Мемлекет және қоғам қайраткері Қылышбек Ізбасқанов туралы бір үзік сыр
Нағыз азаматты қасында жүріп, қызметтес болғанда ғана таниды екенсің. Қоғамдық жұмысқа араласқан жылдарымда талай жайсаңдармен, марқасқалармен, іскер азаматтармен жүздесіп, қатар жүріп қызмет атқардым. Қасында жүрген әріптесі, әрі сырлас та сыйлас ағасы ретінде, оның ғибратты ғұмырын үлгі ете отырып, өздеріңізбен бір үзік сыр бөліскенді жөн көрдік.
Ауылдан келген қара балаға профессор таңғалды
Құрметті оқырман, бүгінгі әңгімеміздің әлқиссасын ерен еңбегінің арқасында еліне сыйы, халқына қадірі артып, өмірін өскелең ұрпаққа өнеге ете білген белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, өндіріс саласының тәжірибелі ұйымдастырушысы, арысын қоя тұрып, берісін айтсақ, Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қорғасын зауытында қатардағы жұмысшыдан бас директорлыққа дейін көтеріліп, 33 жасында алып зауытты басқаруы оның инженерлік ой-санасының тек өндірісте ғана емес, қоғамдық деңгейде де танылғанын аңғартса керек. Бұл жол-техникалық білімнің қоғамдағы орны қандай деген сұраққа нақты дәлел болса керек.
Бүгінгі әңгіме «Құрмет», «Парасат» ордендері мен көптеген медальдардың иегері, кең кеуделі, кісілік келбетімен, парасаттылығымен ерекшеленген Қылышбек ініміз туралы толғамды сөз қозғау – парызымыз.
Әрине, мұндай құрмет пен ілтипат өзінің ісі мен мансабын мансұқ қылып, пайдасы өз басынан артылмайтын пенделерге емес, ар-ұяты мен адамгершілігін ту қылып көтере жүріп, елі мен жері үшін аянбай еңбек еткен нағыз ерлерге көрсетілетіні елге аян. «Жамандар жақсымын деп айқайлайды, жақсылар жақсымын деп айта алмайды» демекші, тумысынан тұлғасы да, істеген ісі де ірі, сөзі кесек Қылышбек ініміз ешқашан жасаған жақсылығын міндетсініп, атақ пен даңққа ұмтылған жан емес. Өйткені, ол Сатылғандай көреген әкенің өсиетін тыңдап, Алтын апайдай көргенді батыр ананың тәрбиесін бойына сіңіріп, пейілін кеңге салып пендешілікке баспай өскен азамат. Сондықтан, «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген аталы сөзді алға тарта отырып, Қылышбек ініміздің өміріне тоқтала кетіп, оның өмір жолына аз-кем шолу жасауды жөн санадық.
Әр адамның өзінің бала күнгі арманы болады. Менің кейіпкерім Қылышбек ініміздің де мектеп қабырғасында жүргенде химия пәніне ерекше қызығушылық танытып, Менделеев кестесінің құпияларына үңілген кездері аз болмаған. Осылай арман қиялында жүрген бозбала мектепті үздік бітіріп, Алматыдағы политехникалық институтқа бағыт алады.
Тау қойнауындағы Ленгір ауданының (қазіргі Төле би ауданының) Қызыл-үй ауылынан шыққан сары жапырақ бозбаланың Алматыға бет алуы үлкен сынақ еді. Әке-шешесі «бұл қалай болар екен?» деп тағдырына алаңдаса да, сабырлы әке Сатылған тумысынан қайсар боп өскен баласының үлкен білім жолына аттанғанына тек ақ жол, сәттілік тіледі.
1970 жыл – Кеңес өкіметінің шарықтаған шағы. «Оқы, оқы және оқы!» деген Күн көсемнің бұл үндеуі білім қуған жастардың жанына жігер құйып, шабыт беріп, үмітіне үкі таққаны сонша, политехникалық институтқа түсу үлкен жетістік болатын. Қылышбек те білекті түріп қойып білім бәйгесіне бел шешіп кірісті. Әдетте ауыл балаларының көбісі техникалық мамандыққа тосырқап қарайды. Бірақ сол сеңді Қылышбек бұзды. Қаршадай баланың техникалық сұрақтарды «талқандап» шыққанына, мүдірмей шешкеніне таңғалған профессорлардың қуанышында шек жоқ. Өзге ұлт емес, өзіміздің қазақтың баласы. Қуанғандары сонша, бірден студент билетін Қылышбектің қолына ұстатты. «Қылышбек студент. Анау-мынау емес, еліміздегі ең жоғары оқу орны – Қазақ политехникалық институтының студенті!»
Шынымды айтайын, сонау 70-жылдары мұндай жақсы хабар тау түкпіріндегі шағын ауылдарда сирек кездесетін. Білім берген мектебі де, оқытқан ұстаздары да, тәрбиелеген ата-анасы да, жалпы ауыл жұртшылығы түгел бір серпіліп қалды-ау сонда...
