Бакуде «Ортақ болашақ жолындағы диалог» тақырыбындағы VII Дүниежүзілік мәдениетаралық диалог форумының ашылу рәсімі өтті. Форумның ашылуында Әзербайжан Республикасының Президенті, Жоғары мәртебелі Ильхам Әлиев сөз сөйледі.
Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев өз сөзінде өткен 15 жыл ішінде Форумның мәдениетаралық диалог пен жаһандық мәселелерді талқылауға арналған маңызды халықаралық алаңға айналғанын атап өтіп, халықаралық серіктестердің, әсіресе БҰҰ Өркениеттер альянсының қолдауын жоғары бағалады.
Форум аясында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова Баку процесі шеңберіндегі халықаралық ұйымдардың III жоғары деңгейдегі кездесуі мен министрлердің VI кездесуінің арнайы бірлескен сессиясында сөз сөйледі.

Өз сөзінде профессор Ақтоты Райымқұлова түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын сақтау мен кеңінен насихаттаудың маңызын атап өтіп, осы бағыттағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің рөліне тоқталды. Қор президенті ұйымның мәдени мұраны цифрландыру саласында жүзеге асырып жатқан бастамалары мен жобалары, атап айтқанда, Қорға мүше мемлекеттердің мамандарымен бірлесіп әзірленіп жатқан «TurkicHeritage» цифрлық платформасы туралы баяндады.
Профессор Ақтоты Райымқұлова Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев мырзаға мәдениетаралық диалогқа ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін, сондай-ақ Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігіне Форумды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Іс-шараға 100-ден астам елден 500-ден астам қонақ қатысуда. Олардың қатарында Әзербайжан Республикасында тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері, халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері, түрлі елдердің мемлекет және үкімет қайраткерлері, парламентшілер, саясаткерлер, дін қайраткерлері, ғылыми және академиялық қауымдастық өкілдері, мәдениет қайраткерлері, халықаралық үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сарапшылар, зерттеушілер, сондай-ақ жастар мен жеке сектор өкілдері бар.
















