Есірткімен күрес жаңа деңгейге көтеріледі

Есірткімен күрес жаңа деңгейге көтеріледі

Өткен аптадағы Ақордадағы маңызды кездесулердің қатарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын айрықша атап өткен жөн. Маңызды кездесуде талқыға түскен тақырып нашақорлық және наркотизмге қарсы іс-қимыл мәселелері болды. 

 

Нашақорлық – заман дерті

 

Кеңесте Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевтың, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың және Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановтың баяндамалары тыңдалды. Әрине, бұл құзырлы мекеме басшыларының есебі еліміздің есірткімен күрес саласындағы нақты шаралары мен оның нәтижелері еді. 

Жиналыста сөз алған Мемлекет басшысы бұл әлеуметтік кеселдің белең алуына қатысты ахуал елімізде де, халықаралық ауқымда да алаңдатарлық жағдайға жеткендігін атап өтті. 

 

– Наркотизм – заманның дерті, қоғам үшін аса қауіпті. Ол жастардың болашағына балта шабады. Ұлт саулығына қатер төндіреді. Нашақорлық пен есірткі бизнесіндегі әлемдік үрдіс алаңдатарлық сипатқа ие болды. Көптеген елдің үкіметтері аталған проблеманы физикалық және психикалық тәуелділік қана емес, ауқымды қоғамдық, экономикалық және құқықтық құбылыс ретінде қарастыра бастады. Наркотизм термині мұндай тәсілдің мән-мағынасын ашады, – деді 

Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Президент есірткіге тәуелділер емдеу-сауықтыру шараларымен жеткілікті деңгейде қамтылмай отырғанына назар аударып, мәселені шешу қажет екенін мәлімдеді.

– Есірткіге тәуелді жандардың көпшілігі мен олардың жақындары жариялылықтан және жұртшылықтың талқылауынан қауіптеніп, проблемасын жасырады, – деді Мемлекет басшысы. Аталмыш кеңес туралы Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада Президенттің баса назар аударып отырғандығын аңғаруға болар еді.

«Бұл ретте мемлекеттік саясаттың нашақорларға кеңшілік танытып, ал есірткі саудасына келгенде қатаң және мүлде төзбеушілік ұстанымда болуға тиіс екені айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған індетке қатысты статистикалық мәліметтерді жинау мен өңдеу бағытындағы ақпараттық-сараптамалық жұмысты жетілдіру, сондай-ақ химиялық заттардың таралуын қадағалау мәселелерін тағы бір маңызды міндет деп санайды. Президент нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтуді, әсіресе, білім беру мен ақпарат саласында кеңінен жұмыс жүргізуді тапсырды.

Мемлекет басшысының пікірінше, жастар арасында есірткінің насихатталуына жол беруге болмайды. Бұл ретте ол интернетте және медиа индустрияда тыйым салынған заттар мен ішімдік ішуді дәріптейтін жағымсыз үрдіс белең алғанына тоқталды. Жиында есірткімен байланысты құқық бұзушылықты анықтау, жолын кесу мен жазалаудың тиімділігін арттыруға қатысты кешенді мәселелерге ерекше мән берілді.

– Кез келген есірткі түрінің өндірісі мен сатылымына қатаң тыйым салынып, мемлекеттің жіті бақылауында болуы керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылды, сондай-ақ есірткі сататын орындар мен зертханалардың иелерін әшкерелеу жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы күмәнді қаржы операцияларын бақылауға алудың маңызына тоқталды. Бұл түйткіл құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмауға тиіс.

Президент наркотизмге қарсы күреске қоғам болып жұмылудың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Үкіметке, өңір әкімдеріне және жауапты мемлекеттік органдарға нашақорлықтан сақтандыру және есірткі бизнесіне қарсы күрес шараларын күшейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Жиын қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Нашақорлыққа және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық штабты Ішкі істер министрлігінің қарауынан алып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің деңгейіне көтеруді тапсырды. Бұл нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресті жандандыруға, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар арасындағы жұмысты анағұрлым тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді» делінген.

 

Бұл дертпен күрес нәтижелері

Ақордада өткен алқалы жиында Мемлекет басшысының есірткімен күрес және нашақорлықтан айықтыру мәселелеріне баса назар аударуына қарай отырып, бұл келеңсіздіктің біздің қоғамда қаншалықты белең алғанын бағамдау қиын емес болса керек. Қазақстан есірткімен күрес мәселесінде жүйелі түрде жұмыс істеп келе жатқан мемлекет. Сондықтан бұл салада біраз тәжірибелер жинақтап, көптеген жетістіктерге қол жеткізгенін де айта кеткен жөн. Біз төменде құзырлы мекемелер таратқан деректер негізінде қысқаша қорытындылар жасай кетуді жөн көрдік.

Биылғы жартыжылдықтың есебіне көз жүгіртсек,  6,4 тоннаға жуық есірткі заты тәркіленген екен. Оның ішінде 570 келісі синтетикалық есірткі болған. Былтырғы жартыжылдықпен салыстырғанда екі есе көп дейді мамандар. Міне, біздің құқық қорғау мекемелерінің жан аямай күресуінің арқасында тонналаған есірткі заты айналыстан шығарылды деген сөз. 

Келесі бір қадам есірткі айналысына тосқауыл қою болып табылады. Баршаға мәлім болғандай, қазіргі таңда интернет саудасы барынша қыза түсті. Есірткі саудасы да осы арнаны барынша пайдаланып қалуға тырысып жатқаны белгілі. Сондықтан есірткі заттарына қол жеткізу жағы бұрынғыға қарағанда оңай әрі «қолжетімді» деңгейге көтерілген. Қазір Ішкі істер министрлігі жанынан киберқылмысқа қарсы орталық құрылып, бұл интернет қылмысы мен алаяқтығына қатысты істермен арнаулы айналыса бастағаны белгілі. Осындай жітікөз мамандардың арқасында 2025 жылы қаңтардан бері есірткі заттарын сату, жарнамалаумен айналысатын 17000-нан астам сайт бұғатталып, 500-ге тарта адам (оның ішінде 28 Telegram каналының администраторы) жауапқа тартылған.

Әдетте ІІМ және ҰҚК-ның баспасөз қызметі таратқан мәліметтерде «есірткі дайындайтын лабораториялардың көзі жойылды» деген сөзді үнемі оқитынымыз бар. Сөйтсек, есірткі дайындауда «жергілікті мамандар қосыны» да қалыптасып үлгерген екен. Құзырлы мекемелер мұндай «пәленің ошақтарын» да дер кезінде тазартып келе жатыр. Жыл басынан бері синтетикалық есірткі дайындайтын немесе өсімдіктен есірткі өндіретін 100-ден астам зертхана жойылған.

Есірткімен күрес саласына тоқталғанда Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған «Қарасора» жедел алдын алу операциясын айтпай кетуге болмас. 2024 жылы қазан айына бастап 2025 жылы маусым аралығында, осы шара аясында 170-ке тарта қылмыстық іс әшкереленген екен. Қылмыс құрамына көз жүгіртсек, тағы да сол есірткі тасымалдау, сату-сатып алу, өндіру болып жалғаса береді. «Қарасора» операциясы аясында 2 тоннаға жуық есірткі, 6 тонна прекусор тәркіленіпті. 7000 түптен астам қарасора өсімдігі жойылған. Осы қылмыстар төңірегінде 270-тен артық адам жауапқа тартылыпты.

Есірткімен күрес саласы тек қана Ішкі істер министрлігі мен ҰҚК-ның айналысатын саласы деуге келмейді. Күрестің бұл түрімен біраз мекеме айналысатындығын білген жөн. Бұл салада уақыт алға озған сайын техника мен технологияның жаңа мүмкіндіктері барынша қолданылып, қылмысты ашу, алдын алу шаралары оңтайландырыла түсті. Себебі арам жолмен ақша табуды көздеген алаяқтар адам аяғы тие бермейтін иен даланы өздерінің «егіс алқабына» айналдырып алғаны мәлім. 

Сондықтан Ұлттық ұланның тікұшақтары, Қорғаныс министрлігінің дрондары да көмекке келіп жатыр. Сондай-ақ қорықшылар мен орманшылар, геологиялық барлау компаниялары, шаруа және аңшылық қожалықтардың жауапты адамдарымен де өзара селбестік күшейе түскен.

Мемлекеттік деңгейде назарға алынып отырған күрес саласының стратегиялық жобасы ретінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 508 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» негізінде атқарылған шаруаларды шағын мақаланың көлеміне сыйғызу да қиын. Дегенмен кешенді жоспар аясында есірткімен күрес, оның таратылу жолдарын кесу, күмәнді ақша айналымына тексеру жүргізу, сондай-ақ нашақорлыққа салынған азаматтарды емдеп, сауықтыру мәселесі де мемлекеттің назарынан тыс қалып отырған жоқ.

 

Есірткімен  күрестегі халықаралық ынтымақтастық 

Есірткімен күрес саласы – әлемдік деңгейдегі күрделі мәселе. Сондықтан Қазақстанның сыртқы саясаты және халықаралық ынтымақтастық салаларындағы маңызды тақырыптардың бірі –  есірткімен күрестегі өзара селбестік саласына арналып отыр. Қазіргі таңда біздің еліміз БҰҰ-ның 1961, 1971 және 1988 жылдары қабылдаған есірткі құралдары мен психотроптық заттарға қатысты негізгі конвенцияларына қосылды. Осы негізде БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен (UNODC) бірлесіп «Орталық Азия аймақтық бағдарламасы» жүзеге асырылып, шекаралық бақылауды күшейту, есірткі контрабандасына қарсы операциялар ұйымдастыру және құқық қорғау органдарын оқыту жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұдан бөлек ШЫҰ, ҰҚШҰ, ТМД елдері аясында бірлескен операциялар («Канал», «Паводок» сияқты) тұрақты түрде өткізіледі. Ал кеденшілер тарапында Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанмен бірлескен шекаралық бақылау шаралары талай қылмыскердің үрейін ұшырып, жолын кесіп келеді. Бұдан бөлек емдеп, сауықтыру саласында шетелдік әріптестермен болған тәжірибе алмасу жобалары да нәтижесіз қалған жоқ. Еуропалық Одақпен «CADAP» (Central Asia Drug Action Programme) бағдарламасы арқылы есірткіге тәуелділіктің алдын алу, емдеу және зиянды азайту жобалары сәтті түрде жүзеге асырылып келе жатыр.

 

PS: Соңғы жылдары Қазақстан аумағында транзиттік есірткі тасымалына қарсы күрестің нәтижесінде жыл сайын ондаған тоннаға дейін заңсыз айналымдағы героин, гашиш және синтетикалық заттар тәркіленді. Шекарада ірі халықаралық есірткі тасымалдау арналары әшкереленіп, ондаған ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Халықаралық бағдарламалар аясында Қазақстанның кеден, полиция, шекара қызметкерлерінің кәсіби даярлығы арттырылды. Жоғарыда Мемлекет басшысының есірткімен күрес мәселесін онан ары кемелдендіре түсу жайында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізгендігін айтып өттік. Бұл алдағы уақытта қоғамның дертіне айналған кеселмен күрестің жаңа сатыға көтерілетіндігінің нышаны дер едік.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
22.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16672
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16524
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31715
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30318
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33929