Референдум

Тұлпар жылым, келдің бе? Төріме шық, құт әкел!

Тұлпар жылым, келдің бе? Төріме шық, құт әкел!

Ресми жыл басталғанда «Жылқы жылы келді!» деп аттандаған елге «Ойбай-ау, Жылқы жылы әлі келген жоқ. Жаңа жыл 22 наурыздан бастап келеді. Григорян күнтізбесі бойынша ғана жыл ауысады. Көк түрік бабаларымыз Наурызда ғана «Жаңа жыл келді!» деп бірін-бірі құттықтайды» – деп біз айтудан жалықпай-ақ келеміз. Газетіміздің тап маңдайына жарқыратып жазып қойған Жылан жылын тек 22 наурызда ғана ауыстырып, «Жылқы жылы» деп айшықтап жазып қоямыз.

Өткен жылдан бастап қасиетті Рамазан айымен шуақты Наурыз айы қол ұстасып қауышып, елімізге, жерімізге келіп нұрын шашып жүр. Бұл дегенің Алланың бізге сыйлаған ғажайып бір шағы десек, қателеспеспіз. Әрине, айлардың сұлтаны Рамазан айымен осы аптада қоштасамыз. Есесіне төл жаңа жылымыз Әз-Наурыз өзінің салтанатымен келеді. Шынында да, биыл осы көзайым болып жатқан шақта мереке көп. Бірі-бірімен жалғасып, құттықтап үлгермей жатырмыз. Мәселен, Алғыс күні, әйелдер мерекесі, одан соң Көрісу, Амал мерекесі, іле-шала 15 наурызда Референдум өтті дүрілдеп. Бүгіннен бастап мұсылман қауымы ораза айтты мерекелейді. Арғы жағы бес күндік демалысымен келетін Әз-Наурыз мерекесі. Мерекенің аты – мереке. Бірақ жан-жағынан қымбатшылық қысқан халық қазір әрі-сәрі күйде. Дегенмен де «Күндердің күнінде қиындықтар мен ауыртпалықтардан да құтылармыз» деп шүкіршілік етіп, сабыр қасиетінің тұтқасынан ұстап келеміз. Ең бастысы, төрткүл әлемде болып жатқан алапат соғыстарды көріп, біліп отырған соң «Бейбіт заманнан айыра көрме!» деп  бір Аллаға сыйынып, осы күнімізге тәубемізді айтамыз.

Ата Заң халықтық референдум арқылы қабылданды. Қайткенде де үмітіміз бен сенімімізді жоғалттырмай, билік осы Ата Заңға сүйеніп, халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартатын болар деп ойлайтынымыз да рас. Ылайым солай болғай! Биліктің олай істемеске дәті жоқ. Президентіміз өзі айтқандай, еліміздің, жеріміздің байлығының негізі бар болғаны 162 алпауыттың қолында екен. Әлбетте, олар осы байлықты өз еңбегімен тапқан жоқ. Негізінен ұрлықпен тауып, ел байлығын тонап отыр. Оларды тәубесіне келтірер шақ келді. Одан басқа жол жоқ!

Тағы бір таңғажайып жол – еңбек ету, жасанды интеллект, цифрландыру дейсің бе, небір соңғы жаңалықтар елімізге еніп жатыр. Технологияның құлағынан ұстаған жастарымыз жарқын болашақты өздері жасай ма деген сенім бар. Үмітімізді үзбейік, сенімімізді жоғалтпайық. Біз – журналистер, қауымы әрқашанда сіздермен біргеміз. Мінеки, Тұлпар  жылымыз бүкіл әлемді дүбірлетіп келіп қалды. Жылқы – адалдықтың, күш-қуаттың, рухтың символы. Көшпенділердің ұрпағы айдынды да, айбынды көк түріктердің жалғасы – қазақ халқының рухы өлген жоқ. Биыл Тәуелсіздігімізге – 35 жыл, сол таңғажайып күнді жақындатқан Желтоқсан көтерілісіне – 40 жыл. Келіп жатқан Жылқы жылы берекелі жыл болады деген сеніміміз бар. Қадірлі ағайын, бауырлар, биылғы жыл шуағын молынан төгетін, қазыналы жыл болғай!

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ
18.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23932
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23603
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40917
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37021
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41270