Өнеркәсіпте заманауи технологияларды қолдану, мемлекеттік және жекеменшік сектордың серіктестігін нығайту, халықаралық тәжірибені енгізу және экологиялық стандарттарды жетілдіру энергия тиімділігі саясатының негізгі басымдықтары ретінде қарастырылып отыр. Сондай-ақ елімізде энергия үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылуда.
Энергия тиімділігі, бұл – экономиканың барлық секторында ресурстарды оңтайлы пайдалану арқылы энергия тұтынуды азайтып, шығындарды қысқарту. Осыған орай Қазақстанның 2023 жылы қабылданған «Жасыл экономика» тұжырымдамасы және 2050 жылға дейінгі стратегиясының мақсаты – елдің энергия тиімділігін арттыруға бағытталған нақты шараларды қарастыру. Бұл саясат индустрия, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, ауылшаруашылығы және басқа да салаларды қарастырады.
Соңғы жылдары Қазақстанда энергия үнемдеуге қатысты бірқатар бастамалар жүзеге асырылды. Айталық, өндірістік кәсіпорындарда жаңа технологияларды енгізіп, энергия шығынын 30%-ға дейін кеміту қарастырылуда. Тұрғын үй-коммуналдық секторында энергиялық тиімді ғимараттарды салу және жылу оқшаулау жүйесін жақсарту жұмыстары атқарылуда. «Ақылды» жарықтандыру жүйелерін қосу арқылы электр энергиясының шығыны көшелер мен ғимараттарда 40%-ға дейін азайтылды.
Экономикалық тұрақтылық пен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы, бұл – энергия тиімділігі. Ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, болашақ ұрпақ үшін таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға осы өзгерістер мүмкіндіктер қалыптастырады. Бұл бағытта жүйелі реформалар жүргізу арқылы еліміз тұрақты дамуға қол жеткізуді көздеп отыр.
2025 жылға дейінгі энергия үнемдеу стратегиясы барысында Үкіметіміз бірқатар маңызды бастамаларды қолға алуда. Біріншіден, заңнамалық база қарастырылуда. Энергия тиімділігін реттейтін жаңа стандарттар мен талаптар бекітіліп, Кәсіпорындар мен тұрғын үйлер үшін энергия тұтыну көрсеткіштері қайта қаралып, энергия тиімділігін реттейтін жаңа стандарттар мен талаптар бекітілуде. Энергия менеджменті жүйесін енгізу 2027 жылға қарай барлық мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындарда міндеттелмек. Екіншіден, заманауи цифрлық технологиялар енгізіліп, электр желілерінің тозуын азайту және шығындарды төмендету қарастырылуда. Қазақстанда электр энергиясын автоматтандырылған бақылау және есепке алу жүйелерінің үлесі 2030 жылға қарай 80%-ға жетуі тиіс. Осы жұмыстар энергияны ысырап етуді азайтып, тұтынушыларға шығындарын оңтайландыруға жәрдемдеседі.
2030 жылға дейін елімізде жаңартылатын энергия көздерін 4%-дан асырып, көрсеткішті 15%-ға шейін асыру жоспарлануда. Көлік секторында да айтарлықтай жаңалықтар бар. Жанармаймен жүретін көліктердің орнына экологиялық таза көлік түрлерін пайдаланып, электр қуатымен жүретін қоғамдық көліктер саны көбейіп келеді. Сонымен қатар «жасыл энергетиканы» дамыту үшін күн мен жел электр стансаларының қуатын арттыру жұмыстары да атқарылуда.
Бүгіндері әлемдік қауымдастық экологиялық тұрақтылыққа, төмен көміртекті экономикаға және энергия үнемдеуге көңіл бөліп отыр. Қазақстанды энергетикалық ресурстарға бай ел дейміз, дегенмен де энергияны тиімді пайдаланып, барынша үнемдеу мәселесі алдыңғы орында тұр. Сондықтан еліміздің энергия тиімділігі саясатын дамытып, оны барлық салаға енгізу – басты міндеттердің бірі.
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ














