Қазақ кино өнері соңғы жылдары мазмұнды, кесек, тарихи тақырыптарға бет бұрып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттаудың қасиетті құралы бола алатындығын бек аңғартып келеді. Әсіресе, мұндай өткен мен жаңаны сабақтастырып, қалың қазақтың назарын экранға байлап тастайтындай биік кинотуынды жоқ емес. Бұл сала мамандары алты Алашқа еңбегі сіңген ерен ерлердің өмірі мен өнерін егіз күйде көрермен назарына ұсынуға құлшынып-ақ жүр.
«Үш бәйтерек» деп ардақ тұтатын тұлғамыз, ақын, жазушы, драматург, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллинннің 130 жылдық мерейтойына орай түсірілген «Сәкен» фильм-концертінің алғашқы көрсетіліміне біз де бардық. Жарнамасы жер жарған киноөнімнің келушілері көп болып, билет болмай қала ма деп қауіптендік. Алайда кинозалда бар болғаны он шақты көрермен жиналды.
Фильм-концерт жанры – қазақ фильміндегі жаңалық. Жанрлық жаңалық ретінде қазақ кино тарихында қалары анық. Ал нақты фильмді көргеннен кейін қандай ой туды?
«Сәкен» фильм-концерті белгілі бір дәрежеде қазақ руханиятының іргесін кеңейткен туынды болды. Ол – Сәкен Сейфуллиннің қайраткерлік һәм ақындық, жазушылық жолынан азды-көпті сыр шертетін сыбағалы өнім. Сәкенді мүлде танымайтын шетелдіктер үшін, бәлкім, берер танымдық ақпараты мол болар. Ал қазақтың өз баласы үшін фильмде айтарлықтай терең ақпарат бола қоймады.
Фильмнің режиссері әрі сценарийін жазған, бір жағынан Сәкен ақынның жігіт ағасы шағын ойнаған Қанат Жүнісов – сәкентану іліміне дендеп бет қойған тұлға. Режиссердің айтуына қарағанда, фильмнің түрік, ағылшын, орыс тілдеріне аударылғаны белгілі, сондықтан өзге ел біздің Сәкен жайлы, оның көп қырлы өнер саңлағы екендігі турасында білері анық.
Жалпы, қазақ фильмдерінде көбіне киім жағы тым жұпыны болып қалып жатады. Оны кешегі «Адамзаттың Абайы» фильміне қатысты да мін етіп айтқанбыз. Бұл фильмде ондай кемшілік жоқ. Қазақ ұлттық киімдерінің ең бір көркемін, аса бір таңдаулысын киген актерлер құрамы фильм барысында өздерін өте сырбаз, тым әдемі көрсетті. Басқа тілдерге тәржімаланғандығына қуанып та қалдық, олар біздің ғажайып ұлттық киімдерімізден, әшекейлерімізден хабардар болары мәлім.
Жанрлық тұрғыдан фильм-концерт болса да, ол өзіне деректі фильм элементтерін көбірек алған. Фильм ақынның «Тау ішінде» әні орындалған сәттен басталады. Қалың орманда ақ боз атпен жортып келе жатқан жас Сәкен ғашығымен жолығады. Сүйген қызы Сәкенге емес, табиғатқа ғашық па, ақ балтыр қайыңдардың арасымен желдей есіп жүгіре берді. Екеуара сөз жоқ. Тек әуелеген ғажап әннің астарында көзбен ғана сырласу бар. Неліктен деректі фильм жанрына көбірек жауап береді десек, кадр сыртындағы дауыс Сәкеннің кім екендігін егжей-тегжейлі баяндай бастағанда, өзім күткен көркем фильм еместігін білдім. Ақынның «Сыр сандық» өлеңі оқылғанда, шабыттану сәті, өлең туу үрдісі көрсетіле ме деп іштей күттім. Жоқ, ақынның жан сырын паш еткен өлең оқылып бітсе де, Сәкеннің ақындық әлемінен қысқа эпизод болмады.
Кейде тіпті деректі деп ауыз толтырып айтуға да көнбес, өйткені тарихи фактілер тым жұтаң, сүйейсалды берілген. Мәселен, фильмде Сәкеннің қайраткерлігі туралы баяндаған кадр сыртындағы дауыс оның қазақ атын қайтаруға түрткі болған мақаласы жайлы сөз арасында айтып өтеді. Осы бір ғана мақаласы арқылы Сәкеннің қайраткерлік, тұлғалық, азаматтық еңбегін әйгілеуге болатын еді. Көпшілік көрермендерді асқақ патриоттық сезімге бөлеу мүмкіндігі туған да осы сәт еді. Мақаланың жазылу тарихынан тіс жармады. Қашан шықты? Қай газетке қалам тербеді батыр ақын? Мақала шыққаннан соң қанша уақыттан кейін бізге тарихи қазақ атауымыз бұйрықпен бекітіліп, берекесімен қайта оралды? Мақала жазу сәтін бейнелемесе де, қазақ атын қайтарып, бөріктерін аспанға атқан қарапайым қазақты, ұлт зиялыларын көріп, өзінің халық жолында екендігіне тағы бір мәрте көзі жеткен айбынды ақын бейнесін экраннан көргіміз келгені рас.
Иә, жасыратыны жоқ, фильмде Сәкеннің әндері, өлең-жырлары барынша шырқалды. «Ақсақ киік» туындысында ақын «өзі де ақсақ киікпен тағдырлас еді» деп детальді кіріктіре отырып, ақынның қайғылы тағдырын бір тұспалдап өтті. Кейіпкерлер образы тек ән мен кадр сыртындағы дауыстың баяндау-әңгімесінде ғана беріледі. Олар өзара сөз алыспайды, тек жүздеріндегі алуан түрлі көңіл күйден оқиғаның шетін сезіп отырасың. Сәкен, Бейімбет, Ілияс үшеуінің достығы да дауыстың баяндауында берілген. Бейімбет пен Ілияс жайлы әдеби айқын ақпараттар айтылды, бірақ үшеуінде үн жоқ. Біресе классикалық киіммен тауға шықты, бірде көлікте кетіп бара жатқан сәттерін көріп қалдық, енді бірде үшеуі бір дастарқанда алқа-қотан отырып, дәмдес болды. Барлық эпизодтарда үш тарланның езулері жиылмады. Ашық-жарқын қабақпен ақтарыла күлген бір ғаламат сәт! Хош, арқа-жарқа болып бас қоссын, шынайы күлкіге қарық болсын! Алайда ол күлкінің заманы ма еді? 1932 жылғы аштық есеңгіретіп кеткен қазақ даласын қайта өнер-білімге, мәдениетке толтырамын, қайтсем тұралаған елдің тұрмысын түзеймін деп жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүрген қауырт кезең болмап па еді? Ендеше, үшеуінің езуін жидырмаған не күлкі? Тым болмаса бір эпизодта үшеуі қалың ой құшағында ел мәселесін кеңескен рай танытса игі еді. Ұлы тұлғалардың әрбір басқосуы ел өмірі үшін айтулы оқиғамен пара-пар ғой.
Сәкен кейіпкер фильмде бір ғана сөз айтады: «Жайсыз хабар». «Қазақ әдебиеті» газетінен өздеріне күйе жаққан мақала шыққанын көрген ақын тұнжырап осы сөзді айтады. Ары қарай кадр сыртындағы дауыстың әңгімесі айтылады. Сол бір мақаладан кейін үш қаламгердің соңына шам алып түсу күрт күшейіп, ақыры бір түнде тұтқындалып, бір күнде ату жазасына кесілгендігі тарихи дәлдікпен баяндалады. «Үш бәйтерекке» арналған ән орындалады. Өлім алдындағы Сәкеннің образын Қанат Жүнісов орындады. Монолог оқып, ақынның рухы ешқашан өлмейтінін аңдатты. Түрмеде азап шеккен ақынның ғаріп күйі шынайы берілмеген, шашы ұқыппен таралған, бет-жүзінде зорлық пен азаптың, қиналыстың ізі де жоқ. Осы сәтте көзім экранда болса да, көңілімде азап шексе де, рухын сөндірмеген, ақ жүзін қан жуса да, сұлу реңін бермеген айбарлы ақынды елестеттім. Тыңдаған жанды бордай егілтетін монолог оқып, «мен өлмеймін! Қазағыма қайта ораламын!» деген даусының соңын гүрс еткен мылтық үні жаңғырықтырып жіберді. Өз елесімнен ес жиғанда, экранда аяулы тұлғаларымыздың атылғандығы туралы айтылып жатты.
Фильмде Сәкен ақын достарымен ғана көрінеді. Оның сүйген жары қайда? Оған неге бір эпизодта орын бұйырмады? Сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішевтің «Сәкен сүйген сұлулар» кітабы баршаға белгілі. Сол кітаптан деректер келтіре отырып, ақынның жеке өмірінен де көріністер берілсе деген тілек бұл. Үш рет шаңырақ көтерген Сәкеннің мәңгілік асыл жары болған Гүлбаһрамның образы фильмде мүлде жоқтығы көңілді жарты етеді. Сәкен образы фильмде жалғыз, ұлт мұраты жолындағы күресі әнмен әрленіп, күймен көмкеріліп берілсе де, толымды емес. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында қазақ әдебиеті мен мәдениетін әлденеше ғасырға алға жылжытқан жанкешті еңбегі Сәкеннің өз сөзінде, яғни кейіпкер тілінде берілсе, тіптен әсерлі болар еді.
Иә, қазақ киносының қоржыны жаңаша жанрда түрленіп тұрған «Сәкен» фильм-концертімен толықты. Бүгінгі өнер сахнасында жүрген арда азаматтар Сәкен рухына тағзым етті. Сәкенді танып, оның мұрасын насихаттауда үлес қосып жүр. Режиссер, сценарист Қанат Жүнісовтың сәкентанушы ретіндегі еңбегі ұшан-теңіз. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ұлы ақынмен келбеті де үйлесетін Қанат Жүнісов онымен рухтас, іштей сырлас сезіледі. Алайда фильм-концерт жанрында дүниеге келген туындыға көркем фильм элементтерін көбірек дарытса, көрерменнің қабылдауын әсерлірек ете ме деген оймен өз пікірімізді білдірдік. Сәкен әлемі – сан қырлы сиқырлы әлем. Оның бір ұшығын таныту үшін телехикая түсіру қажет болар. Ол, әрине, болашақтың еншісіндегі шаруа.
Айзат РАҚЫШ,
ҚР Мәдениет саласының үздігі,
жазушы, сыншы