Закиров Тоқтасын ағаның қимыл-қозғалысы ширақ. Қашан көрсең, іс-әрекет үстінде. Қол қусырып қарап отырған кезі жоқ. Әйтеуір, бір іспен айналысып жатқаны. Сонысына қарап, «сексен жаста» деп айтуға қимайсың. Бірақ, шындығы солай, ол жуырда ғана 80-нің күнпарағын жауып, 81-дің ауылына аяқ басты.
Мен Тоқтасын Шакирұлымен өткен ғасырдың соңынан таныспын. Анығында, 1991 жылдың күзінен. Ол кезде ол – Жамбыл қаласы, Зауыт ауданы, №3 мейрамханалар мен кафелер, асханалар бірлестігінің директоры. Өзім қызмет атқаратын Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылдың аяғына қарай газет «Ақ жол» атауына ие болды) газеті редакциясының тапсырмасымен Францияның Лион қаласында өткен Халықаралық аспаздар байқауында бас жүлдені иеленіп, Алтын медаль алып қайтқан топ жетекшісі Тоқтасын Закировтан сұхбат алуға барғанмын. Орнынан жеңіл көтерілген қырықтың қырқасындағы жігіт ағасы жылы қарсы алды.
Аспаздыққа 16 жасында келген оны енді әлем біледі
– Марапат құтты болсын!
– Керісінше, Сіздердің марапаттарыңыз құтты болсын! Бұл марапат – қазақстандықтардікі, жамбылдықтардікі. Біздікі – қызмет. Қазақтың кең дастарқанын жайып, бай ас мәзірі мен қонақжайлығын көрсетіп қайттық, – деді Тоқтасын құттықтауыма лайықты жауап қайтарып. Көпшілдігі көрініп тұр. «Мен істедім дегенше, ел істеді десеңші» деген қасиетті қағиданы ұстанатын сияқты.
Емен-жарқын әңгімеден аңғарғанымыз, Тоқтасын бұдан бұрын да талай байқауларда топты жарып, жүлделі орындарды жеңіп алып жүр екен. Алғашқы бәйгені 1973 жылы Алматыда өткен Бүкілодақтық жас аспаздар мен даяшылар байқауында қанжығаға байлап, жеңімпаз атанды.
1976 жылы тағы да Алматыда өткен осындай байқауда «Қазақстанның үздік аспазы» атағын иеленді. Алматы – Тоқтасынның жолын ашқан қала. 1978 жылы тағы да сонда өткен Бүкілодақтық байқауда Тоқтасын басқарып барған жас аспаздар мен кондитерлер тобы жүлделі орыннан көрінді.
– Сіздің 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасында спортшыларға қызмет көрсеткеніңізді де естіген едік?..
– Әлемдік деңгейде өтетін ондай спорттық іс-шараға қатысу да бір бақыт қой. Қазақша айтқанда, «көрген де арманда, көрмеген де арманда», – деді Тоқтасын аға.
1980 жылдың басында тағы да сол Алматыда аспаздар мен кондитерлердің Бүкілодақтық байқауы өткізілген. Жамбылдан Тоқтасын басқарып барған топ жүлделі үшінші орынды жеңіп алып, топ басшысы Тоқтасын Закиров Сауда министрлігі бәйгеге тіккен ВАЗ-2107 «Жигули» жеңіл автомашинасын мініп қайтты.
Осы байқау Мәскеу олимпиадасында қонақтарға қызмет көрсететін аспаздар мен даяшыларды іріктеу байқауы сияқты. Осы байқауда республикадан іріктелген 38 аспаз Тоқтасынның қарамағына бекітіліп берілген. Ол Алматыдағы аспанмен тілдескен 25 қабатты «Қазақстан» қонақүйі асханасында сол таңдаулыларға тамақ пісірудің түрлі технологиясын, ас мәзірін жасауды, келушілерге қызмет көрсету мәдениетін үйретті. Екі ай бойы өткізілген дайындық жұмыстары кезінде аспаздардың шеберліктері шыңдалды.
– Қарамағымдағыларға екі ай дайындықта негізінен еуропалық асхана мәзірін дайындаудың қыр-сырын үйреттім. Ол үшін талай әдебиеттерді ақтаруға, талай мақалаларды оқуға тура келді. «Ас – адамның арқауы» десек те, спортшыларға арналған астың тұзы, дәмі, қою-сұйықтығы, тіпті, калориясына дейін ерекше ескерілуі керек. Олардың кейбіреуі жеңіл тамақтанады. Турасын айтқанда, диеталық тамақтар. Оларды дайындаудың өз технологиясы бар. Кейбіреулеріне күш беретін тамақ керек. Ас мәзірінде осының бәрі ескеріледі. Ас мәзірін спортшылардың дәрігерлерімен келісіп, солардың рұқсатымен жасаймыз.
– Олимпиадада қай елдің өкілдеріне қызмет көрсеттіңіздер? Ас мәзірінде өзіміздің ұлттық тағамдар болған жоқ па?
– Неге болмасын, болды ғой. Біз негізінен Зимбавбе мен Нигерияның делегациясына қызмет көрсеттік. Оларға ас мәзірі – қатаң түрде дәрігердің белгілеуімен.
Біз қазақша ет асып, өзбекше палау да бастық. Өз ұлтымыздың ерекшеліктерін көрсетуіміз керек қой. Ол тағамдарды өз қалауларымен келіп сүйсініп жеп, ризашылықтарын білдіргендер де болды. Тіпті, арнайы тапсырыс бергендер де бар. Оларға бар шеберлігімізді салып тапсырыстарын дайындап бердік. Бәрі де алғыстарын жаудырып жатты.
Осылайша, жоғары кәсіби шеберліктерімен, қызмет көрсету мәдениетімен көзге түскен Тоқтасынның аспаздар мен даяшылар тобы 1987 жылы Қазақстанның Германиядағы мәдениет күндеріне, 1989 жылы Францияның Канн қаласында өткен Дүниежүзілік жәрмеңкеге қатысып, лайықты қошемет-құрметке бөленген.
Ал, 1991 жылы Францияның Лион қаласында өткен Дүниежүзілік ауылшаруашылығы және мәдениет байқауында Қазақстаннан Тоқтасын Закиров басқарып барған аспаздар мен кондитерлер тобының топты жарып Алтын медальмен марапатталуының жөні бөлек. Осының бәрі – ізденістің ізгі жемісі. Ол аспаздыққа 16 жасында келген екен. Содан бері үнемі ізденіс үстінде. Заман алға зымырандай зымырап бара жатқан мына уақытта көштен қалмау үшін ізденіс керек. Ізденіссіз ісің алға баспайды. Бұл – Тоқтасын көңілге мықтап түйген қағида.
Жамбылдағы ХХІІ партсъезд атындағы орта мектепті бітірісімен көкбазардағы бір асханаға үйренуші, аспаздың көмекшісі болып кірген. Бас аспаз Тоқтасын жас аспаз Тоқтасынның ас пісіруге бейімділігін аңғарып, оған өз білгенін үйретуден аянған емес. Ол тілалғыш, айтқаныңды сол мезет қағып алатын, тапсырманы тап-тұйнақтай орындайтын баладан көп үміт күтті. Жақсы шәкірт тәрбиелеу – әркімнің-ақ арманы. Үлкен Тоқтасынның сондай арманын кіші Тоқтасын жүзеге асырды.
Тоқтасын Закиров Алматыда өткен жас аспаздар байқауынан бірінші орынды олжалап келген жылы Жамбыл қалалық мейрамханалар мен асханалар тресінің директоры Иван Сократович Чекалиди оны жаңадан ашылған «Тюлпан» мейрамханасына бас аспаз етіп тағайындаған. Бұл – жоғары сенім. Сол сенім оны қанаттандырды әрі жауапкершілігін арттыра түсті. Ас мәзірі бай әрі дәмді, қызмет көрсету мәдениеті жоғары болғаннан кейін шығар, мейрамханаға келушілер, әртүрлі мереке, тағы басқа іс-шараларда тапсырыс берушілер көп. Ешкім іштен оқып туған жоқ, қандай істе болса да, шеберлік тәжірибеде, ізденісте қалыптасады. Сондықтан, Тоқтасын жаңа технологияны өзі ғана үйреніп, өзі ғана ізденіп қоймай, өзгелерге де үйрететін.
Білім мен біліктілік ұштасқанда ғана шеберлік шыңдала түспек. Осыны ескерген Тоқтасын Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын сырттай оқып бітіріп алды. Сонда байқады, білгенінен білмегені көп екен. Оқыған кезінде соның бәрін көңіліне тоқи берді.
Ол 1985-1992 жылдары Жамбыл қаласы, Зауыт аудандық №3 мейрамханалар мен асханалар бірлестігінің директоры қызметін атқарды. Бұрын бір ғана мейрамхананың жағдайын жақсартуды ойлайтын, енді 48 қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысын жақсы жолға қою міндеті тұр алдында. Ол бұл міндетті мінсіз атқарды. Қарамағындағы мейрамхана, кафе, асханалардан жақсы жұмыс талап ету үшін оларды қажеттіліктермен толық қамтамасыз ету керек. Сонан соң талап еткен орынды. Директор Тоқтасын Закиров жұмысын осындай әдіспен жүргізді. Қарамағындағы қоғамдық тамақтандыру орындарын барынша қамтамасыз етті. Талап та жоғары болды. Соның арқасында жеткен жетістіктері де ойдағыдай.
Тоқтасын Закиров 1992-2006 жылдары өзінің өсу жолының алғашқы баспалдағы болған «Тюлпан» мейрамханасының директоры қызметін атқарып, одан кейін заман талабына сай кәсіпкерлікпен айналысуға бел буған. Сөйтіп, 2006 жылы «Бобур» мейрамханасын ашты. Қазір сол қоғамдық тамақтандыру орнының басшысы.
Кез келген адамның өмірінде ерекше есте қалатындай сәттер, оқиғалар болады. Тоқтасын да ондай оқиғалардың талайын бастан өткерген. Оның бірқатарынан оқырмандарды хабардар да еттік. Сондай ерекше есте қаларлық оқиға 1993 жылы болған.
Орта Азия мемлекеттері – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан президенттерінің Ордабасыдағы басқосуы – тарихи оқиға. Ол оқиғаның саяси мәнін талдап жату міндетті емес, әңгіме сол тарихи басқосу барысында болған бір оқиға туралы.
«Өзбек пен қазақтың тел баласымын»
Ордабасыда бас қосқан осы мемлекеттер басшыларына тамақ дайындауға Тараздан Тоқтасын Закиров бастаған аспаздар тобы шақырылған. Бұл – үлкен құрмет әрі жоғары жауапкершілік. Тоқтасын және оның командасы осы жауапкершілікті жоғары сезініп жұмыс істеді. Олар ас мәзіріне үш елдің де ұлттық тағамдарын ұсынды. Тамақ дайындауда барлық ұлттық ерекшеліктер ескерілген.
Қонақтарға палау тартылғанда даяшыларды Тоқтасынның өзі бастап барған.
– Ислам ака, міне, Сіздің ұлттың тағамы келді. Оны дайындаған – менің сыйласым Тоқтасын. Мына палауды жегеннен кейін дәмі көпке дейін аузыңыздан кетпейді, – деді сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дастарқан иесі ретінде әрі Тоқтасынды бұрыннан танитынын аңғартып.
– Нұрсұлтан, сен мақтанып отырған құрдасың біздің жігіт қой байқауымда. Інім, өзбексің бе, қазақсың ба? – деп төтесінен сұрақ қойды Өзбекстан президенті Ислам Каримов. Үлкен кісінің сөзін аяғына дейін тыңдаған Тоқтасын аспай-саспай:
– Ислам ака, өзегімде өзбектің қаны ағып жатқаны рас. Қазақтың «сұлтан сүйегін сатпайды» деген қасиетті қағидасы бар, сол бойынша ұлтым – өзбек. «Кісі су ішкен құдығына түкірмейді» дегенді де қазақ айтқан. Менің кіндік қаным қазақ жерінде тамған. Бұл жағынан келгенде, мен – қазақпын. Осыны ескеріп, мені өзбек пен қазақтың тел баласы деп қабылдауыңызды сұраймын, – деді жаймен ғана.
Дастарқан басындағылар «жөн, жөн» деп жатты. Басқа не десін? Аталы сөзге арсыз ғана дау айтса керек, әңгіме әріге ұзаған жоқ. Қонақтар Тоқтасын әзірлеген дәмді шашпа палауға қол соза берді.
Тоқтасын айтса айтқандай, оның кіндік қаны қасиетті Әулиеата жеріне, Жамбыл шаһарының топырағына тамған.
Кешегі Кеңес өкіметі кімге өктемдік көрсетпеген! «Ауқатты, тұрмысты әулет» деген желеумен өз жерінде қыспаққа ұшыраған Закировтар әулеті Әулиеатаға 1936 жылы көшіп келген екен. Содан бері қонақжай қазақтың арасына тастай батып, судай сіңіп кеткен.
– Отбасы Қазақстанға көшіп келгенде әкем Шакир 20 жасар жігіт екен. Келе сала қаланың қым-қуыт тірлігіне араласып кетіпті. Сауатты, белсенді азамат қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүргені анық. Бірақ, қандай қызмет атқарғанын білмедім. Қазбалап сұраған да емеспін, – дейді Тоқтасын әкесі жайлы.
Соғыс басталардан бұрын Қырғызстанның тумасы, ұйғыр қызы Туханға үйленген Шакир 1941 жылы шымылдығы желбіреген келіншегін ата-анасының қолында қалдырып майданға кете барыпты.
– Әкем соғыстан 1943 жылы ІІ топтағы мүгедек болып оралыпты. Мен отбасында дүниеге келген тұңғышымын.
– Сіз 1945 жылы 9 мамырда дүниеге келіпсіз. Тура Жеңіс күнінде. Есіміңізді неге Жеңісбек немесе Мейрамбек қоймаған?
– Атымды анам қойыпты. «Соғыс Жеңіспен аяқталды. Енді соғыс болмасын! Соғыс деген пәле мәңгілікке тоқтасын!» – деп ырымдаса керек.
– Әкем соғыстан мүгедек болып келгеннен кейін қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ. Ол 20 жылдан астам аула комитетінің төрағасы болған. Өзі басқарған аумақтың ғана емес, бүкіл қаланың көркеюіне зор үлес қосқан жан.
Осы шамалы сөз алмасудан кейін әңгіме арнасы қайтадан жұмыс жайына ауысқан. Ол жөнінде Тоқтасын ака қамшы салдырған жоқ.
– Заман ағымына қарай кәсіпкерлікке ауысқанда «Бобур» мейрамханасын аштым. Әркім білген ісімен айналысқаны дұрыс. Сонда ісің ілгері басып, тірлігің нәтижелі болады. Менің мамандығым – аспаздық. Кәсіпкерлігімді осы салаға бағыттадым. Құдайға шүкір, біреуден ілгері, біреуден кейін жағдайымыз бар, – дейді Тоқтасын қанағатшылдықпен.
Қаладағы адам ең көп келетін мейрамхана
– Мейрамханаға орынды тамаша жерден таңдапсыз. Айналасы көкорай, у-шудан ада. Бір шетінде өзен ағып жатыр. Қыстық, жаздық тамақтанатын орындарыңыз бар екен. Мейрамханаңыз келушілерден арылмайтын сияқты. Оның сыры неде?
– Ең бірінші – қонақжайлылықта. Келушілерді қол қусырып, құшақ жая қарсы алсаңыз, көңілі көтеріліп қалады. Екінші – тазалықта. Асхана, отыратын орын, ыдыс-аяқ, қызмет көрсетушілер таза болса, адамның асқа деген тәбеті ашыла түседі. Әрине, айналаның көзге көріктілігі мен ауаның тазалығы да зор рөл атқарады. Осы мәселелер – біздің басты назарымызда, – деп жауап берді кәсіпкер Тоқтасын Закиров. Нәсібін кәсіптен айырып отырған іскер жанның мейрамханасы кірсе, шыққысыз.
Мейрамхананың қысқы залы – 180, жаздық бастырмалары 140 кісіге арналған. Бастырмалар ағып жатқан өзен үстіне орналастырылған. Айнала жайқалып тұрған әртүрлі әсемдік талдардың бұтақтарында әртүрлі құстар сайрап тұр. Павлин, қырғауыл, бөдене, тотықұс, тағы басқа. Тотықұс адамша «дай, дай» деген сөзді біледі. Кісінің көңілін көтеріп, жан сарайын аша түскендей.
Қысқы залдың іші де әсем безендірілген. Онда да құтыға қондырылған хош иісті өсімдіктер өсіп тұр.
Ас – адамның арқауы. Мейрамхана асханасында дайындалатын тағамдардың түрлері, жұғымдылығы, дәмі қандай екен? Енді, соны көрейікші.
«Бобур» мейрамханасында 22 адам жұмыс істейді. Ішінде қазақ та, өзбек те, орыс та, түрік те, кәріс те бар. Қызметкерлер жұмысқа байқаумен қабылданады. Адамдарды алалау жоқ. Сондықтан, барлығы да риза. Міндетті жұмыстарын мінсіз атқарып жүр.
Сексен жаста да сергек Тоқтасын ака әлі де аттан түскен жоқ. Қызметте.
– Менің дүние қуып, мал табайын деген ойым жоқ. Құдайға шүкір, бәрі бар. Қол қусырып қарап отыра алмаймын. Балаларға білгенімді үйретіп кеткім келеді. Үйде бос отырғанда не бітіремін?
– Балаларыңыз, мұндағы көмекшілеріңіз әр нәрсеге араласқаныңызға ренжімей ме? Мысалы, таңертең біз іздегенде базарда жүр екенсіз. Қазір де қызметкерлеріңіз Сізден тапсырма алып кетіп жатыр.
– Мен таңертең тамақ дайындауға қажетті азық-түлік, тағы басқаларды алуға барғанда қасыма көмекшілерімді ертіп аламын. Біздің жұмыста тауартану деген бар. Алатын затыңның санына емес, сапасына назар аудар. Мезгілі өтіп кетпеп пе? Сол жағын ескер. «Сауда сақал сипағанша», саудагер тауарын өткізуге мүдделі. Оны да кінәлай алмайсың, маңдай термен өндірген өнімін өткізуі керек. Көтерме сауда – күмәнділеу, жаппай сатылған азық-түліктің арасына сапасыз тауарлар араласып кетуі мүмкін. Сондықтан, әр затты мұқият қарап алған дұрыс. Өйткені, сен сол азық-түліктен көпшілікке ас, тамақ дайындайсың. Сол асың дәмді, жұғымды, кісі сүйсініп ішетіндей, жейтіндей болуы керек.
Міне, мен «жастарға сенбегендіктен емес, олар тауар таңдауды үйренсін, асығыстыққа ұрынбасын» деген мақсатта қастарында жүремін. Оны өздеріне түсіндіріп айтамын. Әйтпесе, сырттай айтпаса да, іштей «осы кісі бізге сенбей ме, немене» деп ойлап қалулары мүмкін ғой, – дейді Тоқтасын ака ағынан жарылып.
Ол кісі – «келісіп пішкен тон келте болмайдының» адамы. Әр күнгі ас мәзірін дайындауда аспаздармен ақылдасып отыру – оның негізгі жұмыс тәсілі.
Мейрамхана аспаздары астың бірнеше түрін дайындайды. Негізінен шығыстық және еуропалық тағамдар. Ал, шетелдік туристер бас сұға қалса, оларға да өз қалаулары бойынша ас мәзірі дайын.
Мейрамхана ас-тойларға, басқа да көпшілік іс-шараларына тапсырыстар қабылдайды. Ондайда той иесінің, ас немесе құдайы тамақ берушінің таңдауы – бірінші кезекте.
Міне, осындай жақсы істері мен жоғары қызмет көрсету мәдениетінен шығар, келушілер легі ешқашан тыйылған емес. Бәрі де бармағынан бал тамған шебер аспаз, қайырымды, мейірімді азамат, ісіне адал кәсіпкер Тоқтасын Закировтың ұзақ жылдарғы еңбегінің, ізденісінің жемісі.
«Еңбегінің жемісі» дегеннен шығады, Тоқтасын Шакирұлының аспаздықтан басқа қоғамдық қызметтердегі белсенділігі де атаусыз емес. Ол – «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы», «Тараз қаласының Құрметті азаматы», «Жамбыл облысының Құрметті ардагері», «Парасатты тұлға» төсбелгілерінің, Б.Момышұлы атындағы «Шапағат», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымына – 30 жыл» медальдарының иегері. Одан басқа әртүрлі байқауларда алған Дипломдар, әртүрлі органдардан берілген Мақтау қағаздары мен Алғыс хаттарда сан жоқ.
Ең бастысы, Тоқтасын ака – шаттық ұялаған шаңырақтың егесі, берекелі отбасының отағасы. Ол аяулы ана, қамқор жан, жоғары білімді дәрігер Нәзира Сабырқызы екеуі Құдайдың берген 3 қыз, 2 ұлынан немере, шөберелер сүйіп отыр.
«Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ», үлкен ұлы Бобур ертерек дүниеден озған. Ордабұзар отыздың ортасында, қырықтың қырқасынан асар шағында. Өлер бала – өзгеше, нағыз іскер, адамгершілігі жоғары жан еді. Құдай көп жүруге жазбады. Шүкіршілігі, артында ұрпағы бар. Тоқтасын ака «ұлымның аты ұмытылмасын» деген ниетпен мейрамханасының атауын «Бобур» деп қойған.
Қыздар орындарын тапқан, бәрі де үйлі-баранды. Қолда – кіші ұл Дильшот. Оның да жеке кәсіпкерлігі бар. Индонезияда қонақүй бизнесі және аспаздық жоғары оқу орнын бітіріп келген немересі Искандер Тоқтасыновтың «Жәмила» атты кафесі бар. Атасының жолын қуған нағыз ізбасар.
Міне, біз мақалаға арқау еткен айтулы азамат, тамыры терең, жапырағы жайқалған бәйтерек, 80 жаста да сергек қария Тоқтасын Шакирұлы Закиров туралы айтпағымыз осы еді.
Айтпақшы, екі ұлттың тел баласы Тоқтасын Закиров – Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі. Ол облыста тұратын әртүрлі ұлттар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға, насихаттауға зор үлес қосып жүр. Бұл жағынан алғанда, ол «достықтың дәнекері» деп атауға лайық.
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі