«Соғыс» ойыны

«Соғыс» ойыны

Әлі күнге есіме түссе денем түршігеді, балалық-шалалық ісімізге... (Естелік үшін айта салғалы отырмын, әйтпесе мақтан тұтар, кейінгіге үлгі етер дүние емес...).

9 май мерекесі қарсаңы болатын. Бір топ бала «тақ-тақ» аталатын соғыс ойынын басқа арнаға бұрдық. Мақсатымыз – шынайы соғысып көру. Сөйтіп шын соғыстың қалай болатынын сезіну.

Мұндай байламға келуге «соғыс ойынында» кімнің жеңгенін анықтау қиынға соғатыны себеп болды. Қолымыздағы автомат, пулеметтен атқан «оғымыз» бір-бірімізге дарымайды. Таңның атысы, күннің батысы босқа әуреге түсеміз. Екі жақтан ешкімнің «өлгісі келмейді». Оның арты дау-дамайға ұласады. Нақты дәлел болмағасын, тіпті қиын екен...

Ал егер шын «соғыссақ», кімнің «өлгенін» білу қиынға соқпасы анық. Бұл бастаманы көтерген бізден үш-төрт жас ересек Қараған. Мұрты тебіндеп қалған бозбала болса да, бізбен ойнағанды ұнатады. Шығармайтыны жоқ. Көбіне тың идеяны «дүниеге» Қарекең әкеледі.

8 мамыр күні кешке ауылдың бір топ қара домалағын Қарекең ауылдың іргесіндегі «штабқа» жинады. Штабымыз – малшылардың қыстағы. «Қару-жарақ», өзге де керек заттың бәрі осында тұрады. Алдымен Қарекең ертеңгі болатын соғыстың «картасын» сызды. Он шақты баланы бес-бестен екіге бөлді. Бір тобымыз партизан, екінші тарап – неміс десанттары. Катон қораға «партизандар» орналаспақ. Неміс десанттары оларға шабуылдамақ. Ертеңі – 9 май. Жеңіс күні. Қарекең осыны есімізге салып, ертеңгі соғыстың «жауапкершілігі» жайлы қысқаша айтып өтті. 

«Бұған дейін құр ағашты қару етіп соғысып келдік. «Тақ-тақ» дейміз, бірақ ешкім «жарақаттанбайды», ешкім «өлмейді». Бұл соғыс па? Нағыз соғысты кинодан көргенге мәзбіз. Әне, кинодағы біз секілді балаларды қараңдаршы, қолдарында граната, иықтарында автомат. Жау тылында жүр. Біздің жүрісіміз мынау селтең-селтең етіп. Өтірік ойынға малданып. Олар біз тәрізді әке-шешесіне жылап бармайды ешқашан. Әр істері құпия. Балалар, айтайын дегенім, ертеңгі біздің соғыс ойынымыз өте қауіпті болмақ. Бәлкім жарақаттанып қалуымыз да мүмкін. Бұған тек ерлер ғана шыдайды. Басымызға қандай күн туса да – тірі жанға айтпасқа алдымен ант берейік» деді.

 Ант беру – Қақаңның шығарған заңы. Ол үшін бас бармақты шынымен, болмаса пышақтың өткір жүзімен тіліп жіберіп қан шығарамыз. Ол қанды Қақаңның бармағындағы қанға басамыз. Бұл – серт! Сертті бұзған оңбайды!

Ант босқа берілмейді. Демек, ертеңгі соғыс ойыны – қауіпті деген сөз! Балалық әуестікпен Қақаңның аузына қарап отырмыз. Ұққанымыз: ертеңгі соғыстағы суық қаруымыз рогатка болмақ. Кәдімгі жуан сымнан арнайы иіп жасалған, резинкамен екі басы бекітілген – рогатка. Мұнымен көбіне қарға-құзғындарды атып ойнайтынбыз. Бос  бөтелкелерді   тізіп  қойып сындыратынбыз. Бірақ адам атып көрмеппіз. 

