Кешелі-бүгінді Аша Матай деген әншінің Құрылтай депутаттығына үміткер боп тіркелгені туралы хабаршылар хабар таратып у да ду.
Жо-жоқ, мен әншінің депутат болғысы келгеніне қарсы емеспін, оның ішінде не жатқанын өзінен өзге кім біледі, мүмкін айтары қордаланып қалған шығар, олай да болуы мүмкін. Ал заң жасауда ұсыныс пен пікірден жұрдай, тек қолын көтеріп-түсіретіндердің біреуі болатын болса, онда өз обалы өзіне, ондайларды жалаң қылыш журналистер аямайды, ағаш атқа мінгізіп қояды, күлкіге ұшыратады.
Заң шығару алқасының «parliament» деген ағылшын сөзін тастап, «құрылтай» деп қанымыз бен жанымыздан жаралған өз сөзімізді атау етіп алғаннан кейін оның жұмысында да Тәңірі тілегендей сонылық болу керек деп ойлаймын.
Құрылтай қоғамға пайдалы, қоғамды ілгерілететін заң шығарушы жоғары орын (орган деген жат сөзді тастау керек). Сондықтан Құрылтай депутаттары қоғамды дамытатын әділ заң жасауға құштар болумен бірге, өздері жасаған заңға бағынатын қарапайым халықтың өмірін жете білетін, бұқара өмірін зерттеуге ынталы, мемлекетшіл, тіпті ұлтшыл (ұлт мәселесін бірінші орынға қоятын) тұлға болса керек. Бірақ оның ұлтқа берілген тұлға екенін немесе осынау қасиетті атқа сай емес, жеңіл-желпі әлдекім екенін қайдан білеміз? Ол үшін оның Құрылтай құрамында болған кездегі тұлғалығы үнемі жіті бақыланып, қатаң қадағаланса деп ойлаймын. Депутаттардың әрбір басқан қадамы үнемі есептеулі болса. Сол себепті бұдан былай депутаттардың әрбір істеген ісі арнайы сарапталып, арнайы қорытындыланса, ел-жұртқа жария етілсе деп сұраймын. Талқыланған нақты заң жобасына байланысты кім қандай пікір, кім қандай ұсыныс айтты? Кім қандай түзету, кім қандай толықтыру жасады? Айтқан пікірі, ұсынысы және жасаған түзету, толықтыруының нәтижесі қандай? Заң жобасының негізделуіне қылаудай пайдалы болды ма, әлде әлдене айту керек болғасын жәй ғана аузын жыбырлата салды ма? Кім білсін?!
Осы мәселе мұқият тіркеліп, әділ бағасы беріліп отырса. Сонда ғана әрбір депутаттың бет бейнесі жарқырап көрінеді. Құрылтай отырыстарына үш ай (бір тоқсан) бойы сыңар ауыз пайдалы пікір қоса алмаған депутат депутаттығынан заң бойынша айырылуы тиіс. Оны төрт-бес жыл бостан-босқа «бордақылаудың» қажеті қанша? Депутаттар: «Қайтсек мемлекетімізді мықты мемлекет қыламыз?» – деп, арқа еті арша, борбай еті борша болуы тиіс азаматтар емес пе? Осыдан кейін, мүмкін «Сайлау туралы» заңға да өзгеріс енгізу керек болар.
Несі бар, мемлекетіміздің нығаюы үшін қажет болғанның бәрін жасауға тиістіміз.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
жазушы, Республикалық
«Таң-Шолпан» әдеби-көркем,
көпшілік журналының бас редакторы
















