«Ауылдастармен бірлессек, атқарылмайтын іс болмайды» дейді ауыл әкімі Марат Абдикаров

«Ауылдастармен бірлессек,  атқарылмайтын іс болмайды» дейді ауыл әкімі Марат Абдикаров

Бір емес, бірнеше ауылдың әкімі болу оңай шаруа еместігін Марат Абдикаровпен   әңгімелескенде терең аңғарғандай болдық. Қарапайым ғана азамат бізді құрметпен қарсы алып, сұрақтарымызға ықыласпен жауап беріп отыр. Өзінің сан-салалы жұмысын жақсы білетіндігі сезіледі. Ақсу ауылдық округіне қарасты қатар-қатар қол ұстасып жатқан 4 бірдей ауыл бар. Олар: кіші Ақсу, Тоғызбұлақ,  Канал және Дулайту. Осы 5 ауылда 5180 тұрғын өмір сүріп жатыр. 780 шаруа қожалығы, 22 дүкен, 4 балабақша, 3 мектеп жұмыс істейді. Ауылдардағы 22 мың қой, 7500 ірі қара, 1300 жылқыға жайылым кеңінен жетеді. Күрегейлей қоршаған алып тау етегінде қалың да шүйгін шөп өседі. Еңбекқор тұрғындар өздерінің тиесілі жеріндегі шөпті шауып, нығыздап алады. Қосалқы шаруашылықтар саны – 1114. Бұл ауылдарда негізінен ұйғыр этносы өкілдері тұрады. Өкінішке орай, мұнда Мәдениет үйі жоқ. 

– Бұл мәселені Мәслихат депутаты болып тұрғанда бірнеше мәрте көтердім. Әзірге нәтиже жоқ, – деді Марат әкім қынжыла сөйлеп. 

– Халықтың әлеуметтік жағдайы қалай? Жаңа ғана айтқан көрсеткіштерге қарасақ, әсіресе төрт түлік мал өсіруге барлық жағдай жасалған тәрізді. 

– Шүкір, халықтың жағдайы жаман емес. Ауылымыз мал, егін шаруашылығымен айналысады. Диқандарымыз бидай, арпа, жоңышқа егіп, зор табысқа кенеліп жатыр. Жеріміз кең. Яғни жайылым мәселесі шешілген. Көп ауылдарда осы өзекті мәселе шешілмей жатқанын естіп жүрміз. Жол мәселесі біртіндеп шешіліп жатқанымен, әлі де асфальттанбай жатқан көшелеріміз бар. Шаруа қожалықтарына барлық жағдай жасалған. Тек техникаларымыз ескі. Жаңа техника сатып алуға шаруалардың жағдайы көтермейді. 

– Ауылда не көп, проблема көп. Оған мемлекет тарапынан көмек бола ма?

– Дұрыс айтасыз. Бір емес, бес бірдей ауылдың проблемасы жетерлік. Бірін жөндесең, екіншісі, үшіншісі дегендей кезектесіп келіп тұрады. Аудан әкімі Бота Елеусізқызы келгелі біраз мәселені шешіп берді. Қаржы береді, кейде техникамен көмектеседі. Негізінен көп мәселені өзіміз шешуге тура келеді. 

– Ол қандай мәселелер?

– Мәселен бюджеттен тыс бірнеше көпір салынды. Биыл тағы бір қиын мәселе туындады. Үлкен көліміз апатты жағдайда болды. Ауылға су басу қаупі төнді. Халықпен бірлестік. Кәсіпкерлер қолдады. Апаттың алдын алып, 450 куб топырақ төгілді. 2500 қаппен көлдің жан-жағын қоршадық. Мінеки, осы қыруар еңбектің арқасында ауылдарды апаттан алып қалдық. 

– Бұл дегенің үлкен ерлік қой! Бюджеттен тыс осыншама жұмыс атқару әкімнің белсенділігіне, ұйымдастыруына байланысты. Каналды тазартуда аудан әкімінің көмегін айтып өттіңіз. Бұл жерде халық пен кәсіпкерлердің де көмегі көп тиіпті...

