Бүгінде елімізде кино өнеріне қызығушылық артып, жас режиссерлердің шығармашылығына ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның бір дәлелі – Алматы қаласында он бірінші рет өткен «Байқоңыр» кинофестивалі. Фестиваль отандық киноның қазіргі даму бағытын ғана көрсетіп қоймай, жас режиссерлердің қоғамдағы маңызды мәселелерді экран арқылы жеткізуіне мүмкіндік беретін шығармашылық алаңға айналып отыр.
Фестиваль барысында отандық және шетелдік фильмдер көрсетіліп, олардың тақырыптық және киноның мағынасының ерекшеліктері талқыланды. Көрермен ретінде фильмдерді тамашалап қана қоймай, режиссерлердің ойымен танысу, сұрақ-жауаптарға қатысу және киноға кәсіби тұрғыдан қарауға мүмкіндік туды. Әсіресе халықаралық конкурсқа қатысқан қысқаметрлі фильмдер бағдарламасы менің назарымды ерекше аударды. Себебі бірнеше минуттың ішінде режиссер белгілі бір кейіпкердің тағдырын, қоғамдағы мәселені немесе адамның ішкі сезімін жеткізе алады. Фестивальдің халықаралық конкурсында көрсетілген он үш фильмнің әрқайсысы өзіндік тақырыбымен ерекшеленді. Фильмдердің жанры мен оқиғасы әртүрлі болғанымен, барлығына ортақ нәрсе – адам өмірі мен қоғам арасындағы байланысты көрсету. Әр фильмге қысқаша тоқталып өтсек:
Алғашқы фильмдердің бірі – Нурлан Хасанли режиссерлік еткен «Early Feelings» («Алғашқы сезімдер»). Фильм кішкентай баланың айналасындағы әлемді алғаш рет терең сезіне бастауы туралы. Кейіпкердің басынан өткен оқиғалар арқылы балалық шақтағы сезімдердің адам санасында қандай із қалдыратыны көрсетіледі. Фильмде өлім, алғашқы сезім, алғашқы махаббат, қорқыныш және ересек өмірді түсінуге деген көзқарастар бар. Маған бұл фильмнің ерекшелігі – режиссер үлкен мәселелерді баланың көзімен көрсетуі болды. Баланың қарапайым әрекеттерінің өзінен оның ішкі өзгерісін байқауға болады.

Стэлла Фахингердің «Tiger’s Smile» («Жолбарыстың күлкісі») туындысының басты кейіпкері – он алты жастағы Лени есімді қыз. Ол анасымен бірге қарапайым, әлеуметтік жағдайы төмен отбасында өмір сүреді. Бір күні анасы екеуі cупермаркетке азық-түлік алуға барады. Сол жерде Лени ауқатты отбасынан шыққан сыныптастарын кездестіреді. Олардың еркін жүріп, қалаған заттарын еш қиындықсыз сатып алып жүргенін көрген қыз өз өміріне басқаша қарай бастайды. Оқиғаның ең әсерлі тұстарының бірі – Ленидің ішкі жан-дүниесін шынайы көрсетуі. Лени анасының жағдайын толық түсінуге тырыспайды, өйткені сол сәтте сыныптастарының алдында ұялмауды ғана ойлайды. Бұл фильмнің қараңғылау визуалды атмосферасы да оқиғаның көңіл-күйіне сәйкес келеді. Кейіпкердің ішкі қысымы, анасына деген реніші және әлеуметтік ортада қысылуы – көрерменге ауыр сезім тудырады. Менің ойымша, фильмнің негізгі идеясы – адамның әлеуметтік жағдайы оның жақындарына деген махаббатын анықтамайды. Лени бастапқыда анасын кедейлігі үшін қабылдай алмай, өз ортасынан ұялады. Бірақ соңында анасының оған деген қамқорлығын түсінеді. Бұдан көрермен дайын жауап алмайды, керісінше оқиғаны өзі саралап, кейіпкерлердің жағдайына өз бағасын береді.
Көрермен назарына ұсынылған Камилла Сағындықтың «What Have You Done, Zarina?» («Зарина, не істедің?») фильмі – қазіргі қазақ қоғамында ашық талқылана бермейтін мәселелердің бірі – жасөспірімдер арасындағы жүктілік пен оған байланысты әлеуметтік қысымды көтереді. Фильмнің басты кейіпкері – 15 жастағы мектеп оқушысы Зарина. Өзінің жүкті екенін білген сәттен бастап оның өмірі күрт өзгереді. Ол бұл жағдайды ата-анасынан және айналасындағы адамдардан жасыруға тырысады, себебі қолдау мен түсіністіктен гөрі ұрыс пен айыптаудан қорқады. Зарина тығырықтан өз бетімен шығуға әрекет жасайды. Бірақ мәселені жасырып, дәрі-дәрмектерді өздігінен қолдануы оның жағдайын жеңілдетпей, керісінше жалғыздығын күшейтеді. Бұл жерде режиссер жасөспірімнің нақты қиындықтарымен қатар, ақпараттың жетіспеуі мен көмек сұраудан қорқу мәселесін де алға шығарады. Зарина өзінің сырын тек жақын құрбысы Каринаға ғана айта алады.
Фильмде Заринаның құрбысы Каринаның да осындай жағдайға тап болуы ерекше мәнге ие. Бұған дейін Зарина оның өзінен алыстап, телефон қоңырауларына жауап бермей жүргенін түсінбейді. Кейін құрбысын тауып, оның да жүкті екенін білген кезде ғана оның не себепті қашқақтағанын түсінеді. Бұл көрініс екі қыздың жеке тағдырын ғана емес, бір мәселенің әртүрлі адамдардың өмірінде қайталануы мүмкін екенін көрсетеді. Зарина осы сәтте өзін жалғыз сезінудің қандай екенін түсінгендей болады. Оқиғаның шиеленісуіне Заринаның ағасының жағдайды біліп қоюы да әсер етеді. Оның ашуы отбасындағы қысымды күшейтеді. Ал ата-анасының қызды кінәлауы Заринаның өзін одан сайын жалғыз сезінуіне әкеледі. Осы арқылы фильм отбасындағы қарым-қатынастың жасөспірімнің қиын жағдайды қабылдауына қаншалықты әсер ететінін көрсетеді.
Фильмнің негізгі ерекшелігі – режиссер көрерменге дайын мораль ұсынбайды. Керісінше, Заринаның басынан өткен жағдай арқылы бірнеше сұрақ қояды: Жасөспірім қиын жағдайға тап болғанда, ол кімнен көмек сұрай алады? Неліктен кей адамдар өз мәселесін жақындарына айтуға қорқады? Қоғамның «ұят» деген түсінігі адамды қолдауға емес, үнсіз қалуға итермелеп тұрған жоқ па? Меніңше, фильмнің ең әсерлі тұсы да осында. «What Have You Done, Zarina?» – бір ғана қыздың оқиғасын көрсетумен шектелмей, жасөспірімнің айналасындағы отбасы, достық, мектеп және қоғам арасындағы байланысты ойлануға мүмкіндік береді. Фильм көрерменді айыптаудан бұрын түсінуге, дайын жауап беруден бұрын мәселенің себептеріне үңілуге шақырады. Бұл туындыны көргеннен кейін мен үшін «ұят» ұғымының фильмдегі орны ерекше байқалды. Кейде қоғамның сөзі мен бағасынан қорқу адамның ең қажетті сәтте көмек сұрауына кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан фильмнің негізгі ойларының бірі – қиын жағдайға түскен адамды жалғыз қалдырмай, оны тыңдау мен түсінудің маңызы деп қабылдадым.

Режиссер Мариам Хатчванидің «Inherited Silence» («Мұра болған үнсіздік») қысқаметрлі фильмі – сырт көзге қарапайым болып көрінетін отбасының ішкі шындығын көрсетеді. Оқиға «Рождество» мен «Жаңа жыл» мерекесі кезінде Грузияның шағын ауылында өтеді. Мерекелік атмосфераға қарамастан, фильмнің ішкі драмасы өте ауыр. Негізгі кейіпкер Ната күйеуінен тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп, отбасынан кетуге шешім қабылдайды. Бірақ оның бұл шешімі тек күйеуі тарапынан емес, ауылдағы басқа әйелдер тарапынан да қарсылыққа ұшырайды. Олар отбасының мәселесін сыртқа шығармай, «бәрі жақсы» деген бейнені сақтап қалуды талап етеді.
