Кеше ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы «Ахмет Байтұрсынұлы» атындағы медальмен марапатталды.
Ұлт ұстазы атындағы медаль – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан берілетін ведомстволық марапат. Аталмыш марапат тіл, білім, ғылым және гуманитарлық салаларда айрықша үлес қосқан тұлғаларды, мемлекеттік тілдің дамуына шығармашылық белсенділікпен үлес қосқан азаматтарды, ұйым басшыларын, ғалымдар мен педагогтарды құрметтеу мақсатында тағайындалған.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов мырза қабылдау кезінде ыстық ықыласын білдіре келіп, Сәуле Мешітбайқызының ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, мәртебесінің асқақтай түсуі жолында тер төгіп жүрген тұлғалардың бірі екендігін атап өтті.
– Сәуле апайымыз талай жылдан бері «Qazaqstan dauiri» газетін басқарып келеді. Осы аралықта ана тіліміздің абыройын асқақтатып, қолданыс аясын кеңейте түсуге шақырған, тілдің мерейін үстем етіп, ұрпақтарымыздың бойына тілдің қасиетін сіңіруге үндеген көптеген мақалалар жазды. Өзі басқарып отырған халықаралық газет Алаш рухын асқақтата отырып, ана тіліміздің мәртебесін барлығынан биік қоюды ешқашан назардан тыс қалдырған жоқ. Министрлік сіздің осындай еңбектеріңізді ескере отырып, «Ахмет Байтұрсынұлы» атындағы медальмен марапаттауды ұйғарды, – деді.
Сөз кезегінде Сәуле Мешітбайқызы үлкен құрмет көрсеткен ұжымға алғысын айта келіп, бұл марапатты зор қуанышпен қабылдайтындығын жеткізді.
– Сәрсенбінің сәтті күнінде Ұлт ұстазы атындағы марапатты алу мен үшін үлкен мәртебе. Мен де ұстазбын, Ахмет Жұбанов атындағы республикалық қазақ музыка мамандандырылған мектеп-интернатында 20 жылдан артық қызмет еттім. Еңбегім бағаланбай қалған жері жоқ, біраз марапаттарым бар. Дегенмен Ұлт ұстазы Ахаңның атындағы медальдің орны бөлек, білген адамға үлкен жауапкершілік жүктейтін марапат. Бұл маған ғана емес, тұтас ұжымымызға көрсетілген құрмет деп білемін. Ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, абыройын асқақтата түсу баршамыздың парызымыз! Біз мұны ешқашан естен шығармауымыз керек! Жылдар бойы қағажу көрген қазақ тілі өз биігіне шығар болса, кешегі арманда кеткен, Ахаң бастаған Алаш арыстарының әруағы риза болары сөзсіз, – деді Сәуле Мешітбайқызы.
Аталмыш марапат Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан 2023 жылдан бері беріле бастады. Бұл награда ұлы ағартушы, қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай ведомстволық марапаттар қатарына енгізілген және сол жылдың 5 қыркүйегінде алғаш рет табысталған.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ












