Қазір бүкіл қазақ даласы мен қаласы «Құрылтай! Құрылтай! Құрылтай!» деп барабандатып, дабылдатып жатқандай көрінеді бейне. Әкімшілік, лауазымды орындарға шаруаңмен бара қалсаң, шенеуніктер: «Мына құрылтайды, сайлауды өткізіп алайықшы алдымен», – деп, абы кіріп, күбі шығып, басқаға мойнын бұрмайды. Па, шіркін! Бұрын депутаттар каникулға шығып ел-елді, жер-жерді аралап, рахаттанып демалатын. Олардан қалыспай министрлер де, лауазымды орындағылар да жазда бәрі күйбең тіршілікті ысырып қойып, бұ дүниенің қызығына шомылатын. Ал қазір олар бұл қызықтардың бәрінен қағылды.
Енді міне халық құрылтай сөзімен бірге елімізде бір ғажайып жаңалық болады деп күтті. 23 шілдеден бастап партиялар аттандап жаңалық күткен халыққа лап берді. Дегенмен елең еткізер жаңалық болып жатқан жоқ. Депутаттардың қасаң әңгімесі, жүзеге аспайтын жеке жоспары... Көпшілігі «Президентіміздің тапсырғанындай» деген сөздің төңірегінде ой-толғамдарын ортаға салып жатыр. Жаңашылдық жоқтың қасы. Жергілікті әкімшілік елді топырлата депутаттыққа үміткерлердің алдына иіріп әкеліп береді. Әрине, бұл жерде «Әділет» партиясының бәсі мықты. Аудиториясы да кең. Еңселері де биік. Маң-маң басып маңғаздана мінберге барып бұлбұлша сайрай бер, сайрай бер!
Осы баспасөз саласында жұмыс істеп жүргеніме 56 жыл болыпты. Кеңес өкіметі кезінде баспасөзге қалай қамқорлық жасағанын да жақсы білемін. «Мені құртқан көкшолақ» деп жырлағандай, тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ баспасөзі одан сайын өркендейді деп күттік. Шынын айту керек, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қазақ баспасөзінің саны алғашқыда күрт өсті. Бірақ қуанышымыз ұзаққа бармай, көп ұзамай солардың дені шаңырақтары шайқалып, күйрей бастады. Небір тамаша газеттер, журналдар жабылды.
Иә, қазақ баспасөзі белгілі заңгер, публицист, журналист інім Қажымұқан Ғабдолла айтпақшы, өліп барады. «Жазылым жүйесі күйреді, жарнама нарығы бөгде тілге ауды, тарату тарылды. Редакциялар шаршады, қаламгерлер қаламын тастап күнкөріс қамына кетті. Ал мемлекет мінберде тілді мадақтап, іс жүзінде сол тілдің баспасөзін тағдыр талқысына салды» дейді шындықты шырылдата, қақырата айтып Ғабдолла інім. Дұрыс, бұл шындық.
Ауыр кезеңді қазір біздің «Qazaqstan dauiri» де, тіптен өзге де қазақтың белді-белді басылымдары да бастан кешіп жатыр. Құр сүлдерін сүйретіп, бір-екі мың оқырманын көңілге медеу етіп жүрген оларға қарт журналист ретінде қатты жаным ашиды, жүрегім ауырады. Президентіміз кітап оқу жөнінде тапсырма берді. Тағы да шындықтың бетіне тура қарасақ, жастар қазір кітап, газет оқымайды. Жастарымыз надандықтың қараңғы құшағына кіріп барады. Оларды қалай қайтарамыз? Қазақ балалары орыс мектептерінде (оқушылардың 75 пайыз қазақ баласы) он мыңдап оқып жүр. Біз оларды қазақтығынан ғана емес, тілінен, салт-дәстүрінен айырдық. Оларды қалай құтқарамыз? Қазақ тіліміз әлі де жетімдік күйін шегіп, босағада отыр. Нан табатын, онсыз өмір сүре алмайтын дәрежеге қалай көтереміз?
Қазақ баспасөзі үнемі ұлт тағдырын, мемлекет тағдырын ту етіп көтеріп келеді. Біз газет басшысы Сәуле Мешітбаева бастап бірнеше рет редакторлармен дөңгелек үстелдер өткізіп, үндеу хат жазып төнген қауіпті айтып Президентімізге хат жолдадық. Ол үндеу хатты қайта-қайта жаңғыртып өңдеп жазып министрлердің де назарына ұсындық. «Ең болмаса елдегі кітапханаларға бір-бірден жаздыртуға жағдай жасаңыздаршы» деп зарладық. Зарымыз әзірге нәтижесін бермеді.
Рас, мен ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің саясатын қолдаймын. Әділетті Қазақстан құруды алдына нық мақсат етіп қойды. Мінеки, құрылтай сайлауы өтпек. Біздің газетіміз депутаттардың үнін жеткізу құқығына да ие емес. Неге бізді Сайлау комиссиясы бұл жүйеге қоспай отыр? Біз осыған түсінбейміз.
Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз «Тілі жойылған ұлттың өзі де жойылады» деді. Иә, тіліміз өшсе, бізді осындай қасірет бұлты күтіп отыр. Ұлт құрыса, мемлекетіміз де жойылады. Әрине, оның бетін әрмен қылсын! Бірақ ақиқат осы! Сондай-ақ сөзі әділ, еркін, қуатты баспасөз де ауадай қажет. Оған мемлекеттің қуатты қолдауы болмаса, баспасөз үні де өшеді. Журналистер қауымы менің осы сөзімді қолдайды деп сенемін. Өйткені кемедегінің жаны бір.
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ














