ҮЛКЕН ТАЛҒАММЕН, БИІК ӨРЕМЕН ЖАЗЫЛҒАН КІТАП

ҮЛКЕН ТАЛҒАММЕН, БИІК ӨРЕМЕН ЖАЗЫЛҒАН КІТАП
“Қонаевтың пәтерінен Назарбаевтың сарайына дейінгі” жолды ақын қалай жүріп өтті?
Бүгінгі қазақ қоғамы ізгілікке, игі істерге, тағылым мен даналыққа зәру. Ғаламды ақпарат күші ұршықтай үйіріп тұрған дәуірде, бос кеңістікті дақпырт пен даңғазалық толтырып, өсек пен ғайбат үстемдік құрған заманда жақсының қадірін бағалау кемшін түсуде.
“Жақсының жақсылығын айт, мейірі тасысын, Жаманның жамандығын айт, Құты қашсын” дейтін қазақ едік. Заманға кінә артпайық, заман өз орнында, адам өзгеруде. Оны шыққыр көзіміз көруде.
Бүгінгі адамдардың көбі жақсылыққа қуанбай, жамандыққа жаны қуармай, ештеңеге селт етпей, жетістікке жетсем дейді тер төкпей. Адам санасын улайтын құйтырқы ақпараттар ағыны жүректерді қарайтып, сезімдерді қатайтып жатқаны тағы шындық.
Содан да болар қазақ баласы алауыз. Балапан секілді сары ауыз. Асты мен үсті байлыққа толы даланы, әлемдік күштер жұтып қойғысы келеді жалмауыз.
Ал біз жатырмыз алаңсыз! Қайғысыз, мұңсыз, қараусыз!
Асылын ардақтаған, жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған халықтың бүгінгі кейбір ұрпағы әлемді кезген “Жаһандану елесіне” елітіп жүр! Батыстың қаңсығына таңсық болып желігіп жүр. Өз ұлтының даралығын, даналығын бағаламай ақыл-ойының көбесі сөгіліп жүр. Шабан атқа мінгендей айтаққа еріп тебініп жүр!
Қарап отырсаң қазақта ер болмағандай. Сөз бастайтын шешен, көш бастайтын көсем қалмағандай сыпыра даттау белең алуда. Абай данышпан күйінгендей “Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?” деген сұрағы әлі күнге маңызды.
Баяғыдай аталы сөзге, даналық сөзге тоқтайтын қазақ аз. Болар елдің баласы бірі-бірі батыр дейтін мақтау аз. Ініні ес тұтар аға аз, ағасын сес тұтар бала мәз...
Ұлттық құндылықты - ұлылықтың бастауына емес, астауына айналдырғысы келетіндер көбейді. Салт-дәстүрді бұрмалап, тіл мен ділді жұлмалап, қасиетті дінімізді бұрмалап ойына келгенін істегісі келетіндер де қара көрсетіп қояды.
Мұның бәрін демократияның жемісі көру әбестік. Бұл ұлтты жоюға арналған, әдейі ұйымдастырылған, болашақ ұрпақтың жұлынына сұғар бір істік!
Барыңды бағаламасаң, құндылығыңды дараламасаң, өткеніңді сараламасаң, жоқ-жоқ деп күңірене берсең, бәрінен түңіле берсең бізге жақсыны ешкім әкеліп бермейді! Осыны алаш баласы түсінуге тиіс!
Қазаққа қазақтан басқа ешкімнің жаны ашымайды. Қазақты қазақ қана түсінеді. Қазақты қазақ қана қорғайды. Басқа жұрт қазақты ұшпаққа шығармайды, жаны мен тәнін рухын түсіне алмайды!
Ұлт болып ұйысудың басты шартын да бабалар айтып кетіпті. “Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат бойыңнан түңілсін” деп.
Қазақ қоғамының тынышын кетіру, біріне бірін айдап салу, руға, тілге, дінге бөліп арасына жік салу ойыны жүріп жатыр. Мұның бәрі сыртқы күштердің әлегі. Олардың бар арманы қазақты бауырмашылдық, туысқандық, ағайындық қасиетінен айыру. Сөйтіп қанаттарын қайыру. Ізгі қасиеттерінен айырылған қазақ қанатсыз құс секілді далақтап, маңайына жалтақтап күн кешпек.
Алла Тағаладан тілерім ақырының қайырын бере көр деген тілек қана.
***
Ел алдында жүрген ардақты азаматтарға көрсетілген құрмет -жағымпаздық секілді көрініп, аяулысын қан-жоса қылып даттаған пенде шындықтың жоқшысындай еленіп жатқанына күнде куәміз. Иә, жақсылықты көретін көз керек. Пендешілікпен перделенген көз ашылса, жүрекке иман ұяласа, кез келген адамның бойынан қоламтада жатқан шоқтай жақсылық нышаны бой көрсетпек...
Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов атамыз “Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын” депті. Біз осы сөздің терtңіне бойлай алдық па?
Мұхамеджан Тазабек замандасымның “Енді айтуға болады...” кітабын оқып шығып, “Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан” деген тәмсілдің байыбына барғандай болдым. Адам баласы кез келген пенденің бойынан нені іздесе соны таппақ. Бәрі ниетіңе байланысты.
Д. Қонаевтың шарапатын көрген, Н. Назарбаевтың назарына іліккен, Қ. Тоқаевтың ризашылығына бөленген, Ә. Кекілбаевтың пейілі түскен, Ш. Мұртазаның тәлімін терген, О.Бөкейден турашылдықты бойына сіңірген, И. Тасмағамбетовтың ілтипатын сезінген, М. Жолдасбековтың ақыл-кеңесіне жүгінген, А. Әшімов ақ батасын берген, қазақ халқының дара қайраткерлерінің бәріне өзі де ізеттілікпен сәлем берген, қолдауларын сезініп соңдарына ерген Мұхаметжанды осал деуге келмес. Мына кітабын естелік дегеннен көрі, “есті дерек” деген дұрыс-ау. Бәлкім мемуар. Дана қазақ “Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра” демеуші ме еді.
Бұл кітапта жоғарыда аттары аталған марғасқалардан бөлек, ұлттың өзегіне айналған нарқасқалар туралы да терең толғамдар бар.
А. Асқаров, Қ. Мұхамеджанов, Т. Молдағалиев, Қ. Мырза-Әлі, Р. Сыздықова, Д. Матайқызы, Ф. Оңғарсынова, М. Өзтүрік, Ж. Ерман, Қырымбек Көшербаев, К. Әмірбек, Ш. Құлмаханов, М. Жұрынов, М. Құлмұхаммед, Б. Тілеухан, А. Алматов, А. Әлім, Е. Қарин т.б.
Бұл кітаптың ерекшелігі неде? Шынайылығында. Эксклюзивтілігінде. Ешкім есітімеген, бұрын еш жерде жарық көрмеген жаңашылдығында. Қызықты оқылатындығында.
Саман кесектің қалыңдығындай кітап болғанымен (580 бет), іші суреттермен көмкеріліп, харіптері де “ірілік” танытып тұр.
Көп сөзділіктен қашқан ақын ірі тұлғалардың болмыс-бітімін ашуға, адами портреттерін айшықтауға, мінез-құлықтарын таразылауға, тұлғалық сырларын тереңірек тануға ұмтылғаны, ұрпаққа берер тәлім-тәрбиелік іс-әрекеттерін жеткізуге тырысқаны байқалады.
Әсіресе тұлғалардың өзі көрген қасиеттерін жіліктеп-жіліктеп жаза білуі кітаптың бәсін артырып тұр. Айтыстағы қызықты сәттер мен әттеген-айлар да кітапты оқуға қызығушылығыңды артыра түседі.
Баяғыда біреу “Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба?” деп сұрағанда, тыңдап отырған халық. “Естігенің өтірік болар, көргеніңді айт, қарағым” деген екен.
Сол айтпақшы, бұл кітапта Мұхамеджан өмірден көргенін, көңіліне түйгенін бүкпесіз жазады. “Атасынан ақыл, әжесінен әдеп, анасынан сабыр” үйренгенін де есіне алады.
Нұрахан атасының немересі Мұхаметжанға айтқан ақылы да ой саларлық. Сексеннен асқан ата өзінің берекелі ұзақ жасауының себебін үлкендерден “көп жаса” деп бата алуымен сабақтастырады. “Балам” дейді атасы немересіне, “Жас күнімде үлкендер мені анда-мұнда жұмсай беретін, ешкімнің көңілін қалдырмайтынмын. Шауып жүретінмін. Олар маған үнемі ақ батасын беріп, “Көп жаса, қарағым” дейтін. Сол ақ бата мені оттан, оқтан, ажалдан талай мәрте аман алып қалды” дейді. Қарап тұрсаңыз қандай тағылым.
Текті жерден шыққан байдың қызы, жас кезінде күреске түскен балуан әжесі Жұпаркүлдің қалтасына жылан салып жүруінің тарихы тіптен бөлек. Сөйтсек соғыс кезіндегі кейбір шолақ белсенділердің жас келіншектерге соқтығуға құмарлығы осылай істеуге себеп болыпты. Кейбір қайныларының өрескел қылықтарына ренжігенде, байқатпай қалталарына жылан салып жіберу арқылы оларды жамандықтан қайтаруға тырысуы бір жағы күлкілі, бір жағы тойтарыс...
Ата мен әженің тәрбиесін көрген, ақ батасын алған Мұхаметжанның биіктен көрінуі заңдылық.
Кітапта өзі куә болған оқиғаларды, айтыстағы қызықты сәттерді, көзімен көрген, көңіліне түйген, соңынан ерген аузы дуалы ағаларының ғана мерейін үстем етпейді, алып туған аналар мен әлемдік тұлғалардың да портретін жасайды.
Әсіресе Дінмұхаммед Қонаев атамызбен кездесуі, атаның ақыл кеңесіне, қарапайымдылығына тәнті болуы кездейсоқтық емес еді. Өмірдің бұралаң-бұралаң жолдарының ауылда жүрген бала Мұхамеджанды Алматыға алып баруы да Алланың тағдыры. Маңдайына жазуы.
“...Билікке Колбин келгеннен кейін Қонаевқа жақын болған адамдар қудаланып, соның себебінен биік қызметте жүрген Байқошқаров көкеміз сонау астанамыз Алматыдан Жамбыл облысындағы менің кішкентай ғана “Шахан” деген ауылыма директор болып тағайындалды. Ол кісі үшін төмендеу болғанымен бұл құлдырау ауылда жүрген біз үшін даңғыл жолдың ашылуына, жақсыларды жаққыннан ертерек көруімізге үлкен себеп болды” деп жазады Мұхамеджан.
Міне, өнерге жақын, ұлттық рухы биік азамат “Адам болар баланы, ел қасынан тани білуінің арқасында” бала Мұхамеджанның шамшырағын жағады. Бұл кезеңді Мұхамеджан ерекше шабытпен толғайды.
***
Адам баласы ерекше құбылыс қой. Ғұмыры қарама қайшылыққа толы. Ал билік басында жүрген тұлғаның тағдыры мүлде бөлек. Саясат - ағаш ат! Лас тірлік.
Кейде ұлтың үшін қаламағаныңды істеуге, қалағаныңды тістеуге мәжбүрлейді. Байлаулысың! Қайраулысың! Тәуелсіздігіңді теңселткісі келетіндер көп, тәуекел деп, тура шапсаң турап тастаудан тайынбайды. Қай заманда да “Көп қорқытады, терең батырады”.
Ұлтыңды жан тәніңмен сүйіп тұрсаң да тіліңді тістеп отыруға, өркөкірек көршіңді ит етінен жек көріп тұрсаң да болмысыңды күштеп қолпаштауға әзірсің. Дипломатия.
Ол ісің біреуге жақса да, біреуге жақпайды. Біреуден бата алсаң да, енді біреудің қарғысын арқалауың бек мүмкін. Тарихтағы ұлы тұлғалардың бәрі бастан кешкен кеп осы.
Алаш арыстары мен кеңестік заманындағы ұлты үшін күрескен боздақтарды есіңе алсаң, еңкілдей жөнелесің!
Есесі кеткен есіл ерлердің мехнатты өмірін көріп билікке жолағың келмес, күрескерлік рухтарын көріп қайратың cөнбес.
Османлы тарихындағы ең ұлы сұлтанның бірі, мемлекетті империя дәрежесіне көтерген 7-ші сұлтан, Константинопольдің жаулаушысы ретінде күллі әлемге танымал билеуші II Мехметті заманында ешкім бағаламаған. Қадір-қасиетін түсінбеген. Қазір ғой бағын асырып, кино түсіріп жатқан...
Тұңғыш президент Н. Назарбаевтың алғашқы жылдары айтысқа келіп, ақындардың ауызымен айтылған сындарға мәрттік танытып, ұлық өнерге құрмет көрсеткенін көркем тілмен әсерлі жеткізеді. Кейін айтысқа келмей кеткенін де жасырмайды.
“Асыл арна” телеканалын ашу жолындағы қиындықтар да кітапта сөз болады. Назарбаевпен қажылық сапардағы сұхбаттары, ел жайлы президенттің толғаныстары бөлек әлем. Оны тұшынып оқу міндет.
Бүгінгі президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескендегі сезімі, кеудесіне награда тағып жатып президенттің сенім арта сөйлегені ақынға шабыт бергені шынайылықтың бейнесі.
“Иә, Мұхамеджан! Халың қалай? Алдындағы сәлемім жеткен шығар, мен сенің бүкіл айтып жүрген сөздеріңнен, жасап жатқан тәрбиелік жұмыстарыңнан хабардармын. Қолдаймын...” депті Қасым- Жомарт Кемелұлы.
Осы бір ауыз сөзде қаншама атан түйеге жүк болардай зіл батпан ой жатыр.
Өзіне дейінгі тұлғаларды дәріптеуде алдыңғы лекте жүрген ақын, жақсы көрген адамына ешқашан кіна артпайтын, уақыты өте келе артынан тас атпайтын, жақсылықты бойға сіңіріп, пендешелікті көзге ілмейтін Мұхамеджанның игі істері баршамызға үлгі болса қанекей!
“Енді айтуға болады...” деп кітапқа ат қойылуының өзі, түсінгенге көп нәрседен хабардар етіп тұрғандай. Егер бұл кітап Назарбаев дәуірінде жарыққа шықса (бүгінгі биліктен кеткен тұлғалардың бәрі өз орындарында отырғанда) бәле іздеген, дау іздеген ағайын не дер еді? Онсызда артынан “сөз бораған” ақынды нағыз жағымпаз деп даурығар еді. Күйе жағып күйдірер еді.
Жылдар зымырап өтуде. Кешегі күн бүгін тарих.
Шынында да “Енді айтуға болады...”. Мақтауға да, даттауға да, олардың әділ бағасын беруге де уақыт жеткілікті.
Бір қызығы, кітаптағы аттары аталған тұлғалардың көбі дүниеден өткен, тірілерінің өзі ақсақалдық жасқа жеткен.
***
“Енді айтуға болады” кітабында әлемге әсер еткен тұлғалар һақында тарау бар. Онда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жайлы да сөз айтылды. Онымен үйінде арнайы кездесуде Түркия президенті: “Ұстаздарың кім?” деп сұрақ қояды. Сол кезде Бекболат пен Мұхамеджан “ Ұстазымыз Халифа Алтай” деп жауап береді. Және де Халифа Алтай атамыздың Түрік еліне де қатысы бар екенін, Аднан Мендерес заманында келген тарихи көштің ішінде ол кісінің де болғанын әңгімелейді. Сол сәтте Ердоған мырза Халифа Алтай туралы білгісі келетінін жеткізеді. Кейіннен баласы Біләл арқылы атамыз туралы мәліметтерді, ол кісінің аударған құран кітабын Анадолыға жеткізеді. Бұл кездесудегі болған әңгімелер бауырлас екі елдің қарым қатынасының алтын діңгегі іспеттес.
Ел Президенттері салған сара жолды қазақтың бүгінгі азаматтары жалғап отырса неге қуанбасқа, неге шүкірлік айтпасқа!
Ата бабалары Пәкістандық, Англия парламентінің жоғары палатасында жұмыс істейтін Лорд Ахмадпен “Асыл арнаның” жұмысын алғаш бастап жатқан жылдары кездескені жайлы, онымен дамыған Англияның бүгінгі жағдайы туралы сұхбатасатын жері бар.
Сонда Лорд Ахматтың “Сендер қазір отбасылық қарым-қатынасты үлкен құндылық, бағалы байлық ретінде қадірлей алмай отырсыңдар ғой, бұл ағылшындардың арманы, біз сенатта жақында ғана әртүрлі қоғамдық, әлеуметтік институттарға көп қаржы бөлгіздік. “Неге?” десең, жалпы еркек пен әйелдің үйленуінің пайдасын дәлелдеуге.
Бізде көп еркектер үйленгісі келмейді, көп әйел тұрмысқа шыққысы келмейді. Жеке өмір сүру оларға ыңғайлы, жайлы. Сондықтан үйленуге байланысты, соны насихаттауға, соны түсіндіругеғылыми жобаларға ақша бөлінді. Сондай ақ, үйленгеннен кейінбір шаңырақ астында тұрудың пайдасына байланысты жобаларға ақша бөлінді” дейді. Ең сорақысы, ерлі зайыптыларлың қосылғаннан кейін дүниеге перзент әкелуінің пайдалы екенін, оның көптеген қуаныш сыйлайтынын, экономикалық жағынан зиянсыз, рухани тұрғыдан тірек болатынын дәлелдейтін ғылыми-ақпараттық жобаларға ақша бөлуінде.
Лорд Ахмадтың мына сөзі бар қазаққа сабақ болса игі. Дамыған елдер деп өзеурей бермей, өзімізде бар ұлттық құндылықты дәріптей бергеніміз дұрыс. Қазақтың ұлттық құндылығына, салт-дәстүріне жетер дүниеден ештеңе жоқ. Барымызды бағалай білгенге не жетсін, шіркін!
“Сендер осы жағынан бізден артықсыңдар. Біз миллиардтаған қаржымен сендер мән бермей, үстінен аттап кетіп жатқан құндылықтарды қайтара алмай жатырмыз. Ал сендер одан құтылғанша асығып жатыр екенсіңдер” депті Лорд Ахмад.
Мұхамеджанның кітабында мұндай мысалдар жеткілікті. Бойында ұлттық рухтың қайнары бұлағы қайнап жатқан жігіт ағасы, жат әдеттерден ұлтын сақтандырады, жастарды ұлттық иммунитетпен қорғануға шақырады.
***
Ақыл ойы толысып, атақ-даңқы алысқа кете бастаған Мұхамеджан дін жағына ойысып, тура жолға түсе бастағанда, артынан сөз ереді. Өсек-аяң көбейеді. Салт-дәстүрге қарсы, уахабисттік ұстанымда деген хабарлар асқар таудай ағаларына да жетеді.
Осы жерде қайран қалар бір нәрсе, қазақтың апталдай тұлғалары (Әбіш Кекілбаев, Асанәлі Әшімов, Мырзатай Жолдасбеков) Мұхамеджанды үйлеріне шақырып алып, естіп жатқан хабарларының шын-өтірігін сұрайды. Өздерінің көкейлеріндегі сұрақтарын қояды.
Осы бір тартысты кезеңдердегі басынан кешкен оқиғаларды ыждағахатпен баяндайды. Асыл ағаларының әр сұрағына асықпай отырып, нақты жауабын беріп, көкейлерінде күдікті ой қалдырмағанын ашық жазады.
Дарыны мен арыны ешкімге дес бермей айтыс әлеміне феномен болып келген ақынды - алқалаған әлеумет көкке де көтерді, кей ағайындары кеу-кеулеп кеудесінен де итерді.
Мұхамеджан әлі күнге даңқ пен дақпырттың ортасында жүр. Даралағандар да, талағандар да қасында. Мақтауға да кенде емес, даттауға да зор үлес қосып жүргендер жетерлік.
Қазақ атамыз “Таландымен талас па” дейді. Бұл Алланың қолдауы мен қорғауындағы пендеге күншілдік танытпа дегені-ау.
Кейде қазақ “Балама “Таудай талап емес, бармақтай бақ” бер дейді. Талаптыға нұр жауғанымен, бармақтай бақтың құдіретіне шәк келтірмеу осы шығар.
Мұхамеджан бағы асқан азамат! Бармақтай бақтың арқасында жастайынан жақсылардың қамқорлығына бөленіп, еңбектері еленіп, асып-таспай, тәкапарлыққа баспай, тура жолдай адаспай жүріп келеді.
Өмір болғасын, шешім қабылдау барысында кейде бұрыс, кейде дұрыс бағыт та жүресің. Тұлға да адам. Оның да қуанышы мен күйініші, жұбанышы мен сүйінші бар.
Кітапты оқи отырып, тұлғалардың жетістік формуласына тереңірек үңілдім. Бұл кітаптың басқа кітаптардан айырмашылығы, ұлт қайраткерлерінің бойындағы қазақылығы мен азат қылығын, қарапайым болмыстары мен толғаныстарын, ұлтты қапысыз сүюдің үлгілерін ақын көзімен көруінде; баладай аңғал ағалардың руға емес, жаңа буынға, жас дарындарға деген кең пейілдері мен жалған дүниедегі кей сәттегі көңіл күйлерін бала болсада көңіліне түйе білуінде; Сөйтіп бәйтеректей мәуелі жақсылардың саясында болғанда, өмір жолдарынан өзінің алған тағылымы мен танымын қағаз бетіне мөлдіретіп түсіруінде; кейінгі ұрпақтың бір кәдесіне жараса деген үкілі үміттің кітаптың өне бойында шырмауықтай өрілуінде.
Бұл кітапта мақтану да, ел алдында ақталу да жоқ. Барыңды ардақта, асылыңды қорлатпа деген емеуірін ғана бар.
Ердің жасы елуге қадам басқан қазақтың маңдай алды айтыскер ақынының “Қонаевтың пәтерінен Назарбаевтың сарайына дейін” жүріп өткен жолының қызығы мен қиындығына, қуанышы мен әттеген-ай деген кейбір өкініштеріне куә болдым. Бұл кітап тұлғатану саласына қосылған ерен еңбек деп бағалаймын.
“Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де - ақымақтық” дейді ғой ұлы Абай. Сол рас!
Нағашыбай Қабылбек
08.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 13922
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 13874
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29006
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 27664
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 31178