Бірде белгілі журналист, қаламгер, дарынды күйші, композитор, республикалық саяси-қоғамдық, ғылыми-танымдық әмбебап ұлттық басылым «Ақиқат» журналының бас редакторы Дәуіржан аға Төлебаевпен әңгіменің сәті түсіп еді. Осындай сырлы сұхбатқа себеп болған да Сержан аға, белгілі баспа және мәдениет менеджері, сценарист, әдебиет сыншысы, қаламгер, Рақымжан Отарбаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Сержан Сәрсенбай.
Осы көктемнің демалыс күндерінің бірінде Медеудегі Мұзтау шатқалының (Іле Алатау мемлекеттік ұлттық қорығы) Алматының сәуірдегі сұрғылт бұлттарын жамылып, тамылжыған табиғаттың құшағында біз үшеуара әңгіме-дүкен құрдық. Әңгіме мен күй сазының айтушысы да, орындаушысы да, бас кейіпкері де Дәуіржан аға. Сержан аға екеуміз аракідік әңгімеге араласқанымыз болмаса, әңгіме мен саздың тыңдаушысы болдық. Ал мен смартфонымның дыбыс жазғышына ағаның әңгімесін және қасиетті қара домбыраның шанағынан төгілген күйді де жазып алып отырдым.
Әңгіме-дүкен бірнеше сағатқа созылды. Тағылымға толы рухани әңгімеге куә болдым. Әңгімеге арқау болған сонау Алтай өлкесіндегі Құлынды даласы. Оның арғы-бергі тарихы мен географиясын, демографиясын, руханиятын, бүгінде Ресей Федерациясына қарайтын Алтай өлкесіндегі этникалық қазақтың кешегісі мен бүгіні, сол өлкеден шыққан қазақ интеллигенциясы да тыс қалмады. Біздің ортақ әңгімемізге тамыздық болған да Ертіс-Баянауыл өңіріне аты мәшһүр қаламгер, журналист, жазушы, өлкетанушы ғалым, көрнекті дін қайраткері Жұмат (Жұмажан) Төлебаевтың «Ана жұртым Ресей, Ата жұртым Кереку мен Семей» деп басталатын эссе-мемориалдық толғау кітабын қызыға оқып шыққанымыз еді.
Кітапты аса бір құштарлықпен, терең тебіреніспен оқыдық. Кітап осыдан жиырма неше жыл бұрын Керекуден басылып шыққан екен. Ол кітаптың тақырып аясы кең. Ел мен жердің тарихын, шежіресін, географиясын, өңірдің тыныс-тіршілігін тереңінен толғаған Дешті Қыпшақ даласының бір шеті саналатын Құлынды даласынан тартып, Кереку-Семейдің шежіресін шерткен бұл кітап тарихи тұлғалармен сабақтасып жатқан әңгімелер негізінде айшықталады. Сонау Алтай өлкесіндегі Құлынды даласында қыпшақтар арасында өмірге келіп, сонда ат жалын тартып мінген, Кереку-Семейде тұлға болып қалыптасқан журналист, жазушы, өлкетанушы ғалым, көрнекті дін қайраткері Жұмат (Жұмажан) Төлебаев кім еді?

Анажұрттан атажұртқа...
– Ардақты әкеміз арамызда болса, биыл 15 маусымда сексеннің сеңгіріне шығар еді. Алайда тағдыр оған бұл белесті көруге жазбапты. Осыдан үш-төрт жыл бұрын, яғни 2022 жылы 76 жасында өмірден озған асқар тау әкенің, аяулы қаламгердің жарқын бейнесі, өнегелі өмірі, артында қалдырған рухани мұрасы Мұқағали ақынның «Өшеді өлең немесе көшеді өлең» дегеніндей, мәңгілікке көшіп барады. Бізге осы үлкен жұбаныш, – деп бастады әңгімесін.
– Әкемнің азан шақырып қойған аты Жұмажан еді. Мүмкін айналасындағы ағайын айтуға оңай болсын дегені ме екен, бұл жағы маған беймәлім, ел ішінде Жұмат аталып кетіпті.
Жұмат Төлебаев дейтіні содан болатын. Біздің атамекеніміз атақты Алтай өлкесі, өз заманында Дешті Қыпшақтар ат ойнатқан Құлынды даласы. «Айналайын атамекен, ақ мекен, қандай қазақ іздеп сені тапты екен» деп тағы да Мұқағали ақын жырға қосқан атамекен – айналайын Алтай Құлынды даласы кейінгі замандарда әртүрлі саяси-тарихи себептермен Ресей Федерациясына өтіп кеткені болмаса, бұл да қазақтың жері, қазақтың топырағы емес пе? Онда менің ата-бабамның ата бейіті жатыр.
