Көкшетау қаласында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған облыстық мерекелік іс-шара Қопа көлінің жаңартылған жағалауында 20 мыңнан астам ақмолалық жасөспірімдердің 20 бағытта іс-шара ұйымдастыруымен өтті. Іс-шараға облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысып, жас ұрпақты мерекесімен құттықтады.
Әкім құттықтауында:
– Елдің болашағы өскелең ұрпаққа қамқорлық жасау, денсаулық, өмір сүру деңгейін жетілдіру, дамуы, тәрбиесі үшін қолайлы жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап, құттықтауын жалғастырды. «Осы мереке күні біз жаңартылған «Жаңа жағалау-2» ойын-сауық алаңын ашып отырмыз. Бұл оқиғаның Балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келуі символдық мәнге ие, өйткені біз бүгін жасап жатқанның бәрі болашақ ұрпақ үшін жасалуда. «Жаңа жағалау-2» жобасы қаланың заманауи қоғамдық кеңістіктерінің жалғасы болды. Мұнда демалыс пен белсенді уақыт өткізуге қолайлы әрі қауіпсіз жағдайлар жасалған. Балаларымыздың жүзінен ешқашан күлкі кетпесін, олар, дені сау, мақсатшыл әрі талантты болып өсіп, жаңа биіктерді бағындырып, үлкен жетістіктерге жете берсін. Әрбір бала қамқорлыққа, мейірім мен махаббатқа бөленіп, олардың өмірі бақытқа, қуанышқа және жарқын сәттерге толы болсын», – деді құттықтауында.
Зияткерлік, спорттық және шығармашылық байқауларда жүлделі орындарға ие болған ақмолалық оқушыларға Алғыс хаттар табысталды. Бірқатар білім беру, мәдениет және медицина мекемелеріне автомобиль сатып алуға сертификаттар берілді.
Шара барысында өңір тұрғындары үшін маңызды оқиға болды. Әкім М. Ахметжанов әлеуметтік осал топқа жататын 22 отбасына жаңа пәтер кілттерін табыстап, қоныс иелерін құттықтады.
Балаларды қорғау күні пайдалануға берілген Қопа көлін жағалаған «Жаңа жағалау-2» алаңында алғашқы іс-шаралар Марат Ахметжановтың қатысуымен жалғасты. «Жаңа жағалау-2» алаңының жалпы ұзындығы 2 шақырым. Жобаның сәуірде басталып, мамырда аяқталуы Көкшетауда инфрақұрылымдық жобаларды жылдам әрі нақты іске асыруға болатынын көрсетті.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі – инклюзивті орта қалыптастыру. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтар, арбадағы балалармен жүрген ата-аналар, қарт адамдар және қозғалысы шектеулі жандар үшін барлық нысандарға қолжетімді әрі ыңғайлы жүріп-тұру жолдары қарастырылған.
Көкшетау жекеленген жобалармен емес, жүйелі дамуға ұласқаны жөн. Ол – бір жағалаудың сәттілігімен шектелмей, қаланың тең деңгейде дамуы. Марат Мұратұлының төменгі сөзінен де ол мәселеге мән бергені байқалады.
Өңір басшысы тұрғындармен сұхбаттасу барысында: «Көкшетауға өзіндік болмыс пен танымалдық беретін орындар қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Аудан орталықтары да назардан тыс қалмайды, уақыт өте келе олардың әрқайсысында мәдени-демалыс орталықтары салынады. Қалалар тең деңгейде өркендеп, көркейеді», – деп көпшілікке сеніммен айтты.
Кербез Көкшетау қаласы Бұқпаның баурайы, Қопа көлінің жағалауы – рет-ретімен көркейе беретін болады.
Дахан ШӨКШИРҰЛЫ,
Ақмола облысы














