Тұрғын үй мәселесі әлі өзекті

Тұрғын үй мәселесі әлі өзекті

Қазақта «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген тәмсіл бар. Дұрыс айтылған. Тапқан-таянғанына пәтер жалдап күнелтіп жүрген жасамыс та, жас та көп. Қайтпек керек?

2024 жылғы 22 қарашада Қазақстан Президенті тұрғын үй саясатын реформалауға байланысты заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойған болатын. Бұл бастама тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуға, тіркеу және бөлу рәсімдерін жеңілдетуге, тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, азаматтарға тең жағдай жасайды және мемлекеттік қолдау тетіктеріне сенімін арттырады.

Қазақстандағы тұрғын үй мәселесі әлі де елдегі ең маңызды әлеуметтік тақырыптардың бірі болып қала береді. Бір жағынан, жылжымайтын мүлік бағасы өсуді жалғастырып жатыр. Екінші жағынан, мемлекет қолдау құралдарын біртіндеп кеңейтіп келеді. Сондықтан көптеген қазақстандықтар бағдарламалардың шарттарын мұқият зерттеп, бүгінгі күні қандай мүмкіндіктер бар екенін түсінуге тырысады. Әсіресе мемлекеттік тұрғын үй ерекше қызығушылық тудырады, өйткені дәл осы механизм көптеген отбасыларға баспана мәселесін қолжетімді шарттармен шешуге мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары мемлекеттік тұрғын үй саясаты айтарлықтай өзгерді. Ең алдымен билік тұрғын үй бағдарламаларының негізгі операторы ретінде «Отбасы» банкінің рөлін күшейтті. Сонымен қатар мемлекет кезекте тұрған азаматтарға пәтер бөлуді орталықтандырды және тұрғын үй қызметтерін цифрландыруды жеделдетті. Бұдан бөлек, Үкімет әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысын қаржыландыруды жалғастырып, жаңа ипотекалық құралдарды іске қосуда. Осылайша қолдау жүйесі біртіндеп кешенді модельге айналып келеді: мұнда жинақ, субсидия және жеңілдетілген несиелер қатар жұмыс істейді.

Қазақстандағы мемлекеттік тұрғын үй саясаты халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге және ипотекалық нарықты реттеуге бағытталған. Бүгінде баспана сатып алу «7-20-25» бағдарламасы, сондай-ақ «Наурыз» сияқты жаңа жеңілдетілген ипотекалық тетіктер арқылы жүзеге асады.

Тұрғын үйге мұқтаж қазақстандықтар табысына қарай жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етіледі: кейбіреулер үйді жалдауға алса, енді біреуге несиеге берілмек. Былтырдан бері «Отбасы Банкі» тізімдермен толық айналыса бастады. Жоспарларға жаңа мәліметтер базасын құру, отбасының цифрлық карталарын жасау және көптен бері кезекте тұрғандарды пәтермен қамтамасыз ету кіреді. Бұл туралы «Отбасы Банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова бір сөзінде айтып қалды. Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетейік, тұрғын үй саясатын реформалау аясында баспана кезегін бөлу жергілікті әкімдіктерден алынып, «Отбасы банкіне» (Ұлттық даму институты) біріктірілді. Мамандар мұны әділдікті қамтамасыз ететін маңызды қадам деп санайды, өйткені пәтерлер енді кіріс деңгейіне және кезекке тұрған күніне қарай беріледі. Құрылыс аналитиктерінің болжауынша, бастапқы және қайталама нарықтағы баспана бағасы жыл сайын орташа есеппен өсу тенденциясына ие. Инфляция, құрылыс материалдарының қымбаттауы және салық саясатының өзгеруі шаршы метрдің құнына әсер етіп жатыр. Жеңілдетілген ипотека: «Отбасы банкі» арқылы берілетін несиелер (мысалы, 5% немесе 2%-дық мемлекеттік бағдарламалар) халықтың баспанаға қол жеткізуіне тікелей көмектесетін негізгі құрал болып қалуда. Алайда коммерциялық ипотекалардың жоғары пайызы көптеген азаматтар үшін әлі де ауыр жүк екені айтылады. Басымдық берілетін санаттарға тоқталайық: мемлекеттік арендалық және кредиттік тұрғын үйден кемінде 70% үлес бірінші кезекте ҰОС ардагерлеріне, жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға, І және ІІ топтағы мүгедектерге берілуі заңмен бекітілді.

Таяуда Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов үлестік тұрғын үйлер бойынша проблемалық нысандар құрылысын аяқтау және үлескерлердің құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Оған жергілікті атқарушы органдар мен Қазақстан тұрғын үй компаниясының өкілдері қатысты.

Қатысушылар кепілдік жағдайлары туындаған нысандарды, оның ішінде өңірлердегі проблемалық нысандардың құрылысын аяқтау ісінің қолданыстағы тетіктерін, сондай-ақ азаматтардың қаражатын заңсыз тартудың алдын алу және тұрғын үй құрылысы нарығының ашықтығын арттыру жөніндегі шараларды қарастырды.

Ведомствоаралық үйлестіруді күшейту, бекітілген жол карталарының уақытылы орындалуын қамтамасыз ету және жаңа проблемалық нысандардың пайда болуына жол бермеу үшін алдын алу шараларының тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кеңес қорытындысы бойынша өңірлерде жоспарланған іс-шаралардың жүзеге асырылуын бақылауды күшейту, проблемалық нысандардың құрылысын аяқтауды қамтамасыз ету, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиянақты жүргізу тапсырылды.

 

01.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26191
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25641
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43025
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38840
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43433