Жетімдерді қорлаған мектеп директоры ауыр жазаға лайық!

Жетімдерді қорлаған  мектеп директоры  ауыр жазаға лайық!

7 бірдей жетімді патронаттық тәрбиеге алып, оларды қатыгездікпен қорлаған мектеп директорының зұлымдығын оқығанда, қатты жүрегім ауырды. Бұған мен ғана емес, дүйім жұрт үн қосып, соншама зұлымдыққа барған мектеп директорын жерден алып, жерге салып жатыр. Иә, оған қандай жаза берсе де лайықты. Өзіміздің ойымызды ортаға салар бұрын, оқиғаның қалай болғанына тоқталып өтелік. 2021 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының бір ауылында мектеп директоры 6 ұл мен 1 қызды патронаттық тәрбиеге алады. Естіген жұрт оның адамгершілігіне, қамқорлығына қатты риза болып, өзгелерге үлгі-өнеге етіп айтып жүреді.

Бірақ отбасы ішінде оқиға керісінше өрбиді. Мінеки, осы жылдар ішінде мектеп директоры, оның жұбайы, қызы ол жетімдерді құл мен күң ретінде ұстаған. Үйдегі бар ауыр жұмыстарды жетімдерге істеткен. Онымен қоймай, тіптен олардың тамағына малдың қиын да араластырып жегізген. Балаларға тойдырып тамақ бермеген. Тек қара суға пісірілген макаронды ғана берген. Ең сұмдығы, жетімдерді ұрып-соғып, қинап, үстілеріне қайнаған ыстық су шашқан, денелеріне шоқтан шыққан қып-қызыл темірді басқан. Дәрігерлер олардың біреуінің денесінен 47, ал екіншісінен 19 жара іздерін анықтаған. Ал қыз баланың денесінде күйік жарақаттары болған. Тіптен мынадай сұмдық оқиғаны ел-жұрт естігенде, жағаларын ұстаған. Бір баланы жазалау үшін оны кілемге орап, оны балаларға тепкізіп, үстінен секірткен. Кейін басынан, денесінен жарақат алған баланы амал жоқ ауруханаға апарғанда, «әткеншектен құлап қалды» деп сылтау айтқан. Мемлекеттік тексеріс келер алдында олар балалардың айтар сөздерін алдын ала дайындаған. Қорқытып, ештеңе айтқызбаған. Отағасы балаларға өзін хан, әйелін ханшайым, балаларын сұлтан деп атауды талап еткен. Азаптаушы отағасының қалай директор болғаны да қызық. Ауыл әкімі тұрғындар санын арттырып, мектепті сақтау үшін отбасымен шақырған. Бірақ өзін хан санаған отағасы: «Мені мектеп директоры етіп сайласаң ғана барамын», – деп талап қойған. Талабы орындалған.

«Естімеген елде көп» дегендей, біздің қоғамда мұндай қатыгездікке толы оқиғалар жиі кездеседі. Таңданбайсың.   Етіміз   әбден    үйреніп   кеткен.  «Е-е-е, солай болған екен ғой!» деп қоя саламыз. Және қатыгездік пен зұлымдық жасаған айыпталушыға жеңіл жаза бере саламыз. Мәселен, мектеп директорына прокуратура бар болғаны 4 жыл 8 ай бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Оның жылдан аса уақыты өтіп те кеткен. Әйелі мен қызы әзірге үйқамақта отыр. Сондай-ақ қорғаушы әрбір балаға 10 млн теңгеден моральдық шығын сұрап отыр. Бұл дұрыс. Алайда мектеп директорына сұралып отырған жаза жеңіл. Оны өмірбақи бас бостандығынан айырса да, аз емес деп ойлаймыз.

 Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ

 

18.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25909
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25358
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42763
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38593
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43156