Төте жазу – тарихтың тірі куәсі

Төте жазу – тарихтың тірі куәсі

    Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасының ұйытқы болуымен «Төте жазу» курсының екінші легінің жұмысы өз мәресіне жетті. Үш айға созылған сабақты еңсеріп, айтарлықтай мәтін оқуға жеттік. Курс аудиториясы өте ауқымды болды, студент жастардан бастап, әртүрлі саладағы маман иелері қатысқан сабақ өте қызықты, қиындығымен мәнді болды. Бұл — қоғамда төл тарихымыз бен көне жазуымызға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.

Былтырдан бастау алған төте жазу курсын Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің қызметкері, жас ғалым Ертай Біләл жүргізді. Ол тыңдаушыларға әрбір әріптің таңбалану ерекшелігі мен сол кезеңдегі мәтіндердің мән-мағынасын тереңнен түсіндіріп, бағыт-бағдар берді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиін негізге алған бұл тегін дәріс қатысушыларға көне қолжазбалар мен ХХ ғасыр басындағы басылымдардың құпиясын ашуға мүмкіндік берді.

   Бүгінгі таңда төте жазуды меңгеру — жай ғана ескі әріптерді тану емес, бұл — Алаш арыстарының аманатын оқу, төл тарихымыздың түпнұсқасына үңілу.

    ​Курстың қорытынды жобасы ретінде қатысушылар төрт командаға бөлініп, айрықша тапсырманы орындап шықты.1920 жылдары жарық көрген ұлттық басылымдарды кирилл қарпіне көшіріп, үлкен ғылыми тәжірибе жинақтады. Мысалы, «Жаңа мектеп» (1925ж.), «Қызыл Қазақстан» (1921ж.), «Әйел теңдігі» (1926ж.), «Денсаулық жолы» (1929ж.) басылымдарындағы Алаш арыстарының еңбегімен, сол замандағы халықтың жай‑күйі, тыныс-тіршілігі, қоғамдық-саяси ахуалы туралы тың деректер анықталды. Жұмыс нәтижесінде жаңа басылым дайындалып, көне жәдігер заманауи оқырманға түсінікті тілде қайта сөйледі. Бұл — тарихты түгендеу жолындағы шағын, бірақ маңызды қадам.Төте жазуды меңгерген қатысушылар ендігі кезекте архив қойнауындағы шаң басқан қолжазбаларды сөйлетіп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге дайын. Ұлт ұстазының әліпбиі араға ғасыр салып, жаңа буынның қолында қайта жаңғырды.

   Курс соңында Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенқызы қатысушылармен кездесіп, жобаның маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуде мұндай бастамалардың орны бөлек екенін атап өтіп, барлық түлектерге салтанатты түрде сертификаттар табыстады.

​«Бұл тек курсты бітіргені туралы құжат емес, бұл — Алаш мұрасын келесі ұрпаққа жеткізуге берілген жолдама. Біздің кітапхана қорындағы бай мұраны оқи алатын мамандардың қатары көбейгені қуантады», — деді кітапхана басшылығы.

​Бүгінгі таңда төте жазу — тек өткеннің белгісі емес, ол біздің рухани тәуелсіздігіміздің бір нышаны. Ұлттық кітапхана қабырғасында басталған бұл игі іс алдағы уақытта да жалғасын тауып, жаңа зерттеулерге жол ашатыны сөзсіз.

 

Салтанат Бакеева,

Алматы қаласы.

 

24.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

КӨКБӨРІ
- 09.04.2026 312

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24582
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24249
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41696
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37585
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41969