Сырымда серпінді жобалар жүзеге асырылуда

Сырымда серпінді  жобалар жүзеге  асырылуда

Батыс Қазақстан облысындағы Сырым ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны соңғы жылдары артып келеді. Жыл басынан бері атқарылған жүйелі жұмыстар мен игілікті жобалар – соның дәлелі. 

Тарихы 1928 жылдан бастау алатын ауданды осы аймақтың төл перзенті Жұмагелді Батырниязов 2023 жылдан бері басқарып келеді. Ауданда экономиканы әртараптандырып, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындар үшін жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы іс-шаралар биыл да өз жалғасын табуда. 

Халықтың тұрмыс сапасын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі – сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Бұл мәселе Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да басым міндеттердің бірі ретінде айқындалған. Осы тапсырманы орындау мақсатында Сырым ауданында Қосарал және Жетікөл ауылдарын Кеңащы топтық су құбырына қосу жобасы жүзеге асырылуда. 

– Жобаның жалпы құны – 761,5 млн теңге. Су құбыры желісінің ұзындығы – 33 шақырым. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтап, нысанды пайдалануға беру 2027 жылдың мамыр айы болғанымен, жұмыстар қарқынды жүріп жатыр және мерзімінен бұрын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, – дейді аудан басшысы Жұмагелді Жолдыбайұлы. 

Қазіргі уақытта құрылыс алаңына қажетті материалдар жеткізіліп, нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Жоба толық іске асырылғаннан кейін аталған қос елді мекеннің тұрғындары орталықтандырылған сапалы ауызсу жүйесіне қосылатын болады. Бұл өз кезегінде ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартып, инженерлік инфрақұрылымды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Ел Президентінің 2025 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында жаңа инвестициялық кезеңді бастап, елге қомақты инвестиция тарту міндеттері жүктелген болатын. Осы орайда Сырым ауданында инвестиция тарту бойынша да жүйелі жұмыстар қолға алынған. Сондай жобалардың бірі – «Жол бойындағы газ толтыру компрессорлық станциясы» жобасы. 

Ауданға инвестиция тарту және кәсіпкерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жоба аудан орталығы – Жымпиты ауылындағы Алаш Орда көшесінде жүзеге асырылды.

Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2025 жылдың желтоқсан айында басталған жобаның тапсырыс берушісі – «Алаш Метан» ЖШС, ал мердігер мекеме – «СК Алаш» ЖШС. Жалпы құны 1 млрд теңге болатын жоба шілде айының соңында пайдалануға берілді. Жоба іске қосылғаннан кейін аудан тұрғындары мен автокөлік иелері үшін заманауи қызмет көрсету мүмкіндігі жасалып, 14 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар бұл бастама ауданның кәсіпкерлік белсенділігін арттырып, сервистік әлеуетінің нығаюына оң ықпал етуде.

Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – экономиканы әртараптандырып, өндіріс саласын дамыту. Осы мақсатта аудан орталығында өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жоба – «RD-105» асфальт-бетон зауыты іске қосылды. 

– «Жымпиты – Аралтөбе» автомобиль жолы бойында орналасқан жаңа кәсіпорын заманауи технологиялармен жабдықталған, толық автоматтандырылған өндірістік кешен саналады. Зауыт сағатына 105 тоннаға дейін асфальт-бетон қоспасын өндіруге қауқарлы, – деген аудан әкімі Ж.Батырниязов бұл жобаның жалпы құны 205 млн теңгеден асатынын жеткізді. Айтуынша, аталған кәсіпорында ірі түйіршікті, ұсақ түйіршікті және жоғары беріктікті қиыршықтас-мастикалық асфальт-бетон қоспалары өндіріледі. Қазіргі таңда зауыттың өндірістік қуаты халықаралық маңызы бар «Ақтөбе – Орал – Ресей Федерациясы шекарасы» автомобиль жолын жаңғырту жұмыстарына бағытталып отыр. Бұл кәсіпорын өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жол құрылысы саласын сапалы материалмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Елімізде тұрғын үй құрылысының қарқынын бәсеңдетпеу жұмыстары да Мемлекет басшысының бақылауында. Бұл тапсырмалар да Сырым ауданында өз деңгейінде орындалуда. Бүгінде Жымпиты ауылындағы Алаш Орда көшесінде орналасқан 36 пәтерлі екі бірдей үш қабатты тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып отыр. Нәтижесінде 72 отбасы баспанамен қамтылатын болады. Қазіргі уақытта тұрғын үйлердің аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінген.  Биыл аталған санаттағы азаматтар үшін 10 тұрғын үй бой көтерген. Бұған қоса аудан халқының баспанаға деген сұранысын кезең-кезеңімен шешу мақсатында қосымша 38 үй салу жоспарлануда. Бұл жұмыстар тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға, баспанаға мұқтаж азаматтарды қолдауға және ауданның тұрғын үй қорын ұлғайтуға бағытталған.

Білім беру саласын дамыту және заманауи білім беру инфрақұрылымын қалыптастыру бағытында да Сырым ауданында нақты жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – Құспанкөл ауылындағы апатты жағдайдағы мектептің орнына 60 орындық шағын жинақты мектептің салынуы. Құрылысы 2025 жылдың қараша айында басталған білім ордасын биыл жаңа оқу жылының қарсаңында пайдалануға беру жоспарланған. 

– Аталған жоба іске асырылғаннан кейін Құспанкөл ауылының оқушылары заман талабына сай жабдықталған жаңа ғимаратта білім алатын болады. Бұл өз кезегінде ауылдық жердегі білім беру сапасын арттырып, балаларды қолайлы әрі қауіпсіз жағдайда оқытуға жағдай жасайды, – дейді аудан басшысы. 

Бұлардан бөлек Сырымда құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерін цифрландыру, мемлекеттік бақылауды жетілдіру және әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды сапалы іске асыру бағытындағы жұмыстар да жоспарлы түрде жүргізілуде. 

– Алдағы уақытта да тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылатын болады, – деді аудан әкімі Жұмагелді Жолдыбайұлы.

Бүгінде тарихи ауданның құрамында 12 ауылдық округ пен 30 елді мекен бар. 16 мыңнан астам халық қоныстанған ауданда жыл басынан бері атқарылған игілікті істер аудан экономикасының тұрақты өсіміне серпін беріп қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға да оң ықпал етуде. Қолға алынған жобалардың толық іске асуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі арттыруға қызмет етпек.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

Батыс Қазақстан облысы

31.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26623
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26058
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43448
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39232
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43851