Астана төрінде 29-30 мамыр күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен AIF-2025 форумы болып өтті. Ауқымды іс-шараны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп ашты.
Форум бағдарламасы «Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік», «Энергетика және климаттың өзгеруі», «Экономика және қаржы» деп аталатын үш негізгі тақырыптан тұрады.
Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік саласындағы әлемдік сарапшылар болашақ туралы көпполярлы әлемдегі «орта державалар» саясатын, сондай-ақ Таяу Шығыстағы жаңа тепе-теңдікке апаратын жолдарды талқылады.
Энергетика және климаттың өзгеруі туралы панельдік сессияларда қатысушылар су және энергетикалық қауіпсіздікті, Орталық Азияның орнықты болашағын, климат саласындағы жаһандық іс-қимылдарды, инновациялық сын-тегеуріндерді әңгімеге арқау етті.
Бұл тақырыптар бойынша Power International Holding компаниялар тобының төрағасының орынбасары, президенті және бас атқарушы директоры Рамез Әл-Хайят, Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттіктің (IRENA) бас директоры Франческо Ла Камера, Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының мүшесі Лорд Фрэнсис Моуд, СОР29 президенті Мұхтар Бабаев сөз сөйледі.
«Экономика және қаржы» тақырыбы бойынша негізгі бағыттар: әлемдік сауданың болашағын анықтау, жасанды интеллект, жаһандық экономикалық қуатты қайта қарау, цифрлық активтер революциясы болады. Форумның қонақтары Berlin Global Dialogue негізін қалаушы және төрағасы Ларс-Хендрик Рёллер, Google компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа жөніндегі вице-президенті Патрик Уорнкинг, Министр-шетелдегі француз азаматтарының сыртқы сауда және істер жөніндегі делегаты Лоран Сент-Мартен, Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Кириакос Какорис болды.
2025 жылғы Астана Халықаралық форумы – жаһандық диалог пен өзекті әлемдік проблемаларды талқылауға арналған негізгі алаң. Жоба жаһандық сын-қатерлерді бірлесіп шешу үшін елдерді біріктіре отырып, мультилатерализмнің жаңа дәуірін қалыптастыруға ықпал етеді. Іс-шара экономикаға, климатқа және мемлекетаралық қатынастарға бағытталған жаһандық өзгерістер жағдайында халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Айта кету керек, Астана халықаралық форумы – Орталық Азиядағы ең ірі диалогтық алаңдардың бірі. Форум аясында әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелер – сыртқы саясат, экономика және қаржы, қауіпсіздік, тұрақты даму, энергетика және климат тақырыптары үнемі талқыланып келеді.
Форумға шетел үкіметтерінің өкілдері, халықаралық ұйымдар, трансұлттық корпорациялар, бизнес және академиялық орта көшбасшылары қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AIF-2025 форумы әлемде белгісіздік белең алған кезеңде өтіп отырғанын, сондай-ақ Қазақстан 450 ядролық сынақтың зардабымен әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отырғанын қынжыла әңгімеледі. Президент жиын барысында Қазақстан қандай қағидатты қатаң ұстанатынын, сонымен қатар еліміз жасанды интеллектіні дамытуға ерекше мән беретінін тілге тиек етті.
Әсіресе форумда ынтымақтастық туралы баса айтып, форум не үшін құрылғанын түсіндіріп берді.
ТЫҢ ОЙЛАР...
БАТЫЛ ҚАДАМДАР...
Сондай-ақ Мемлекет басшысы елордада өтіп жатқан AIF-2025 форумында елімізде қандай реформалар жүргізілгенін, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне реформа керек екеніне ерекше тоқталды.
Президенттің айтуынша, миллиардтаған тағдырға әсер ететін шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес. Сондықтан Қазақстан әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды.
Президент өз сөзінде «Сіздер Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен келдіңіздер. Әрқайсысыңыз тәжірибелеріңізді, дүниетанымдарыңызды және құндылықтардың ықпалымен қалыптасқан көзқарастарыңызды ортаға саласыздар. Аталған форумның мәні осындай интеллектуалдық әралуандықта жатыр. Алдымызда келешектің түрлі сценарийі күтіп тұр. Бірі үміт ұялатады, бірі қауіп-қатерге толы. Бәріне ортақ өркениет жолын таңдаймыз ба, әлде жікке бөлініп құрдымға кетеміз бе? Оны үркердей топтың мәлімдемесі емес, көптің ауызбіршілігі шешуі қажет», – деді Тоқаев. Президенттің сөзінше, Астана халықаралық форумы осы ынтымақтастыққа қолдау білдіру үшін құрылды. Бұл алаң өзара құрметке негізделген және ашық пікірталас мүмкіндігін ұсынады. Биылғы форум тақырыбы – «Ақыл-ой қосу арқылы келешекті бағдарлау» (Connecting Minds, Shaping the Future). Бұл – біздің үндеуіміз әрі қалтқысыз сеніміміз.
«Жаһандық сын-қатерді жалғыз еңсеру мүмкін емес. Дипломатия ресми протоколдың тар шеңберінен шығып, анағұрлым терең әрі адами қалыптағы қарым-қатынасқа төр ұсынуға тиіс. Біз дүниежүзілік дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Мұнда адамдар арасындағы сенім, білім-тәжірибемен бөлісу және азаматтық қоғамның ынтымақтастығы халықаралық қатынастардың жаңа іргетасын қалайды. Сондықтан ықпалдастықтың аясын кеңейте беруіміз керек. Қазақстан идеяның кені, араағайындық шешімдердің архитекторы және түрлі өңірлер мен мәдениеттердің серіктесі ретінде осы өзгерістерге үлес қосуға дайын», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде.
Тоқаев форум тың ойлар айтылатын ғана емес, батыл қадамдар жасалатын алаңға айналсын деп, қатысушыларды мазмұнды диалог орнатуға шақырды.
Руанда Республикасының президенті Поль Кагаме: «Әлем елдері соғыстың себебіне емес, салдарына көп мән беріп кетті. Ахуалды уақытша оңалтып, жараның бетін жылы жауып қоюға тырысып жүрміз. Бірақ ол ұзаққа апармайды. Қақтығыстың себебін тауып, тамырынан түзеу керек. Уақытша оқ атуды тоқтатумен шектелуге болмайды», – деп пікірін білдірді.
Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони: «Еліңізге шақырып, қонақжайлық танытқаныңыз және Астана халықаралық форумында сөз сөйлеуге мүмкіндік жасағаныңыз үшін тағы да алғыс айтамын. Бұл форум диалог үшін маңызды алаңдардың біріне айналып келеді. Біз Қазақстанды Италияның стратегиялық серіктесі, ал Орталық Азия өңірін стратегиялық тұрғыдан маңызды тоғыз жолдың торабы ретінде қарастырамыз. Бізге диалог қажет. Мұны Өзіңіз де жақсы түсінесіз. Қазақстан – Италияның көптеген сала бойынша маңызды әріптесі. Екі ел арасындағы ынтымақтастық табысты дамып келеді. Әйтсе де, кеше айтқанымдай, энергетикадан бастап мәдениетке дейін, университеттердің тәжірибе алмасуы, халықтар арасын жақындату бағыттарында бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар», – деді Италия Премьер-министрі.
Алыс-жақыннан келген шетелдік меймандардың алдында сөз сөйлеген президент Тоқаев, қолы босай сала Францияның сыртқы сауда делегат-министрі Лоран Сен-Мартенді қабылдады. Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл әл-Мазруимен әңгімелесті. Ауғанстан өнеркәсіп және сауда министрінің міндетін атқарушы Нуриддин Азизиді қабылдады.
Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның бас директоры Эми Поуп, Жаһандық жасыл даму институтының төрағасы Пан Ги Мун, Google компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа бойынша вице-президенті Патрик Ворнкинг. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының бас директоры Дарен Танг. Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсе. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюй.
Жалпы, Тоқаев Астана халықаралық форумына келген шетелдік қонақтармен екіжақты 11 кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында инвестиция тарту, өзара ынтымақтастықты нығайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және экспортты дамыту тәрізді көптеген тақырыптар талқыланды.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК