Орташа жөндеу жұмыстары жоспарлануда

Орташа   жөндеу жұмыстары жоспарлануда

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте шаһардың ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары пысықталды.

Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев есепті кезеңнің қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі, құрылыс жұмыстары, сондай-ақ ауылшаруашылығы мен бөлшек сауда тауар айналымының көрсеткіштерінде өсім байқалғанын хабарлады. Кеңеске қатысушылар Әулиеата және Жібек жолы аудандарында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен өзекті мәселелерін талқылады.

Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төрехановтың мәліметінше, көшелердегі жол төсемінің жай-күйіне жүргізілген талдау негізінде ағымдағы жылға арналған асфальттау жоспары бекітілген. Соған сәйкес, 48 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ Бектөбе және Қызыл шарық алқаптарында, Ұлы дала шағын ауданындағы аулаішілік аумақтарда және Ш.Жандарбеков көшесінде жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарлануда. Бұдан бөлек, Көшеней, Сеңкібай, Сыпатай батыр, Көшеней көшесінің 6-шы бұрылысы, Сухамбаев көшелері мен №23 мектептің маңында тротуарлар орнату қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ, 2700 жол белгісін таңбалау, 33 автобус аялдамасын орнату және 12 көшедегі су құбыры желілерін ауыстыру көзделген.

Жібек жолы ауданында да бірқатар ауқымды міндеттер айқындалған. Аудан әкімі Қарлығаш Аралбекова атап өткендей, үстіміздегі жылы 14 спорт алаңшасын жаңарту, 39 жаңа аялдама орнату және жалпы ұзындығы 22,898 шақырымды құрайтын 35 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар, ең алдымен, шеткері орналасқан тұрғын алқаптарда жүргізілмек. Мұнымен қоса, халықты ауызсумен қамтамасыз ету және жол инфрақұрылымын жөндеу бойынша тиісті жоспарлар бекітілді.

Қазіргі таңда облыс орталығында автомобиль жолдарын жөндеу және абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Соның ішінде А. Асқаров көшесіндегі көлік жүретін бөлік пен жаяу жүргіншілер жолын жаңғырту бағытында ірі жоба іске асырылуда. Мұнда Г. Байтасов көшесінен айналма жол айрығына дейінгі ұзындығы 5200 метрді құрайтын учаскеде жол төсемінің негізін қалау және жиектастарды (бордюр) орнату жұмыстары жүріп жатыр. Сапалы жаңартылған бұл жол тұрғындардың жайлы қозғалысын қамтамасыз етіп, қала инфрақұрылымының қауіпсіздігін арттырмақ. Сонымен қатар, Жамбыл даңғылының Төле би даңғылынан Жұбанышев көшесіне дейінгі бөлігінде жол таңбаларын сызу жұмыстары толық аяқталды. Ал Рысбек батыр көшесінде қайта құру жұмыстары қызу жүруде. Мұнда мердігер «Арайстроймаркет – 2003» ЖШС ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жұмысты күнделікті үздіксіз жүргізіп жатыр. Нысандағы техникалық қадағалауды «TechEconomEnergy» ЖШС жүзеге асыруда.

Қалада жол жөндеумен қатар абаттандыру және көгалдандыру шаралары да қатар жүріп жатыр. Айталық, 18 сәуір күні «Таза аула» бағдарламасы аясында жалпықалалық сенбілік өтті. Тараздың шағын аудандарында аумақтарды санитарлық тазалау жұмыстары кең көлемде ұйымдастырылып, Гамалея және Красин көшелеріне 200 түп көшет отырғызылды. Бұл экологиялық акцияға Тараз жастары да «Таза қала» бастамасымен белсене үн қосты. Ерікті жастар Сәтбаев көшесіндегі №17 және №19 көпқабатты үйлердің маңына ағаш көшеттерін егіп, оларды одан әрі күтіп-баптау жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады. Осылайша, акцияның әрбір қатысушысы қала болашағына деген жауапкершілігі мен белсенді азаматтық ұстанымын көрсетті.

Мұнымен қоса, шаһарда алдағы 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық шаралары да ерте бастан қолға алынды. Осы мақсатта 2026 жылы 17-30 сәуір аралығында магистральды және кварталаралық жылу желілерін салқын сумен жоспарлы түрде жөндеу алдындағы гидравликалық сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шара жылу желілерінің тозған және ескірген учаскелерін анықтап, алдағы күзгі-қысқы кезеңде жылу жүйесінің сенімділігі мен тиімділігін арттыру үшін жасалып отыр. Қала билігі мен «Таразтрансэнерго» мекемесі шаһар тұрғындарынан жылу жүйесінен ақау шығып, жертөлелер мен аулаларда су аққан жағдайлар байқалса, дер кезінде 34-37-28 диспетчерлік қызметіне немесе 8 708 455 72 38 ұялы телефонына хабарласуды сұрайды.

Бақытжан Орынбеков аудан әкімдері мен тиісті сала басшыларына жүктелген міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуы үшін жоғары жауапкершілік жүктелетінін баса айтты. Кеңес қорытындысы бойынша көшелердегі тазалықты тұрақты сақтау, жұмысқа кәсіпкерлерді тарту, сондай-ақ жоспарланған барлық инфрақұрылымдық жобаларды белгіленген мерзімде және тиісті сапада жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Тараз қаласы
04.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

122 МЛН КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ
Нұрсайын ШӘРІП, Солтүстік Қазақстан облысы - 04.06.2026 43
Орташа   жөндеу жұмыстары жоспарлануда
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Тараз қаласы - 04.06.2026 46
Жазғы лагерь   маусымы басталды
А. ХАМИТТЕГІ - 04.06.2026 47

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25610
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25073
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42493
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38341
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42862