Рогаткаға оқ – қара сымнан иіп жасалады. Өте қауіпті. Ертеректе көрші ауылдың балалары бір-бірімен бәстесіп, мергендіктерін дәлелдеу үшін желіде байлаулы тұрған күрең қасқа биенің «қасқасын» нысана қылып дәл атып тигізбек болғанда, темір оқ мүлт кетіп, күрең биенің көзін ағызып түсіргенін естігенбіз. Үлкендер де бұл «суық қарумен» ойнауға шектеу қойған. Біліп қалса аямасы белгілі.

Қақаңның бізге ант бергізуінің мәнісі тереңде жатқанын осыдан-ақ біле бер!

Ойын шарты бойынша әр балаға отыз «оқтан» берілмек. Оны Қақаң өзі үлестіреді. Яғни, әр «оқты» орнымен пайдалану керек. Әйтпесе «пленге» түсесің, болмаса қаңғыған оқтың құрбанына айналасың.

Қас қарая бір топ бала рогаткамызды сайлап, оқтарымызды «майлап», штабтан шығып, үй-үйімізге тарадық. Таң да атты. Уәде бойынша «штабқа» жиналдық. Мен неміс десанттары құрамында катон қорадағы партизандарға қарсы «соғыспақпын». Және командирмін. Басшымыз Қараған партизандар құрамында. Әйда, атыс басталды. Темір оқ – екі жақтан да қарша борап жатыр. (Қазір ойласам зәрем ұшады). Бір кезде катон қораның терезесінен қарап қалған бір баланың жан дауысы шықты. Бұл оның «оққа ұшқанының» белгісі. Ыңғайлы жерге жасырынып алған мен әр оқты есеппен атып қоямын. Біздің жақтан да бір-екі балаға темір оқ тисе керек, жылап жүр.

Айқастың орта тұсында екі жақ аңдысып біраз жаттық. Бір кезде мойнымды созып қарасам, катон қораның есігінен партизандардың командирі Қараған еңбектеп боқатқа қарай беттеп барады. Жап-жақын жер. Дәлдеп тұрып аттым. Темір оқ жамбасына тисе керек, айқайлап жіберді. Шаруасы бітті деген сөз. Мәз болып орнымнан тұра бергенде сол жақ шекем ду ете қалды. Шынымды айтайын, талып түстім.

Есімді «штабта» жидым. Басым қан-қан. Балалар үрпиісіп тұр. Олардың да оңып тұрғандары шамалы. Бірінің темір оқ көзінің астына қадалған. Сәл болмаса көзін ойып түсіргендей екен. Енді бірінің қолы, тағы бірінің маңдайы жарақат. Басшымыз Қараған жамбасын сипалап қояды...

Бұдан кейін мұндай «соғыс ойынын» ойнаған емеспіз. Құрысын. Рогаткамен «соғысқанда» көрген күніміз мынау болса, шын соғыстағы хәлді көзге елестету қиын-ау. Бала жүрек соны сезінді.

Айтайын дегенім, кино ол – өнер. Ол жерде бәрібір шынайылықтан алыс. Көп адамдар киноға қарап соғысты өздерінше бағалап жатады. Бұл дұрыс емес. Соғыстың қасіретін шын бастан кешкен адам ғана сезіне алады.

Мысалы, кешелі-бері теледидардан соғыс жайлы кинолар көрсетіліп жатыр. Қарап отырсаң бәрі ғажап. Бәрі батыр. Қайтпас қайсар. Өйткені сценарий бойынша солай. Ал шынайы өмірде бәрі басқаша. Оны бастан кешу керек. Сонда ғана түсінесің. Алла Тағала шын соғыстың бетін әрі қылсын!

Мектепте оқып жүргенде омырауы орден-медальға толы бір ардагермен кездесу өткізгеніміз есіме түсіп отыр. Сонда ол кісі: 

– Киноға көп сене бермеңдер, қарақтарым. Ондағының көбі өтірік. Қолдан батыр жасау ғана. Шын соғыста алда не болатынын ешкім білмейді. Қарша жауған оқ астында жүгіріп жүргендерді көргенде күлкім келеді. Танкінің астына кіріп кетіп, артынан граната лақтыратындарға қайран қаламын. Ондай нәрсе болған емес. Өтірік қой, – деп еді. Сол кісінің сөзінің жаны бар секілді...

 

Нағашыбай Қабылбек
25.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26000
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25451
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42849
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38671
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43246