Президент Жолдауынан серпіліс алған жаһандық серіктестік: METU халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруде

Президент Жолдауынан серпіліс алған жаһандық серіктестік: METU халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізді Орталық Азиядағы ірі білім беру хабына айналдыру және шетелдік студенттер санын арттыру міндетін айқындаған болатын. Бұл бастама отандық жоғары оқу орындарына халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілікті күшейтіп, білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге жол ашты. Осы бағытта Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті де жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Университеттің халықаралық байланыстары, шетелдік серіктестерімен бірлескен жобалары және академиялық мобильдік бағдарламалары туралы METU Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры, профессор Қарлығаш Нұрланқызы Шохаевамен әңгімелескен едік.

 

– Қарлығаш Нұрланқызы, бүгінде Қазақстанның   білім   беру  саласын   халық-

аралық еңгейге шығару мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. METU бұл бағытта қандай жұмыстар атқаруда?

– Қазіргі таңда интернационализация жоғары оқу орындарының негізгі даму бағыттарының біріне айналды. Бұл тек шетелдік студенттерді тартумен шектелмейді. Ең бастысы – халықаралық академиялық орта қалыптастыру, білім сапасын арттыру және ғылым мен инновацияны дамыту.

Бүгінде METU-де әлемнің түрлі елдерінен келген студенттер білім алуда. Бұл университеттің халықаралық деңгейдегі тартымдылығы мен білім сапасына деген сенімнің көрсеткіші. Сонымен қатар, біз шетелдік профессорларды шақырып, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға басымдық беріп отырмыз. Университетте ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламалары кезең-кезеңімен кеңейтілуде.

Соңғы жылдары цифрлық инфрақұрылымды дамытуға да ерекше назар аударылуда. Шетелдік талапкерлер үшін құжаттарды онлайн қабылдау жүйесі жетілдіріліп, университеттің виртуалды таныстырылым платформалары іске қосылды. Сонымен қатар, шетелден келген студенттердің бейімделуіне жағдай жасау мақсатында арнайы қолдау бағдарламалары жұмыс істейді.

– Университеттің халықаралық ынтымақтастығы бүгінде қандай деңгейде дамып келеді?

– Қазіргі таңда METU халықаралық ынтымақтастықты университет дамуының стратегиялық басым бағыты ретінде қарастырады. Бүгінде университет әлемдік QS рейтингінде жоғары орындарда тұрған жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен белсенді байланыс орнатып келеді. Қазіргі таңда Еуропа, Ұлыбритания, Азия, ТМД елдерінің университеттерімен 45 халықаралық келісімшарт жасалған және бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасуда.

Соңғы уақытта Ұлыбританияның танымал Staffordshire University университетімен жасанды интеллект бағыты бойынша маңызды серіктестік орнатылды. Бұл жаңалық студенттер мен жас зерттеушілер арасында ерекше қызығушылық тудырды. Қазіргі таңда университетіміздің докторанттарын аталған университетке ғылыми тағылымдамадан жіберу жұмыстары жүзеге асырылуда. Мұндай байланыстар халықаралық ғылыми тәжірибе жинақтауға және әлемдік деңгейдегі зерттеу ортасымен жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Аргентинаның беделді Austral университетімен келісімшарт жасалып, оның нәтижесінде белгілі профессор Маркос Франсиско Бомонте METU-ға арнайы шақырылды. Профессор үш ай бойы университетімізде жасанды интеллект, робототехника және автоматтандыру жүйелері бағытында дәрістер оқыды. Ол METU студенттерінің инженерлік дайындығы мен техникалық ойлау қабілетіне жоғары баға беріп, жастардың ғылым мен инновацияға деген қызығушылығы ерекше әсер қалдырғанын атап өтті.

Бүгінде халықаралық серіктестіктің нәтижесінде студенттеріміз Erasmus және Erasmus Mundus бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік алып отыр. Бұл бағдарламаларға қызығушылық өте жоғары. Университет тарапынан академиялық үлгерімі мен шет тілін меңгеру деңгейі жоғары студенттер арнайы сұхбаттасу кезеңінен өткізіліп, ең үздік студенттер шетелдік серіктес университеттерге жіберіледі.

Қазіргі уақытта университеттің 75 студенті академиялық мобильдік бағдарламасы бойынша 8 елдегі 12 жоғары оқу орнында білім алып немесе тағылымдамадан өтуде. Сонымен қатар, біздің университетке де шетелдік серіктес жоғары оқу орындары тарапынан қызығушылық артып келеді. Бүгінде METU халықаралық академиялық орта қалыптастыру бағытында шетелдік студенттерді қабылдау жұмыстарын да белсенді жүргізіп отыр.

Айта кету керек, биыл университетімізде «Сапа және нәтиже жылы» деп жарияланды. Осыған байланысты халықаралық білім беру стандарттарын енгізу, академиялық мобильдікті кеңейту, шетелдік профессорларды тарту және студенттердің жаһандық білім кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілуде. Университет халықаралық әріптестікті тек білім беру саласындағы байланыс ретінде ғана емес, ғылым, инновация және мәдени интеграцияның маңызды құралы ретінде қарастырады.

– Соңғы уақытта университет базасында халықаралық орталықтар ашылып, жаңа технологиялық жобалар іске қосылып жатыр деген ақпаратты естіп жүрміз. Атап айтқанда, Кореяның Global Korea Center ұйымымен бірлескен «Озық технологиялар орталығы» мен Қытай серіктестерімен «Цзинши» институтының ашылуы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Осы жобалардың маңызы туралы айтып өтсеңіз.

– Иә, бүгінде METU халықаралық ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Соңғы уақытта университетте ашылған жаңа орталықтар – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

2026 жылдың 17 сәуірінде METU базасында Global Korea Center ұйымымен бірлескен «Озық технологиялар орталығы» салтанатты түрде ашылды. Орталық қолданбалы ғылымды, технология трансферін және жаңа буын инженерлерін даярлауға бағытталған заманауи ғылыми-инновациялық алаң болып табылады.

Іс-шара барысында университет ғалымдары мен студенттерінің ғылыми жобалары ұсынылып, жасанды интеллект, экология, биотехнология, жасыл энергетика және инженерия салаларындағы заманауи әзірлемелер таныстырылды. Бұл жобалар нақты ғылыми зерттеулердің нәтижесі ретінде өндіріс пен қоғамның өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.

Сонымен қатар, Қытайдың Liaoning Vocational University of Technology университетімен ынтымақтастық аясында METU базасында бағдарламалық инженерия бойынша халықаралық «Цзинши» институты ашылды. Бұл орталық IT, бағдарламалық инженерия және цифрлық технологиялар саласындағы бірлескен білім  беру  бағдарламаларын  дамытуға,  халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және студенттердің кәсіби даярлығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Қытай бағытындағы серіктестік бұнымен шектелмейді. QS әлемдік рейтингінің жоғары тізімінде тұрған жетекші техникалық жоғары оқу орындары – Harbin Engineering University және Harbin Institute of Technology университеттерімен байланыс белсенді дамып келеді. Нәтижесінде Harbin Engineering University тарапынан біздің 10 студент жазғы мектеп бағдарламасына шақырту алды. Бұл студенттеріміз үшін халықаралық инженерлік тәжірибемен танысып, әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу орталарында білімін жетілдіруге үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, аталған университеттермен ғылыми зерттеулер, академиялық алмасу және бірлескен білім беру бағдарламалары бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Азия бағытындағы серіктестіктер қатарында Малайзия университеттерімен байланыс та ерекше маңызға ие. Universiti Putra Malaysia және Universiti Teknologi Malaysia университеттерімен ынтымақтастық аясында академиялық мобильдік, ғылыми тағылымдамалар және бірлескен білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл келісімдер студенттер мен жас ғалымдарға халықаралық тәжірибе жинақтауға және заманауи зерттеу орталарында жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Бүгінде мұндай халықаралық орталықтар мен серіктестіктер университеттің ғылыми әлеуетін күшейтіп қана қоймай, студенттердің заманауи технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға, инновациялық жобаларды коммерцияландыруға және халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялануына жол ашып отыр.

– Халықаралық жобалардың түпкі мақсаты қандай?

– Басты мақсат – қазақстандық жоғары білімнің сапасын арттырып, университетті әлемдік білім және ғылым кеңістігіне интеграциялау. Қазіргі таңда жаһандық бәсекелестік күшейіп келеді. Сондықтан жоғары оқу орындары тек ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де бәсекеге қабілетті болуы қажет.

METU осы бағытта шетелдік университеттермен стратегиялық серіктестікті дамытуға, қос дипломды    бағдарламаларды    кеңейтуге, халықаралық ғылыми жобаларға қатысуға және студенттердің заманауи білім мен тәжірибе алуына басымдық беріп отыр. Erasmus және Erasmus Mundus бағдарламалары аясында Еуропаның жетекші университеттерімен нәтижелі жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінде халықаралық ынтымақтастық тек білім беру саласымен шектелмейді. Бұл – ғылым, технология, инновация және мәдени байланыстарды нығайтудың маңызды тетігі. Осындай жобалар арқылы студенттер мен жас ғалымдар әлемдік тәжірибемен танысып, жаңа ғылыми ортада жұмыс істеуге мүмкіндік алады.

Алдағы уақытта да университет шетелдік серіктестермен бірлескен ғылыми-зерттеу бастамаларын кеңейтіп, халықаралық деңгейдегі білім беру ортасын қалыптастыру жұмыстарын жалғастыра береді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – 

Гүлфия ЕЛТАЙҚЫЗЫ,

Алматы қаласы

28.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25441
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24928
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42350
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38202
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42699