Корпоративтік рәміздер – ұйымның бірегейлігі мен құндылықтарын бейнелеп, имиджі мен стилін қалыптастыратын рәміздер жүйесі. Олар компанияның танымалдығын арттырып, корпоративтік мәдениетті нығайтуға және қоғаммен тиімді байланыс орнатуға ықпал етеді.
Корпоративтік рәміздердің түрлері:
1) Логотип – мәтін мен графикалық элементтердің үйлесімінен тұратын фирмалық таңба. Ол компанияның нарықтағы бірегейлігін қамтамасыз етіп, танымал имиджін қалыптастыруға бағытталады. Мысалы, Samruk-Kazyna, Qazaq Air, Kaspi.kz, Halyk Bank және т.б.
2) Корпоративтік түстер – компанияның эмоциялық, мәдени және психологиялық бейнесін айқындайтын түстік шешімдер жиынтығы. Мысалы, көк түс – сенім мен тұрақтылықты (банктерде жиі қолданылады), қызыл түс – энергия мен белсенділікті (Kaspi.kz), жасыл түс – сенімділік пен қаржылық тұрақтылықты (Halyk Bank) білдіреді. Түстердің негізгі мақсаты – визуалды тұтастық пен брендтің есте сақталуын қамтамасыз ету.
3) Ұран (слоган) – компанияның миссиясы мен философиясын қысқа әрі ықпалды сөз тіркестері арқылы білдіретін коммуникациялық құрал. Мысалы, Kaspi.kz – «Жеңіл өмір үшін!», Beeline – «Жеңіл әрі тиімді!», Freedom – «Біздің еркін таңдауымыз». Ұран компанияның құндылықтарын қоғамға жеткізу және сенімділік қалыптастыру функциясын атқарады.
4) Корпоративтік стиль және киім – қызметкерлердің бірыңғай сыртқы келбетін, ұйымның ресми құжаттарын, кеңсе безендірілуін, визиткалар мен брендбуктарды қамтитын жүйе.
Оның мақсаты – ұйымшылдықты арттыру, кәсібилік пен іскерлік бейнені нығайту.
5) Компания кеңістігінің визуалды бейнесі – ғимараттың сыртқы және ішкі дизайны, ресепшн аймағы мен витриналардағы логотиптер арқылы корпоративтік мәдениетті кеңістіктік деңгейде көрсету. Бұл элементтер ұйымның беделі мен эстетикалық тұтастығын қамтамасыз етеді.
6) Брендтік өнімдер мен сыйлықтар – логотип бейнеленген қалам, блокнот, киім, кружка сияқты фирмалық атрибуттар. Олар жарнамалық және PR мақсатында қолданылып, клиенттер мен серіктестер арасында оң имидж қалыптастыруға бағытталады.
7) Корпоративтік құжаттар стандарты – фирмалық стильге сәйкес әзірленетін қызметтік хаттар, келісімшарттар, есептер мен басқа да ресми құжаттар үлгісі. Бұл стандарттар кәсіби имиджді қалыптастыруға, ресмилік пен тәртіпті сақтауға мүмкіндік береді.
Қосымша деректер:
1) Орақ, балға, бидай сабағы, атып келе жатқан күн шапағы, қызыл жұлдыз – СССР гербтерінің ең басты атрибуттары болды. СССР гербтері коммунизм идеясының негізін қалаған Карл Маркс іліміндегі «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранды жазуға міндеттелді.
2) Совет заманындағы көсемдердің есімінен Мэлс (Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин), Марлен, (Маркс, Ленин) Вилжан, (Владимир Илич Ленин), т.б. ат қою үлгісі орын алды.
Айдын РЫСБЕКҰЛЫ
Суретте:
Павлодар облысының өңірлік рәмізі
Ескерту:
Мәдениет және ақпарат министрлігінің Сараптамалық кеңесінен өтпеген














