19-25 қыркүйек аралығында Алматы қаласында «Байқоңыр» кинофестивалі аясында Almaty Film Critics’ Forum өтті. Кино өнері мен кинотану саласына арналған бес жылдық тарихы бар бұл маңызды мәдени іс-шара биыл да өз жұмысын жалғастырып, кинотанушыларды, киносыншыларды және кино саласына қызығушылық танытқан мамандарды бір алаңға жинады. Форум аясында отандық киноның тарихы мен теориясы талқыланып, кино өнерінің бүгінгі мәселелеріне қатысты пікір алмасуға мүмкіндік туды.
Іс-шараның алғашқы бөлімінде жүргізушілер форумның бес жылдық тарихы мен биылғы бағдарламасын таныстырып, кино саласының дамуына үлес қосқан бірқатар авторларға арнайы марапаттар табыстады. Марапаттау барысында «Үздік студенттік жұмыс», «Үздік кинотанушылық телебағдарлама», «Үздік кинотанушылық жұмыс», сондай-ақ «Кинотану саласының дамуына қосқан үлесі үшін» арнайы номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды. Биылғы марапат иелерінің қатарында «Инклюзия идеясы мен адам құндылығы» тақырыбындағы үздік студенттік жұмысы үшін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кинотану» мамандығының 2-курс студенті Таңсамал Берген, «Түркістан» телеарнасындағы телебағдарламасы үшін кинотанушы Молдияр Ергебеков, үздік кинотанушылық жұмысы үшін кинотанушы Еңілік Егеубаева болды. Ал кино саласына қосқан үлесі үшін кинотанушы, профессор Инна Смаилова арнайы марапатқа ие болды.

Форум бағдарламасының маңызды бөлімдерінің бірі – кинотанушы, киносыншы, Қазақстан Киносыншылар қауымдастығының президенті Гүлнар Әбікееваның «Детство вне советского сценария: кино Абдуллы Карсакбаева» атты дәрісі. Дәріс барысында қазақ киносының қалыптасу кезеңдері мен Кеңес дәуіріндегі ұлттық киноның ерекшеліктері талқыланды. Сонымен қатар 1960-1970 жылдардағы қазақ киносының даму кезеңдеріне кеңінен тоқталды. Дәрісте қазақ киносының белгілі туындысы «Менің атым Қожа» (реж.: Абдолла Қарсақбаев) фильміне жан-жақты талдау жасалды. Қожа мінсіз, тәртіпті бала емес, тентектік жасап, қателесіп жүретін, алайда көрерменге жақын әрі сүйікті кейіпкер ретінде қарастырылды. Оның осы ерекшелігі арқылы фильмде баланың шынайы болмысы бейнеленетіні атап өтілді. Сонымен қатар Қожа бейнесі арқылы кеңестік кезеңдегі қазақ баласының экрандағы көрінісі айқындалатыны сөз болды.

Форумның келесі бөлімінде белгілі кинорежиссер әрі кинотанушы Дәрежан Өмірбаевтың «О четырех статьях из сборника “Строение фильма”» атты кітабының таныстырылымы өтті. Автордың айтуынша, бұл еңбекке оның шамамен қырық жыл бұрын жүргізген зерттеулері негіз болған. Бастапқыда ол бұл тақырыпқа оқу жұмысы ретінде қызығушылық танытып, кейін кино теориясына деген қызығушылығы артып, зерттеуін жалғастырған. Кітаптың негізінде 1980-жылдары жарық көрген «Строение фильма» атты мақалалар жинағы жатыр. Жинақтағы еңбектерде киноны таңбалар жүйесі ретінде қарастыру мәселелері зерттелген. Дәрежан Өмірбаев кино мен тіл арасындағы байланысты түсіндіре отырып, экрандағы бейнелердің де белгілі бір мағына беретінін атап өтті.
Форумның тағы бір ерекшелігі – киноға тек өнер түрі ретінде ғана емес, оның тарихқа, мәдениетке, қоғамға және адамға әсері тұрғысынан да қарауға мүмкіндік беруі. Осындай басқосуларда кино саласында тәжірибесі бар мамандар өз ойларымен бөлісіп, білім алушылар мен жас зерттеушілерге жаңа білім мен тың идеялар алуға мүмкіндік береді. Осылайша, Almaty Film Critics’ Forum кино өнерінің тарихы мен бүгінгі даму үдерістерін бір алаңда тоғыстырып, кинотанушылар мен зерттеушілердің пікір алмасуына, тәжірибе бөлісуіне және отандық кино туралы жаңа пайымдар қалыптастыруына жол ашқан маңызды мәдени-ғылыми алаңға айналды.
Сырлыбай Оразхан,
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА
«Кинотану» мамандығының 1 курс студенті















