ҰЛЫТАУДА ҰЛЫ ІСТЕР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТЫР

ҰЛЫТАУДА ҰЛЫ ІСТЕР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТЫР

Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері

Ұлытау облысы тарихи және табиғи ескерткіштерімен, сонымен қатар стратегиялық көлік және экономикалық инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Халқымыздың бұл өңірді «Ұлт ұясы – Ұлытау» деп әспеттеуінде де терең мән бар. Ұлытау – қазақ халқының көне тарихымен тығыз байланысты аймақ. Бұл жерде ортағасырлық қалашықтар, кесенелер, киелі орындар бар. Қазақ хандары мен батырларының тарихи оқиғалары өткен. Елдің бірлігін, тәуелсіздігін қорғауға қатысты маңызды шешімдер қабылданған. Бұл өңір қазақ ұлты үшін рухани орталығының айғағы ретінде Ұлытауды «ұлттың ұясы» деп аталсе керек. Ұлытаудың мәдени-рухани мәні айрықша. Ол – қазақ мәдениетінің, дәстүрінің, салт-дәстүрінің сақталуына ықпал еткен киелі мекен. Бұл жер халықтың тарихи жадысын сақтауға, ұрпаққа ата-бабасының дәстүрін жеткізуге қызмет етеді. Ұлытау өңірі – қазақ халқының тарихи мекені. Мұнда көне қалашықтар, кесенелер, киелі жерлер көп.

Облыс орталығы Жезқазған қаласы – облыстың әкімшілік, мәдени және экономикалық орталығы, қала күннен-күнге құлпырып, жайқалып келеді. 

Ұлытау облысы – жас өңір болғанымен, экономикалық, әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуда елеулі серпінге ие. Болашаққа бағытталған жобалар аймақты өндірістік, инновациялық және әлеуметтік тұрғыдан дамыған өңірге айналдырады. Біз бүгін Рыспеков Дастан Адайұлы басқарған Ұлытау облысының 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі оң үрдістерді талдап көрмекпіз. Бұл жайлы деректерді Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков келтірген болатын. 

Өңірдің жалпы өңірлік өнім көлемінің артуы, инвестициялық жобалардың іске асуы және кәсіпкерлікті қолдау шаралары облыс экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар білім беру саласындағы жаңа бастамалар, оның ішінде Ұлытау техникалық университетін ашу жұмыстары өңірдің ғылыми-кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталған. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту, жаңа медициналық жабдықтармен қамту және спорттық нысандарды пайдалануға беру жұмыстары тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді. Газдандыру мен жылу жүйесін жаңғырту бағытында атқарылған қадамдар да өңірдің инфрақұрылымдық дамуын айқындайды. Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлының  басшылығымен өңірдің даму динамикасы оң көрсеткіштер көрсетуде. 

Ақпараттарға сенсек, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлытау облысы тұрақты экономикалық өсім көрсетіп, жаңа құрылған өңір ретінде өзінің қарқынды дамуын дәлелдеді. Осы кезеңде Жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн теңгеге жетіп, 1,1% өсім көрсетті. Жан басына шаққандағы ЖӨӨ 4,6 млн теңгені құрап, өңір экономикасының әлеуеті артып келе жатқанын айғақтады. Экономикалық белсенділіктің күшеюі облыс бюджетінің кірістерін де арттырды: жыл басынан бері кіріс көлемі 29,7 млрд теңгеге, яғни 20%-ға өсті.

 

Экономиканы әртараптандыру: жаңа жобалар және инвестициялар

Өткен жылы экономиканы әртараптандыру бағытында жалпы сомасы 34 млрд теңгені құрайтын 9 жоба іске қосылды. Бұл үрдіс 2025 жылы да жалғасын тапты: биыл 138 млрд теңгелік 17 инвестициялық жоба жүзеге аса бастады. Олардың ішінде: мұнай базасының құрылысы, жел электр станциясы, респиратор шығаратын зауыт сияқты маңызды өнеркәсіптік нысандар толық аяқталды.

2028 жылға дейін жалпы құны 920 млрд теңгеге тең 25 ірі жобаны қамтитын инвестициялық пул қалыптастырылды. Жоба толық орындалған жағдайда облыста 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

 

Индустриялық аймақ: жаңа өндірістердің орталығы

Сәтбаев қаласында индустриялық аймақ құру жұмыстары басталып, бұл өңір үшін өндірістік жаңа мүмкіндік ашты. Инфрақұрылым тарту биыл басталып, келесі жылы толық аяқталмақ. Қазіргі уақытта жалпы құны 5 млрд теңгені құрайтын 3 жоба дайындалуда. Бұл жерде 100 жаңа жұмыс орны құрылмақ.

«Атамекен» ҰКП жариялаған рейтингке сәйкес, Ұлытау облысы шағын бизнес үшін ең қолайлы үш өңірдің қатарына кірді. Кәсіпкерлікті қолдау шаралары шеңберінде биыл 195 жас кәсіпкерге қайтарымсыз грант берілді.

Ауылшаруашылығында өсім бар. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы да өңірде белсенді іске асырылып жатыр. 2025 жылдың басынан бері 700 млн теңгеге 100 жоба қаржыландырылды. Облыс құрылғаннан бері агросаланы дамытуға 8,5 млрд теңге инвестиция тартылса, оның 2,5 млрд теңгесі биыл құйылған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 46% өсім.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлытау техникалық университетін ашу бойынша ауқымды жұмыс басталды. Жақында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасында меморандум жасалды.

Жобаның артықшылықтары: өңірде заманауи ғылыми-білім беру орталығы құрылмақ; тау- кен-металлургия  саласы үшін кадр даярланады; түлектер Қазақстанның және АҚШ-тың дипломын алады.

Бұл – өңірдің адами капиталын жаңа деңгейге шығаратын маңызды бастама.

 

Денсаулық сақтау: материалдық-техникалық база күшейді

Ұлытау облысы құрылғаннан бері денсаулық сақтау ұйымдарының жарақтандырылуы 88%-ға жеткізілді. Барлығы 333 медициналық жабдық сатып алынған, оның 96-сы – осы жылы алынған.

Жыл соңына дейін: Жаңарқа ауданында денешынықтыру-сауықтыру кешені, Ералиев ауылында жылдам тұрғызылатын спорт кешені, Жезді кентінде спорт кешені пайдалануға берілмек.

 

Инфрақұрылым: жылу және газдандыру жұмыстары

Облыс орталығында жылыту маусымы 6 қазан күні басталды. Биыл 6 қазандық және 5 турбоагрегат іске қосылды (өткен жылы – 5 қазандық, 4 агрегат). Жылыту жұмыстары тұрақты режимде өтуде.

Газдандыру да кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Қазіргі қамту деңгейі:

9,1%, яғни 20 мыңнан астам адам табиғи газбен қамтылған.

2030 жылға дейін тағы 63 мыңға жуық тұрғынды газбен қамту жоспарланып отыр.

Ұлытау облысы – құрылғалы аз уақыт өтсе де, дамудың жаңа моделін қалыптастырып келе жатқан жас өңір. Экономикалық көрсеткіштердегі өсім, жаңа инвестициялық жобалар, инфрақұрылым құрылысы, адами капиталды дамытуға бағытталған бастамалар аймақтың болашағына үлкен сенім ұялатады. Алдағы жылдары іске асатын жобалар Ұлытауды еліміздің өндірістік және инновациялық орталықтарының біріне айналдыратыны анық.

 

Батыс ауданына 12 мың адам қоныстанады

Облыс құрылған алғашқы екіжылдықта инженерлік желілерді жаңартуда ауқымды жұмыстар атқарылғанының нәтижесінде биыл Жезқазғанда абаттандыру жұмыстары қарқын алды.

Облыс орталығының басты көшесі саналатын – Алашахан даңғылында жаяу жүргіншілер аллеясы бой көтеріп, жалпы саны 31 ойын алаңы салынды. Оған қоса 100 қоқыс контейнері алаңы орнатылып, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 369 контейнер айырбасталды.

«Қазақмыс» корпорациясының демеуімен 40 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңартылды.

Қазіргі таңда Жезқазған қаласының аумағы кеңейтілуде. Дамудың басты көрсеткіші ретінде қаланың Бас жоспарына сәйкес, Батыс ауданын ашу әрі дамыту жобасы қолға алынды. Қазіргі таңда ол аумақта көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, қолдау қаражатына ғимараттар жоспарланып, бой көтеруде. Атап айтар болсақ, оқушылар сарайы, емхана, 320 орындық балабақша, 900 орындық мектеп, спорт кешені, мұз аренасы мен бассейн.

 

ДЕРЕКТЕР СӨЙЛЕЙДІ

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ДАСТАН РЫСПЕКОВ КЕЛТІРГЕН МӘЛІМЕТТЕР:

Қазір Ұлытау облысының 20 мың тұрғыны табиғи газбен қамтамасыз етілген. 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш 63 мыңға дейін өседі.

Биыл Ұлытауға жаңадан келген 25 медицина қызметкеріне 170 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленіп, 15 дәрігер қызметтік баспана алды. Жұмыстар жалғасады.

Соңғы үш жылда Жезқазған ЖЭО-да атқарылған ауқымды жұмыстардың және жаңғыртылған жылу желілерінің арқасында қалада жылу тапшылығы жоқ деп айтуға негіз бар.

Биыл Ұлытау облысының кәсіпкерлерін қолдау мақсатында 195 ұлытаулыққа қайтарымсыз грант қаражаты берілген.

Жезқазғанда жаңадан ашылған Батыс ауданында 12 мыңға дейін тұрғын қоныстанады деп жоспарлануда. Аталған аумақта қазір көпқабатты тұрғын үйлер, инвестжобалар мен әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алды. 

Әлеуметтік нысандар тек қана қолдау, демеушілік қаражаттарына ғана жүзеге асырылатын болады. Ол үшін инвесторлар тарту жұмыстары үздіксіз жалғасады.

Жезқазғандағы есу спорты мектебі – нағыз білікті спортшыларды даярлайтын ұстахана. Біз аталған спорт түрінен әлемдік деңгейдегі үздіктерді шығару үшін қолдауды күшейте береміз.

Ұлытау облысы құрылғалы бері ауылшаруашылығы саласына 8,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал биылдың өзінде құйылған инвестиция көлемі – 2,5 млрд теңге. 

Ұлытау облысында бастау алған «Отбасылық ферма» жобасының республикада баламасы жоқ. Аталған бастама арқылы фермерлердің басын біріктіріп, ішкі өнім көлемін арттыра түсу көзделген.

 

«Ауыл аманаты»: Биыл 700 млн теңгеге 100 жоба қаржыландырылды

Ұлытау облысы құрылғалы бері ауылшаруашылығы саласына 8,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал биылдың өзінде құйылған инвестиция көлемі – 2,5 млрд теңге.

Жалпы осы жылы Ұлытау ауданында 400 гектар алқапта суармалы дақылдар мен көкөніс өсіру, Жезқазған қаласында 5 000 бастан асатын қой шаруашылығы фермасының құрылуы, Жезқазған қаласында 500 гектар аумақта суару жабдықтарын қолдана отырып мал азығын егу жобасы, Жаңаарқа ауданында 367 гектар аумақта суару құрылғыларын қолдана отырып мал азығын егу бойынша 2 жоба, Жаңаарқа ауданында 12 900 басқа арналған қой отбасылық фермасын салу, Жаңаарқа ауданында 7 800 басқа арналған ірі қара мал отбасылық фермасын құру жобалары бастау алды.

Қазіргі таңда облыс әлеуметтік азық-түлік тауарларының 4 түрі бойынша, атап айтар болсақ, сиыр еті, бірінші сортты бидай ұны және бірінші сортты ұннан жасалған бидай нанымен өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, инвестициялық жобалардың іске асырылу нәтижесінде тауық жұмыртқасымен қамтамасыз ету 0-ден 40%-ға жетіп отыр.

Ал келесі жылы қосымша тауық еті және картоппен ішінара қамтамасыз ету жоспарлануда.

2022 жылы облыс аумағында суармалы құрылғыларды қолданатын егістік алқаптар болмады, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 1,7 мың гектарға жетті, 2026 жылы 2,5 мың гектарға дейін жеткізу жоспары тұр.

