Асхат Шахаров, Ақтөбе облысы әкімі: ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒДАРЫ – ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫ

Асхат Шахаров, Ақтөбе облысы әкімі: ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒДАРЫ – ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫ

Ақтөбе облысы – еліміздің батысындағы ең ірі өндірістік аймақ. Бүгінде Ақтөбе облысында елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыратын ірі жобалар іске асырылып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында  маңызды бастамалар қолға алынып жатыр. 

Өңір экономикасының негізгі бағыттары – өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, құрылыс, көлік-логистика және цифрландыру. Бұл салаларды дамыту халықтың әл-ауқатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауыл-аймақтардың инфрақұрылымын жаңғырту, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын жақсарту, тұрғындарды сапалы ауызсумен және интернетпен қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. 

Басты мақсат – өңірдің өндірістік әлеуетін тиімді пайдаланып, экономикалық өсімді халықтың күнделікті тұрмысынан сезілетін нақты нәтижелерге айналдыру. Осы бағытта Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровпен сұхбаттасып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы салаларындағы жетістіктер, цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мәселелері жөнінде әңгімелескен едік. Екеуара сұхбат Мемлекеттік басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстардан басталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Тазалық сақтау, туған жерді абаттандыру, табиғатқа жанашырлықпен қарау әр азаматтың күнделікті дағдысына айналуы керек. Аталған акция аясында облысымызда жүйелі жұмыстар жүргізіліп, тұрғындар, мекемелер мен кәсіпорындар, кәсіпкерлер ортақ іске белсенді атсалысып жатыр. 

Биыл облыста акция аясында 84 іс-шара өткізіліп, оған 340 мыңнан астам тұрғын және 8 600-ден астам мекеме мен кәсіпорын қатысты. Нәтижесінде 112 мыңнан астам аула, 1 800-ден астам әлеуметтік нысан, 354 саябақ пен сквер тазартылды.

Сонымен қатар сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, оған 7 мыңнан астам адам қатысты. 575 көше, 78 саябақ пен шағын бақ тазартылып, 7,3 мыңнан астам көшет егілді. 

Акцияға өңір кәсіпкерлері де белсенді атсалысуда. Жеке компаниялардың қолдауымен 26 саябақ пен скверде құрылыс және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, демеушілердің қолдауымен Ақтөбе қаласындағы «Қазпошта» ғимараты алдындағы қоғамдық кеңістік пен «Тұрғындар қалашығы» базары маңындағы аумақты жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек, «Қоныс» спорт кешені маңында жаңа сквер және Тәуелсіздік көшесінің бойында ұзындығы 3 шақырымға жуық саябақ салынып жатыр. Бұл жобаларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

– Облыстың макроэкономикалық көрсеткіштеріне тоқталсақ. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында қандай нәтижелерге қол жеткізілді?

– Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша облыста тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталып, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 101,8 пайызға жетті. Негізгі жеті көрсеткіштің алтауы бойынша өсім 100%-дан жоғары деңгейде қалыптасты. Өңір экономикасының 33%-ын құрайтын өнеркәсіп саласында 2,3 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 101,1  пайызға жетті.  Өңір экономикасын дамытуда инвестиция тартудың да маңызы зор. Биыл облысқа 880,3 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 102,7 пайыз болды. 

Сонымен қатар жыл соңына дейін жалпы құны 155 млрд теңгеден асатын 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың іске асуы нәтижесінде 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бүгінде алты жоба іске қосылды, қалған төртеуін жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар. 

Іске қосылған жобалардың қатарында «Darmen Shuak» және «Next Green» компанияларының әрқайсысының қуаттылығы 50 МВт болатын жел электр станциялары бар. Сондай-ақ «Метэкс Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің металл жөндеу және өңдеу орталығы, «Dalida Center» сауда-ойын-сауық орталығы, «ЭкоМикс» кәсіпорнының құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру қуатын кеңейту жобасы және «Aktobe Energy Gas» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қуаттылығы 10 МВт газ электр станциясының бірінші кезеңі іске қосылды. Бұл жобалардың іске қосылуымен өңірде 120-ға жуық жұмыс орны құрылды. 

Жыл соңына дейін «Аргест» және «Beta Wind» компанияларының қуаттылығы 100 МВт жел электр станцияларын салу жобаларын, «НПО ЗЕРДЕ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дәрілік заттар қоймасының бірінші кезеңін және Ақтөбе станциясында рельс дәнекерлеу кәсіпорнын салу жобасын аяқтау көзделіп отыр. Соңғы жоба «ПЗТМ» ЖШС тарапынан жүзеге асырылып, 297 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл төрт жобаның іске асырылуы нәтижесінде жалпы алғанда 400-ге жуық жұмыс орны құрылмақ. 

