Зияткерлік мектептен — әлемдік университетке

Зияткерлік мектептен — әлемдік университетке

   Оралдық түлек Ғибрат Сағадат Ұлттық бірыңғай тестілеуден 138 балл жинап, ұстаздары мен ата-анасын қуантты. Назарбаев зияткерлік мектебін тәмамдаған Ғибраттың ендігі арманы — бүгінгі цифрландыру дәуірінің қажетіне жарайтын IT саласының маманы атану.  

     Ғибрат Ерланұлы еліміздегі дарынды балаларға арналған Назарбаев зияткерлік мектебіне 2020 жылы жоғары білім көрсеткішімен оқуға қабылданған еді. Заман талабына сай үш тілде білім беретін зияткерлік мектеп жаратылыстану-математика бағыты бойынша физика , математика , химия және биология пәндерін тереңдетіп оқытады. Өскелең ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына жан-жақты жағдай жасалған білім ордасы заманауи зертханалық және интерактивті мультимедиялық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Мұның өзі —оқушылардың алған білімдерін толыққанды меңгерулеріне таптырмас мүмкіндік. 

     — Менің осындай деңгейге жетуіме №21 ЖОББ мектебіндегі ең алғашқы ұстазым Тілекші Сапарқызының сіңірген еңбегі зор деп білемін. Алғашқы ұстазымды маған әріп үйретіп, білімге деген құштарлығымды оятып, алдағы өміріме бағыт-бағдар беріп, болашағыма жол ашқан ардақты тұлға деп білемін. Себебі оқушының мектеп қабырғасындағы сәтті қадамы мен жеткен жетістіктері көп жағдайда алғашқы ұстаздың біліктілігі мен тәжірибесіне байланысты болатыны белгілі. Ал зияткерлік мектептегі оқытушылар менің бойымдағы қабілетімді одан әрі ұштап, білімімді тереңдетіп, тұлға болып қалыптасуыма бар күш-жігерлерін аямады. Солардың қатарында математика пәнінің мұғалімі Жанар Серікқызы мен информатика пәнінің оқытушысы Айсұлу Арыстанқызын ерекше атап өткім келеді. Мінекей, осы ұстаздарыма бізге деген қамқорлықтары мен сарқылмас еңбектері үшін шексіз ризашылығымды білдіремін, — дейді дарынды түлек. 

     Ғибрат мектепте білім ала жүріп, өзінің таланты мен дарынын түрлі білім додаларында көрсете білді. Талапты шәкірт — Мәскеуде өткен халықаралық математика және жобалау сайысының жеңімпазы, туған тілі мен мәдениетін насихаттау бағытындағы республикалық хакатонның және Computational thinking бағыты бойынша «Дарын» республикалық олимпиадасының бірінші орын иегері. 

     Болашаққа нық қадам жасап отырған кейіпкеріміз өмірдің талабына сай мамандықты таңдауға ұмтылуда. — Жалпы күнделікті өміріміз жаңа сапаға ауысып, ақпараттық технологияға бейімделуде. Сондықтан мен де IT саласын таңдап отырмын. Бұйырса, Астана қаласындағы Ұлыбританияның жетекші зерттеу университеттерінің бірі — Cardiff University Kazakhstan филиалының студенті атанатын боламын, — деді Ғибрат Сағадат.

     Біз де өмірдің тағы бір белесіне бет бұрған жас түлекке ақ жол демекпіз. Есіміне сай ғұмыры да ғибратты болып, тәуелсіз еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосатын білікті маман иесі боларына сенімдіміз. 

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

БҚО, Орал қаласы

29.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26132
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25584
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42977
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38787
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43375