Мен үшін ауылдағы әйелдердің позициясы қызық болды. Олар өздері де әйел бола тұра, Натаның шешімін қолдамайды. Керісінше, оны шыдауға, отбасын сақтауға шақырады. Осы арқылы режиссер зорлық-зомбылық мәселесін бір ғана адамның әрекеті ретінде емес, қоғамда қалыптасқан түсініктермен байланысты құбылыс ретінде көрсетеді. Фильмнің атауы – «Inherited Silence» («Мұра болған үнсіздік») – оқиғаның мағынасын толықтырып тұр. Үнсіздік бұл жерде жай ғана сөйлемеу емес. Ол – отбасындағы мәселені жасыру, «ел не дейді?» деген қорқыныш, қалыптасқан дәстүрге қарсы шықпау. Бұл үнсіздік бір ұрпақтан екінші ұрпаққа беріліп келе жатқан әдет сияқты сезіледі. «Inherited Silence» – көп сөйлемей-ақ көп нәрсе айтатын фильм. Туынды аяқталғаннан кейін де оның кейіпкерлері мен көтерген мәселесі туралы көрерменді ойлануға мәжбүрлейді. Меніңше, жақсы қысқаметрлі фильмнің құндылығы да осында.
Конкурсқа түскен Дмитрий Авдыштың «Maut» («Маут») фильмі – Якутияның Хатыстыр ауылындағы эвенктердің өмірін көрсетеді. Фильмде оқиға жас жігіт пен оның бұғы өсіретін әкесінің айналасында өрбиді. Әкесі баласының ата кәсібін жалғастырады. Ал баласы қалаға кетіп, жаңа өмір бастауды армандайды. Фильмде ұрпақтар арасындағы көзқарас айырмашылығы, ауылдан қалаға көшу және дәстүрдің жоғалу мәселесі көтеріледі. Әкесі үшін туған жер мен ата кәсіп – өмірдің маңызды бөлігі болса, баласы үшін болашақ пен жаңа мүмкіндік маңыздырақ. Маған фильмнің осы қарапайым оқиға арқылы үлкен мәселе көтергені ұнады. Әсіресе ана тілінің, дәстүрдің және ұлттық мәдениеттің сақталуы туралы ойландырды. Басты рөлдерді жергілікті тұрғындардың ойнауы фильмнің шынайылығын арттыра түскен деп ойлаймын. «Maut» – туған жер мен өз болашағыңды таңдау арасындағы тартысты көрсететін әсерлі туынды.
Ал Ирина Бальшованың «Happy as Can Be» («Бақыттан басы айналған») фильмі – баласынан айырылған әйелдің ішкі күйзелісі мен қайғыны қабылдау жолын көрсетеді. Басты кейіпкердің жасөспірім ұлы қайтыс болғаннан кейін, оның өмірі күрт өзгереді. Ол адамдардан алыстап, үлкен қайғының ішінде қалады. Ішкі тыныштық іздеген әйел анасының туған жеріне аттанады. Табиғаттың тыныштығы мен ауыл өмірі оған өткенін қайта еске түсіріп, өз қайғысымен бетпе-бет келуге мүмкіндік береді. Маған фильмнің диалогтан гөрі визуалды тәсілдер арқылы ой жеткізуі ұнады. Кең дала, жел, тыныштық және кейіпкердің жалғыздығы оның ішкі жағдайын жақсы көрсетеді. Сондықтан фильмді көргенде табиғаттың өзі жеке бір кейіпкер сияқты әсер қалдырады. Фильмнің негізгі ойы – қайғыны бір сәтте ұмыту емес, онымен өмір сүруді үйрену. Әйел өткенін өзгерте алмайтынын түсініп, өмірін жалғастыруға мүмкіндік береді. Ал фильм атауы да осы оймен байланысты: адам қайғыдан кейін де өмірден кішкентай болса да бақыт табуға өзіне рұқсат бере алады.