Бұдан бөлек, «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы мен «Хромтау» индустриялық аймағына инфрақұрылым тарту бойынша қажетті жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткізу және республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселелері пысықталуда. Бұл жұмыстар жаңа өндірістерді ашуға және өңірге инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Өңір экономикасын дамытудың тағы бір маңызды саласы – ауылшаруашылық саласы. Биыл мемлекет тарапынан ауылшаруашылығы саласын қолдау мақсатында 16,5 млрд теңге қаражат қарастырылды. Сонымен қатар «Кең дала-2» бағдарламасы аясында егіс және күзгі жиын-терін науқандарын жүргізуге жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен несие беру жұмыстары жалғасуда. Биыл 67 шаруашылыққа жалпы сомасы 8 млрд теңге несие берілді. Жыл соңына дейін облыста 550 мың тоннадан астам дәнді дақыл жинау күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 87 мың тоннаға артық. Алдағы уақытта да ауылшаруашылығы саласын дамытуға басымдық беріледі. Осы мақсатта 2026-2028 жылдары жалпы құны 58 млрд теңгеден асатын 10 әлеуетті жобаны іске асыру көзделіп отыр.

Сонымен қатар биыл «Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату» бағдарламасы аясында жалпы құны 5,8 млрд теңге болатын екі жоба қаржыландырылып, оларды жүзеге асыру жұмыстары басталды. Атап айтқанда, «Ramazan Qus» кәсіпорны жұмыртқа өндіруге бағытталған құс фермасын кеңейтуді, ал «Qazaq Groats» Ақтөбе қаласында бұлғыр бидай жармасын өндіруді жоспарлап отыр.

– Ақтөбе облысының көлік-логистикалық әлеуеті жоғары екені белгілі. Өңірдің экономикалық дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруда жол-көлік инфрақұрылымының маңызы зор. Осы бағытта биыл қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу, елді мекендер арасындағы қатынасты жақсарту және жолдардың сапасын арттыру бойынша қандай нәтижелер бар? Алдағы уақытта қандай жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр?

– Облысымыздың көлік-логистикалық әлеуеті жоғары. Осы орайда жол және көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірдің экономикалық байланысын нығайтып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға 35 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылды. Оның 31 млрд теңгесі облыстық бюджеттен, 4,3 млрд теңгесі қала мен аудандық бюджеттерден бөлінді. Осы қаражат есебінен 95 жобаны іске асырып, 297,3 шақырым автомобиль жолын жөндеуді жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде биыл жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесін 85 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Республикалық маңызы бар жолдар бойынша да бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жалпы құны 5,3 млрд теңге болатын «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолының 791-1025 шақырым аралығындағы учаскесінде төрт жолақты жолдың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен телекөпір арқылы еліміздегі бірнеше автокөлік жолдарының құрылысын ресми түрде бастап берген болатын. Соның ішінде «Сексеуіл – Ұлғайсын» (1025-1240 шақырым) және «Бейнеу – Бозой – Сексеуіл» автожолдарының құрылысы да бар. «Integra Construction KZ» ЖШС мердігерлігімен жүзеге асырылып жатқан жобаның жалпы ұзындығы – 871 шақырым. Оның 460 шақырымы облыс аумағынан өтеді. Бұл жобалар іске асқан кезде жолдардың өткізу қабілеті тәулігіне 3 мың көліктен 35 мың көлікке дейін артады.

Сонымен қатар облыста жалпы құны 10,5 млрд теңге болатын жеті теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Бүгінде Ақтөбе, Алға, Шалқар, Жем қалалары мен Шұбарқұдық кентіндегі вокзалдардың құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді. Қандыағаш пен Қарауылкелді вокзалдарындағы жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Оларды жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. 

– Халықты сапалы ауызсумен, табиғи газбен және тұрғын үймен қамтамасыз ету – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі. Осы бағыттар бойынша биыл қандай жұмыстар атқарылды? Қанша елді мекен көгілдір отынға қосылып, қанша тұрғын үй пайдалануға берілді? Алдағы уақытта халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында қандай жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр?

– Халықты газбен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл 3,9 мың тұрғынды қамтитын 9 ауылды газдандыру жұмыстары атқарылды. Олар – Әйтеке би ауданындағы Ақтасты, Тымабұлақ, Жабасақ; Мәртөк ауданындағы Полтавка, Дмитриевка; Ойыл ауданындағы Қаракемер, Кемер, Ақкемер, Ақшатау ауылдары. Қазіргі уақытта Алға ауданына қарасты Жерұйық ауылында газ құбырының құрылысы аяқталуға жақын.

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жыл басынан бері 522,0 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту үшін дайын пәтерлер сатып алынуда. Биыл осы бағытта 785 пәтер пайдалануға берілді. Оның ішінде кезекте тұрған азаматтарға – 584 пәтер, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша – 136 пәтер, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша – 38 пәтер, «Наурыз» бағдарламасы бойынша – 27 пәтер берілді. Жыл соңына дейін осы бағытта тағы 1 181 тұрғын үйді сатып алу жоспарланып отыр.

– Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында әлеуметтік саланың орны ерекше. Халықтың әл-ауқатын арттыру, өмір сүру сапасын жақсарту ең алдымен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының дамуымен тығыз байланысты. Осы бағыттарда облыста биыл қандай жұмыстар атқарылды? Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, мәдениет саласын дамыту және бұқаралық спортты өркендету бойынша қандай нәтижелер бар? Алдағы уақытта осы салаларда қандай міндеттер мен жобалар жүзеге асырылмақ?

– Әлеуметтік сала – өңір дамуының маңызды бағыттарының бірі. Халықтың өмір сүру сапасын арттыруда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларын дамытуға ерекше мән беріледі.

Өңірімізде оқушыларға сапалы білім беру – басты басымдықтардың бірі. Осы орайда жыл басынан бері облыста 11 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде 1 апатты, 4 ескі және орын тапшылығы қалыптасқан 6 мектептің мәселесі шешілді. Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 11 400 орынға арналған 14 мектептің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, биыл бюджет қаражаты есебінен 1 490 орынға арналған 6 мектептің құрылысы жалғасуда.

Денсаулық сақтау саласында медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға басымдық берілуде. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл 5,3 млрд теңгеге Шалқар, Мұғалжар және Хромтау аудандық ауруханаларына қосымша ғимараттар салу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Қарғалы ауданының Бадамша ауылындағы емханаға қосымша ғимарат салу үшін облыстық бюджеттен 500 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұдан бөлек, өңірдегі 3 медициналық нысанда күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда Ойыл және Байғанин аудандық ауруханаларындағы, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы №7 қалалық емханадағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде жаңа заманауи драма театрының құрылысы басталды. Қазіргі уақытта нысанның конструкцияларын монтаждау, қабырғаларын қалау және инженерлік желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға арналған «Әлия» орталығын салу үшін жер учаскесі белгіленіп, тиісті құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Өңірде бұқаралық спортты дамыту және тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл облыста 15 спорт нысанының құрылысы қолға алынды. Бүгінгі таңда оның 8-інің құрылысы аяқталып, қалған 7 нысандағы жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жалғасуда.

Сонымен қатар Ақтөбе қаласында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жобаның құны – 1,6 млрд теңге. Кешенде 100 орындық трибуна қарастырылған. Нысан құрылысын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде 35 мың адамға дейін қабылдайтын заманауи стадион салу жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі уақытта нысанның іргетас плитасы орнатылып, монолитті қабырғалар мен бағаналарды тұрғызу жұмыстары жүргізілуде.

– Қазіргі таңда қолжетімді әрі сапалы интернет – халықтың күнделікті өміріндегі маңызды қажеттіліктердің бірі. Әсіресе, шалғай елді мекендерді интернетпен қамту тұрғындардың білім алуына, ақпаратқа қол жеткізуіне және мемлекеттік қызметтерді пайдалануына мүмкіндік береді. Осы бағытта облыста қандай жұмыстар атқарылуда? Ауыл-аймақтарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту бойынша қандай нәтижелер бар және алдағы уақытта қандай жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр?

– Бүгінгі күннің талабы – халықты қолжетімді әрі сапалы интернетпен қамтамасыз ету. Осы бағытта биыл өңірдегі 12 ауылды интернетке қосу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 4-еуі интернетпен қамтылды, қалған 8 ауылда жұмыстар жалғасуда. Нәтижесінде ауыл халқын интернетпен қамту деңгейін 97,3%-дан 98,8%-ға дейін арттыруға мүмкіндік туады.

Сонымен қатар Ақтөбе қаласы мен облыстың 7 елді мекені 5G желісіне қосылды. Жыл соңына дейін Шалқар қаласында да базалық станцияны іске қосу жоспарланып отыр.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында республикалық маңызы бар автожолдардың бойында мобильді байланыс пен интернетті қамтамасыз ету үшін облыстың 9 ауданында 17 антенна-діңгек орнатылатын орын анықталды.

Жоба бойынша инвестор ретінде «Транстелеком» АҚ анықталып, барлық қажетті құжаттар тапсырылды. Жұмыстарды ағымдағы жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.

– Енді облыс орталығы – Ақтөбе қаласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ. Қаланың инфрақұрылымын дамыту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және қала келбетін жақсарту бағытында биыл қандай жұмыстар атқарылды? Негізгі жобалардың жүзеге асырылу барысы мен нәтижелері қандай? Алдағы уақытта қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру үшін қандай жұмыстар жоспарланып отыр?

– Облыс орталығы Ақтөбе қаласында да ауыз толтырып айтарлықтай іргелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мәселен, Есет батыр тұрғын алабында 845 пәтерлі 4 үйдің құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 288 пәтерлі үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласының 39 тұрғын алабы су желісімен қамтамасыз етілген. Бүгінде 4 тұрғын алабында су желілерінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар 7 тұрғын алабын қамтитын 4 жоба бойынша тиісті құжаттама әзірленуде. Осы жұмыстардың нәтижесінде қаладағы 50 тұрғын алабын сумен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Қалған 4 тұрғын алабына су жеткізу Сарыбұлақ пен Моисеев жобаларын іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі.

Бұдан бөлек, Ақтөбе қаласын қосымша су қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 5 маңызды жоба жүзеге асырылуда. Сарыбұлақ пен Моисеев жобалары мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Сарыбұлақ жобасын іске асыруға арнайы мемлекеттік қордан 5 млрд теңге бөлінді, ал Моисеев жобасын қаржыландыру мәселесі күтілуде. Қалған 3 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Құндақтықыр су станциясын жаңғырту және кеңейту жобасының құны – 3 млрд теңге, станциядан келетін су құбырының 2-ші желісін салу – 15 млрд теңге, Ақтөбе қаласының су тазарту құрылыстарын салу – 14 млрд теңге. Ал Сарыбұлақ (тәулігіне 25 мың м³) жер асты су кен орнын игеруге 13,1 млрд теңге, Моисеев (тәулігіне 45 мың м³) жер асты су кен орнын игеруге 33,3 млрд теңге қарастырылған.

Қаладағы маңызды жобалардың бірі – кәріз тазарту құрылысының құрылысы. Жоба бойынша мердігер ұйым анықталып, нысанның жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары басталды.

Газбен жабдықтау бағытында Сазды-3 тұрғын алабында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Жаңаауыл-3 тұрғын алабының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Аталған жобалар іске асырылғаннан кейін қаладағы барлық 54 тұрғын алапты газбен толық қамтуға мүмкіндік туады.

Электрмен жабдықтау саласында биыл 3 тұрғын алабында электр желілерінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ «Батыс» шағын ауданында жаңа қосалқы станция салу жобасы әзірленді. Бұл жоба шағын ауданды үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қала ішіндегі автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту да – басым міндеттердің бірі. Осы орайда, өткен жылдан өтпелі 24 жоба (227,2 шақырым) жүзеге асырылуда. Оларды аяқтау биылға жоспарланған.

Бұдан бөлек, биыл жалпы құны 16 млрд теңгені құрайтын 54 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары басталды. Атап айтқанда, қаланың 14 көшесі мен Орск, Қарғалы, Родниковская және Мәртөк тасжолдары жөнделіп, жол инфрақұрылымының сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Облыстың ауылдық елді мекендерін дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,0 млрд теңгеге 199 жоба мақұлданып, нәтижесінде 243 жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар «Дипломмен ауылға!» жобасы шеңберінде биыл республикалық бюджет есебінен 133 маманға 1,3 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит беру жоспарланып отыр.

Жалпы алғанда Ақтөбе облысында экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өндіріс пен ауылшаруашылығын дамыту бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Жол-көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғындарды баспанамен, ауызсумен, газбен және сапалы интернетпен қамту жұмыстары да жалғасуда. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларын дамытуға және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға ерекше мән берілуде. 

Сұхбаттасқан – 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ, 

Ақтөбе облысы

 

23.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28799
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28330
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45624
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41268
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45941