Табысқа бастар жобалар

Табысқа бастар жобалар

Жыл өткен сайын аймақтың экономикалық көрсеткіштері өсіп, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара түскен. Сыр өңірі саңылақ жобалар мен игі инвестициялардың арқасында әлеуметтік тұрғыдан жыл сайын әрленіп, қуаттанып, болашағын бақуатты қалыптастырып, экономиканы ілгерілетіп келеді. Елдің бүгіні мен ертеңі үшін жасалып жатқан жұмыстар облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды. Өңірдегі маңызды инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысы және инвестициялық тартымдылығы жақсарған.

Мәжілісте драма театр, Президенттік кітапхана, 500 орындық емхана және 200 орындық перинаталдық орталық құрылыстарына қатысты мәселелер талқыланып, жауапты тұлғаларға нысандарды талапқа сай етіп әрі уақытылы пайдалануға беру міндеті жүктелді.

Мәселен, Мемлекет басшысы өткен жылы аймаққа жұмыс сапарымен келгенде Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхана Қызылорда қаласында ашылатынын айтқан болатын. Бүгінде нысан құрылысы қарқын алды. Заманауи, көпфункционалды кітапхана салуға инвестор есебінен 20 млрд теңге бөлінген. Жоба еліміздегі кітапхана инфрақұрылымын дамытуға, оқырман қолжетімділігін арттыруға және өңірлерде ақпараттық мәдениет деңгейін көтеруге бағытталған.

Жалпы 13 000 шаршы метр аумақта 1 миллионнан астам кітап қорын сақтау, жыл сайын 250-300 мың оқырманға қызмет көрсету жоспарланған. Кітапханада ашық форматтағы оқу залдары, 50 адамға арналған цифрлық ресурстармен жұмыс істеуге арналған электронды бөлме, инновациялық медиа-лаб пен подкаст студиясы болады. Бұдан бөлек, тиісті мекемелер «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытын кеңейтуге, Бейнеу – Сексеуіл автомобиль жолының құрылысына орай министрлікпен бірлесіп шешетін мәселелер нақтылану үстінде.

Өңір экономикасына серпін беретін инвестициялық жобалардың қазіргі жай-күйі де қаралды. Бұл ретте инвесторлармен байланысты күшейтіп, әр кезеңдегі мәселелерге нақты бақылау орнату аса маңызды.

«PetroKazakhstan Inc» компаниясының президенті Чэнь Даюмен кездесуінде де өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды. Яғни, аймақ басшысы компанияның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесіне тоқталды. Әсіресе, жұмыс орындарын сақтау, өндіріс үдерістеріне заманауи технологияларды енгізу және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды бағыттардың қатарында екенін айтты.

Кездесуде Оңтүстік Торғай бассейніндегі кен орындарының қазіргі ахуалы сараланды. Бүгінде игеріліп жатқан кен орындарының басым бөлігі өндірістің соңғы кезеңінде, қалдық қор қиын өндірілетін санатқа жатады. Бірқатар ұңғымадағы сулану деңгейі 95 пайызға дейін жетіп, бұл өндіріс көлемінің азаюына, жұмыс орындарының қысқаруына әсер етуі мүмкін.

Осыған байланысты жаңа перспективалық учаскелерде геологиялық барлау және игеру жұмыстарын күшейту қажет. Атап айтқанда, өткен жылы аяқталған Арал шөгінді бассейніндегі зерттеулер нәтижесінде шамамен 1,1 млрд тонна шартты отын көлеміндегі көмірсутек белгілері анықталған деді. Басқосуда әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмады. Мұнай компаниялары қызметкерлерінің жалақысы мен еңбек жағдайына қатысты талап-тілектері, еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтау шараларын күшейту мәселелері талқыланды. Газ тапшылығының алдын алу үшін газ кен орындарын игеру, газ құбырларын тарту жобаларын жедел жүзеге асыру, бұл іске компания белсенді атсалысуы өте маңызды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған өзара тиімді ынтымақтастық одан әрі нығая беретіні айтылды.

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында селекторлық режим арқылы қатысып есеп берген аймақ басшысының мәлімдеуінше, «Болат Өтемұратов қорының» демеушілігімен салынған «Қорқыт Ата әуежайының» қазіргі жұмысы көңілге қонымды екені айтылды.

Еске салсақ, 2024 жылы Мемлекет басшысының, Үкіметтің  қолдауымен Қызылорда қаласында халық-аралық стандарттарға сай «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа жолаушылар терминалы пайдалануға берілген еді. Бір мезетте 250-ден астам жолаушыға сапалы қызмет көрсететін заманауи әуежай арқылы бүгінде аптасына 28 рейс қатынайды. «Облыста жолаушылар тасымалын дамыту – басты міндеттің бірі. Осы жылдың сәуір айына дейін «Қорқыт Ата әуежайынан» 63 мыңнан астам жолаушы жөнелтіліп, былтырмен салыстырғанда 58,9 пайызға артқан. Бұдан бөлек, терминалда цифрлық басқару жүйесі енгізілген, яғни барлық операциялар мен процестерді автоматты түрде жүргізуге мүмкіндік бар. Жақында ғана «Вана Холдинг» компаниясымен «Қорқыт Ата әуежайын» сенімгерлік басқаруға беру туралы меморандумға қол қойдық. Осылайша халықаралық стандарттарға сай логистикалық хаб қалыптасады.

Әуежай маңынан арнайы экономикалық аймақ құрылды. Бұл маңызды жоба облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беретін болады.

 

Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ,

Қызылорда облысы

03.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

122 МЛН КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ
Нұрсайын ШӘРІП, Солтүстік Қазақстан облысы - 04.06.2026 37
Орташа   жөндеу жұмыстары жоспарлануда
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Тараз қаласы - 04.06.2026 39
Жазғы лагерь   маусымы басталды
А. ХАМИТТЕГІ - 04.06.2026 38

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25610
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25073
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42493
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38341
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42862