Бағдарламадағы жетінші фильм кейде адамдар бір-біріне жақын өмір сүргенімен, араларында үлкен қашықтық пайда болатыны туралы баяндады. Нодир Абдукаримовтың «Cold Spring» («Суық көктем») фильмінде кейіпкерлердің арасында ашық әңгімеден гөрі үнсіздік көп. Бір үйдің ішінде жүргенімен, әрқайсысы өз ойы мен мәселесінің ішінде жалғыз қалғандай әсер қалдырады. Фильмнің атауындағы «суық көктем» ұғымы да кездейсоқ емес. Суық ауа-райы мен сұр пейзаж кейіпкерлердің ішкі көңіл-күйімен үндеседі. Табиғаттағы суықтық олардың арасындағы сезімнің де біртіндеп суығанын білдіретін метафораға айналады. Маған фильмдегі ең қызық шешім – режиссердің көп нәрсені сөзбен көрсетпеуінде. Аз диалог, ұзақ үнсіздік, қарапайым тұрмыстық детальдар арқылы кейіпкерлердің ішкі жағдайын сезінуге болады. Бұл жерде кадрдың өзі сөйлейді деуге болады.
Қырғыз режиссері Алина Байтокованың «Қызыл туфли» фильмінде бес жасар Жамалдың анасына деген сағынышы мен балалық қабылдауы арқылы отбасындағы ажырау мәселесі көрсетіледі. Оқиға Жамалдың әжесімен бірге тұратын қырғыз ауылында өтеді. Бір күні үйге бейтаныс әйел келеді. Жамал алдымен оның кім екенін түсінбейді, тек аяғындағы қызыл туфлиіне назар аударады. Кейін әйелдің өз анасы екенін біледі. Анасы кезінде Жамалды тастап, жұмыс істеуге кеткен. Режиссер оқиғаны баланың көзқарасы арқылы құрып, үлкендердің мәселесін Жамалдың сезімі мен бақылауы арқылы жеткізеді. Фильмде диалогтан гөрі визуалды детальдардың маңызы байқалады. Соның ішінде қызыл туфли – ана бейнесін, сағыныш пен қысқа уақытқа келген бақытты білдіретін негізгі символ. Фильмнің финалында анасының қайтадан кетіп қалуы Жамал үшін үлкен эмоционалдық соққы болады. Осылайша режиссер аз ғана минуттың ішінде баланың анаға деген қажеттілігін және жалғыздық сезімін ерекше көрсете алған.
Конкурсқа қатысқан қырғызстандық «Случайность» («Кездейсоқтық») фильмінде режиссер заманауи қоғамның ең ауыр әрі жабық тақырыптарының бірі – жас аналардың шарасыздығы мен тастанды балалар трагедиясын реалистік бағытта ашады. Фильм – драма жанрында түсірілгенімен, өзінің шиеленісі мен психологиялық қысымы жағынан әлеуметтік триллерге жақын. Қоқыс жәшігінен табылған бала – бұл тек бір шарасыз қыздың қателігі емес, бұл – адам өмірінің қадірі «керексіз заттың» деңгейіне түскен заманның белгісі. Алайда, әпкенің сол қоқыс ішінен баланы құшақтап шығуы – адамгершіліктің ең қараңғы түнде де жарық түсіре алатын ұлы күш екенін дәлелдеді.
Бұл туынды көрерменге мынадай заңды сұрақтарды тастайды: Нағыз қылмыскер кім? Қорқыныштан есінен танып, баласын қоқысқа лақтырған сіңлісі ме? Екі қызды тағдыр тәлкегіне тастап, оқиға сыртында қалған баланың әкесі ме? Әлде дер кезінде көмек қолын созбай, тек соңында кінәсіз әпкені соттауға асыққан, мейірімнен жұрдай тас бауыр жүйе мен соқыр қоғам ба? Фильм бізді айналамызға мұқият қарауға, көршінің, таныстың, дәліздегі бейтаныс жанның тағдырына бей-жай қарамауға шақырады.