Жұмат (Жұмажан) Төлебаев 1946 жылдың 15 маусымында Дешті Қыпшақ даласының бір шеті Құлынды даласында, Алтай өлкесінде, бүгінгі адреспен әдіптесек, Ресей Федерациясы Алтай өлкесі Борла ауданына қарасты Октябрь ауылында орташа ауқатты отбасында дүниеге келді. Айтқожа атам ескіше сауаты болса керек. Алғашқы сауатын ескіше ашқан әкем бала кезінен зерек, алғыр, құймақұлақ болыпты. Атасынан ескіше әңгімелермен елдің шежіресін құлағына құйып өседі. Ұлының есейе келе елдің, жердің тарихына қалам тартуына себеп болады. Оның балалық, жасөспірімдік шағы сол Новосібір облысы Алтай өлкесінің Октябрь ауылында өтті. Онжылдықты Қарасарт орта мектебінде бітіріп, ат жалын тартып мінген талапты жас 1967 жылы Қарағанды педагогика институтының филология бөліміне қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығына түсіп, содан бір жылдан кейін, яғни 1968 жылы Н. К. Крупская атындағы Семей педагогикалық институтына ауысып, бағына орай ұстазы атақты Қайым Мұхамедқанұлының курсына түседі. Ұлы ұстаздан тәлім алып, жақын араласады. Қазақ ғылымының көрнекті өкілдеріне айналған әдебиетші ғалым Қуандық Мәшһүр-Жүсіпұлы Көпеев, философ Ғарифолла Есім ол кезде жас ұстаздардың қатарында болады. Осындай аға ұрпақ пен орта және жас буын сабақтастығындағы білікті ұстаздар арқылы ғылымдағы, өмірдегі бағыт-бағдарын айқындай түскен болашақ педагог-ұстаз Жұмажан Айтқожаұлы оқу бітірген соң, сонау 1972 жылы сол кездегі қалыптасқан дәстүр бойынша Павлодар облысының Баянауыл ауданына жолдамамен аудандық білім бөліміне инспектор маман болып келеді. Ол Баянауыл өлкесіне жалғыз келген жоқ, бұл кезде әкем Семей облысының Абай ауданы Қайнар ауылының тумасы, Семей медициналық институтының (қазіргі Семей медициналық университеті) емдеу бөлімінде оқып жүрген анам Зайтуна Нұғыманқызымен көңіл жарастырып, студенттік шағында шаңырақ көтерген еді. Әке-шешесінен жастай қалып, ауылдан келер көмек жоқ, өзінің еті тірілігінің арқасында оқи жүріп жұмыс істеп, жұмыс істей жүріп, үйлену тойын да өзі жасайды. Бойында рух, қайсарлық мінез, ойға алған мақсатына жетпей қоймайтын қайраттылық әкемнің бойында мол еді. Еңселі, иықты, келбетті сымбаты көркіне сай әкем палуан денелі, ірі тұлға болды. Анам Зайтуна Нұғыманқызы арғыннан тарайтын қаракесер руының қызы. Ата-анасы көзі ашық, көкірегі ояу адамдар болған. Әкесі, ҰОС ардагері Нығыман Нәбиұлы орыс тілі маманы, ал анасы Рәмия Ысқаққызы өз өлкесіне белгілі математик еді. Бұл кісілер Медеу Сәрсеке секілді белгілі тұлғаларға дәріс берген екен. Бұл Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында болса керек.
Әкем мен анам еңбек жолдарын Баянауыл аудан орталығынан бастайды. Анам дәрігер болады. Баянауылда тәжірибе жинаған соң, Лебяжі ауданында қызметтерін жалғастырады. Жалпы, әкем елмен араласқанды, киелі адамдардың табанының ізі қалған жерлерде ғұмыр кешуге ерекше мән берді. Содан болса керек, Қаз дауысты Қазыбек, Тәттімбет, Мәди Бәпиұлы тәрізді атақты тұлғалар өмір сүрген Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданына қоныс аударып, отбасымызбен біраз жылдар Егіндібұлақ, әйгілі Үшқара тауының етегіндегі Айрық ауылында тұрдық. Содан болса керек, менің домбыра мен күй өнеріне жақын болуым, үлкен ағам Аянның шешендік өнерге ден қойып, сегіз-тоғыз жасында бүкіл елді аузына қаратып, ұзын-сонар жырларды жатқа оқуы, ортаншы ағам Дәрменнің спортшы болып ер жетуі де әкемнің ұлағатты тәрбиесінен еді. Жалпы, ұстаздықты да, қаламгерлікті де қатар алып жүрді. 1963 жылдан бері республикалық, облыстық газет-журналдарда үзбей мақалалар жариялады. Павлодар облысы Ақшиман ауылында мектеп директоры, Май ауданында екі тілде шығатын «Шамшырақ-Маяк» газетінің бас редакторы болған жылдарында да өнімді қызмет етіп, жетекшілік жасаған салаларының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Май ауданындағы көмір кен орнының барлығы туралы алғаш рет мақала жариялады. Бұл кен орнында қазіргі таңда көмір өндіріліп келеді. Анамыз Май аудандық инфекциялық аурулар бөлімін басқарды.

Қалам жетпеген жол
Еліміз тәуелсіздігін жариялаған тұста, дініміз оралғанда әкем имандылық жолын түсіп, құран үйреніп, шариғат ілімін меңгерді. Діни білімі бар имамдардың алдынан өтіп, құран оқу қирағаттарының сауатты болуына ерекше мән берді. Жадысы мен зердесінің мықтылығына қайран қалатынбыз, қысқа мерзімнің ішінде «Ясин», «Бақара», «Мүлік» сияқты ұзақ сүрелерді жаттап алды. Тілге шешендігі бар, білім мен парасаты мол әкемнің дін жолына бет бұруы, діни қайраткер ретінде ел-жұрттың сый-құрметіне бөленуі, «Жұмат молда» атануы да тегіннен-тегін емес еді. Өйткені, діни санасы бала кезінен қалыптасқан. Аталарының барлығы да намаз оқыған жандар. 2006 жылы қажылық парызын өтеп, әкбар қажы атанып қайтты. Әкемнің жаназаларды өткізіп, астарды басқаруы, бата берулерінің өзі де бір ерекше мектеп еді. Бүгінде астар мен жаназаларға барғанымда әкем сияқты сөйлейтін, әкем сияқты жүргізетін, бата беретін жандарды іздеп тұрамын. Бірақ, ондай жандар сирек екенін байқаймын.
Жалпы, елу жасынан кейін барлық шығармашылық қуатын сарқа жұмсауға ден қойды. Діни-қоғамдық қызметімен қатар тарих, шежіре, өнер мен мәдениет, әдебиет салаларында көптеген еңбектер жазды. Шығармашылықпен белсенді түрде айналысты. Республикалық көлемдегі мерзімді басылымдардағы жарияланған мақалаларын айтпағанда, оннан астам кітап жазып қалдырды. Әкемнің қаламынан туған он бір кітабы бар. Олар: автобиографиялық бағытта жазылған, өздеріңіз оқыған «Ана жұртым – Ресей, Ата жұртым – Кереку мен Семей...», қажылық сапардан оралған соң жазған «Әкбәр хажылардың Меккеге сапары», ел ішіндегі тұлғалар туралы «Жақып сынықшы», «Перзент парызы», «Ұстаздың ісі – мәңгілік», «Режиссер Қадыр Хамзин», «Бәкі Басарұлы» очерк кітаптары, Естай мен Қорланға арнаған «Қосылмаған қос ғашық» прозалық туындысы, қасиетті Түркістанға барған соң жазған «Түркістан сапары», 1931-33 жылдардағы ашаршылық кезінде арып-ашып келген қазақтарға мейірім мен жылуын танытқан орыс ауылдары туралы жазған «С русскими дружим давно» атты еңбегі, науқастанып жүргеніне қарамастан жазған «Кереку өңірінің дін тарихы мен моллалары» зерттеу дүниесі толық аяқталмаса да көзі тірісінде жарық көріп, қолына ұстаған соңғы кітабы болды. Әкемнің бір ерекше атап өтерлік қасиеті, орыс тілін сауатты білсе де, аударма жұмыстарымен де еркін шұғылданса да, өмір бойы қазақша сөйлеп өтті. Орысша сөйлеуге соншалықты құлықты болмады. Иә, оның өмір жолы тұтас бір дәуірдің шежіресі іспетті. Ағартушылық, жазушылық, журналистика, дін қайраткерлігі, азаматтығы – бірін-бірі толықтырып тұрды. Елге сыйлы азамат ретінде Мұхит Омаров, Байтұяқ Жанымбет, Бақыт Баймұратов, Шолпан Байғалы, Арман Қани, Қайыргелді Тоқтамысов, Юрий Поминов, Ирина Лиссовская, Ғалымбек Жұматов, Қайыр Жүнісқалиев секілді белгілі тұлғалармен шығармашылық байланыста болды. Көрнекті философ, ғалым, академик Жабайхан Әбділдиннің әкесі Мүбарак ақсақал бастаған ел ағаларының көзін көрген, өнегелі әңгімелерін тыңдап, осындай ел ішіндегі парасатты, сыйлы ақсақалдардың ықыласына бөленген. Сол 1980 жылдары елде жүргенде Жабайхан Әбділдин ағасы Алматыға аспирантураға шақырып, ғылыми тақырып алып, диссертация қорғау туралы ұсыныс жасайды. Бірақ, бұл ойын жүзеге асыруға тіршілік барысы, күнкөріс қамы, уақыт тапшылығы ырық бермеді. Алматыға барып ғылыммен айналысу оның маңдайына жазылмаған бақыт еді. Атақты Шерағаң, классик жазушы Шерхан Мұртаза айтпақшы: «Бір кем дүние». Ол 1990 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болды. Сұхбат барысында үнемі кейіпкерімнің әкеге деген, әрі алыста қалған шекараның арғы жағында жатқан ата-баба топырағына деген шексіз сағынышы, оған деген перзенттік махаббаты бізді бейжай қалдырмады. Әкесінің өмірінің соңғы жылдарында жасап кеткен айтулы ісін Дәуіржан аға ерекше тебіреніспен айтты. Ол – үлкен аумақты алып жатқан ата-бабалар зиратын сыртынан түгелдей қоршауы. 300 шақырым жерден құрылыс материалдар тасып, бүкіл шаруаның басы-қасында жүруі ата-бабаларының алдында өтеп кеткен бір парызы болған екен.
Асқар таудай әкесі туралы Дәуіржан аға толқып отырып сөйледі. Ішкі сезімі буырқанып, өзі өнерпаз, сезімтал жігіттің кірпігін ұсақ-ұсақ жас тамшылары жуды. Мен нәзік әйел заты болғандықтан ба, ішкі жан толқынысымды жасыра алмадым. Сержан ағама қарасам, ол да ішкі сезімін білдірмеуге тырысады. Ол шетте туған қазақтың баласы. Аспантаудың арғы бетіндегі туған жерін ол да еске алып отырғанға ұқсайды.
Өзіңіз білесіз, бұл Алтай өлкесі Керекумен шекаралас жатыр. Арасын қызыл сызық бөліп тұр. Шекара демекші, бірде қазақтың шоң ақыны Нұрлан ағаның (Нұрлан Оразалин) өлеңін оқыған едім.
Шекара
Шекараның ар жағы да – біздің жер,
Шекараның бер жағы да – біздің жер.
Алтай менен Тәңіртауды бойлатып,
Батыс! Шығыс! Қалай қиып, үздіңдер?!
Шекараның ар жағы да – елік-қыр,
Шекараның бер жағы да – елік-қыр.
Ой жеткенмен, тіл жетпейді айтуға,
Бәрін, бәрін көз-көкірек көріп тұр.
Шекараның ар жағы да – сол бір ән,
Шекараның бер жағы да – сол бір ән.
Көдек пенен Таңжарықтың сол мұңы
Көкті кезіп, безілдейді домбырам...
Мың-мың тұяқ солқылдатып шапқандай,
Қыран-сезім көкке қанат қаққандай;
Бабалардың ұлы көші беймәлім
Ғарыш жаққа ұзап бара жатқандай...
Шекараның ар жағы да – шырғанақ,
Шекараның бер жағы да – шырғанақ.
Екі белдің төбесінен екі қарт
Етектегі көк өзенге тұр қарап...
Шекараның ар жағы да – қара орман,
Шекараның бер жағы да – қара орман.
Үйсінтаудың қараяды шоқысы,
Кешкі ертегі – көшкен дәурен, бәрі арман.
Шекараның ар жағы да – от, құрақ,
Шекараның бер жағы да – от, құрақ.
Аспантаумен барады ұшып қаз, тырна...
Ал, дүние-ай! Қу көңілде жоқ тұрақ...
Шекараның ар жағы да – біздің ел,
Шекараның бер жағы да – біздің ел.
Сайрам көл мен қайран белдің арасын
Аңыратып соғады бір күзгі жел...
Қазақ жерінің, қазақ шекарасының тағдыры Нұрлан ақынның қаламынан тыс қалмапты. Ақынның шекара, туған жер, елдік туралы тебірене жазған бұл өлеңі бүкіл қазақтың алаштық рухты біртұтастығын сездіреді. Әрбір қазақ өзін жалғыз сезінбейді, себебі ортақ тағдыр, ортақ тарих.
Уақыттың ағысымен көмескіленіп бара жатқан ағабуынның ғибратқа толы үлгілі өмір жолы, қалдырған рухани мұрасы кейінгі жас буын үшін өлшеусіз өнеге, мол рухани қазына екені анық. Қазақтың көрнекті қаламгері, жазушы, аудармашы Дидахмет аға Әшімханұлы «Адамзаттың тарихы қағазбен келген, қағазбен қалады» депті. Сол Дидағаң айтпақшы, өткен тарих беттерінің бір парасын Төлебаев басып өткен өмір ізін ақ қағаздың бетіне түсіруге тырыстық.
Анель ӨМІРЖАН,
Алматы – Алтай
– Кереку – Алматы












