«Ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия» деп, Президентіміз тамыз конференциясында педагог құқығын қорғау жөнінде де пәрмен берді

«Ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия» деп, Президентіміз тамыз конференциясында педагог құқығын қорғау жөнінде де пәрмен берді

Дәстүрлі тамыз конференциясы – еліміздегі білім сапасына ерекше назар аудартатын ұлы жиын. Білікті, тәжірибелі ұстаздар қауымының алдына жауапкершілік жүктейтін, білімді ұрпақ  өсіру жолында тынбай еңбек етуге шақыратын, келелі істерді бірігіп шешуге бастамашы болатын алқалы отырыс.

Дәстүрлі тамыз конференциясы – бұл білім берудегі перспективалық бағыттар контексінде педагогтердің, оқушылардың, ата-аналардың білім беру мүмкіндіктерін іске асырудың бірыңғай стратегиясын талқылауға арналған кәсіби-қоғамдық диалог. 

Дәстүрлі тамыз конференциясы ел жадында несімен қалды деген сауал тууы заңдылық. Ең алдымен соған жауап бере кетейік. Жасыратыны жоқ, қазір көп жерде ұстаз мәртебесінің төмендеп кеткені өтірік емес. Кім көрінген, керек десеңіз, ата-ана  түгілі, бала-шаға да мұғалімдерді тілдеуге әуес. Соған нүкте қойылды.  Президент «Педагог мәртебесі туралы» Заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізуді ұсынды. Яғни, прокуратурамен бірігіп, құқықбұзушылықтарға тосқауыл қоюды тапсырды. Мұғалімдердің құқықтарын қорғау үшін қандай қосымша шаралар қажеттігін ойластыруды тапсырды?

2. «Мектептен  тыс   жерде,   ата- аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты емес», – деді Президент. Бұл да көптен шешімін таба алмай келе жатқан мәселе еді. Мектептен тыс жерде жүрген оқушының жауапкершілігін мұғалімнің мойнына артып қою тіпті қисынсыз болатын. Оның да шешімі табылды.

3. Жастардың ұстаздыққа ынтасын тағы қандай жолдармен арттыруға болады? Бұл да тамыз конференциясын да көтерілген басты тақырып.

4. Өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтау үшін мектептерде қандай шаралар атқарылып жатыр? Бұл проблема да көзден таса қалмады.

Бұл конференция несімен құнды? 

 

Иә, тамыз конференциясы – алдағы оқу жылының бағыт-бағдарын айқындайтын маңызды алаң.  Онда қабылданған шешімдер мен жоспарлар білім беру жүйесінің дамуына серпін беретініне сеніміміз өте зор.

«Тамыз конференциясы несімен құнды?» деген сауалға да жауап бере кетейік. Сапалы білім мен салиқалы ұрпақ өсіру үшін. Олардың Отанына адал қызмет істеуіне жол ашу үшін. Барша педагогтардың жұмысына адал болып, болашақ ұрпақтың ел мен жерге деген іңкәр махаббатына тамызық бола алулары үшін.

Тамыз конференциясы ұлтымызға не береді? Бұл да көптің көкейіндегі көп сауалдың бірі. Ең алдымен білім шырағын сөндірмеуге, талантты ұрпақты үнемі қолдауға, қорғауға септігін тигізеді. Өз ісіне адал ұстаздар қауымына мотивация мен еңбектерінің өтелуіне жағдай туғызады. 

Қазақстанда 8 мыңға жуық орта білім беру ұйымында 400 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, олардың 300 мыңға жуығы аттестация қорытындысы бойынша біліктілік санаттары үшін үстемеақы алады.

2020 жылдан бастап Президент тапсырмасына сәйкес, педагогтердің айлық еңбекақысы 100%-ға өсті. Сондай-ақ 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға артты. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына кәсіпорындардан тартылған мамандарға 30-35 % көлемінде үстемеақы қосылды.

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін, мұғалімдердің жалақысының мөлшері білімінің, санатының (шебер, зерттеуші, сарапшы, модератор) деңгейіне және еңбек өтіліне, жүктеме көлеміне, сондай-ақ еңбек ету жағдайына байланысты қосымша төлемдер, академиялық дәрежесінің болуы (10 АЕК), тәлімгерлік етуі, сабақтан тыс спорттық дәрістер беруіне (базалық лауазымды еңбекақыдан 100%) байланысты қалыптасады.

Осылайша, түрлі санаттарының болуына байланысты педагогтерге келесідей үстемеақы төленеді:

* Педагог-шебер – 50%

* ⁠Педагог-зерттеуші – 40%

* ⁠Педагог-сарапшы – 35%

* ⁠Педагог-модератор – 30%

Ауыл мұғалімдеріне ерекше көңіл бөлінуде – олардың жалақысы қалалық әріптестеріне қарағанда, кемінде 25%-ға жоғары.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұғалімнің орташа айлық жалақысы 1 мөлшерлеме үшін (16 сағат) 352 мың теңге, ал ауыл мұғалімдері үшін 435 мың теңгені құрады. Бұл ретте Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметінше, еліміздің педагогтерінің жартысы 1,5 мөлшерлемемен (24 сағат) жұмыс жасап, айына орташа 581 мың теңге жалақы алады.

Сонымен қатар, Қазақстан білім беру ісіндегі жетістіктері, олимпиада жүлдегерлерін дайындағаны және мемлекеттік наградаға ие болғаны үшін ақшалай сыйақымен марапаттауды үрдіске айналдырған санаулы елдердің бірі. 2023 жылы 89 педагог мемлекеттік сыйақының лауреаты атанды, сыйақы көлемі 3,6 млн теңгені (1000 АЕК) құрады. Марапатталушылардың арасында Еңбек ерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстаздары, «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары бар.

Осылайша, соңғы бес жылда Қазақстан айлық жалақының өсуін ғана емес, үстемеақы төлеу және ынталандыру жүйесін қамтамасыз ету арқылы педагогтердің мәртебесі мен қаржылық әлеуетін көтеру бағытында маңызды бастамаларды жүзеге асырды.

Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия» деді. Бұл сөздің астарына үңілсек, терең мағына жатыр. 

«Әлем тарихында білім-ғылымды басты орынға қойып, дамудың даңғыл жолына түскен, орасан зор табысқа жеткен елдер аз емес. Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Алдағы жылдары осы міндетті орындауға бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеуіміз керек. Бұл – Мемлекет басшысы ретінде мен үшін мызғымас басымдық.

 

Мен Қазақстан ұстаздарының қажырлы еңбегін жоғары бағалаймын, сіздер жас буынға беріп жатқан білімнің күшіне сенемін. Шын мәнінде, ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады.

 

Қазақстанның жарқын болашағы Сіздердің табанды еңбектеріңізге тікелей байланысты. Себебі, сіздер тұтас ұлтты оқытып, тәрбиелеп жатырсыздар. Осы жауапкершілікті терең сезініп, қастерлі міндетті абыроймен атқара бересіздер деп сенемін. Сіздердің еңбектеріңіз ең жоғары құрметке лайық. Мен бүгінгі Тамыз конференциясына орай бір топ ұстазды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым. Бес мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі. Баршаңызға құтты болсын!» – деді.

 

Заманауи цифрлық, техникалық және 

педагогикалық шешімдерге арналған ауқымды көрме

 

15 тамыз күні Астана қаласында ұстаздардың республикалық тамыз конференциясы болып өтті. Биылғы шараның басты тақырыбы – «Білім болашағы: адал азамат, кәсіби маман». Іс-шараға білім беру саласының жетекші өкілдері, педагогтер, сарапшылар және қоғам қайраткерлері жиналды.

Конференцияның негізгі бағыттары мыналар:

«Адал азамат» бағдарламасы аясында оқыту мен тәрбиелеудің интеграциясы;

техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы кәсіби бағдар беру және болашақ (hard, soft, digital) дағдыларды қалыптастыру;

әдеп, қауіпсіздік және сапаны ескере отырып, орта білім беруге жасанды интеллектіні енгізу;

«Қазақстан балалары» стратегиясын жүзеге асыруда мүдделі органдардың өзара іс-қимылын дамыту;

мектептерде инклюзивтік білім беру тәжірибесін жетілдіру.

Форум жұмысына «The Ulytau Educational Foundation» қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының директоры Хан Марина Марсовна, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, қордың Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Қараев Жаумбай Амантұрлыұлы және қордың Жобаларды басқару департаментінің басшысы Ешимова Раиса Советовна т.б.  қатысты.

Конференция барысында білім беру жүйесін дамытудың негізгі басымдықтары, жастардың адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, сондай-ақ тез өзгеретін заманда табысты еңбек ете алатын білікті мамандарды даярлау мәселелері талқыланды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, заманауи оқыту әдістерін таныстырды және білім беру үдерісін қазіргі заман талаптарына сай жаңғырту жолдарын қарастырды.

«Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» Республикалық тамыз конференциясы аясында заманауи цифрлық, техникалық және педагогикалық шешімдерге арналған ауқымды көрме өтті.

Іс-шараға 20-дан астам цифрлық шешімдер, білім беру платформалары және техникалық инновациялар әзірлеуші компаниялар қатысты. Көрме бес тақырыптық аймаққа бөлінді.

«Келешек мектептері» – ұлттық жоба аясында «Әр мектеп – үздік мектеп» қағидаты бойынша салынған жаңа мектеп инфрақұрылымының үлгісі ұсынылды. Қонақтар мектеп макетімен және оны басқару жүйесімен танысты.

«Абай ұлттық мектебі» – Мемлекет басшысының бастамасымен Алматы қаласында салынып жатқан бірегей мектептің макеті мен білім беру бағдарламасы көрсетілді. Мұнда оқыту Абай философиясына негізделіп, классикалық құндылықтар заманауи әдістермен ұштастырылған.

«Дарынды балалар – ел мақтанышы» – халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары – талантты оқушылардың жетістіктер аймағы. Олар биология, физика, химия және география салаларындағы өздерінің ғылыми және технологиялық жобаларын таныстырды.

Техникалық және кәсіптік білім берудегі үздік тәжірибелер – студенттік стартаптар, мехатроника саласындағы шешімдер, құрылысқа арналған VR-технологиялар, «ақылды үйлер» прототиптері және робототехника үлгілері.

Білім берудегі цифрлық шешімдер – мұғалімдерге, мектептер мен колледждерге арналған инновациялық платформалар мен жасанды интеллект өнімдері ұсынылды. Олардың қатарында бұлтты сервистер, сабақ кестесін автоматты жоспарлау жүйелері, білім беру экожүйелері, функционалдық сауаттылыққа арналған тренажерлар және педагогтердің кәсіби дамуына бейімделетін платформалар бар.

Ерекше қызығушылық тудырған аймақ – жасанды интеллект қолданылған шешімдер болды. Мұнда мұғалімдерге арналған смарт-көмекшілерден бастап, әрбір оқушыға бейімделіп, оқу процесін өзгерте алатын интерактивті симуляторларға дейінгі жобалар ұсынылды.

Алғаш рет  тамыз конференциясы аясында тек ұстаздар ғана емес, жұмысшы мамандықтарының өкілдері де марапатталды.

Елордада «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» Республикалық тамыз кеңесі биыл ерекше форматта ұйымдастырылды. Білім беру саласы қызметкерлерін дәстүрлі марапаттаумен қатар, алғаш рет жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне де құрмет көрсетілді. 

Бұл жаңашылдық Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жүзеге асырылып, тек педагог еңбегінің ғана емес, сондай-ақ білім беру мен балалардың игілігіне үлес қосатын барлық мамандардың маңызын айқындауды мақсат етті.

Кеңестің екінші бөлімінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үздік білім беру қызметкерлеріне, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне және білім саласымен өзара байланыстағы ұйымдардың қызметкерлеріне марапаттар табыстады. Марапат иелерінің қатарында мектептер мен балабақшалардың техникалық қызметкерлері, сондай-ақ полицейлер, медицина қызметкерлері, құрылысшылар және басқа да мамандар бар. 

 

 «Білім беру саласы – біз барлық балаларымызды тәрбиелейтін орта. Әркім еліміздің болашағын тәрбиелі, кәсіби құзыретті етуге өз үлесін қосуы тиіс. Бұл – тек педагог қауымның ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті», – деп атап өтті өз сөзінде министр Ғани Бейсембаев. 

 

Сонымен бірге, айрықша табысқа жеткен және басқаруда жоғары шеберлік көрсеткен білім беру ұйымдарының басшылары ведомстволық марапаттарға ие болды.

 

ПАНЕЛЬДІК  СЕКЦИЯДАҒЫ ПАРАСАТТЫ ПАЙЫМДАР

 

Биылғы тамыз конференциясының тағы бір ерекшелігі инклюзивті білім беру сапасы мен қолжетімділігі талқылануы.

Тамыз конференциясы аясында «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ ұйымдастыруымен «Кедергісіз білім беру: сапа мен қолжетімділік» республикалық панельдік секциясы өтті.

Іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, өңірлік білім басқармалары мен әдістемелік орталықтардың қызметкерлері, арнайы білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Секцияда Қазақстандағы арнайы және инклюзивті білім беру саласындағы өзекті мәселелер, аймақтық тәжірибе және инновациялық шешімдер талқыланды. Спикерлер мемлекеттік саясатты жүзеге асыру шаралары, мектеп оқушыларының кәсіби бағдарлануы мен инклюзивтілік, барлық балаларға тең қолжетімді білім беруді қамтамасыз ететін көмекші технологиялар, «Пионер+» инклюзивті шешімдерінің экожүйесі, әлеуметтік қолдау мен оңалту қызметтері, арнайы мектептерді жабдықтау, мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмек, өңірлік кәсіптік бағдарлау тәжірибесі және «Менің болашақ мамандығым» бағдарламасы бойынша баяндамалар жасады.

Панельдік секция барысында Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Лаура Бутабаева «Инклюзивті және арнайы білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру шаралары» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстандағы инклюзивті білім берудің маңыздылығы мен мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын атап өтті.

 

«Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтудың бір тетігі – арнайы білім беру ұйымдар желісін кеңейту. Білім беру ұйымдарында барлық балаларға тең мүмкіндік жасау мақсатында арнайы жағдайлар жасалып, тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қазіргі таңда мектепке дейінгі   ұйымдардың   73 %-ында, мектептердің 91 %-ында, колледждердің 85 %-інде инклюзиялық білім беру жағдайлары қамтамасыз етілген», – деді орталық басшысы.

 

Айта кету керек, Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыруда жетекші мекеме болып табылады. Орталық түрлі қажеттіліктер мен білім беру деңгейлерін ескере отырып, арнайы білім беру мазмұнын қамтитын 83 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен дайындады. Сонымен қатар, педагогтерге арналған инклюзивті ортада оқыту, түзету жұмыстары, саралап оқыту тәсілдері және ерекше қажеттіліктері бар балалармен жеке жұмыс жүргізу бойынша 15 әдістемелік ұсыным әзірленді. Арнайы және инклюзивті білім беру ұйымдары үшін жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес бейімделген 67 типтік оқу бағдарламасы жасалды.

Іс-шара барысында «E-ымдау» мобильді қосымшасының таныстырылымы мен әдістемелік көрме өткізілді, сондай-ақ инклюзивті және арнайы білім беру туралы бейнеролик көрсетілді.

Секция қорытындысында қатысушылар пікір алмасып, арнайы және инклюзивті білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар айтты. Панельдік секция өз жұмысын нәтижелі аяқтады.

PS: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде былай деді:

«...Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып жатырсыздар.

Бүгін мен еліміздегі ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін! Шын мәнінде, мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр. Ыбырай Алтынсарин «Жақсы оқытушыны бәрінен де қымбат көремін» деген. Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуға тиіс.

Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін нақты реформаларды қолға алдық. Бұл – ауқымды әрі күрделі жұмыс. Бүгінге дейін біраз шаруа атқарылды. Елдегі саяси жүйе толық жаңғырды. Ұлттық экономиканың жаңа бағдары айқындалды. Қоғамымыз дамып, азаматтардың сана-сезімі өзгеруде.

Мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты басты орынға шықты. Билікте де «отбасылық жүйе» жоқ. Азаматтарды қызметке тағайындау кезінде ең алдымен олардың білімі мен кәсіби білігі ескеріледі.

Қазір елімізде рухы азат, ойы еркін ұрпақ өсіп келеді. Заңды сыйлау, тәртіпке бағыну қоғамның мызғымас қағидасына айнала бастады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан жаңа сипатты ел болу жолына бет бұрды.

Бірақ өзгерістерді жасау бір бөлек болса, оны біржола орнықтыру – бір басқа мәселе. Ол үшін, ең алдымен, қоғам санасы түбегейлі жаңғыруы қажет. Осы ретте сіздерге, яғни ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Себебі, нағыз «Адал азамат» мектеп қабырғасында қалыптасады.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім» деген. Біз өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек...».

Ел Президенті еліміздегі білім мен ғылым туралы жеріне жеткізе айта білді. Бұдан асырып не айтуға болады? Ұстаздар қауымы Президенттің сенімін ақтайды деген ойдамыз.

 

 

Нағашыбай Қабылбек
21.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16672
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16524
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31715
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30318
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33929