«ӘДІЛДІК – ТУЫМЫЗ, ТАТУЛЫҚ – ТҰҒЫРЫМЫЗ»

«ӘДІЛДІК – ТУЫМЫЗ,  ТАТУЛЫҚ – ТҰҒЫРЫМЫЗ»

Еліміздің ертеңіне жауапты тарихи маңызға ие тарихи кезеңде тұрмыз. Еліміз ірі қоғамдық-саяси өзгерістердің, дәлірегі жаңаша даму даңғылының табалдырығында тұр.

Партиямыздың «Әділет» деп аталуының өзі кездейсоқ емес. Әділет, яғни әділдік – ұлтымыз үшін сонау дала заңынан басталған киелі ұғым, қанға сіңген қасиет. Ұлтымызды ұлт етіп ұйыстырып, жұрт ретінде жұмылдырған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысының» басты қағидасы да әділдік болды. Қазақта ғана емес, әлемдегі алғашқы құқықтық құжат қатарынан саналатын олар әділдікті ту етіп, тұтастықты тұғыр еткен алғашқы Ата Заң қызметін атқарды. Ұлтымыздың бас биі дәрежесіне көтерілген Төле би бабамыз да «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, әділдікті – қару, ақиқатты – алдаспан етті. Ата-бабамыз әділ биге жүгініп, әділ билікке тоқтай білген. Ұлты үшін жанын құрбан еткен кешегі Алаш арыстары да әділдікті басты ұран етіп алды. Ата-бабаларымыз аңсаған, талап еткен Әділетті Қазақстанды құру енді, міне, аға буын – біздердің борышымыз, болашағымыз – жастардың міндеті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған әр Жолдауында әділдікті алдыңғы орынға шығаруды үрдіске енгізді. Президентіміз айтқан «Әділетті Қазақстан» идеясы – бұл жай ұран емес, халықтың жүрегіндегі ең басты сұраныс. Бүгінде қоғамға құлшыныс, санаға сілкініс әкелген «Заң мен тәртіп» қағидаты да әділетті, қауіпсіз, тұрақты қоғам құрудың басты мемлекеттік бағдарына айналды. Ғасырлар бойы басты құндылығымызға айналған әділет ұғымын әрі қарай жалғай отырып, дамудың жаңаша жолына түсу – «Әділет» партиясының да негізгі, басым бағыттарының бірі саналады.

Бүгінгі күн – білектің емес, саналы, парасатты ақыл-ойдың заманы. Ал әділдік пен ақыл-ой, парасат ұштасқан кезде сапалы дамуға жол ашылады. Сол себепті, саналы тәрбие мен сапалы білімге айрықша көңіл бөлуіміз керек. Ол алдымен әрбір отбасыдан бастау алып, балабақшада жалғасып, мектепте кемеліне жетуі тиіс. Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» ұраны әлі де маңызға ие. Әлем елдері космостық жылдамдықпен дамып жатқанда біздерге ұйқылы-ояу отыруға болмайды. Мемлекет басшысының да ұдайы еске салып отырғаны осы білім мәселесі. Жасанды интеллекттің мүмкіндігін молынан пайдаланып, заманауи технологияны мықтап меңгеру – заман талабы. Қазақтілді ЖИ моделін мемлекеттік деңгейде дамыту кезек күттірмейді. 

Әділдік қағидатын өміршең ету үшін, сонымен қатар, заңның баршаға ортақ екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдеу маңызды. Рас, халықтың құқық қорғау, тергеу органдарына, сот жүйесіне сенімінде алаңдаушылық бар. Осы мақсатта халықтың құқықтық сауатын арттыру маңызды. Ол үшін әрбір ауданда тегін заңгерлік көмек көрсететін «Әділет пункттерін» көбейтудің тиімділігі көп болар еді.

Президент айтып жүрген еңбек адамының абыройы мен әл-ауқатын көтерудің маңызы орасан. Еңбек адамының еңбегі әділ бағаланып, лайықты құрметтелсе, қоғамда даму үрдісі жедел жүретіні түсінікті. Мұғалім, дәрігер, жұмысшының жалақысы мен әлеуметтік пакеті біздің басты бақылауымызда болуы керек. Жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, әлеуметтік лифт қалыптастыру да партияның өзекті мәселелерінің бірі екені талас тудырмайды. Сайып келгенде, біздің мақсат – салтын сақтаған, білімін шыңдаған, технологияның тілін мықтап меңгерген әділетті ұрпақ тәрбиелеу.

«Әділет» партиясының алғашқы жиыны қасиетті Түркістаннан басталуы жақсылықтың нышаны деп есептеймін! Қоғамда әділетсіздік белең алса, білім мен ғылым да, экономика да өркендеп дамымайды. Әділет жолында күресу – баршамыздың ортақ борышымыз! 

Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ,

Түркістан облыстық ардагерлер

 кеңесінің төрағасы

30.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26623
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26058
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43448
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39232
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43851