ТАРАЗ: «ҰЛЫ ДАЛА» АУМАҒЫНДА ЗАМАНАУИ ІРІ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

ТАРАЗ: «ҰЛЫ ДАЛА» АУМАҒЫНДА ЗАМАНАУИ  ІРІ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің өркендеуі – ел дамуының негізі екенін атап өткеннен кейін Тараз қаласында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Бақытжан Орынбеков қала әкімі болып тағайындалған сәттен бастап шаһардың 2023-2025 жылдарға арналған Даму картасын әзірлеуді қолға алды.  Бұл картада облыс орталығындағы барлық саланың өркендеуін қамтитын нақты мақсат-міндеттер көзделген.

 

Бүгінде Даму жоспары аясында белгіленген міндеттер кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, өз шешімін табуда. Соның нәтижесінде Тараз қаласы күн санап көркейіп, дамудың даңғыл жолына түсті. Шаһарда қарқынды түрде қолға алынған жобалар түрлі салаларға серпін беріп, қаланың көкжиегін кеңейтуде. Әлеуметтік әлеует артып, халық пен билік арасында өзара сенім мен тиімді қарым-қатынас қалыптасты. Осы өркендеу жолындағы маңызды қадамдардың бірі 2024 жылдың 29 қаңтарында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Тараз қаласының жаңа Бас жоспарының бекітілуі болды. Аталған құжатта қала аумағында екі жаңа аудан құру көзделген еді. Соған сәйкес, Тараз қаласына іргелес жатқан Жамбыл және Байзақ аудандарынан жалпы көлемі 13 мың гектарды құрайтын, 45 701 тұрғыны бар 14 елді мекен қала құрамына қосылды. Бұл өзгеріс нәтижесінде шаһар халқының саны 480 мыңнан асты.

Қазіргі таңда жаңадан құрылған «Әулиеата» ауданында 273 766 адам өмір сүреді. Аудан құрамында 13 шағынаудан, 997 көпқабатты тұрғын үй, 7 саяжай алқабы, 18 тұрғын үй кешені, 487 көше, 158 бұрылыс және 365 аялдама бар. Сонымен қатар мұнда 29 619 жеке тұрғын үй орналасқан. Бұл – ауданның ауқымдылығы мен қарқынды дамуын айқын аңғартатын көрсеткіштер. Әсіресе, еліміздегі ең ірі шағынаудандардың бірі саналатын «Ұлы дала» шағынауданына ерекше тоқтала кеткен жөн. Аталған аумақта жылдар бойы қордаланған мәселелер бар еді. Бақытжан Әмірбекұлы қызметіне кіріскен кезде бұл түйткілдер жүйелі түрде назарға алынып, кезең-кезеңімен шешіле бастады.

Алғашқы рет 2015 жылы әзірленген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, «Ұлы дала» шағынауданында 60 көпқабатты тұрғын үй салу көзделген болатын. Осыған орай 2015-2017 жылдар аралығында табиғи газ, ауызсу, кәріз, жылу және электрмен қамту жүйелерінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Ал 2018 жылы көпқабатты үйлердің құрылысы нақты бастау алды. Алайда, кейін бұл жобаға бірнеше рет өзгерістер енгізілуіне байланысты аталған аумақта бой көтеретін ғимараттардың саны жоспарланғаннан екі жарым есеге артты. Бұл жағдай өз кезегінде инфрақұрылым мен әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында күрделі мәселелердің туындауына себеп болды.

Дегенмен, бұл түйткілдердің барлығы ескерусіз қалған жоқ. Олардың шешу жолдары нақты әрі жүйелі түрде Тараз қаласының үш жылға арналған даму картасында айқындалған. Бұл құжат – шаһардың алдағы уақытта қандай бағытта дамитынын көрсететін маңызды стратегиялық бағдарлама. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгінде «Ұлы дала» жаңаша кейіпке еніп келеді. Шағынауданда 22 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Оның 4-і арендалық, 18-і кредиттік үйлер.  2018-2023 жылдар аралығында шағынауданда 110 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның ішінде 12 үй несиелік негізде салынды. Былтырдың өзінде 34 көпқабатты үй бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, оның 10-ы ел игілігіне берілді. Жалпы «Ұлы дала» шағынауданында бүгінгі күні 45 мыңға жуық адам тұрады. Мұнда көлемі 917 418 шаршы метр болатын 14 402 пәтер салу жоспарланған. Осылайша, көпқабатты тұрғын үйлердің саны 144-ке, ал жеке тұрғын үйлер 967-ге дейін жеткізілмек. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған дене шынықтыру кешені де бой көтеруде. Жобада бокс, гимнастика, күрес, жаттығу, таэквондо, воркаут және әмбебап залдар, сондай-ақ кіші футбол алаңшасы қарастырылған.  Бұған қоса шағын ауданда биыл Халыққа қызмет көрсету орталығының да құрылысы аяқталды. Заман талабына сай жабдықталған орталық күніне 250-300 адамға қызмет көрсете алады. Мекеменің жанынан жапсарлас «Неке қию» орталығы да ашылмақ. Бұл қаладағы неке қиятын жалғыз мемлекеттік орталық болмақ.

Өткен жылғы қыс мезгілі Тараз тұрғындары үшін оңайға соқпағаны белгілі. Әсіресе, кейбір тұрғын үйлерде жылу температурасының төмендеуіне байланысты көптеген шағымдар тіркелді. Осы мәселенің түпкілікті шешімі ретінде «Ұлы дала» шағынауданында заманауи сорғы станциясының құрылысы қолға алынды. «Строй Монтаж Group» ЖШС мердігерлігімен салынған бұл нысанның жобалық қуаттылығы – сағатына 1600 текше метр. Қазіргі таңда толық іске қосылған станция шағынаудандағы жылу жүйесін тұрақтандырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартуға ықпал етті. Сонымен қатар, қаланың ирригациялық жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстарға да ерекше назар аударылып отыр. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай стратегиялық маңызға ие бастама. Тек қала келбетін көркейтіп қана қоймай, су тасқыны қауіп-қатерінің алдын алу үшін де ирригациялық жүйені жаңғырту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Осы мақсатта облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен Тараз қаласы аумағындағы 6 ирригациялық және 2 дренаждық арнаны механикалық тазалау жұмыстарына жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, нақты шаралар жүзеге асырылды. Аталған бағыттағы жұмыстардың бірі – «Сенім Құрылыс Сервис» ЖШС мердігерлігімен жүзеге асырылған «Түйте» каналын жаңғырту жобасы. Бұл жоба аясында «Ұлы дала» шағынауданы мен «Бурыл» алқабын жалғайтын каналдың 1 738 метрлік бөлігі толық абаттандырылып, қалпына келтірілді. Жалпы жобаның аумағы 34,7 шаршы метрді құрайды, оның ішінде 9,1 шақырымы – жаяу жүргіншілерге арналған жол ретінде қарастырылған. Бұл жұмыстар қаланың экологиялық тепе-теңдігін сақтап қана қоймай, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Абаттандыру аясында су арнасының жағалауы көгалдандырылып,  жабындылар төселіп, орындықтар қойылды. Осылайша, канал бойы тұрғындар үшін тамаша демалыс орнына айналып отыр. Енді алдағы уақытта шағынаудан ішімен ағып өтетін «Үшбұлақ» каналының үстіне көпір салынып, су арнасының алғашқы кезеңде 1,2 шақырымы жаңа кейіпке енеді. Жобада каналдың жағалауын саябақ ретінде көгалдандыру, воркаут, спорт алаңшалары және зейнеткерлерге арналған тыныштық аумағы көзделген. Бүгінде эскиздік жобалар дайын және  жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. 

Шағынауданның егжей-тегжейлі жоспарына сәйкес мұнда төрт жалпы білім беретін мектеп, бес балабақша, екі медициналық орталық жедел жәрдем станциясы, мешіт, «Бином» ЖШС есебінен алты тұрғын үй салу көзделіп отыр. Бұған қоса, оңалту орталығы мен екі әкімшілік мемлекеттік ғимараттың құрылысы да жобада қарастырылған. Мәселен, бүгінге дейін шағынауданда 1200 орынды екі мектеп, 2000 орынды 1 мектеп есігін айқара ашты. Оның ішінде екі оқу ордасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтерді. Жобаға ішкі жолдар, жаяу жүргіншілер жолы, аялдамалар мен арық жүйелерін салу және абаттандыру да қарастырылған. Атап айтқанда15-ші шағынаудандағы 16 көшеге асфальт төселіп үлгерді. Қалған көшелердің құрылысы ағымдағы жылға өтпелі.

Қорыта айтқанда, Тараз қаласының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан «Ұлы дала» шағынауданы соңғы жылдары ірі құрылыс жобалары мен кешенді инфрақұрылымдық жаңғыртулардың нәтижесінде облыс орталығының ең серпінді дамып келе жатқан аумақтарының біріне айналды. Мұндағы қарқынды құрылыс жұмыстары мен жүйелі жоспарлау – тек сәулеттік келбетті өзгертіп қана қоймай, бүкіл қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруде. Жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, инженерлік желілер мен қоғамдық инфрақұрылымдар – бәрі де тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты істердің көрінісі. Алдағы уақытта «Ұлы дала» шағынауданының әлеуметтік және экономикалық әлеуеті одан әрі нығайып, қала дамуының жаңа бетке бет бұрған жарқын мысалына айналары сөзсіз.

 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ,

Жамбыл облысының меншікті тілшісі

Құрмаш ШАХАБАЙ

тілші,

Тараз қаласы әкімдігінің

 баспасөз қызметі

 

05.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 13855
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 13808
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 28933
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 27598
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 31108