Байқауға түскен «Umbral» («Табалдырық») фильмінің өзегінде Португалияда тұратын қарапайым отбасының жиырма жылға жуық өмір сүрген үйінен мәжбүрлі түрде айырылуы. Үйден кету отбасы үшін жай ғана баспана ауыстыру емес, ортақ естеліктер мен қалыптасқан өмірмен қоштасу ретінде көрінеді. Үйді босату барысында отбасының ішкі қайшылықтары ашыла түседі. Қаржылық қиындық пен жиналған өкпе ата-ананың арасындағы жанжалға ұласып, олардың отбасылық қарым-қатынасының әлсірегенін көрсетеді. Заттарды қораптарға жинаған сайын, отбасы өз өмірінің де бір кезеңін артта қалдырып жатқандай әсер қалдырады.
Оқиғаның эмоционалдық орталығында – жасөспірім Сара. Ол ата-анасының жанжалын үнсіз бақылап, үйдің біртіндеп босап қалғанын көреді. Сара үшін бұл – балалық шағымен және бұрынғы қауіпсіздік сезімімен қоштасу. Осы тұрғыдан фильмдегі үй нақты кеңістік қана емес, кейіпкердің балалық шағын сақтап тұрған эмоционалдық мекен ретінде қабылданады.
Ким Сан Юнның 2025 жылы түсірген «Sounds Louder on Rainy Days» («Жаңбырлы күндердегі қатты дыбыстар») атты қысқаметрлі фильмі – отбасылық қарым-қатынастағы айтылмаған сезімдер мен ренішті жаңбырдың дыбысы арқылы жеткізетін психологиялық драма. Фильмнің басты кейіпкері Жи Хи ата-анасының үйіне күйеуі және баласымен келеді. Бірақ оның келуі қуанышты кездесуге айналмайды. Әкесінің реніші, жабық есік және үйдегі ауыр үнсіздік олардың арасындағы эмоционалдық қашықтықты көрсетеді. Басты кейіпкер Джихи кезінде отбасының қарсылығына қарамастан тұрмысқа шығады. Арада уақыт өткен соң әкесінің туған күніне күйеуі және баласымен бірге ата-анасының үйіне келеді. Алайда оның бұл кездесуге деген ішкі мазасыздығы бекер болмайды. Әкесі қызын суық қарсы алып, өз бөлмесіне кіріп кетеді. Үйдегі үнсіздік пен жиналған реніш біртіндеп үлкен отбасылық жанжалға ұласады. Режиссер үлкен драманы күнделікті отбасылық жағдай арқылы көрсетеді. Әсіресе үнсіздік, жабық есік және жаңбыр дыбысы кейіпкерлер арасындағы қашықтықты сезіндіреді. Меніңше, фильмнің негізгі ойы – кейде адамдар арасындағы ең ауыр сезімдер сөзбен емес, үнсіздік арқылы беріледі.
Тәжік режиссері Самариддин Мухитдиновтың «Lukhtak» («Қуыршақ») фильмі – ерте неке, отбасылық парыз және қыз баланың өз тағдырын таңдау еркіндігі туралы әлеуметтік драма. Фильмнің негізгі желісі екі апалы-сіңлілі қыздың тағдыры арқылы өрбиді. Кіші қыздың еркінен тыс тұрмысқа шығуына дайындық жүріп жатқанда, үлкен әпкесі оған дәстүр бойынша мата қуыршақ – «лухтак» жасап береді. Қуыршақ тігу процесі екі қыздың арасындағы ашық әңгімеге және ішкі қайшылықтардың ашылуына себеп болады.
Фильмде махаббат пен отбасылық борыштың арасындағы таңдау мәселесі де көтеріледі. Әпкелердің әңгімесі арқылы бір ғана қыздың емес, бірнеше ұрпақ әйелдерінің тағдырында қайталанып келе жатқан әлеуметтік қысым сезіледі. Маған фильмнің баяу ырғағы мен визуалды метафораларға сүйенуі ұнады. Әсіресе қуыршақ тігу процесінің ұзақ көрсетілуі оқиғаның эмоционалдық салмағын күшейтеді. Ал Далер Назаровтың «Ман Ери Туям» әні фильмнің мұңды атмосферасын толықтырады. Режиссер финалды көрерменнің өз пайымына қалдырады. Меніңше, бұл тәсіл фильмнің әсерін күшейтеді, себебі көрермен кейіпкерлердің тағдыры туралы өз қорытындысын жасауға мүмкіндік алады. «Lukhtak» – дәстүрді ғана емес, адамның өз өміріне қатысты таңдау құқығын ойлантатын фильм. Мен үшін оның басты идеясы – адамды өз тағдырының «қуыршағына» айналдырмау.
Кинорежиссер Лили Казарянның «The Doorman» («Есік күзетшісі») фильмі – уақыт өзгерген сайын ескі өмір салты мен құндылықтардың жаңа заманға бейімделуі туралы туынды. Оқиға Еревандағы ескі дәмхананың иесі Николайдың айналасында өрбиді. Дәмхана бұрынғыдай пайда әкелмегендіктен, Николайдың ұлы оны жаңартып, заманауи форматқа өткізгісі келеді. Бірақ бұл үшін көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан швейцар Владимирді жұмыстан шығару керек болады. Владимир Николай үшін жай қызметкер емес, оның жақын досы. Мен үшін фильмдегі осы таңдау қызық болды. Николай бір жағынан отбасылық бизнесті сақтап қалуы керек, екінші жағынан көп жылдан бергі досын қимайды. Осы арқылы режиссер ескі мен жаңаның арасындағы қарапайым, бірақ эмоционалды қақтығысты көрсетеді. Мен дәмхананың өзін де символ ретінде қабылдадым. Ол Николайдың өткен өмірін, естеліктерін және ескі заманның құндылықтарын сақтап тұрған кеңістік сияқты. Ал Владимирдің тағдыры сол өткен өмірдің біртіндеп шетке ығысып бара жатқанын көрсетеді. Меніңше, фильмнің басты ойы – заман өзгерген кезде бәрі бірдей сол өзгеріске ілесе алмайды. Бірақ ескі дүниенің де өз тарихы мен құндылығы бар.
Қорытындылай келе, «Байқоңыр» кинофестивалі маған киноны тек оқиға ретінде емес, қоғамдағы түрлі мәселелерді ашық жеткізіп, көрерменнің санасына ой салатын өнер түрі ретінде қабылдауға мүмкіндік берді. Мен Кинотану мамандығында оқып жүрген студент ретінде фильмнен тек оқиға желісін ғана емес, кадр, дыбыс, кеңістік, кейіпкердің әрекеті, табиғат көріністері мен ауылдың тұрмыс-тіршілігі секілді көптеген көркемдік тұстардың өзара үйлесімін байқадым. Ал көрермен ретінде әр фильмнен қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді көріп, олардың шешу жолдарын іздеуге жетелейтін ой түйдім. Фильмдердің басым бөлігінде отбасы, қоғамның әлеуметтік жағдайы, дәстүр мен жаңашылдық мәселелері түрлі қырынан көрініс тапқан. Қай фильмді алып қарасақ та, адам бойындағы жанашырлық, имандылық, ұят пен ар-ождан секілді құндылықтардың төмендеп бара жатқанын аңғартатындай әсер қалдырды. Кейіпкерлердің кейбірі өз қателігін біліп тұрса да, қоғамның қысымынан қорқатын сәттері көп болды. Ал жақындарының оларды естімеуі, түсінбеуі – біз үшін үлкен алаңдаушылық тудыратын мәселе. Сол себепті осы фильмдер арқылы әр көрерменнің жүрегіне жол тауып, санасын оятатын туындылар екеніне күмәнім жоқ. Мен үшін «Байқоңыр» фестивалі – тек фильм көруге арналған мәдени шара ғана емес, мамандығымды тереңірек түсінуге, қоғамды тануға және оған басқа қырынан қарауға мүмкіндік берген маңызды тәжірибе болды.
«Байқоңыр» фестивалі маған киноның жай ғана өнер емес, ұлттың айнасы, қоғамның дерті мен үмітін қатар көрсететін құдіретті күш екенін дәлелдеді. Әр фильмнен алған әсерім болашақ маман ретінде де, азамат ретінде де адамгершілік құндылықтарды жоғары қою керектігін ұғындырды. Осындай рухани азық сыйлаған фестивальге алғысым шексіз. Фестиваль фильмдері бітті, бірақ оның ой салған сұрақтары менімен бірге қалды...
Шамшырақ Асылжан,
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА
«Кинотану» мамандығының 1 курс студенті















