

Адам тағдырына немқұрайлы қарау көсегемізді көгертпейді

9 жылға созылған бұл жер дауы соңғы кездері шырқау шегіне жетіп ушығып, енді нақты бір шешімге келуге мәжбүрлеп отыр. Ең бастысы бұл мәселе әділетті түрде шешілуі тиіс. Жоғарыда айтылған, жасалған әділетсіздіктер кәсіпкер Т.Капчитова мен оның отбасының амал жоқ бізге, баспасөзге жүгінуге мәжбүр еткен. Жер телімі бұрын Талғар ауданына қарасты болса, енді қаланың құзырына (Медеу ауданы) көшкен. Қалай болғанда да қала және оның мекемелері бұл жер телімін бұзып, орнына өздерінің жоспарларымен басқа құрылыс нысандарын салатыны белгілі. Бізге шағым етушілер оған қарсы емес. Тек жоғарыда айтқанымыздай, барлық мәселе әділетті түрде шешілсе дейді. Олардың ойларынша, әлдебір құзырлы орындар бұл жер телімдерін арзан бағаға алып, өздерінің мақсаттарына пайдалануы мүмкін деп қауіптенеді. 9 жылда кездескен қадау-қадау жасалған әділетсіздіктер, әрине, осындай ойға жетелейді. 

Осы мәселені қал-қадарымызша шешу мақсатында алдымен Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасына соқтық. Газет басшысы Сәуле Мешітбайқызы мен газеттің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, яғни мен басқарма басшысы Кокобаева  Гүлнара  Ахметжанқызының қабылдауына кірдік. Біріміз сексенде, енді біріміз жетпістен асқан қарттармыз. Төрде отырған Гүлнара Ахметжанқызына сәлем бердік. Ол кісі өте салқын қарсы алды. Газетімізді бердік. Газетімізге саусақ та тигізген жоқ. Мұндай салқындық бізге, журналистерге жасалып отыр. Ал қарапайым адамдарды олар қалай қарсы алады? Мемлекеттік қызметкер халықты ілтипатпен, кішіпейілділікпен қарсы алу қажет екендігі туралы қарапайым логиканы Ахметжанқызы Гүлнара ханым білмегені ме? Біз осыған түсінбедік. Дегенмен келген мәселемізді ортаға салдық. Біз жасаған ескертуден кейін Гүлнара Ахметжанқызы жауап бере бастады.

− Бәрі де әділетті түрде, заң жүзінде шешіледі, − деп, ол Т.Капчитованың алма бағының кестесін көрсетті. – Бұл – шаруа қожалығының жері. Бағасының төмен болатындығы осыдан. Алайда алма ағаштарының бағасы есептелініп, бағасы әділетті түрде шығарылады. 

Біз «қазіргі бағаны осы аталған алмабақ емес, бөтен учаскенің бағасын беріп жатқанына түсінбедік» дегенімізге Гүлнара Ахметжанқызы таңғалғандай кейіп танытты. «Қараймыз. Тексереміз. Бәрі де әділетті, заңды түрде шешіледі» деп, әуелгі ойын қайталады. Біз әзірге осыған қанағаттандық. Жер иелерімен ол кісінің қабылдауына қайта келуге уағдаластық.

Жалпы, бізге жазылған өтініш хатта айтылғандай, кәсіпкер Тұрсынхан Капчитова мен оның отбасы әділеттікке жету мақсатында талай мекемелерге хат жазған. Олардың тізімін осы жерде жазып кетуді жөн санадық. Бір ескертетін жағдай – барлық хаттар орыс тілінде жазылған.

− Хаттар  неге орыс тілінде жазылған? Мемлекеттік тілде жазуға болмады ма? – деп сауал қойдық.

− Біз осы жер дауы басталғанда барлық әрекетімізді қазақ тілінде бастадық. Ісіміз алға баспады. Мекемелер де, сот та, басқа тиісті орындар біздің мемлекеттік тілде жазылған хаттарымызға немқұрайлы қарайтынын байқадық. Аудармалары да сәтті шықпады. Содан барып орысшаға көшіп едік, ісіміз жылжи бастады, − деді Нұрәділ Барманбеков. Осыдан-ақ мемлекеттік тіліміздің мүшкіл жағдайын байқауға болады. Сонымен біз кәсіпкер Т.Капчитованың хаттарының тізімін беріп отырмыз. Жоғарыда кәсіпкердің хатында кімнің жауап бергенін, кімнің жауап бермегені егжей-тегжейлі жазылған. Дегенмен негізгілеріне тоқталайық. 

 

Жазылған шағым хаттар тізімі:

1. Алматы қаласының әкімі Д.А.Сатыбалдыға 2 рет жазылған.

Бұл хаттарға Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы жауап берген.

2. Ғылыми зерттеу институты «Алматыгенплан» ЖШС-на. Жауабы бар.

3. Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасына. Жауабы бар.

4. Алматы қаласының әкіміне жазған екінші хатқа Алматы қаласының жер ресурстарын басқару департаменті жауап берген.

5. Алматы қаласының жер ресурстарын басқару департаментіне де хат. Жауабы бар, т.б. хаттар да жетерлік.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне де, Әділет министрлігіне де хаттар жазылған. Бір назар аударатын нәрсе жауап берілген хаттарда қанағаттанарлықтай тұщымды нақты жауаптар жоқ десе де болады. Мұндай кезде шағым жазушылар табандарынан таусылып тиісті мекемелерге барады, хат жазады. Әділетсіздіктер адам тағдырына немқұрайды қараудан шығады. Біздің қоғамда осы немқұрайдылықты жоймай, әділетсіздіктер жалғаса беретін сияқты. Әділеттілікті іздегендер осыдан кейін ашу-ызаға булығады, тұйыққа тіреледі. Бұның ең жаманы ел басшысы Президентке деген наразылықты тудырады. Әйтпесе түймедейді түйедей еткенше мәселені жылдам, әділетті шешсе, елімізде жемқорлық та болмас еді. Өкінішке қарай, төменгі лауазымды тұлғалар бұл жауапкершілікті түсінбей отырған сыңайлы. Мінеки, біз көтеріп отырған кәсіпкер ана Т.Капчитованың тағдыры да осыған саяды. Осы жер дауының мәселесін біз алдағы уақытта үнемі хабардар етіп отырамыз.

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ

 

Бет қатталып жатқанда:

Осы аптада сейсенбі күні Жер қатынастары басқармасының қызметкері Олжас Жаңабеков хабарласты. Т. Мақсаты Капчитованың жеріндегі алма ағаштарын қайта санау екен. Одан кейін басқармадан Дәурен есімді азамат байланысқа шықты. Ол да жер бағасы туралы, яғни алма ағаштарын қайта санамақ. Алайда біз рұқсат бермедік. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, олар ұсынған бөтен жердің құжаттарын сұрадық. Сонымен қатар біздің учаскенің айналасынан канал қазылып жатыр. Айтуларынша, болашақта бұл аумақта «Алматы Венециясы» жобасының құрылысы жүргізіледі екен. Ал жол мәселесі мүлде қарастырылмаған секілді

Нұрәділ Барманбековтің түсініктемесі

20.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25252
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24759
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42191
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38042
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42525