Енді әңгіменің турасына көшейік. Ресмилеу сөйлеген болмайды. Өйткені Қылышбек баяғы бозбала емес, қазақ политехникалық институтын бес жыл оқып, «инженер-металлург» мамандығын алған маман. Ол кез оқу бітірген жастарды арнайы жолдамамен туған жеріне емес, басқа жаққа жіберетін. Негізінде, бұл – жақсы тәжірибе. Өндірісі дамыған өзге қалалардың тәжірибесін үйренеді, мамандарынан тәлім-тәрбие алады, бес жыл теория тұрғысынан алған білімін өндірісте шыңдайды. Міне, солай Қылышбек Сатылғанұлы Ізбасқанов та оқу бітірген соң жолдамамен Өскемен қорғасын-мырыш комбинатына жіберіледі. Ал, бұл комбинат ол кезде Кеңестер Одағы бойынша түрлі түсті металлургия саласының нағыз көшбасшысы болатын. Міне, осы жерде біздің кейіпкеріміз керемет мол тәжірибе жинақтап, өндірістік практикадан өтті десек болады.
Қарапайым балқытушыдан басшылық қызметке өсірген құдірет пе?
1976 жылы Қалекең Шымкент қорғасын зауытына ауысып, осында қарапайым балкытушыдан цех бастығы дәрежесіне дейін көтеріледі.
Ал 1985 жылдың шілдесінде КСРО Түрлі түсті металлургия министрінің бұйрығымен Шымкент қорғасын зауытының бас директоры болып тағайындалады. Бұл лауазымға бекітілу үшін СОКП Орталық Комитетімен КСРО Министрлер Кеңесінің және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің келісімі қажет болатын. Тағайындау кезінде Д.А.Қонаев пен СОКП Орталық Комитеті ауыр өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі И.П.Ястребовтың қатысуымен өткен саяси бюро отырысында Қылышбектің кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты. Өйткені Шымкент қорғасын зауыты Одақ үшін зор стратегиялық бағыттағы нысан болатын. Қылышбек Сатылғанұлы осы зауытты 1991 жылға дейін басқарды. Ол басқарған жылдары кәсіпорын қарқынды дамып, қаржы-шаруашылық жағдайы тұрақталып, зауыт өндіретін қорғасынның өнім сапасы Лондонның түрлі түсті металдар биржасында әлемдік эталонға ие болды.
1991 жылы еліміз егемендік алып, өз алдына дербес отау тіккен кезде Мемлекет басшысының жарлығымен Қылышбек Ізбасқанов ҚР мемлекеттік мүлік жөніндегі комитетінің төрағасы болып тағайындалып, жекешелендіру процесінің алғашқы кезеңінде үлкен жауапкершілік жүктелді. Өйткені бұл кезде жекешелендіруге байланысты мемлекеттік меншікті қайта құрылымдау өзекті мәселе еді.
Кейін ол еліміздің бірқатар тау-кен кешендерін біріктіруге бағытталған тұңғыш мемлекеттік «Ақсұңқар» холдингіне жетекшілік етті. 1996-2002 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, кейін Шымкент қаласының әкімі қызметтерін атқарды.
Иә, нағыз өндірістің маманы билік сатысына қалай ауысты деген сұрақтар да болды сол кезде. КСРО саясатына үйреніп қалған жұртшылық заманның қалай өзгергенін бағамдай алмады-ау деймін. Осы кезде баяғы зауыт-фабрикалар жұмыстары тоқтап, елде жұмыссыздық белең алып, хаос болмау үшін билік басына ұйымдастырушылық қабілеті бар, жұртқа дұрыс бағыт бере алатын маман кадрлар аса қажет болды. Қалекеңнің мемлекеттік билік сатысына келуіне де осы кезеңнің талабы мен өзгерістері себеп болған шығар деп ойлаймын.
Иә, жаңадан өз тәуелсіздігін алған еліміздің аяқтан тұрып кетуі оңай болған жоқ. Қалекең де сол жылдары халықтың бел ортасында жүрді. Сүрінгенге сүйеу болды, қиналғанға демеу болды. Өндірісте өскен маман қайтадан өз саласына оралды. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы АҚ-да жаңа техника енгізу бойынша атқарушы директор болып, әйгілі «GeneralElectric» компаниясымен әріптестік байланыс орнатып, локоматив өндірісін жандандырды. Бұл еліміздегі «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ үшін үлкен жеңіс еді.
2006-2008 жылдары машина жасау кәсіпорындарын біріктіретін «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ-да бірінші вице-президенті қызметінде техникалық мәселелерді шешуге атсалысты. 2009 жылдан бастап «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның өндірістік активтерін басқару дирекциясын, кейін «Тау-кен Самрұқ» Ұлттық компаниясын басқарды. Мұнда басқарма төрағасының басшысы ретінде бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асуына ықпал етті. Оның бастамасымен алтын өндіретін аффинажды зауыт іске қосылып, оған Германия, Италия секілді жетекші елдердің алдыңғы қатарлы технологиялары, жабдықтары қолданылды.
Сол кездері ел қазынасындағы 400 тоннадан астам алтынның жартысынан көбі осы зауыт үлесіне тиді. Өндірілген алтынның тазалығы, сапасы және тауарлық көрінісі әлемдік рынокта ең жоғары бағаға ие болды. Қазіргі таңда оның идеясының негізінде Қазақстанда сапалы болат өндіру қолға алынуда. Бұл жоба елдің машина жасау, мұнай-газ, тау-кен, химия салаларына серпін бермек.
Жалпы, Қылышбек Ізбасқановтың ел экономикасын дамытудағы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен қатар «КСРО-ның құрметті металлургі», Қазақстанның «Құрметті машина жасаушы» атақтарымен лайықты марапатталуы Қалекеңнің еңбек жолын айшықтап тұрған наградалары деуге болады.
Енді осы мақалада айтылғандар өзім білетін Қылышбек ініміздің еңбек жолының жарқын көрінісі, өндірістік портреті деп түйіндеуге болар еді. Әйтсе де оның билік басындағы қызметіне де тоқтамай кетуге болмас.
Ол – осындай азамат
Сол бір сексенінші жылдардың орта шенінде Шымкентті көркейткен, қала халқы үшін демалыс аймағын салдырып, балалар теміржолын жүргіздірген облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың басына қара бұлт төнді. «Мемлекет қаржысын талан-таражға салды» деген жаламен кеңестік-бюрократия Асекеңді айыптап түрмеге тықты. Жоғары жақтың ұйымдастыруымен өткен кезекті бір пленумда жандайшаптар Асекеңнің адресіне ауыр-ауыр сөздер де айтты. Алайда сол кезде қорғасын зауытының бас директоры Қылышбек ініміздің орнынан атып тұрып «Мұның бәрі жала, қасақана қолдан ұйымдастырылған тірлік» деп Асанбай Асқаровты қорғап, әділеттік үшін сөйлегені ел есінде. Мұны сол пленумға қатысқандардың көбісі біледі. Бұл – бір.
1995-1997 жылдары қала туралы «Шымкент куда катит?» атты үлкен сын мақала жарық көрді. Бұл сол кездегі қала басшылығының адресіне айтылған қатты сын еді. Осыдан кейін Қалекең қаланың әкімі-патриоты ретінде және бұл мақаланың дұрыс еместігі жөнінде мәселе көтерді. Бұл бір жағынан облыс басшылығының назарын дұрыс арнаға бағыттау мақсатында және қала халқының еңсесін түсірмей, Шымкентті тығырықтан шығаруға бір кісідей жұмыла күресейік деген үндеу еді.
Мен ол кездері аппарат басшысының орынбасары-ұйымдастыру, бақылау және кадр бөлімінің меңгерушісі ретінде мақаланы талқыға салып, онда көрсетілген фактілердің объективті емес және ешқандай дәлелсіз екендігін анықтап, бұл мақалаға жауап ретінде «Шымкент никуда не катит» атты тақырыппен облыстық «Южный Казахстан» газетіне мақала жаздым. Осы мақаланы оқып танысқан сол кездегі облыс әкімі Қ.Абдуллаев мені өзіне шақыртып: «Бұл не? Неге бұлай жаздыңдар? Мұны сен ұйымдастырыпсың», – деп қысымға алды. Мен ол мақаладағы фактілердің дұрыс еместігін дәлелдеп, түсіндіріп беруге мәжбүр болдым. Көп ұзамай ел экономикасы еңсесін тіктеп, қала халқының жағдайы түзелді.
Қылышбек ініміз он ағайынды болған екен, сегіз ұл және екі қарындасы бар. Жары Асия келін екеуі бүгінде көзінің ағы мен қарасындай болған ұлдары Ерлан мен Марлен, Айшона, Арсайфуддин атты немерелер сүйіп, бақытты да салауатты өмір сүріп жатыр. Салауатты өмір демекші, іңіміз сонау мектеп кезінен спортты өзінің айырылмас серігі етіп келеді.
Жоғарыда айтқан қай өңірде, қай қызметте жүрсін, тіпті зейнеткерлікке шыққан соң да спортты тастаған емес. Інімізге Алла қуат беріп, ұзақ та бақытты ғұмыр сүрсін деген тілектемін.
Әрине, бір мақалаға Қылышбек Сатылғанұлы жүріп өткен жылдарды сыйдыру мүмкін емес, дегенмен атқарған қызметтері мен елі үшін еткен еңбегін ғана үйлестіре отырып, ел таныған тарлан тағдырынан үзік сыр шерттім. Ондағы мақсатым елі үшін жан аямай еңбек еткен, абзал да антына адал жанның өмірін кейінгіге үлгі ету еді.
Міне, жұрт білетін, мен білетін Қылышбек Сатылғанұлы Ізбасқанов осындай азамат!
Қалеке өзіңізді, Сіз арқылы Қазақстандық әріптестеріңізді еліміздің Тау-кен және металлургтер күні мерекесіне орай шын жүректен құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық пен баянды бақыт, әулеттеріңізге, ырыс-береке тілеймін.
Еңбектеріңіздің жемісін ұзағынан көре беріңіздер!
Исламбек ОМАРОВ,
Республикалық «ШАБЫТ» салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы