Брюссель: табысты сапар, тың жоспар

Брюссель:  табысты сапар, тың жоспар

Көпвекторлы сыртқы саясат ұстанатын Қазақ елінің айналадағы алпауыттардан бөлек, өрісін кеңейтіп отырған тағы бір алқабы – Еуропа Одағы. Қазақ елі егемендігін жариялап, БҰҰ-ның толыққанды мүшесі атанғаннан кейін, қоңсы қонып отырған орыс пен қытайды қоспағанда, жер бетіндегі 6 құрлықтың адамзат баласы ірге көмген бесеуінің барлығымен барыс-келісін бастап кетіп еді. Осылардың бірегейі Еуропалық Одақ болатын. 

Біздің ел ЕО-мен 1993 жылдан бастап ресми дипломатиялық қатынастар орната бастады. Қазіргі күнде екіжақты ынтымақтастық жан-жақты даму жолына түсті. ЕО біздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктестеріміздің біріне айналды. 2015 жылы Қазақстан мен ЕО арасында Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Сөз реті келгенде айта кететін жайт – мұндай келісімді ЕО Орталық Азияда алғаш рет Қазақ елімен ғана жасаған еді. Осы келісім аясында экономика, инвестиция, энергетика, көлік, қоршаған орта, ғылым, инновация, құқық сынды 29 бағытта нақты келісімдер жасалған еді.

Қазіргі күні осындай келісімдер мен ынтымақтастық туралы маңызды құжаттардың арқасында екіжақты байланыстар жыл өткен сайын тереңдеп, дамып келеді. Бұлардың барлығын тілге алудағы мақсат – Қазақстанның халықаралық және сыртқы саясатындағы басым бағыттарының бірі ретінде тарихқа таңбаланып қалғандығын тағы да бір рет еске салу еді. Ал бүгінгі күні біздің ел бұл байланыстарды одан әрі тереңдете түсуге шындап кірісіп кетті. Соның бірі – жақында ғана болып өткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге жасаған сапары еді. Біз төменде сол сапардың жай-жапсары туралы біраз сөз қозғағалы отырмыз.

 

Саяси диалог  жоғары деңгейде өтті

Маусымның 23-і күні Мемлекет басшысы Бельгияда осы елдің Премьер-министрі Барт де Вевермен кездесті. Мұнда екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен алдағы жоспарлары талқыланған тамаша кездесу болды. Қазақ Президенті Бельгияны Қазақстанның Еуропалық Одақтағы басты серіктестерінің бірі екендігін айрықша атап өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде экономикалық ықпалдастықтың қарқыны бұдан да зор әлеуетке ие болатынына сенім білдірді. Олай дейтіні – Бельгия Қазақстан экономикасына қаржы құйған 10 жетекші инвестордың бірі саналады. Кейінгі 20 жылда Бельгиядан Қазақ еліне келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 15 млрд долларға жетіпті.

– Қазақстанда Бельгия капиталының үлесі бар 110-нан астам компания жұмыс істейді. Бұл өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысымызды аңғартады. Танымал бельгиялық компаниялар біздің елдің нарығына көптеп келіп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Премьер-министр Барт де Вевер екі ел арасында саяси диалог деңгейі жоғары екеніне жақсы баға берді. Ол Бельгияның екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге және стратегиялық серіктестік аясын кеңейтуге ниетті екенін мәлімдеді.

Бұл кездесуде екі ел арасында ғылым және білім беру саласындағы ықпалдастық, әсіресе университеттер, зерттеу орталықтары мен технологиялық компаниялар арасындағы серіктестікті ілгерілету перспективасы қарастырылды. Бұдан бөлек көлік-логистика, аса маңызды минералдар, мұнай-химиясы, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, цифрлық трансформация, жасанды интеллект және қаржы салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды. Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдалана отырып, Бельгия Королі Филиппке және Королева Матильдаға ізгі сәлемін жолдады. Бұл сапарда екі мемлекет дипломатиялық қатынастар тарихында алғаш рет Бельгия королі Филипптің биыл Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетіндігі белгілі болды.

 

Құшағын кеңге ашқан Брюссель

Қазақстан Президенті бұдан кейін Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен және Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздер жүргізді. Негізі осыған дейін де өткен маңызды кездесулерде Қазақ елі үшін маңызы зор талай келісімге қол қойылған еді. Сөз тізгіні тигенде Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл кездесулердің маңызды тұстарына тоқталып өтті.

– Өзара сенім мен құрметке негізделген біздің қарым-қатынасымыз шынайы стратегиялық сипатқа ие болды. Мен Брюссельге сан қырлы ынтымақтастығымызды мүдделеріміз тоғысқан барлық салада тереңдету мақсатында келдім. Жаңа ғана қол қойылған маңызды келісім мен меморандумдар – ықпалдастықты одан әрі нығайтуға бейіл екеніміздің айқын дәлелі. Бүгінгі келіссөз қорытындылары Қазақстан-Еуропа қарым-қатынасының жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін. Бүгінде ЕО Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Еуропалық компаниялар экономикамыздың түрлі саласына зор үлес қосып келеді. Олардың табысы еуропалық бизнестің Қазақстанға деген сенімін байқатады. Біз Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы сенімді серіктесі болғанымызды мақтан тұтамыз. Сондай-ақ еуропалық инвесторлар үшін тұрақты әрі тартымды инвестициялық климат жасауға ұмтыламыз, – деді Президент.

Бұл кездесулерде талқыға түскен ауқымды тақырыптардың қатарында көлік-логистика байланыстарын нығайту мәселелері күн тәртібіне көтерілген. Мұнда Транскаспий халықаралық көлік бағдары (Орта дәліз) және ЕО-ның Global Gateway бастамасын ұштастыру перспективасына назар аударылды. Ресей-Украина соғысы басталғалы бері маңызды орынға шыққан энергетикалық қауіпсіздік және орнықты жеткізу тізбектерін қамтамасыз ету тақырыбы да назардан тыс қалмапты. Бұдан бөлек Еуропаға аса маңызды шикізат материалдарын жеткізу, энергетика, көлік, цифрландыру және жаңа технологиялар салаларында ынтымақтастықты нығайту мәселелерінде келісімдер жасалған. Горизонталды авиациялық келісімге қол қойылған. Ауыз толтырып айтарлық жаңалықтардың бірі – Қазақстан азаматтарына виза беруді жеңілдету туралы келісім мен реадмиссия туралы келісім бойынша келіссөз жүргізушілер деңгейіндегі талқылаулардың сәтті аяқталғаны. Бұл туралы еуропалық сайттар: «Еуропаға келетін қазақстандық азаматтар үшін виза режимін ішінара жеңілдетеді. Оларға Шенген визасы әлі де қажет болса да, ол арзанырақ болады, күту уақыты қысқарады және оны алу үшін қажетті құжаттар мүше мемлекеттер арасында үйлестіріледі. ЕО-ға мүше елдерге еркін қатынауға мүмкіндік тууы тиіс», – деп хабарлады.

Бұдан бөлек қазақ даласында ғана кездесетін сирек жер металдары сынды шикізат материалдарын, мұнай, уран сияқты байлықтарымызды ЕО аумағына жеткізу мәселесі де айрықша талқыға түскен тақырыптардың бірі болды. Президент өз сөзінде «Еуропаға 34 стратегиялық маңызды сирек кездесетін металдардың 21-ін жеткізуге дайын» екенін айтты. Сондай-ақ Еуропалық инвестициялық банкпен және Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастық арта түспек. Осы тұста ерекше айта кетерлігі, ЕИБ-мен жасалған өзара көлік байланысын қолдау жөніндегі келісімге (150 млн еуро) және Қазақстанда халықаралық деңгейде аккредиттелген ұлттық химиялық-талдамалық зертхана құру туралы Еуропалық қайта құру және даму банкімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған. Аталған бастамалар Еуропалық Одақпен әріптестікте «Team Europe» тәсілі шеңберінде іске асырылатын болады. Сондай-ақ 2025 жылғы «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммитінің декларациясында көзделгендей, ЕИБ-нің Астанадағы өкілдігін ашуға қолдау білдірілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Еуропалық кеңес Президенті Антониу Кошта мен Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйеннің қатысуымен мынадай құжаттарға қол қою рәсімі өтті:

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасында «Әуе тасымалының кейбір аспектілері туралы» келісім; 

«Air Astana» АҚ мен Airbus компаниясы арасында 50 әуе кемесіне дейін тапсырыс беруге қол қою рәсімі; 

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында интеллектуалды көлік жүйесін енгізу және «Е-жолдары» цифрлық платформасын жасауға грант бөлу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум; 

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен Еуропалық инвестициялық банк арасында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының бөлігі саналатын Қазақстан өңірлеріндегі жолдарды қалпына келтіруге арналған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жобаларын қаржыландыру бойынша меморандум; 

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында минералдар мен металдар саласындағы озық тәжірибелік орталық құруға арналған техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум. 

PS: Қазақстан Президентінің Брюссельге жасаған сапары табысты аяқталды. Бұл көпвекторлы сыртқы саясат ұстанатын Қазақ елінің дипломатиялық жетістіктерінің бірі ретінде бағалануы тиіс. Сапар аясында шамамен 10 млрд еуроға бағаланған 30 коммерциялық келісімге қол қойылды. Тек Қазақстанның «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ғана 8,4 млрд еуроға бағаланған келісімдерге қол қойды. Олардың ішіндегі ең ірісі – Самұрықтың портфельдік компаниясы, Қазақстанның ұлттық тасымалдаушысы Air Astana мен Airbus арасындағы сертификаттау туралы келісім, онда Air Astana A320 отбасынан 50 ұшақты 7,3 млрд еуроға сатып алуды жоспарлап отыр. Airbus ұшақтарды 2031 жылы жеткізе бастайды, бұл Орта дәліз бойындағы әуе көлігінің байланысын жақсартады.

Бұл туралы еуропалық беделді басылымдар да лайықты бағасын беріп, сараптамалық материалдар жариялап жатыр. Айталық, «EU Reporter» басылымы «Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге сапары – «маңызды кезең»» атты мақала жазды. Онда екіжақты қарым-қатынастарға тоқтала келе: «Тоқаевтың Брюссельге сапары аясында Қазақстан Еуропамен 10 млрд еуроға келісімшартқа қол қойып, ЕО компанияларымен 30 коммерциялық келісім жасалды, ЕО Орталық Азия елінің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болды», – дегенді хабарлады. Ал «Euronews» басылымы «Тоқаевтың Брюссельге сапары аясында Қазақстан Еуропамен 10 млрд еуроға келісімшартқа қол қойды» (Kazakhstan signs €10bn in deals with Europe as Tokayev wraps Brussels visit) атты мақала жазып, жалпы кездесулердің барысы мен қол қойылған келісімдердің әрқайсысына жүйелі түрде тоқталып өтті.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

02.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26158
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25609
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43001
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38810
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43403