Жаңа заң біраз ағайынды сенделтіп тастады

Жаңа заң біраз ағайынды  сенделтіп  тастады

Елге оралып жатқан қандастарымызға азаматтық берудің тәртібі тағы да өзгеріп жатыр. Жаңа жылдан бастап, Қазақстанға көшіп келіп, азаматтық алғысы келетін ағайындар қазақ тілінен тест тапсырып, ана тілімізді белгілі деңгейде меңгергендігін дәлелдегеннен кейін ғана азаматтық беру жағын қарастырады екен.

«Әр заманда бір сұрқылтай» дейді қазақ. Жат жұртта жүрсе де ана тілдің мәйегін асылындай сақтап келген ағайындардың қазіргідей жаһандану жағдайында, тап болып отырған қиыншылықтары көбейіп бара жатқанын біліп отырмыз. Бірнеше министрліктің пәтуаласа отырып шығарған мына қаулысы басқасы емес, тап Қытайдан келетін ағайындарға қиын тигелі тұр. Себебі Өзбекстан, Монғолия елдерінде тұратын қазақтар бізбенен ұқсас әліпбиде оқып жаза алады. 

 

Ал, Ресейден келетін қазақтардың азаматтық алуына мұндай талаптар қойылмайды. Өйткені, Ресей, Белоруссия, Қырғызстан азаматтары Қазақстан азаматтығын алғысы келетін болса, мемлекеттік келісімдерге сай оп-оңай ала алатын заң жұмыс істеп тұр...

 

Қазір Қытайда қазақ мектептері түгелдей жабылды. Жастары қытай тілінде ғана сөйлейтін болып барады. Ал ересектері болса, төте жазумен сауаттарын ашқандықтан, біздің қолданып жүрген кириллица әріптерін оқып түсіне алмайды. Енді осындай жағдайда, қазақ болып қалайыншы деп мың түрлі кедергілерден өтіп елге келгенде, алдарына мынадай кедергі қойғанымыз дұрыс емес деп ойлаймын! Жоғарыда айтқандай, Қытайдағы қазақтар соңғы кездері ассимиляцияға ұшырап, ата-аналары мен балалары, немерелері бір-бірін түсінбейтін қасіретті халге жеткен. Сондықтан барлық кедергілерді жойып, сырттағы ағайынға елге оралуға қақпамызды айқара ашуымыз тиіс. Елге оралуға ниет еткен қандастарымызға барлық жағдайды жасап, олардың құжаттарын қайта ауырлатпай, жеңілдетуге тырыссақ – нағыз әділдік пен тарихи парызымыздың орындалуы болар еді.

Әрине, тілдік ортаны жақсарту, стратегиялық мақсат... деген сарындағы ойларды жақсы түсініп отырмыз. Біз ең әуелі өз ішіміздегі тілдік ортаны жақсартып алуымыз керек!

Жаңа заң күшіне енгелі бері біраз ағайын сенделіп қалыпты. Себебі Алматы, Жетісу облыстарына келіп, жаңа жылға дейін «Қандас мәртебісін» алып, енді азаматтық алуға құжат тапсырғалы жүрген ағайындарға мына заң кедергі болған. Яғни, тест тапсыруы керек, сосын белгіленген облыстарға баруды ұсынған... Осы тұста құзырлы мекемелер өздері шығарған Қаулыларына тағы да ішнара өзгерістер енгізсе дегіміз келеді. Олай жасамасақ, елге әзер жеткен ағайындарды кері қуғандай боларымыз анық. Өйткені, Қытайдағы жағдай біз ойлағаннан басқаша сипатта өрбіп отыр, олардың этникалық азшылықтарға ұстанып отырған көрнеу және көмескі саясаттарын үнемі назарда ұстамасақ, ертең қай жағынан болса да ұтылып қалатынымыз сөзсіз.

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ

26.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23623
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23277
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 39826
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36761
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40932