АҚШ пен Иран арасындағы 60 күндік соғысты тоқтату туралы келісім жариялана салысымен АҚШ БАҚ-тары арт-артынан материалдар жариялап, бұл жаңалықты талқылап жатыр. Солардың арасында әлемге әйгілі «New York Times» газеті 21 маусым күні «Төрт айға жуықтаған соғыс ештеңені өзгертпеді» деген тақырыппен көлемді сараптамалық материал жариялады. Онда соғыс пен келісім Таяу Шығыс ландшафтын шынымен өзгертпегенін және АҚШ жариялаған бастапқы мақсаттарға жетпегенін тікелей дәлелдеді. Сондай-ақ бірнеше сарапшының пікірлерін де келтірген. Онда спикерлер: «Таяу Шығыстағы қақтығыс Американың өзінің тежеу қабілетін әлсіретті, бұл «текке шығындалған іс болды», – деп баға берген. Бұл АҚШ президентінің қытығына тиіп кетті. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында: «New York Times жемқор газет, сендер банкрот боласыңдар!» – деді терісіне симай ашуланып тұрып.
Меморандум кімге пайдалы болмақ?
Мақалада соғыс та, одан кейінгі меморандум да Ираннан келетін «негізгі қауіпті» жоймағанын айтқан бірнеше сарапшылардың пікірі келтірілген. Трамп 28 ақпанда соғысты жариялаған кезде, АҚШ-тың әскери әрекетін бұрын-соңды болмаған қадам деп атап, оның Таяу Шығысты қайта қалыптастыратынын мәлімдеді. 100 күннен астам уақыттан кейін АҚШ пен Иран соғысты тоқтату туралы түсініксіз меморандумға қол қойды. Бірақ көптеген адамдар «Бұл қақтығыс шын мәнінде қандай елеулі өзгерістер әкелді?» деген сұраққа жауап таппай отыр.
2026 жылдың 21 маусымында Швейцарияның Бильгернберг қаласында АҚШ пен Иран делегациялары келіссөздер жүргізді, бұл түсіністік меморандумына қол қойылғаннан кейінгі келіссөздердің бірінші кезеңі болды.
АҚШ пен Израиль шенеуніктерінің пікірінше, Ираннан туындайтын бірнеше негізгі қауіптер соғыспен де, келісіммен де жойылған жоқ. Иранның ядролық бағдарламасы ауыр соққыға ұшырағанымен, ол толығымен жойылған жоқ, ал ядролық мәселенің түпкілікті шешімі болашақ келіссөздерге қалдырылды. Иранның баллистикалық зымырандары мәселесі де келісіммен шектелмеді. Иран режимі тек басшылықтың ауысуымен аман қалды; оның Таяу Шығыстағы прокси-жауынгерлері әлі де қауіп төндіреді, ал Иран қолдаған Ливанның Хезболласы мен Израиль бір-бірін қудалауды жалғастыруда.
Бұл жолғы келісімнің басты жетістігі – Иранның Ормуз бұғазын қайта ашуы (Трамп бір кездері маңызды деп санаған) болды. Алайда қазірдің өзінде қауіп-қатер қайта туындағандай. Өйткені Иран әскери күштері АҚШ-тың Ливандағы қақтығыстарды тоқтатудағы сәтсіздігін алға тартып, бұғазды қайтадан қоршайтынын айтып жатыр. АҚШ бұны жоққа шығарып, келісімге сәйкес бұғаздың кеме қатынасына ашық екенін хабарлады.
Парсы шығанағы қауіпсіздігі мәселесі бойынша сарапшы маман Кейтлин Талмах: «АҚШ бұл құжатқа өзінің әскери жақтан жеңімпаз екендігін дәлелдей алмастан қол қойды. Менің ойымша, бұл меморандум АҚШ тап болған көптеген күрделі проблемаларға байланысты және қақтығыстың одан әрі ушығуына жол бергісі келмегендіктен жасалды», – деді.
Сарапшылардың кейбіреуі: «Керісінше, бұл соғыстан Иран айтарлықтай экономикалық пайда көреді», – деп болжаған. Алайда ол АҚШ-тың мүддесіне сай келмеуі мүмкін.
Тегеран үшін АҚШ пен Израильдің қатал шабуылына төтеп беріп, қарсыласына қарсы тұра алатын қабілетін көрсетіп, оларға ауыр зиян келтірудің өзі жеңіс. Шын мәнінде, Трамп әкімшілігінен басқа, бұл оқиғаның жетістіктерін дауыстап жариялап жатқандар, ең алдымен, Иран режимінің негізгі басшылығы.
Иран парламентінің спикері және бас келіссөз жүргізушісі Калибаф Иранның соғыстан алған маңызды сабағын жоғары бағалады: ел әлемдегі мұнай тасымалының бестен бірін тасымалдайтын су жолы Ормуз бұғазын бақылауды ары қарай жалғастырады. Бұл бұрын-соңды пайдаланылмаған мүмкіндік. Бірақ біздің жауларымыз ақымақ болып, біздің әлеуетті артықшылығымызды шындыққа айналдырды, – деді ол өткен аптада Иранның мемлекеттік теледидарына берген сұхбатында.
Меморандумда барлық елдердің кемелеріне екі ай бойы еркін өтуге мүмкіндік беріледі делінгенімен, бірақ Тегеран соғысқа дейін болмаған «өткел ақысын» енгізетіндіктерін айтып отыр. Яғни Ормуз мәселесі түбегейлі шешім таппаған мәселеге айналды деген сөз. Меморандумның негізгі мәні – Иранның АҚШ-қа және аймақтық одақтастарға деген революциялық дұшпандық қағидатынан бас тартуы, оның орнына АҚШ-тың әскери-теңіз блокадасын алып тастауы, Парсы шығанағы араб мемлекеттерінен 300 млрд долларлық қайта құру қоры, шетелдегі ондаған млрд долларлық Иран активтерін тоқтату және АҚШ-тың Иранға қарсы санкцияларын толығымен алып тастау сияқты ауқымды, ішінара және біртіндеп жүзеге асырылатын экономикалық пайда алуы керек.
АҚШ вице-президенті Вэнс 18 маусым күні тілшілерге бұл келісімнің басты мақсаты 1979 жылғы революциядан бері Иран мен Америка Құрама Штаттары және Таяу Шығыс елдерінің көпшілігі арасындағы дұшпандық қарым-қатынасты толығымен өзгертуі екенін айтты. «Адамдар Иран ешқашан өз жолын өзгертпейді дейді. Мүмкін, бұл рас та шығар; егер солай болса, олар келісімнен ешқандай экономикалық пайда көрмес еді. Бірақ мұны сынап көруге тұрарлық емес пе?» – деді Вэнс.
Таяу Шығыс сарапшылары күмәнмен қарайды
Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының директоры Карим Хааг: «Таяу Шығыс соғыстары көбінесе тек экстремизмді тудырады. Шындығында, бұл қақтығыстан кейін бүкіл аймақтағы қауіпсіздік ортасы айтарлықтай нашарлайды», – деп мәлімдеді.
Талмачер есімді сарапшы өткен маусымдағы қақтығыстың бірінші кезеңін мысалға келтіріпті. Онда АҚШ-тың ұзақ қашықтыққа ұшатын бомбалаушы ұшақтары Иранның бірнеше ядролық нысандарын қиратып, Иранның ядролық бағдарламасының ұзақ мерзімді өміршеңдігіне бір сәтке болса да қауіп төндірген 12 күндік қақтығыс болды. Дегенмен, ол соңғы қақтығыстың керісінше әсер еткенін қосты, себебі Трамп қақтығысты одан әрі ушықтырмауды таңдады. «Белгілі бір мағынада, АҚШ өзінің ықпалын әлсіретті», – депті Талмачер. Сонымен қатар, Иранның Таяу Шығыстағы АҚШ базаларына шабуылдары кең көлемде залал келтіріп, АҚШ базаларының қол сұғылмауы туралы қалыптасқан түсінікті бұзып, АҚШ-тың тежеу күшін одан әрі әлсіретті.
Израиль бұл жолғы соғыстың кем дегенде бір ұрпақ ішінде Иранның қауіп-қатер мүмкіндіктерін толығымен жоятынына сенімді болған еді. Алайда, одақтас АҚШ келіссөздер кезінде Израильді шеттеткендей болды. Соңғы келісім Израильдің барлық талаптарын елемеді, бұл Израиль әскери күштерінің Ливанда шабуыл жасау еркіндігін одан әрі шектеді. Трамп сонымен қатар Израиль премьер-министрі Нетаньяхуды бірнеше рет және жария түрде жамандап, Израиль сайлауы жақындап келе жатқанда АҚШ пен Израиль арасындағы сирек кездесетін алшақтықты көрсетті.
Израильдің көзқарасы бойынша, бұл меморандум – апат. Иран істері бойынша маманданған зейнеттегі Израиль барлау офицері Дани Ситринович: «Иранға қатысты біздің бүкіл стратегиямыз толығымен күйреді», – деген пікірін ашық айтыпты.
Трамп терісіне сыймай ашуланды
Бұл мақала Трамптың ашуын келтірді, ол бірден Truth әлеуметтік желісінде «The New York Times» газетіне ренішін ашық жазды.
«Сыбайлас жемқорлыққа батқан «New York Times», сен банкротқа ұшырап барасың, бірақ әлі де «Соғыстың басталғанына төрт айдай уақыт өтті, не өзгерді? Сарапшылар көп нәрсе айтпайды» деген сияқты тақырыптар жазып жатырсың. Шынымен солай ма?! Ендеше қараңдар! Қазір олардың әскері қалмады, флоты күйреді, әуе күштері жоқ; ұшыру алаңдары, зымырандар, дрондар және онымен байланысты өндіріс желілері толығымен дерлік жойылды; басшылықтың екі жоғарғы деңгейі жоқ болды; инфляция 250%-ға дейін көтерілді, экономика толығымен құлады, ал сарбаздарға жалақы төленбейді; Ормуз бұғазы кедергісіз, ал мұнай тасымалданып жатыр; АҚШ қор нарығы мен жұмыспен қамту деңгейі рекордтық деңгейде! Міне, болды, сендер, жемқор және адамгершіліктен жұрдайсыңдар, біліксіз ақымақтар және тағы да көп нәрсе болып жатыр!!!» – деді Трамп.
PS: Аталмыш тақырып аясында сөз қозғаған басылымдар бұл соғыстан шығанақтағы араб елдері аса ауыр зардап шекті дегенді жазып жатыр. Парсы шығанағындағы алты мемлекет Израиль мен Иран арасындағы ұзаққа созылған қақтығыстан аулақ болуға үміттенетін еді. Алайда соңында сәтсіздікке ұшырады. Иранның Ормуз бұғазын қоршауы және мұнай-газ нысандарына жасаған шабуылдары шығанақ мемлекеттерін экономикалық күйзеліске ұшыратты. АҚШ-тың қақтығысты тоқтатуы ауыр шығынның алдын алғанымен, соғыс Парсы шығанағы мемлекеттерін қауіпсіздік мәселесінде АҚШ қауіпсіздігін қайта бағалауға мәжбүр етті. Қазір барлық тараптар Иранға «алтын көпір» салу туралы айтып жатыр. Мұнда бірлескен инвестициялар арқылы ортақ мүдделерді орнату тақырыбы қарастырылып жатса керек.
Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының Таяу Шығыс жөніндегі сарапшысы Пол Салем: «Америка Құрама Штаттары енді ең маңызды келіссөздер фишкасын жоғалтты және ядролық мәселеде айтарлықтай ілгерілеушілік болады деп күмәнданамын. Бір жағынан, бұл ұзақ және қатыгез соғыс тек бос келісіммен аяқталды», – депті.
Ерқазы Сейтқали