– Иә, аудан әкімі бұл жерде белсенділік танытты. 12 шақырым каналдарды тазарту жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімі экскаватор берді, техникаларды жанармаймен қамтамасыз етті. Негізі біз каналдарды подхозға өткізгенбіз. Олар қозғалмады. Амал жоқ, жаңа өзіңіз айтқандай, ауыл тұрғындарын жұмылдырдық. Жалпы каналдардың арнасы қоқысқа толып қалыпты. Олардың арасында қазылғанына 50-60 жыл болғандары бар. Әсіресе төменгі жақтағы каналдардың проблемасы көп. 

– Енді нәтижесі қалай болды?

– Нәтижесі тамаша! Жылда егінжайға, ауылдың ішкі арықтарына су жетпей халық наразы болушы еді. Ал биыл халық дән риза. Жеріміз 3-4 реттен суарылды, мұндай аста-төк суарылым бұрын-соңды болмаған! – деп, Марат әкім көздері жайнап, жүзі шырайланып тұрды. 

Шынында да көптеген ауылдарда каналдар тазартылмағандықтан су дұрыс жүрмей, діттеген жеріне жетпей жатады. Ал мынау Марат әкім бастаған игі істен өзге әкімдер үлгі алу керек деп ойлаймыз. Осы тәжірибені, біздіңше, республикаға тарату қажет. 

– Өзіңіз биыл ғана әкім болып келіпсіз. Тыңдап отырсақ, қыруар шаруаларды іске асырып тастапсыз. Рақмет сізге! Халықпен сөйлесіп көріп едік, олар да риясыз көңілмен алғыс айтып жатыр. Олар тағы бір мәселені жеткізді. Бейіттер мен жолдарды да жөндепсіздер. 

-– Иә, оны ұмытып кетіппін ғой. Қасиетті мекенге бару үшін жақсы жол керек-ақ. Бейіттер негізінен тау бөктерінде орналасқан. Ол жаққа қыста көтерілу қиын. Міне осы мәселе жөнінде жергілікті тұрғындармен ақылдасып, жолды жөндеуге шешім қабылдадық.  Бұған, Асым мырза, өзіңіз де мұрындық болып, көп көмектестіңіз, алғысымыз шексіз! «Көп түкірсе – көл» демекші, ойға алған жұмыстарымызды жүзеге асырдық. Бейітке жол салынды, тау жолдары жөнделді. Әрине, жоғарыда айтылған игі істердің бәрін мен ғана емес, халықпен бірге істедік. Бұл жерде түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бізде бұрыннан келе жатқан кері түсінік бар. «Ауылдағы су, жол, тағы басқа жұмыстардың бәрін мемлекет, әкімшілік істеуі керек» деген. Бұл Кеңес өкіметі кезінде қалыптасқан пікір. Осы ойдың кереғарлығын түсіндіруге тура келді. Бұған ақсақалдарымыз да көмектесті. «Ауылым – алтын бесігім» деген сөздің мәнін түсіндірдік. Кемшіліктерді өзіміз жөндеуіміз керек. Ауылымызды өзіміз көркейтуіміз керектігін айттық. Осылай қыруар жұмыс аз ғана қаржымен ел-жұрттың көмегімен бітті. 

– Алда жоспарлар көп пе? Тағы қандай істер тындырылды?

– Айтпақшы, Биотехникалық институтпен меморандумға отырдық. Сөйтіп биыл 1100 көшет егілді. Сондай-ақ  Президентіміздің  «Таза Қазақстан» бағдарламасымен ауылымызды таза ұстауға тырысудамыз. Сенбіліктер ұйымдастырамыз.  Көшелеріміз, үйлеріміздің айналасы тап-таза болып тұрса, өзімізге жақсы емес пе? Мәдениет сарайының жоқтығын айттық. Кей ауылдарымызда медпункттер жоқ. Осыларды жоғары жаққа айтып та, жазып та келеміз. Болып қалар деген үміттеміз. 

Біз әкім Марат Абдикаровтың  мақсаттары мен ойларының жүзеге асуына тілектестік білдірдік. 

 

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ,

Асым СУЛАЙМАНОВ,

Алматы облысы Ұйғыр ауданы

30.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26623
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26058
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43448
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39232
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43851