Таяу Шығыс таяуда тыншымайды

Таяу Шығыс таяуда тыншымайды

Таяу Шығыстағы шиеленіс қайта өршитін түрі бар. Атысты тоқтату туралы белгіленген мерзімнің ары қарай ұзаруынан үміт үзілгендей болды. Қазір ирандықтар Ормуз бұғазын жауып тастап, жаңа тәртіп орнатуға кіріскендей. Ал АҚШ тарапы болса, Иран порттарын құрсауға алатындығын айтып сес көрсеткенімен, жағдай Трамп күткен арнаға бұрылатын түрі жоқ.

9 мамыр күні АҚШ-тың ең көне және ықпалды медиа құрылымдарының бірі – «CBS News» арнасы, журналист Майор Гарреттың Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен өткізген сұхбатын жариялады. «Бұл – Нетаньяхудың соғыс басталғаннан бергі АҚШ-тағы алғашқы сұхбаты. Ол сөздеріне өте абай болды, бірақ мұқият тыңдасаңыз, соғыс пен аймақтың қайда бара жатқанын көрсететін белгілерді таба аласыз», – деп жазды «CBS News» сұхбаттың басында. Біз төменде бір сағат шамасында болған сұхбаттың кейбір бөлігін көрсете отырып, оқырмандарымызға маңызды бөлігін қысқаша жеткізуді жөн көрдік.

Майор Гарретт: 

– Иранмен соғыс аяқталды ма? Егер аяқталмаса, қашан аяқталатынын кім шешеді?

Премьер-министр Биньямин Нетаньяху: 

– Менің ойымша, үлкен келісімге қол жеткіздік, бірақ ол аяқталған жоқ. Себебі Иранда әлі де байытылған уран бар. Демек, біздің бөлшектеуді жоспарлап отырған нысандарымыз бар деген сөз. Бұдан бөлек Иран қолдайтын проксилер бар. Олар әлі де шығарғысы келетін баллистикалық зымыран өндірісі бар. Қазір біз оның көп бөлігін талқандадық. Бірақ түгелдей жойылған жоқ, сондықтан әлі де атқарылатын жұмыстар бар.

Осы тұста журналист Нетаньяхудан жоғары байытылған уранды қалай алып кетуді жоспарлап отырғандығын, әрі қай кезде нақты қимылға кірісуі мүмкін екендігін сұраған. Алайда спикер әскери әрекеттер мен жоспарлар туралы айтқысы келмейтіндігін айтып нақты жауап бермеген.

Премьер-министрмен кездесуден бірнеше сағат бұрын Израиль Ливандағы Иран қолдаған «Хезболла» террористерін нысанаға алды. Бұл – Иранмен соғыстағы екінші майдан. Журналистің «Хезболламен» соғыс жалғасуы мүмкін бе?» – деген сұрағына Премьер-министр Нетаньяху қарсыластарын жазғырғандай етіп: «Неге екенін білесіз бе? Өйткені олар «Хезболланың» сол жерде қалып, Ливанды азаптауды жалғастыруын, халқын кепілге алуын жалғастыруын қалайды...» – деп жауап беріпті. Сондай-ақ Израильге төнетін қауіптерді түбегейлі жою үшін Иран мәселесі шешілсе де, аймақтағы «Хезболла» секілді күштермен болатын шайқастардың біраз уақытқа жалғасатындығын меңзеген. Ол сөйте тұрып: «Менің ойымша, егер Иранда режим шынымен әлсіресе немесе құласа, бұл «Хезболланың», ХАМАС-тың, бәлкім, хуситтердің де соңы болары сөзсіз. Себебі Ирандағы режим құласа, Иран құрған террористік прокси желісінің барлық құрылымы күйрейді», – деген. Ал Ирандағы режимнің қашан күйрейтіндігі туралы болжам жасай алмапты.

Майор Гарретт бірнеше ай бұрын «New York Times» газетінде басылған материалға сілтеме жасаған. Онда Израиль басшысының Ирандағы режимді күйретуге болатындығы туралы сенімді болжамы айтылған екен. Осы сөздерін еске түсіре келіп, «режим соншалықты әлсірейді, сондықтан Ормуз бұғазын тұншықтыра алмайды» деген сөзіне енді қалай жауап беретіндігін сұраған.

Нетаньяху бұл туралы өздерінің тым асыра болжағандықтарын мойындағандай болып, «Ормуз бұғазы мәселесін шайқас жүріп жатқанда түсіндік...» – деп жауап беріпті. Сөйте тұрып, «Иран өте үлкен қауіпке барып отыр» дегенді айта кеткен.

Сұхбатта Парсы шығанағындағы араб елдерінің Израильмен жақындасуға ниет білдіруі жайлы айтылыпты. Себебі Иранның көршілес елдерге қарата жасаған шабуылы мен оның зардабы туралы басында ешкім ойлмаған көрінеді. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху: «Мен қазір араб мемлекеттерімен біз ешқашан армандамаған одақтарға бастайтын келісімдердің кеңеюі мен тереңдеу мүмкіндіктерін көріп отырмын», – дейді. Демек, Иранның соққысына ұшыраған бірқатар араб елдері бұдан былай еврейлермен жақындаса түседі деген сөз. Бұл өз кезегінде Парсы шығанағындағы тұрақсыздықтың жалғаса беретіндігін меңзесе керек. Ал журналистің Қытайдың Иранмен болған әскери байланысы туралы сұрағына, Нетаньяху: «Қытай белгілі бір мөлшерде қолдау көрсетті және зымыран өндірісінің нақты компоненттерін ұсынды. Бірақ мен одан артық айта алмаймын», – деген екен. Демек, Ормуз бұғазы арқылы шикі мұнайды көп мөлшерде алып отырған Қытайдың мүддесі мен Иранмен болған қарым-қатынасы туралы күрделі сұрақтан басын алып қашып отыр деген сөз.

Израиль Премьер-министрі сонымен қатар ақпараттың соғыс алаңындағы сәтсіздіктері туралы да мойындаған. Себебі қазіргі таңда АҚШ қоғамында Израильге қарата қарсылық пен жазғырулар көбейген. Нетаньяху осыларды айта келіп, соғыс болған соң адам шығынының болатындығын қалыпты жағдай ретінде келтіріпті. Сөйте тұра Газа секторындағы әрекеттерін ақтағандай етіп: «Израиль бейкүнә бейбіт тұрғындарды қауіптен құтқару үшін керемет күш жұмсады. Біз оларға миллиондаған SMS хабарламалар жібереміз. Миллиондаған телефон қоңыраулары, брошюралар, парақшалар таратамыз», – деп анықтама бере кетіпті.

Майор Гарретт: 

– Сіз, премьер-министр мырза, Израильдің тактикалық немесе стратегиялық тұрғыдан жасаған ешбір қателігі Газада да, Батыс жағалауда да, әлеуметтік медиада да, басқа жерде де Израиль туралы теріс әсерге ықпал еткен қателіктер жібермеген деп ойлайсыз ба?

Премьер-министр Б. Нетаньяху: 

– Жоқ, әрине, жоқ. Қараңызшы, бұл – соғыс. Ал соғыста армиялар кейде сәтсіздікке ұшырайды және бейбіт тұрғындар өледі. Ал бұл қателіктер – әдейі болатын нәрселер емес. Израиль БАҚ-та, үгіт-насихат майданында қоршауда, ал біз үгіт-насихат соғысында жақсы нәтиже көрсете алмадық.

Журналист сөз арасында Израиль де, АҚШ та мойындамайтын Халықаралық қылмыстық сот премьер-министрді Израильдің Газадағы әрекеттері үшін соғыс қылмыскері ретінде айыптағанын еске алған. Бұл сұраққа Нетаньяху өзінің ең маңызды мақсаттарының бірі – ХАМАС-ты қарусыздандыруға қол жеткізбегенін, елінің қауіпсіздігі үшін осы қадамға барып отырғандығын айтып ақталғандай болған.

PS: Бұл сұхбат «CBS News» арнасында жарық көрісімен әлемдік БАҚ-тар жаппай таратып, әңгімеде айтылған әрбір түйінге талдау жасап жатыр. Нетаньяхудың айтқандарына қарағанда, Иранмен болған соғыс әлі де жалғаса түсетіндігін байқауға болатын секілді. Сондай-ақ айналадағы ХАМАС, «Хезболла» секілді қарулы күштермен болатын соғыстар да әлі жалғаса береді деген сөз.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
14.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Инженер, құрылысшы, қоғам қайраткері марапатталды
Әсем ФАЗЫЛОВА, Алматы облысы - 15.05.2026 22
Субұрқақтар және әсем де жайлы тұрғын үйлер
М. ТАБЫН, Ақтөбе қаласы - 15.05.2026 23
Жаңа ережелер   енгізілуде
А. ХАМИТТЕГІ - 15.05.2026 26
Арнайы мамандар тәжірибе алмасты
А. ХАМИТТЕГІ - 15.05.2026 20

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25118
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24641
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42064
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37927
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42397