Айта кетейік, былтыр Жезқазған қаласында жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы және Жаңаарқа ауданында мал шаруашылығы кешені мен мал сою цехы іске қосылған болатын.

 

Екі мектеп, үш балабақша пайдалануға берілді

Өңірдегі білім саласына назар салсақ, 2025 жылы Жезқазған қаласында 300 орындық «Жайлы мектеп» пен Теректі ауылындағы 80 орындық білім ошағы ашылса, Жезқазған, Сәтбаев қалаларында бас-аяғы 640 орындық қос балабақша және Жаңаарқа ауданында 165 орындық бір бөбекжай ел игілігіне берілді.

Оған қоса, Қаражал қаласы мен Манадыр станциясында Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес салынып жатқан қос мектептің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Ұлытау облысындағы ерекше күтімді қажет ететін балалар ата-аналарының өтініші бойынша биыл өңірде алғаш рет аутизмі бар балаларды қолдау орталығы ашылды.

Сонымен қатар, демеушілік қаражат есебінен биыл Жезқазғанда 250 орындық оқушылар сарайының құрылысы басталды. 2026-2027 жылдар аралығында Жезқазған қаласында 1 200 орындық BINOM мектебінің құрылысы, 400 ұл балаға және 400 қыз балаға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мамандандырылған лицейі мен 300 орындық екі интернат-жатақханасын салу жоспарлануда.

Ерекше атап өтерлігі – 2025 жылы «Алтын белгі» иегерлері 2 есе өсіп, 74 түлекке жетті. Бұл сандар облыстың білім саласына ерекше қолдау көрсетіп отырғанын айғақтаса керек. 

 

Облыс бюджеті есебінен 32 резидент тегін білім алуда

Өңір денсаулық сақтау саласына да айрықша көңіл бөліп отыр. Мәселен, 2023-2025 жылдар аралығында облыстық бюджеттен 180 миллионға жуық қаражат бөлініп, денсаулық сақтау саласының болашақ мамандары білім алып жатыр. Азаматтар арнайы талаптарға сәйкес Ұлытау облысына келіп жұмыс істейді.

Одан бөлек, осы жылы өңірге жаңадан келген 25 медицина қызметкеріне 170 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Сондай-ақ, 15 дәрігер қызметтік үймен қамтамасыз етілді. Жалпы облыс құрылғаннан бері «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 20 медициналық нысанның құрылысы аяқталды, оның жетеуі биыл жыл соңына дейін беріледі.

Ұлытау облысында кірпіші қаланған сәттен бері жөндеу көрмеген медициналық нысандарды жаңғырту қарқынды қолға алынған. Биылдың өзінде 6 нысанның жөндеу жұмыстары басталды. Олар: Жезқазған қаласының емханасы, облыстық көпбейінді аурухана, Жаңаарқа ауданының ауруханасы, медициналық колледж, өкпе аурулары диспансері және Қаражал қаласының ауруханасы. Аталған нысандардың салынғалы жөндеу көрмегенін ескерсек, бұл – үлкен көрсеткіш.

2025 жылдың үшінші тоқсаны қорытындысы бойынша өлім саны 3,7%-ға, бала өлімі 44,6%-ға, туберкулезбен сырқаттану 12,8%-ға төмендеді.

 

2030 жылға дейін 63 мың тұрғын көгілдір отынмен қамтылады

Ұлытау облысында газдандыру қарқыны артып келеді. Көгілдір отынға қосу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, өңір инфрақұрылымының маңызды бағыттарының бірі ретінде қарқын алған. Бүгінде облыста газбен қамту деңгейі 9,1%, яғни 20 мыңнан астам тұрғын үйіне табиғи газ кірді. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары айтарлықтай өсіп, 2030 жылға қарай 63 мың адамды газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Газдандыру саласында өңірде жалпы құны 46 млрд теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылуда. Қазір көгілдір отын желілерін тарту жұмыстары Жезқазған қаласы, Атасу кенті, Кеңгір ауылы, Қаражал қаласы, Жәйрем кенті, Сәтбаев қаласы, Ұлытау ауданы және Жезді кентінде белсенді жүргізіліп жатыр.

Жаңаарқа ауданында газ тарату желілерінің құрылысына қатысты жоба дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Жоба аясында 188 шақырым желі тарту көзделген. Нәтижесінде 2027 жылға дейін Атасу кентіндегі 4500 үй көгілдір отынға қосылады. Кеңгір ауылында газ тарту жұмыстары 2025 жылдың қазан айында толық аяқталды. Бұл елді мекенде 500-ге жуық баспана мен 7 әлеуметтік нысан газ жүйесіне қосылатын болады.

Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде жалпы ұзындығы 226 шақырым газ құбыры тартылуда. Ал Сәтбаев қаласы мен Ұлытау ауданында газдандыру жұмыстары келесі жылы бастау алады. Осылайша облыстың барлық қала мен ауданына көгілдір отын 2030 жылға дейін жеткізіледі деп күтілуде.

Бүгінде Жезқазған қаласында ғана 3676 абонентке газ желілері тартылып, алғашқы 2 нысанның газға қосылғаны – өңір үшін маңызды көрсеткіш.

Ұлытау облысының газдандыру бағытындағы жұмыстары өңір халқының өмір сүру сапасын жақсартып, экологиялық жағдайды оңтайландыруға және жаңа өндірістердің дамуына серпін береді.

Ұзақмерзімді инвестициялар: 2028 жылға дейінгі жоспар

Облыс әкімі Дастан Адайұлы алдағы үш жылда облыс даму қарқынын одан әрі жеделдетуді жоспарлап отыр. 2028 жылға дейін жалпы құны 920 млрд теңгені құрайтын 25 ірі инвестициялық жоба пулы қалыптастырылған. Бұл ауқымды бастамалар 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жобалар өңірдің тау-кен, энергетика, өңдеу және инфрақұрылым салаларындағы өндірістік әлеуетін күшейтуді көздейді. Экономиканы әртараптандыру бағытында негізгі қадамдардың бірі – Сәтбаев қаласында индустриялық аймақтың құрылуы. Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 5 млрд теңге болатын 3 жоба пысықталуда. Аймақ толық іске қосылғанда 100 жаңа жұмыс орны ашылады.

Индустриялық аймаққа инфрақұрылым тарту жұмыстары биыл басталып, келесі жылы толық аяқталмақ. Бұл өндіріс ошақтарын орналастыруға дайын алаң қалыптастыруға, жаңа кәсіпорындардың кіруіне және өңірдің өнеркәсіптік белдеуін кеңейтуге жол ашады.

Жоспарланған жобалардың жүзеге асырылуы: шағын және орта өндіріс белдеуін қалыптастыруға; жаңа жұмыс орындарын ашуға; логистикалық және сауда байланыстарын күшейтуге; моноқаланы бір бағыттағы дамудан шығарып, экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді.

Бұл – өңір экономикасын бір секторға тәуелділіктен босатып, тұрақты әрі бәсекеге қабілетті даму моделін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

Ұлытау облысының дамуына тек мемлекет қана емес, ірі өнеркәсіп кәсіпорындары да үлес қосып отыр. Демеушілік қаражат есебінен әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыттағы негізгі серіктестер:

«Қазақмыс» корпорациясы,

«Казцинк» компаниясы,

«Qarmet» АҚ,

«Қазақстан халқына» қоры,

«Болат Өтемұратов» қоры.

Бұл ұйымдар қаржыландырып отырған жобалардың жалпы құны 50,3 млрд теңгені құрайды. Әлеуметтік нысандарды салу, инфрақұрылымды жаңарту, қала ортасын жақсарту – осы бастамалардың негізгі бағыттары.

Ұлытау облысының инвестициялық қарқыны өңірдің болашақ дамуының берік іргетасын қалап жатыр. Жүзеге асырылып жатқан жобалар аймақтың экономикалық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты нәтижелерге жол ашуда.

 

195 жас кәсіпкерге қайтарымсыз грант бөлінді

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының рейтингісіне сәйкес, Ұлытау облысы 2025 жылы шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуға ең қолайлы өңір деп танылып, алғашқы орынға шықты.

Биыл өңірде жалпы сомасы 3 млрд теңге болатын 75 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылды. Одан бөлек, әлемдік және отандық брендтердің франшизалары саны өсті. Аталған бағыттағы жұмыстар облыстың әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттырады, бұл бастамалар кезең-кезеңімен жалғасатын болады.

Айрықша атап өтерлігі – Жезқазған қаласында 25 жылдан астам қараусыз, иесіз тұрған тоқыма фабрикасының ғимараты мемлекет меншігіне қайтарылып, кәсіпкерлерге қолайлы орта жасау үшін ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Ғимарат жаңғыртылуда. Инвестиция көлемі 1 млрд теңгені құрайды.

 

Жол-көлік инфрақұрылымы жаңғырып келеді: «Жезқазған – Қызылорда» жолының төрттен бір бөлігі аяқталды

Өңірдің жол саласына қатысты айтар болсақ, ауыз толтырып айтарлық жетістіктер жетерлік. Ұлытау облысы құрылғалы бері өңірдің жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Соның нәтижесінде бүгінге дейін 549 шақырым автомобиль жолы және 4 көпір жөнделген. Бұл – облыстың көлік қатынасын жақсартып, логистикалық әлеуетін күшейтетін маңызды қадам.

«Жезқазған – Қызылорда» автожолының құрылысы қарқын алды. Биыл көктемде басталған «Қызылорда – Жезқазған» автожолын реконструкциялау жұмыстары жоспарға сай жүруде. Қазіргі таңда оның төрттен бір бөлігіне асфальт жабындысы төселіп, негізгі құрылыс қарқыны сақталып отыр. Жолдың толық аяқталуы өңірдің оңтүстікпен байланысын жылдамдатып, экономикалық қатынастарды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Ұлытау облысының өз ішіндегі көлік бағыттары да жаңғыртылуда: «Қаражал – Атасу» автожолында реконструкция жұмыстары жалғасуда; «Ұлытау – Арқалық» бағытында орташа жөндеу жүргізілуде; «Сәтбаев – Малшыбай – Жошыхан, Домбауыл кесенесі» автожолындағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Бұл жолдардың жақсаруы өңір ауылдары мен қалалары арасындағы қатынасты жеңілдетіп, туристік бағыттардың дамуына да оң әсерін тигізбек.

2024 жылы ұзындығы 316 шақырымды құрайтын Қызылжар – Мойынты жаңа теміржол желісінің құрылысы бастау алды. Бұл жоба жүзеге асқанда Ұлытау облысы арқылы Жамбыл облысына тікелей теміржол қатынасы ашылады. Жаңадан салынатын бағыт өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, жүк тасымалының жылдамдығын арттырады.

Вокзалдарды жаңарту жұмыстары да жүріп жатыр. Үкімет тапсырмасына сәйкес облыстағы төрт теміржол вокзалында – Жезқазған, Қаражал, Жаңаарқа және Қызылжар станциясында – құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандардың жаңаруы жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырады.

Өңірде әуе қатынасы да кеңейіп келеді. Қазіргі таңда Жезқазған қаласынан Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларына тұрақты авиамаршруттар қатынайды. 2026 жылы Балқаш және Түркістан қалаларына да жаңа әуе рейстерін ашу жоспарланған. Бұл өңірдің әуе қатынасын кеңейтіп, бизнес пен туризм үшін қосымша мүмкіндік береді.

Ұлытау облысында жүргізіліп жатқан жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосуда. Жолдардың жақсаруы – халықтың өмір сапасын арттырып қана қоймай, облыстың инвестициялық тартымдылығын да күшейтеді.

Жылу, су және электр инфрақұрылымы жаңару үстінде

Ұлытау облысында қысқы маусымның тұрақты өтуін қамтамасыз ету және тұрғындарға сапалы коммуналдық қызмет ұсыну мақсатында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жылу, су және электр жүйелерін жетілдіру бағытында биыл атқарылған шаралар өңірдің инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр.

 

Жылу беру маусымы қалыпты деңгейде өтуде

Биыл облыс бойынша 47,8 шақырым жылу желісі толық жаңғыртылды. Соның нәтижесінде тозу деңгейі 60%-дан 56,1%-ға дейін төмендеді. Бұл – соңғы жылдары жүйелі жүргізіліп келе жатқан инфрақұрылымдық жұмыстың айқын жемісі.

Ұлытау облысы құрылған алғашқы жылдары Жезқазған ЖЭО қысқа бар болғаны 4 қазандықпен кірген еді. Ал биылғы жылу маусымы 6 қазандық және 5 турбоагрегатпен басталды. Соңғы үш жылда станцияда ауқымды жаңғырту мен күрделі жөндеу жүргізіліп, ЖЭО-ның қуаты айтарлықтай артты. Қазіргі таңда жылу беру маусымы қалыпты режимде өтіп жатыр.

Сонымен қатар Сәтбаев қаласында да инфрақұрылым жаңартылып, 2,4 шақырым екі жылу желісі қайта салынды.

 

102 шақырым жаңа су желісі тартылды

Өңір халқының ауызсуға қолжетімділігі жоғары деңгейде. Бүгінде қалалар 100%, ауылдар 99,9% таза ауызсумен қамтамасыз етілген.

Жезқазған қаласын жер асты суымен қамтамасыз етуге бағытталған ірі жобаның 30%-ы аяқталды. «Үйтас Айдос» жерасты су көзінен қалаға тартылатын жаңа магистральдық құбыр 51 шақырым қашықтықта толық салынды.

Бұдан бөлек, жалпы құны 61 млрд теңгеге жуық 14 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 330 шақырым су желісін жаңарту және жаңадан салу жұмыстары басталған. Бұл бастамалар 2027 жылға дейін толық аяқталмақ.

 

Электр желілері кең көлемде жаңартылуда

2025 жылы өңірде:

818,9 шақырым электр желісі,

272 электр жабдығы жаңғыртылып, жөндеуден өтті.

Жұмыстың 1,8 млрд теңгесі монополист кәсіпорындардың инвестициялық жобалары арқылы қаржыландырылды.

 

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясындағы жетістіктер

2024 жылдан бері «Жаңаарқа кентінің электр желілерін салу» жобасына 730 млн теңге бөлініп: 46,2 км жаңа электр желісі тартылды, 500-ге жуық жаңа баған орнатылды, 13 трансформаторлық қосалқы станция іске қосылды.

Биыл бағдарлама аясында тағы 4 жобаға 2,9 млрд теңге қарастырылып, Жаңаарқа ауданында: 271 км электр желісі, 5927 баған, 13 қосалқы станция ауыстырылды. Ұлытау облысында жылу, су және электр инфрақұрылымын жаңарту қарқын алып, өңірдің коммуналдық жүйесі біртіндеп жаңарып келеді. Қысқа тыңғылықты дайындық, су тарту желілерін кеңейту және электр жүйелерін жаңғырту – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырумен қатар, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына да тың серпін бермек.

PS: Ұлытау облысы құрылғаннан бері қысқа мерзімде айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық серпінге қол жеткізді. Өңірдің экономикалық өсімі, жаңа инвестициялық жобалардың іске асуы, индустриялық аймақтардың құрылуы және кәсіпкерлікті қолдау шаралары облыстың өндірістік әлеуетін арттыруда. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау және спорт саласындағы бастамалар адами капиталды дамытуға, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.

Инфрақұрылымдық жобалардың, атап айтсақ жылу, су және электр жүйелерін жаңарту, жол-көлік және газдандыру жұмыстарының жүйелі жүргізілуі облыстың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Алдағы жылдарға жоспарланған ірі инвестициялық жобалар, жаңа жұмыс орындары мен әлеуметтік нысандардың ашылуы Ұлытауды экономикалық әрі әлеуметтік тұрғыдан дамыған өңірге айналдыруға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, Ұлытау облысы – жас өңір бола тұра, экономика мен әлеуметтік салада өз үлесін көрсете біліп, болашағы зор, дамудың жаңа моделін қалыптастырып келе жатқан аймақ ретінде айқын көрініс табуда.

Дайындаған – Гүлфия ЕЛТАЙҚЫЗЫ
11.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 21678
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 21457
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 36828
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 35032
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 39063