2025 жылғы 18 қарашада Түрік мәдениеті және мұрасы қорының президенті Актоты Райымқұлова Түркияның астанасы Анкара қаласында өткен Түрік академиясының 15 жылдық мерейтойына арналған іс-шараға қатысты.
«Әдебиет және өнер» порталына Қордан берілген ақпаратқа сәйкес, сөз сөйлеген Актоты Райымқұлова Түрік академиясының қызметін жоғары бағалап, өткен 15 жыл ішінде академия түркі әлемінің тарихы, тілі, мәдениеті мен рухани мұрасын зерттеуді басты басымдық етіп, осы бағыттағы жетекші ғылыми орталықтардың біріне айналғанын атап өтті.

Сондай-ақ Қор басшысы Түрік мәдениеті және мұрасы қорының Түрік академиясымен бірлесіп жүзеге асырған жобалары түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтауға зор үлес қосқанын, алдағы уақытта бұл нәтижелі ынтымақтастықтың ауқымды бастамалармен жалғасатынына сенім білдірді.
Шараға Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, Түркия үкіметінің өкілдері, ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарының басшылары, сондай-ақ ТМҰ, ТҮРКСОЙ, TÜBA, TÜBİTAK, YTB, ЮНЕСКО Түркия Ұлттық комиссиясы және өзге де беделді құрылымдардың жоғары деңгейдегі делегаттары қатысты.
Мерейтой аясында кітап және фото көрме ұйымдастырылып, түркі мемлекеттері арасындағы байланыстардың дамуына арналған панельдік пікірталастар өтті.















