Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясында трансұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамыту және жасанды интеллект саласындағы халықаралық саясатты үйлестіруге бағытталған бірқатар бастаманы ұсынды.
Президент ең алдымен «Қазақстан–Қытай цифрлық көпірі» жобасын іске қосуды ұсынды. Оның айтуынша, бұл бастаманың негізгі мақсаты – цифрлық сауданы дамыту және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында цифрлық экономикаларды ықпалдастырудың тиімді үлгісін қалыптастыру.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібі, тау-кен секторы, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және су ресурстарын басқару сияқты маңызды салаларда жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі кеңінен енгізу жұмыстарын жеделдету қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні реттейтін ұлттық саясат пен құқықтық тетіктерді өзара үйлестірудің маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, ЖИ жүйелерін тестілеу мен сертификаттаудың ортақ халықаралық стандарттарын қалыптастыру, сондай-ақ кибершабуылдар, дипфейктер, цифрлық алаяқтық және басқа да қауіптердің алдын алатын тиімді тетіктерді әзірлеу аса өзекті.
Президент келесі жылды Қазақстан мен Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялауды ұсынып, бұл бастамаға Қытай Үкіметі қолдау білдіреді деген сенімін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазіргі таңда жасанды интеллект технологиялары қоғамның оны түсіну, бағалау және реттеу мүмкіндігінен әлдеқайда жылдам дамып келеді. Осыған байланысты жасанды интеллектіні дамыту үдерісі текетірес пен әскери бәсекеге емес, бейбітшілік пен тұрақты даму қағидаттарына негізделуі тиіс.
Осы орайда Президент ұйымға мүше мемлекеттер мен барлық мүдделі тараптарды жасанды интеллект стандарттары мен этикасын реттейтін тұрақты халықаралық сарапшылық платформаны құруға шақырды.
Мемлекет басшысы жасанды интеллекттің болашағын адамдар айқындайтынын атап өтіп, алдағы кезеңде осы саланың білікті мамандарына сұраныс арта түсетінін айтты. Оның пікірінше, жастарды цифрлық дағдыларға, сыни ойлауға, ізденімпаздыққа және жоғары этикалық жауапкершілікке баулу маңызды.
Осыған байланысты Қазақстан Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы аясында халықаралық мектептер желісін, озық тәжірибе орталықтарын және академиялық серіктестік құруды ұсынды.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бейбітшілікті нығайтуға, орнықты даму мен жан-жақты өркендеуге бағытталған жасанды интеллект бастамаларын жүзеге асыру жолында барлық серіктестермен тиімді ынтымақтастық орнатуға дайын екенін мәлімдеді.
















